700 млрд теңге мен сөнген үміт: қазақ футболына кім жауапты?

700 млрд теңге мен сөнген үміт: қазақ футболына кім жауапты?

фото: kff.kz. Суретте: Асхат Тағыберген

Қазақ футболы тағы да сүрінді. Сүрінгенде, сүрінген емес – қайта құлағандай халде. Ел армандаған жеңіс қол бұлғап қала берді. Кезекті ойында ұлттық құраманың алаңнан еңсесі түскен күйде кетуі – енді таңсық жағдай емес. Бұған етіміз үйреніп кеткен. Дәл осы жағдайдан соң спорт журналисі Аслан Қаженовтің әлеуметтік желіде жазған шынайы сыны халықтың көңіліндегі мұңды дөп басып тұр.

"Болмайтын нәрсе болмайды екен..." – деп басталған сөздер бір сәтте мыңдаған жанкүйердің жанайқайына айналды. Шындығында да, енді "төреші көмектесті", "сәл сәттілік жетпеді", "басым болдық" деген сылтаулар өтпейді. Тарихта тек нәтиже қалады. Ал нәтиже – тағы да жеңіліс. Жеңілістің артында жаттықтырушы да, ойыншы да, тіпті федерацияның өзі де тұрады.

Аслан Қаженов жазғандай, бұл – жай ғана жеңіліс емес, жүйелі күйреудің көрінісі. Соңғы 18 жылда ұлттық құраманы қаржыландыруға бөлінген 700 миллиард теңге ауаға ұшқан ақшамен тең. Сол қаржыға бір емес, бірнеше буын футболшыларды тәрбиелеуге, заманауи инфрақұрылым салуға, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, бапкерлер құрамын халықаралық деңгейге көтеруге болар еді. Бірақ нәтиже қайда?

Қаржы бар жерде ауызбіршілік болуы тиіс еді. Алайда ұлттық құраманың ішінде де алауыздықтың бары сезіледі. Ойыншылар мен бапкерлер арасындағы сенімсіздік, мүмкін федерациямен қарым-қатынастағы кикілжің, тіпті, агенттік интригалардың өзі команданың ішкі ахуалын бұзып отыр. Бір тілде сөйлеп, бір мақсат үшін тер төгу жоқ. Бұл – рухтың әлсіздігі. Бірігіп, бір мақсатқа ұмтылмаған ұжымнан жетістік күтудің өзі – бос арман.

Футбол – жай ойын емес, ұлтты біріктіретін күш. Қазақ халқының миллиондаған жанкүйері әр ойын сайын үміттенеді, сенеді. Бірақ сенім қайта-қайта сөнуге мәжбүр. Аслан Қаженовтің жазғанындай, халық мұндай қорлықты көруге лайық емес. Біз де көрші елдер секілді әлемдік деңгейде ойнап, чемпионаттарға қатысатын, ұлт мақтанышына айналатын құраманы көргіміз келеді. Бірақ ол үшін жүйе ауысуы керек.

Футбол – майшелпекке айналған сала. 35 жылдан бері ұрланып, тонаумен, ішіп-жеп, той тойлаумен келе жатқан салада қандай даму болсын? Кәсіпқойлық жоқ, жауапкершілік жоқ.

Осыдан кейін сұрақ туады:
– Жауапкершілікті кім мойнына алады?
– Жүйені өзгертетін шынайы реформа қашан болады?
– Әлде бұл да кезекті "жауып қоя салатын қазан" бола ма?

Уақыт үнсіздікке салынатын кезең емес. Бұл жолы шынымен жауап беретін уақыт келді. Халықты құр уәдемен емес, нақты іспен сендіру қажет. Қазақ футболы үшін емес, қазақ халқы үшін. Себебі футбол – сенім. Ал сенім әрбір жеңіліспен бірге өшіп барады...