фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
Қытай Халық университетінің доценті, Политехникалық мектептің ғылым докторы Фабьен Гаргам IBF/WBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының B допинг сынамасының ашылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Мұндай ықтималдық өте төмен, әсіресе мельдонийге қатысты. Егер B сынамасы теріс нәтиже көрсетсе, бұл A сынамасының бастапқы нәтижесінің дәлдігіне күмән тудырады", – деп жазды ғалым X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетейік, желтоқсан айында алынған Жәнібек Әлімханұлының A допинг сынамасы оның ағзасында тыйым салынған зат бар екенін көрсеткен. Осыған байланысты оның WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жегі өтпей қалған еді. Кейін боксшының командасы регламентке сәйкес B сынамасын ашуды талап етті.
Бүгін Қазақстанның Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков B сынамасының ашылғанын хабарлады. Алайда әзірге талдау нәтижелері бойынша ресми ақпарат жарияланған жоқ.