Қазақ боксы біреудің ойыншығына айналды ма: Ұлттық құрамада дау туды

Қазақ боксы біреудің ойыншығына айналды ма: Ұлттық құрамада дау туды

фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Санжар Тәшкенбай

Спорт журналисі Ерзат Серғазин Kendala TV YouTube-арнасында Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкерінің ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Журналистің айтуынша, кадрлық шешім қоғамға нақты әрі ашық түрде түсіндірілмеген.

"Насановқа қарсы ештеңем жоқ. Бірақ мәселенің өзі – өте даулы. Мұны қоғам алдында дәлелдеп, уәж айту керек. Қазақ боксын жекешелендіріп алған жоқсыздар ғой. Қазақ спорты – біреудің ойыншығы емес. Халық алдында жауап беруге міндеттісіздер. Бұл – менің жеке қалауым емес. Сіздер басқарушылық авантюра жасап отырсыздар, осындай шешім қабылдайсыздар, ал халық аң-таң. Сәтжановтың туған қызының өзі әкесінің денсаулығы жақсы екенін, бәрі қалыпты екенін жазып отыр. Егер туған қызы оның жағдайын растаған жоқ болса…", – деді Ерзат Серғазин.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан бокс федерациясы Қайрат Сәтжановтың денсаулығына байланысты ерлер құрамасының бас бапкері қызметінен кеткенін мәлімдеген еді. Оның орнына Нұржан Насанов тағайындалған.

Нұржан Насанов – әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың жеке бапкері.