Өзбектер артта қалды: Сары қызымыз әлем чемпионы атанды

14 қыркүйек, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Наталья Богданова

Қазақ боксшысы Наталья Богданова Ливерпульде (Англия) өтіп жатқан World Boxing ұйымының әлем чемпионатында финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Наталья Богданова аустралиялық Лекейша Перголитимен кездесу өткізді. Наталья Богданова кездесу нәтижесі бойынша қарсыласын 5:0 есебімен жеңді.

Айта кетейік, Наталья Богданова жыл басында Сербияда өткен әлем чемпионатында қола жүлдені еншілеген. Сондай-ақ 2022 жылғы Азия ойындарында қола жүлдеге қол жеткізген.

Сондай-ақ бұған дейін ерлер құрамасы сапынан Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг) алтын медаль еншіледі. Ал әйелдер құрамасы сапынан Алуа Балқыбекова (51 кг) мен Аида Әбікеева чемпион атанса, Назым Қызайбай (48 кг) күміс жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ Виктория Графеева (60 кг) мен Елдана Тәліпова (+80 кг) қола медальді иеленді.

Аталмыш әлем чемпионаты әлі жалғасып жатыр. Қазақстан атынан енді аса ауыр салмақтағы боксшы Айбек Оралбай сынға түседі. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы 6 алтынмен көш басына шықты. Ал Өзбекстан құрамасы 5 алтынмен екінші орында келеді. 

Тэгтер:

Бокс финал Әлем чемпионаты Наталья Богданова