Қазақстандық UFC жекпе-жек шебері Әліби Ыдырыс Alypsoq YouTube арнасына берген подкастында ұйыммен жасасқан ерекше келісімшарты туралы айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жауынгер UFC-ге америкалық The Ultimate Fighter (TUF) реалити-шоуы арқылы келген. Финалда америкалық Джозеф Моралеске жол бергеніне қарамастан, лига оған келісімшарт ұсынған.
Әліби Ыдырыс келісімшартының ерекшелігі – үш жыл ішінде жеті жекпе-жек өткізу міндеті.
"TUF арқылы келгендерге арнайы келісімшарт беріледі – үш жылда жеті жекпе-жек өткізу керек. Егер үлгермесең, мерзім аяқталған соң жаңа келісімшарт берілуі мүмкін немесе берілмеуі де ықтимал. Ал жеті жекпе-жектен кейін шарттар қайта қаралады, бәрі өз нәтижеңе байланысты", – деді ол.
Қазіргі таңда спортшының айтуынша, бұл келісім бойынша тағы бес жекпе-жегі қалған.