фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) 2026 жылдың қаңтарына арналған жаңартылған рейтингін жариялады. Аталған тізімге сәйкес, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы 72,5 келіге дейінгі орта салмақтағы чемпиондық атағын сақтап қалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жаңартылған рейтингтің алғашқы үш сатысында Ұлыбритания өкілі Дензел Бентли, Венесуэладан Эндри Сааведра және кубалық Йоэнлис Эрнандес орналасқан. Қазіргі уақытта Жәнібекке қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, WBO оның чемпиондық мәртебесін өзгерткен жоқ.
Бұған дейін спорт сарапшысы Камил Гаджиев бұл істің соңы қазақстандық боксшының барлық атақтарынан айырылуына алып келуі мүмкін екенін айтқан еді. Алайда әзірге Әлімханұлы Халықаралық бокс федерациясы (IBF) нұсқасы бойынша да чемпиондық белдігін сақтап отыр.
Еске салсақ, 6 желтоқсанға жоспарланған үш чемпиондық белдік үшін өтетін жекпе-жек алдында Жәнібек Әлімханұлына қатысты дау туындаған болатын. WBO оның сынамасынан тыйым салынған зат анықталғанын ресми түрде мәлімдеп, арнайы тексеру басталғанын хабарлаған. Осы іс бойынша 19 қаңтарда кезекті тыңдау өткен.
Қазіргі уақытта қазақстандық боксшы тексеру толық аяқталғанға дейін жекпе-жектерге қатысудан уақытша шеттетілген.