Спорт

Рината Сұлтанова Қазақстанға Азиада-2026-ның алғашқы алтынын әкелді

Ахмет Қанатұлы
Рината Сұлтанова Қазақстанға Азиада-2026-ның алғашқы алтынын әкелді
Фото: Рината Сұлтанова. Фото: Владислав Семенов / ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті

Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

28 жастағы спортшы тасжол велоспортынан жекелей жарыста үздік нәтиже көрсетті. Ол 24,2 шақырымдық қашықтықты 36 минут 23,72 секундта жүріп өтті.

Екінші орын қытайлық Хао Чжанға бұйырды. Ол қазақстандық спортшыдан 4,68 секундқа қалып қойды. Ал Оңтүстік Корея өкілі Шин Джи Ын жеңімпаздан 32,42 секунд кейін келіп, қола жүлдеге ие болды.

Бұл – Рината Сұлтанованың Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалі. Бұған дейін ол Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола жүлдегер атанған.

Сондай-ақ қазақстандық велошабандоздың еншісінде Азия чемпионатының екі алтын медалі бар.

Рината Сұлтанова 22 қыркүйекте Азия ойындарындағы жарысын тасжол велоспортынан өтетін топтық сайыспен жалғастырады.

Ахмет Қанатұлы