фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының В допинг-сынағын ашу 2026 жылдың 8 қаңтарына жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Айта кетейік, боксшы 15 қарашада тапсырған допинг-сынағынан мельдоний табылған. Осыған байланысты 2 желтоқсанда VADA ұйымы Жәнібек Әлімханұлына ресми хат жолдаған. Соның салдарынан оның кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпей қалды. Аталған кездесуде үш чемпиондық белбеу сарапқа салынуы тиіс еді.
Нәтижесінде Эрисланди Лара 6 желтоқсанда венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды.
Бұл жағдайға қатысты Жәнібек Әлімханұлы да пікір білдіріп, болған жайтты түсіне алмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, 12 қарашада тапсырған А сынағы таза шыққан. Сол кезде боксшы сынақ тапсыру сәтін әлеуметтік желіде де жариялаған.
— «Мен әрдайым таза спортты қолдаймын. Бұл жаңалық мені қатты таңғалдырды. Алғашқы сынақта тыйым салынған ешқандай зат анықталған жоқ. Қолданатын қоспаларымды да өзгерткен емеспін. Сондықтан екінші сынақтың нәтижесі қалай шыққанын түсінбеймін және қайта тексеруді сұрадым», – деді Әлімханұлы.
Енді қазақстандық боксшының кәсіби мансабындағы алдағы тағдыры В допинг-сынағының қорытындысына тікелей байланысты болмақ.