фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
Boxingscene.com сайты орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына байланысты қандай салдар болуы мүмкін екенін баяндады. Егер алынған "В" сынамасы да тыйым салынған заттың барын растаса, спортшыны қатаң жаза күтуі ықтимал, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Желтоқсан айында Жәнібектің допинг-тестінен мельдоний анықталғаны белгілі болды. Осыған байланысты WBO ұйымы ішкі тексеріс бастаған, ал 7 желтоқсанға жоспарланған Жәнібек пен WBA чемпионы Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек кейінге шегерілген. Қазіргі таңда "Қазақ стил" атанған боксшы екінші сынаманың нәтижесін күтуде.
BoxingScene мәліметінше, Жәнібек Әлімханұлы мен оның командасы "В" сынамасын ашу және талдау рәсіміне жеке қатысады. Аталған процедура 8 қаңтарға белгіленген. Осы сынаманың қорытындысына қарай істің әрі қарайғы бағыты айқындалады.
Ереже бойынша, допинг-тесттің алғашқы нәтижесі күмән тудырған жағдайда спортшының "В" сынамасын тексеруді талап етуге құқығы бар. Алайда тәжірибеде екі сынаманың нәтижесі бір-біріне қайшы келетін жағдайлар өте сирек кездеседі.
Соған қарамастан, бокста бұрын да спортшылар сынаманың ластанғанын немесе оны сақтау мен тасымалдау кезінде заңбұзушылық болғанын дәлелдеп, ақталып шыққан жағдайлар болған.
Қазіргі таңда Жәнібек Әлімханұлы істі тексеріп жатқан органдардың шешіміне толықтай тәуелді. Егер кінәсіздігін дәлелдей алмаса, оның IBF және WBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулері тартып алынуы, сондай-ақ дисквалификация қаупі бар екені айтылып отыр.