Спорт

Ресейде туған, қазір Қазақстан намысын қорғайтын мәнерлеп сырғанаушы қазақ тілін үйренетінін айтты

Ахмет Қанатұлы
Ресейде туған, қазір Қазақстан намысын қорғайтын мәнерлеп сырғанаушы қазақ тілін үйренетінін айтты
Фото: Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Софья Самоделкина

Қазақстанның үздік мәнерлеп сырғанаушысы Софья Самоделкина болашақта мемлекеттік тілде сұхбат бергісі келетінін айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Ресейлік Sports.ru порталына берген сұхбатында Мәскеуде туған, қазір Қазақстан намысын қорғайтын спортшы тілдерді меңгеруі туралы сұраққа жауап берген.

Ол ағылшын тілінде еркінірек сөйлей бастағанын айтып, бұл жетістігімен мақтанатынын жеткізді.

"Басында бәрі нөлден басталды. Қазір еркін сөйлеймін, бірақ кейде қателіктер болады. Дегенмен тілді жетілдіруді жалғастырамын", – деді спортшы.

Қазақ тіліне қатысты ол оны үйренуге ниетті екенін атап өтті.

"Әрине, қазақ тілін меңгергім келеді. Бұрын өз бетімше үйренуге тырыстым, бірақ нәтиже болмады. Қазір ағылшын тілінде ортада жүргендіктен, екі тілді қатар меңгеру қиын. Қазақстанға келгенде қарапайым сөздерді айтуға тырысамын: амандасу, алғыс айту, тұрмыстық сұрақтар қою", – деді Самоделкина.

Оның айтуынша, кейде адамдар қазақша жауап беріп, әңгімені жалғастырғанда, өзі толық түсінбейтінін айтып кешірім сұрауға тура келеді. Соған қарамастан, спортшы қазақ тілін үйрену жоспарда бар екенін жеткізді.

"Жақсы мұғалім табу керек. Қазақстанда екі негізгі тіл бар, бірақ мен кем дегенде базалық деңгейде қазақша сөйлеуді үйренгім келеді. Бұл – елге деген құрмет әрі болашақта жарыстан кейін қазақ тілінде сұхбат бергім келеді", – деді ол.

Айта кетейік, өткен маусымда Софья Самоделкина Жапонияның Осака қаласында өткен Гран-при кезеңінде күміс жүлде жеңіп алып, Миландағы қысқы Олимпиадада үздік ондыққа енді. Бұл – Қазақстан әйелдер мәнерлеп сырғанауы тарихындағы ең жоғары нәтиже.

Ахмет Қанатұлы