фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
Қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынамасының B нұсқасы ашылды. Бұл туралы Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Ал, допинг-сынаманың B нұсқасы ашылды. Қазақ елі халқы, дұғада болайық. Нәтижесін күтіп отырмыз", – деп жазды спорт функционері Instagram желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетейік, желтоқсан айының басында қазақтың титулды боксшысының допинг-сынамасынан тыйым салынған зат – мельдоний анықталғаны хабарланған болатын. Осыған байланысты оның WBA чемпионы, кубалық боксшы Эрисланди Лараға қарсы өтуі тиіс біріктіру жекпе-жегі кейінге қалдырылды.
Кейіннен боксшының командасы допинг-сынама B нұсқасын ашуды талап етіп, бұл рәсім бүгінге жоспарланған еді.
Айта кетейік, егер допинг-сынаманың B нәтижесі де тыйым салынған заттың бар екенін растаса, Жәнібек Әлімханұлы барлық чемпиондық атақтарынан айырылуы мүмкін.