Бірінші ауыр салмақта WBC тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы, ресейлік боксшы Григорий Дрозд қазақстандық Геннадий Головкин туралы пікір білдіріп, оны "терминатор" деп атады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Дроздтың айтуынша, ол Головкиннің жаттығу барысындағы жұмысын өз көзімен көрген. Екі боксшы Гамбургтегі Universum Box-Promotion клубында бірге дайындалған.
"Гена – нағыз терминатор. Біз екі жыл бірге жаттықтық, мен оның қалай жұмыс істейтінін көрдім. Оның стилі – корпуспен жұмыс, иықпен соққы беру, кең амплитудалы соққылар... Ол қарсыластарын толық басып тастайтын. Орта салмақтағы ең үздік боксшылардың бірі – бұл нақты факт", – деді Дрозд.
Айта кетейік, Григорий Дрозд кәсіби рингте 2001-2015 жылдар аралығында өнер көрсетіп, 40 жеңіске жеткен (оның 28-і нокаутпен) және бір рет жеңілген. Соңғы жекпе-жегін 2015 жылдың 22 мамырында өткізіп, WBC чемпионы атағын сәтті қорғаған. Ал 2017 жылы ресми түрде спорттық мансабын аяқтаған.
2024 жылдың соңында оның есімі дауға ілігіп, Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі (ITA) тарапынан уақытша шеттетілгені хабарланған.