фото: Нұрғали Жұмағазы/Спортты дамыту дирекциясы. Суретте: Ертуған Зейнуллинов
Қазақ боксшысы Ертуған Зейнуллиновтің ширек финалдық жекпе-жегі көпшіліктің көкейінде екіұшты ой мен сан салалы сұрақ қалдырды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Кеше, 10 қыркүйекте 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ертуған Зейнуллинов ширек финалда өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджаевпен қолғап түйістірген еді. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан (5:0) Асадхуджа Муйдинхуджаевқа берді.
Алайда жекпе-жек барысында Ертуған Зейнуллинов бірінші нөмірде өнер көрсетіп, қарсыласына қыспақ көрсетті. Тіпті екінші раундтың ортасында Асадхуджа Муйдинхуджаев қазақ боксшысын ережеге сай емес тәсілмен ұрып жіберді. Бұл әрекеті үшін боксшыға ескерту берілмеді. Артынша өзбек боксшысы тағы да дәл осылай ереже бұзды. Төрешілер үнсіз. Ақырында 5:0 деген есеппен жеңісті Асадхуджа Муйдинхуджаевқа берді.
Бұл туралы журналист Аян Төлеген де Telegram арнасында өз ойын айтып, Ертуғанның басым түскенін жеткізді.
"Ертуған Зейнуллинов Олимпиада чемпионына қарсы жекпе-жек өткізді. Менің ойымша, біздің боксшымыздың қарсыласының деңгейі өте жоғары болды. Егер жасанды интеллект соққылардың барлығын санап шыққан болса, өзбекке тиген соққылардың есебі мүлдем басқа болар еді. Мен Ертуғанның жанкүйерімін. Оның үйінде қонақта болып, бір дастарханда отырғанмын. Бұл жігіттің өте тәртіпті, өмірде де, рингте де адал екеніне көзім жетті. Сондықтан оған әлі де мүмкіндік беру керек! Махмұд Сабырхан көрермендер арасында отырып, Ертуғанға "Асланбек Шымбергенов сияқты ұр!" деп айқайлады. Шынымен де, Муйдинходжаевты жеңудің жалғыз жолы – нокаутқа жіберу. Басқа жағдайда саған жеңісті бермейді", – деп жазды Аян Төлеген.
Айта кетейік, World Boxing ұйымының әлем чемпионатында (Ливерпуль, Англия) Қазақстаннан сегіз боксшы жартылай финалға жолдама алды. Сондай-ақ тағы екі боксшымыз ширек финалда жұдырықтасады.