фото: fckairat.com. Суретте: Рафаэль Уразбахтин
"Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Алматыдағы Орталық стадионның жағдайына көңілі толмайтынын жеткізді. Ол бұл тұрғыда "Селтик" клубының бас бапкері Брендан Роджерспен келісетінін айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
26 тамызда "Қайрат" пенальти сериясында "Селтикті" жеңіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Дегенмен, Рафаэль Радикұлы ойыннан кейін алаң сапасы мен жалпы Қазақстандағы футбол инфрақұрылымының деңгейіне қатысты сын айтты.
"Алаңның сапасы төмен. Маусым басында Қазақстандағы ең жақсы алаңдардың бірі еді, ал қазір олай айта алмаймын. Әрине, бәлкім бізге бір жағынан көмектескен де шығар. Өйткені, егер алаң Глазгодағыдай мінсіз болғанда, бізге қиынырақ болар еді. "Селтик" – допты бақылап, жылдам паспен ойнайтын команда. Бұл жерде оларға қиын соқты. Біз алаңды бұзған жоқпыз. Мүмкін, 10 тамыздағы Дженнифер Лопестің концерті де әсерін тигізген шығар. Агрономмен сөйлестім, ол алаңға он жыл болғанын айтты. Енді оны толық ауыстырып, қайта егу керек. Өкінішке қарай, оған мүмкіндік болмаған. Алдағы үш аптада үзіліс бар, сол кезде бірдеңе жасамақшы. Бірақ шөпті тартып өсіре алмайсың ғой (күледі).
Қазақстандағы алаңдардың сапасына ерекше көңіл бөлу керек. Егер біз еурокубоктарда лайықты ойнағымыз келсе, стадиондар мен алаңдарды дамытуымыз қажет. Бұл – жүйелі жұмыс, мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Біз Глазгода болдық: стадионда 50-60 мың орын бар, апта сайын, кейде екі рет матч өтеді. Бұл халық үшін нағыз мереке. Неге бізде солай жасай алмаймыз? Неге біз әлі де нашар алаңдарда ойнаймыз? Шынымды айтсам, басшылар қайда қарап отыр, түсінбеймін. Мүмкін, біздің жетістігіміз мемлекетке футболға, стадиондар мен алаңдарды дамытуға назар аударуға түрткі болар. Біз соған үміттенеміз", – деді Уразбахтин "Qazsport" телеарнасына берген сұқбатында.
Еске сала кетейік, Алматылық "Қайрат" футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков дәл осындай сәтті бастан кешті. 2025 жылғы тамыздың тарихи түнінде ол Шотландияның атақты "Селтигін" тоқтатып, командасын Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығарды.
Жеребе тарту рәсімі ертең, 28 тамызда өтеді. Дәл осы күні "Қайрат" жалпы кезеңдегі қарсыластарын біледі.