фото: ашық дереккөзден
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов қызметінен кетті. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, тәжірибелі маман денсаулығына байланысты ұлттық құраманы басқару қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. Хабарламада оның жетекшілігімен ерлер құрамасының көптеген халықаралық турнирде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, әлем чемпионаттарында жүлделер еншілегені атап өтілді. Сондай-ақ отандық бокс қауымдастығы Қайрат Тұрсынханұлына көпжылдық еңбегі үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, Қайрат Сәтжанов ұлттық құраманың тізгінін Париждегі сәтсіз нәтижеден кейін қайта қолға алған болатын. Бұл – оның денсаулығына байланысты бас бапкерлік қызметтен кетіп отырған екінші реті. Бұған дейін ол 2021–2023 жылдар аралығында да ұлттық құраманы басқарған.
Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстан құрамасы Қайрат Сәтжановтың жетекшілігімен Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында төрт алтын медаль жеңіп алып, айрықша нәтижеге қол жеткізген еді.