Әйелдер теннис қауымдастығының ресми сайты жекелей және жұптық сын бойынша жаңа рейтингтерді жариялады. Рейтинг соңғы ірі турнирлердің қорытындысы негізінде жаңартылған, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Соңғы екі аптадағы ең ірі жарыс Мадридте өткен "мыңдық" санатындағы грунт турнирі болды. Бұл бәсекеде украиналық Марта Костюк чемпион атанып, әлемдік рейтингте сегіз сатыға көтеріліп, алғаш рет топ-15 қатарына енді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид турнирінде төртінші айналымда жарысты аяқтады. Дегенмен өткен жылғы нәтижесімен салыстырғанда көбірек ұпай жинап, рейтингтегі екінші орнын сақтап қалды. Сонымен қатар ол белоруссиялық Арина Соболенкомен арадағы ұпай айырмасын қысқартты – 2395-тен 1555-ке дейін.
Үздік үштікке қайтадан польша спортшысы Ига Швентек оралды. Ол америкалық Коко Гауффты артқа қалдырды. Ал алғашқы бестікті америкалық Джессика Пегула түйіндеді.
Жұптық сында рейтинг көшін чехиялық Катерина Синякова қайтадан иеленді. Ол Мадрид турнирін жеңіп алған. Екінші орынға америкалық Тейлор Таунсенд жайғасты. Ал бұрынғы көшбасшы бельгиялық Элизе Мертенс үшінші орынға төмендеді.
Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық рейтингте бір саты төмендеп, сегізінші орынға тұрақтады. Оны маусым барысында бірге өнер көрсеткен сербиялық Александра Крунич басып озды.