фото: Ашық дереккөзден. Суретте: Шоқыр Бөлтекұлы
Қазақ спорты тарихында ерекше орны бар тұлғалардың бірі – Шоқыр Бөлтекұлы. Ол тек спортшы ғана емес, ұлт жанашыры, суретші, публицист, майдангер, тіпті батырлар жырын жатқа айтқан жырау ретінде де халық жадында қалған. Қазақ боксының негізін қалаған тұңғыш қазақ – Шоқыр Бөлтекұлының өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі.
Балалық шағы – тағдырмен күрес кезеңі
Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазанда қазіргі Маңғыстау облысы Жармыш ауылына қарасты Сарқауақ мекенінде дүниеге келді. Есімі бекіре тұқымдас шоқыр балығымен байланысты қойылған. Әке-шешесінен ерте айырылып, ашаршылық заманда қарындасынан да көз жазып қалады. Форт-Шевченко қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді.
Білім мен спортқа құштар жан
Өмірдің ауыр соқпағына мойымаған Шоқыр екі жоғары оқу орнын бітірген: Киевтегі Көркемсурет академиясы мен Дене тәрбиесі институты. 1936 жылы бокспен айналысып, шәкірт тәрбиелеуге кіріседі. «ТЕМП» спорт қоғамында өзі де жаттығып, өзгелерді де үйретеді.
Қазақ боксының негізін қалады
1937 жылы Алматыда тұңғыш рет бокстан ел біріншілігін ұйымдастырған. Бұл – қазақ боксының ресми бастамасы. Кейін «Динамо», «Спартак» секілді спорт ұйымдары қалыптасып, кеңінен танымал болды. Шоқыр – Қазақстанның үш дүркін чемпионы, рингке 223 рет шығып, 199 жекпе-жекті нокаутпен жеңген мықты.
Соғыс кезіндегі ерлігі
1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майдан даласынан жарақатпен оралған. «Жанкештілер мектебінде» (Смерш школ) арнайы дайындықтан өтіп, шынайы батырлық танытқан. Соғыстан кейін жаттықтырушы болып, қазақ спортшыларына жол ашты.
Шоқыр – алғашқы спорт шебері
Ол – КСРО спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ. Оның тәрбиелеген шәкірттері – Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдінәлиев сынды есімі елге белгілі былғары қолғап шеберлері.
Тұлғаның сан қыры
Шоқыр Бөлтекұлы – суретші ретінде де танылған. Бейімбет Майлиннің өтінішімен татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың портретін салған. Ғ.Мүсірепов театрының фойесі мен Горький атындағы парк аллеясы оның суреттерімен безендірілген.
Сонымен қатар ол – қаламгер. «Социалистік Қазақстан» секілді басылымдарға спорттық әдістеме, шәкірттері жайлы мақалалар жазған. Бокс жайлы еңбегі жоғалып кеткенімен, оның публицистикалық мұрасы әлі күнге зерттелуде.
Бұдан бөлек, Шоқыр жыраулық қабілетімен де ерекшеленген. Спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов оны 1899 жолдық «Ер Қосай» жырын мүдірмей айтқанын сүйсініп жазған.
Ұлт рухының символы
Шоқыр Бөлтекұлының есімі тек спортпен шектелмейді. Ол – шын мәнінде ұлтжанды, қарапайым, қолы ашық жомарт тұлға болған. Су жаңа мотоциклді көзі жәудіреп қарап тұрған жас балаға сыйлап жібергені – оның азаматтық бейнесінің жарқын дәлелі.
Отбасылық өмірі
Жары – Нұрсұлу Тапалова, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш балерина. Ол 1936 жылдан бастап Қазақ академиялық опера және балет театрында жұмыс істеп, 24 жасында Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі атағын иеленген.
Мұра мен мәңгілік есім
Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде Алматыда өмірден өтті. Бүгінде оның есімі спорт кешендеріне, бокстан халықаралық турнирлерге, көшелерге беріліп, Маңғыстау мен Ақтау қалаларында ұлықталып келеді.