«Тумайтын қатынды неге ұстап отырсың?»: жас келіншек өзінің ауыр тағдырын баяндады

«Тумайтын қатынды неге ұстап отырсың?»: жас келіншек өзінің ауыр тағдырын баяндады

фото: Ашық дереккөзден

Жас отбасының тағдыры туралы шынайы хикая желі қолданушыларының жүрегін елжіретті. Ерлі-зайыптының арасындағы махаббат пен ата-ене арасындағы түсінбестік көптеген отбасылық драмаға себеп болып отыр. Бұл жолы да дәл сондай жағдай орын алған. 

Жас жұбайлардың таныстығы – әпкелері арқылы

«Күйеуім бір үйдің кенжесі әрі ұлдан жалғыз. Үш әпкесі бар. Сол әпкелерінің арқасында біз таныстық. Ол ерке емес, керісінше өте еңбекқор. Жұмыс істеп, ата-анасының бар жағдайын жасап отыр», – деп бастады ол әңгімесін.

Үш жыл бойы бір-бірін жақсы көріп жүрген жастар оқу мен тұрмысты қатар алып жүріп, үйленуге шешім қабылдаған. Жігіт болашақ жарына «оқуыңды аяқта, мен де дайындалып алайын» деп уәде беріп, кейін шаңырақ көтереді. Алайда отбасы болған сәттен бастап қиындықтар пайда болған.

Ененің қызғанышы – жан жарасы

Келіннің айтуынша, енесі бастапқыдан-ақ үйленгендеріне қуана қоймаған.

«Мені суық қабылдап, ұлын менен қызғанды. Тіпті «ұлымды бір қатынға айырбастады» деп айтып та жүрді. Кейде «бұрын менімен сөйлесетін, енді сенімен кетіп қалатын болды» деп ренжитін», – дейді ол.

Жас отбасының махаббаты, бірге өткізген сәттері, сыйлықтар мен көңіл бөлісулер – бәрі ененің қызғанышын күшейткен. Қайынәпкелерінің де кейбір сөзі жанға бататын болған.

«Тумайтын қатынды неге ұстап отырсың?»

Бір жыл өткен соң, балалары болмағандықтан ене келінді тіпті ашық түрде кіналай бастаған.

«Күйеуімнің көзінше де «мына тумайтын қатынды неменеге ұстап жүрсің?» дейтін. Жылап қалсам, «тумағаның рас қой» деп күлетін. Ақыры күйеуім анасының сөзінен аса алмай, «ажырасайық» деді. Бірақ тек сөз жүзінде. Іс жүзінде заңды түрде ажыраспадық», – дейді келін.

Жасырын кездесулер мен өтірік өмір

Қазір олар бөлек тұрады. Әйел пәтер жалдап, жұмыс істеп күнелтіп жүр. Ал күйеуі ата-анасымен бірге.

«Аптасына бір-екі рет маған келіп, қонып кетеді. Сағынатынын айтады. Бірақ «үйге алып кетемін» демейді. Енесіне менен ажырасып кеткенін айтып алдауда», – дейді жас келін.

Бұл өтірік өмір ер азаматтың да жүйкесіне әсер ете бастаған. «Күн сайын өтірік айтуға мәжбүр. Шаршай бастады. Бірақ ата-анасының көңіліне қарап, мені де қимай, екі ортада қалып отыр», – дейді ол мұңын шағып.

«Ренжімей тұра алмаймын...»

«Кейде оны түсінгім келеді. Бірақ кейде – өзінің отбасын қорғай алмады, бір шешімге келмеді, мені нақты таңдамады деп ренжимін. Бұлай екі ортада жүру – екеуімізді де шаршатты», – деп аяқтайды жас келін.