фото: pixabay.com
Рамазан айында ораза ұстаушылар үшін қандай жағдайлар оразаны бұзады, ал қайсысы бұзбайды? ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі оразаға қатысты ең жиі кездесетін мәселелер бойынша қысқаша әрі нақты түсіндірме ұсынды.
Оразаны бұзбайтын жағдайлар
- Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Алайда есіне түскен сәтте жеуді дереу тоқтату қажет.
- Ұйқыдан жүніп (жыныстық дәретсіз) күйде ояну.
- Әйелін сүю немесе денесіне қол тигізу – егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды.
- Әйеліне қарау немесе шәһуәтты ой салдарынан мәни шықса да, ораза бұзылмайды.
- Түнде жүніп болып, ғұсылды сәресі уақытынан кейін алу.
- Ауызға келген қақырықты жұту.
- Түкірікпен немесе мұрын арқылы келген заттың еріксіз тамаққа кетуі.
- Құлаққа су кіріп кетуі немесе құлық ағуы.
- Темекі түтіні, шаң-тозаң, ұнның тозаңы, қар ұшқыны немесе жауын тамшыларының еріксіз жұтылуы.
- Тістің арасында қалған, ноқаттан кіші тамақ қалдығын жұту.
- Еріксіз ауыз толы құсу немесе құсықтың қайта ішке кетуі.
- Қан алдыру немесе сүлік салдыру.
- Көзге дәрі тамызу.
- Мисуак немесе тіс пастасын қолдану (пастаның ішке кетпеуін қадағалау қажет; ең дұрысы – таң намазына дейін тіс жуу).
- Тіс жұлдыру (ауыздағы қан мен дәріні жұтпау шартымен).
- Ауыз бен мұрынды сумен шаю (тамаққа кетпеуін қадағалау керек).
- Душ қабылдау, теңізге не көлге түсу (су жұтып қоймауға сақтану қажет).
Оразаны бұзатын жағдайлар
- Әдейі тамақ жеу немесе су ішу;
- Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында қоректік заттары бар укол қабылдау;
- Жаңбыр тамшыларын әдейі жұту (хадисте: «Ораза кірген нәрселерден бұзылады, шыққаннан емес» делінген);
- Таң намазынан ақшамға дейін жұбайымен жақындасу;
- Қорек немесе қоректік қасиеті бар заттарды біле тұра әдейі жеу.
- Мұндай жағдайда каффарат өтеледі: рамазан оразасын әдейі бұзған адам екі ай үздіксіз ораза ұстайды, оған шамасы келмесе – алпыс кедейді тамақтандырады.
Оразаны ұстамауға рұқсат етілетіндер
- Жолаушылар: сапарда ораза ұстамауға болады, кейін қазасын өтейді.
- Жүкті және бала емізетін әйелдер: егер өзіне не балаға зиян тиюінен қауіптенсе, кейін қазасын өтейді.
- Ауру адамдар: сенімді дәрігер оразаның зиянын нақты айтса, айыққан соң қазасын өтейді.
- Қарт кісілер: ораза ұстауға шамасы келмесе, бір кедейді таңғы және кешкі асымен қамтамасыз етеді; оған да шамасы жетпесе, тәубе етеді.
- Хайыз (етеккір) және нифас: бұл кезеңде ораза ұсталмайды, тоқтаған соң қазасы өтеледі.
Ақпарат көзі: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (Шариғат және пәтуа бөлімі).