фото: olympic.kz. Суретте: Шәміл Серіков пен Жақсылық Үшкемпіров
1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында топ жарған қазақ балуаны Шәміл Серіковтің есімі бүгінде көпшілік жадынан өше бастағандай. Ел үшін алтын алып, көк байрағымызды биікке көтерген чемпионның өмірі күрес алаңындағы жеңістерімен емес, одан кейінгі әділетсіздіктермен есте қалады, деп жазады Sportinside.kz.
Шәміл Серіков 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадада 57 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иеленді. Ол кезде қазақтан шыққан қос балуан – Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков Олимпиада чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті.
Алайда бір жыл өткен соң, 1981 жылы КСРО Коммунистік партиясы Олимпиада жүлдегерлерін БАМ (Байкал-Амур магистралі) құрылысына жіберу туралы шешім қабылдады. Шәміл бұл сапардан бас тартты – себебі оған берілген ескі екі бөлмелі пәтерге наразы болды. Оның замандастарына жаңа үш бөлмелі пәтер берілген еді.
Бұл қарсылығы үшін ол қудалауға ұшырады. Құрама сапынан шығарылып, стипендиясынан айырылып, спорт саласында қызмет етуіне бейресми түрде тыйым салынды. Бұл шешім оның кәсіби болашағын, рухын және жеке өмірін күйретті.
Шәміл Серіковтің ұлы Тимур Серіков әкесінің тағдырын ауыр күйзеліспен еске алады:
«Әкем спорттан тыс қалғанда оның психологиялық жағдайы күрт нашарлады. Ол жаттықтырушы ретінде пайдалы болуға тырысты, балалармен жұмыс істеді. Бірақ өз ісін жалғастыруға мүмкіндік берілмеді. Отбасымыз оны қолдады, бірақ бұл жеткіліксіз болды. Достары теріс айналды – бұл ең ауыр соққы болды», – дейді ол.
Спортта аты аңызға айналған чемпион қарбыз өсіріп, жүк тасумен айналысуға мәжбүр болды. Алайда бұл істер оның рухына сай келмейтін еді. Шәміл өзін күрестің шебері ретінде көрді, сол салада жұмыс істегісі келді. Бірақ оған жол жабылды.
1989 жылы, небәрі 33 жасында, Шәміл Серіков өз-өзіне қол жұмсап, өмірден озды. Оның өлімі – тек бір адамның емес, тұтас жүйенің құрбаны болған спортшының қасіреті еді.