фото: informburo.kz
Мадина Жұбаныс есімді мұғалім өзінің желідегі парақшасында жаңа жазба жариялады.
Құрметті Жұлдыз Сүлейменова! Ғалымға құрмет жоқ жерде – ғылым да, сапа да болмайды. Ал ғылыми дәрежесі бар педагогты бағалай алмаған жүйе – болашаққа жол сала алмайды. Ғылыми дәреже – еңбектің шыңы. Ал еңбекті мойындау – жүйенің ары.
PhD докторлық дәрежесі – жай ғана атақ емес, ғылыми деңгейде дәлелденген кәсіби құзыреттілік. Бұл дәрежеге жету үшін жылдар бойы зерттеу жүргізу, ғылыми жаңалық ашу, халықаралық, шетелдік басылымдарда мақалалар жариялау, диссертация қорғау сияқты ұзақ әрі күрделі еңбек қажет.
"Ғылыми дәрежеге автоматты түрде санат беруге өз басым қарсымын" деген пікіріңіз – шын мәнінде, ғылымның салмағын түсінбеген адамның сөзі деп қабылдаймын. Ғылымды түсінбеген адамнан білім жүйесін терең түсінуін қалай күтеміз? Магистр дипломын сатып алған мұғалімдер бар екенін бәріміз білеміз, бірақ ешкім ашық айтпайды. Осындай жалған "біліктілік" білімнің қадірін кетіріп отыр.
Ал еңбегімен PhD алған, ғылымға тер төккен, халықаралық деңгейде мойындалған педагогтар сол сатып алған дипломдардың көлеңкесінде
өз құқығын дәлелдеп жүруге тиіс емес!
Ғылымды түсінбеген жүйе — сапаны ұстай алмайды.
Егер білім саласы шынымен әділ болсын десек:
– сатып алынған бакалавр дипломын, магистр дәрежесін тексерсін;
– ал ғылыми еңбегі бар PhD докторына
мектепте модератор емес, ең жоғарғы санат автоматты түрде берілсін.
Өйткені сатып алынған диплом – қағаз ғана, ал ғылым – еңбектен туған абырой.
Ғылыми дәреже– сатып алынбайтын еңбек.
Оны магистр дипломын оңай жолмен алғандардың деңгейімен қатар қою –
ғылымға жасалған ең үлкен құрметсіздік.
PhD докторы – жай атақ емес, ғылыми мәдениет, зерттеушілік ойлау, әдістемелік тереңдік.
Академиялық дәреже – бір күнде алынатын атақ емес. Бұл – жылдар бойғы ғылыми ізденістің, халықаралық журналдарға мақалалар жазудың, зертханаларда, кітапханаларда өткізілген мыңдаған сағаттардың нәтижесі. Бұл — адамның кәсіби шыңдалуының ең жоғарғы баспалдағы.
PhD қорғау – жай ғана диссертация жазу емес. Бұл:
• ғылыми мәселені дәлелдеу;
• шетелдік рецензенттердің сүзгісінен өту;
• халықаралық стандарттарға сай болу;
• әлемдік ғылым мойындаған деңгейге жету.
Ғылымды дамыту үшін ең алдымен ғалымға құрмет болу керек.
Ал PhD докторын қайта дәлелдету — құрмет емес, кедергі.
Әлемнің дамыған елдерінде PhD атағы бар мұғалім автоматты түрде жоғары категория алады.
Өйткені бұл – оның дағдысын, зерттеушілік қабілетін, аналитикалық ойлауын, әдістемелік мәдениетін дәлелдейтін ресми белгі.
Ал бізде ше?
Ғылым кандидаты да, PhD докторы да барып, жас мұғаліммен бір қатарда портфолио жинап, қайтадан “дәлелдеуге” міндетті.
Сонда ғылыми дәреже не үшін беріледі?
Оның құны қайда қалды?
Ел ғылымға ұмтылсын десек, неге ғылымды өзіміз төмендетеміз?
Сондықтан “PhD доктор дәрежесіне мектепте автоматты түрде санат беруге өз басым қарсымын” деген сөз – академиялық дәреженің маңызын түсінбеу ғана емес, ғылымды менсінбеудің белгісі.
Неге?
Өйткені академиялық дәрежесі бар адам өзінің кәсіби деңгейін әлдеқашан дәлелдеп қойған.
Ол адамға қайтадан папка жинап, модератор санатын беріп, портфолио қуалап, дәлел іздетіп қою – ғылыми еңбекті қадірлемеу, адамның білімі мен уақытына құрметсіздік.
PhD докторы мектепте ең жоғары деңгейде бағалануы керек.
PhD докторы – жай педагог емес,
ол – мектептегі ғылымның жүрегі.
Ал ғылымның жүрегіне модератор санатын беру –еңбекті бағаламау.
Ғылымға тер төккен адамға мектепте модератор емес —ең жоғарғы санат автоматты түрде берілуі тиіс!
Мектептерде жыл сайын “ғылыми жоба жаса”, “оқушыны зерттеуге тарт” деп міндеттейді.
Ал сол ғылымның не екенін өз еңбегімен дәлелдеген ғылыми дәрежесі бар педагогты бағалау — ешкімнің ойында жоқ.
Академиялық дәреже – кәсіби жетістіктің жоғарғы көрсеткіші.
Оны мектепте мойындамау – білім сапасын көтеруге қарсы әрекет.
Сондықтан, мен бұл пікіріңізге осы себеппен қарсымын.
Академиялық дәрежені мойындай алмаған білім жүйесінің болашағы бұлыңғыр.