фото: horseportal.ru. Суретте: Сергей Филатов пен Абсент жылқысы
Абсент (1952-1975) – тұқымы таза ахалтеке жылқысы. Бұл ерекше жануар Қазақстанның Жамбыл облысында дүниеге келіп, тек кеңестік емес, әлемдік ат спорты тарихында алтын әріппен жазылған есімге айналды. Оның арқасында қазақ даласында туған жылқы 1960 жылы Олимпиада чемпионы атанып, КСРО-ға ат спортындағы алғашқы алтын медальді сыйлады. Абсенттің жетістігі – тек бір тұлпардың ғана емес, қазақ жылқы шаруашылығы мен ұлттық мақтаныштың символы.
Абсент 1952 жылы Жамбылдағы №49 ат зауытында дүниеге келді. Әкесі – 1930 жылы туған атақты ахалтеке тұқымды Араб есімді боз айғыр. Арабтың әскери лақап аты – Казбек. Ол 1935 жылы Ашхабад-Мәскеу атты әйгілі ат жарысына қатысып, кейін маршал Будённыйға тарту етіліп, 12 жыл бойы түрлі жарыстарда жеңімпаз атанған. Ал анасы – Баккара есімді жирен түсті ахалтеке биесі.
1955 жылы Абсент Алматыдағы ат спорты мектебіне жаттығуға жіберілді. Бір жылдан кейін Спартакиадада Карим Асенов атпен жарысып, төртінші орынға ие болды. 1958 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде Абсент ерекше танылды. Сол жерде оны КСРО-ның үздік шабандозы Сергей Филатов байқап, баптауға алды. Абсенттің сезімтал әрі сергек мінезіне қарамастан, Филатов оның ерекше талантына сеніп, онымен жұмсақ әрі үйлесімді жұмыс жүргізді.
Нәтижесінде 1959 жылдан бастап Абсент Филатовтың негізгі жарыс атына айналды. Сол жылы олар КСРО чемпионатында жеңіске жетіп, Рим Олимпиадасына іріктеу жарысында екінші орын алды. Ал 1960 жылы Римде өткен Олимпиадада олар тарих жазды – Сергей Филатов Абсентпен бірге жеке сында алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Кеңес Одағы тарихындағы ат спортындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атағы еді.
1964 жылы Токиода өткен Олимпиадада Абсент пен Филатов екі қола медаль жеңіп алды – жеке және командалық сында. Ал 1968 жылы Мехикода өткен Олимпиадада Абсентті Иван Калита басқарды. Олар командалық есепте күміс медаль иеленіп, Абсентті үш Олимпиадада жүлдеге жеткен бірегей тұлпарға айналдырды.
Жалпы, Абсент Сергей Филатовпен бірге 1959–1963 жылдар аралығында бес жыл қатарынан Кеңес Одағының чемпионы атанды. Бұл – ат спорты тарихындағы үлкен жетістік.
1969 жылы аты аңызға айналған жылқы Луговой ат зауытына қайта оралды. Абсент сол жерде тұқым беру жұмысына қатысып, 70-тен астам құнды ұрпақ қалдырды. Оның тұқымдарынан Аметист пен Абакан есімді танымал тұлпарлар шықты. Атап айтқанда, Абакан – Елена Петушкованың серігі ретінде әлемдік жарыстарда көзге түсті.
Абсентке деген құрмет оның көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де ерекше болды. 1975 жылы «Казахфильм» киностудиясы «Абсент – Араб пен Баккарының ұлы» атты деректі фильм түсірді. Луговойдағы ат зауыты аумағына тұлпарға арналған мүсін орнатылды. Мүсін авторы – шебер Э. Н. Гиляров. Сонымен қатар, мүсінші И. И. Козловский Абсенттің екі әсерлі қоладан құйылған мүсінін жасап шықты: бірінде ол – пиаффе (орнында тұрып билеу) қимылын көрсетсе, екіншісінде – шегелегендей сілейіп қалған күйде бейнеленген.
Абсент – жай ғана жылқы емес. Ол – қазақ жерінде өсіп, әлемді мойындатқан арғымақ. Оның тарихы – жылқыға деген ерекше құрметтің, ұлттық рух пен табандылықтың көрінісі. Бүгінде Қазақстанда спорт жылқылары мен атбегілік дәстүрі қайта жаңғырып жатқан тұста, Абсенттің мұрасы – ұлт тарихындағы асыл қазына.