Қуан, қазақ елі: "Қайрат" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды

Қуан, қазақ елі: "Қайрат" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды

фото: Craig Williamson/SNS Group via Getty Images. Суретте: "Қайрат" – "Селтик" матчынан бір үзік

Алматылық "Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде шотландиялық "Селтикті" жеңіп, турнирдің негізгі кезеңіне шықты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қарсыластар плей-офф раундында күш сынасты. Қос матчтың соңғы кездесуі Алматыдағы Орталық стадионда өтті.

Негізгі уақыт Глазгодағы алғашқы ойын сияқты 0:0 есебімен аяқталды. Ережеге сәйкес қосымша уақыт берілді.

Екі экстра-таймда да командалар гол соға алмады, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды.

"Селтик" футболшыларының алғашқы екі соққысын Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков қайтарды. Ал "Қайрат" сапынан жартылай қорғаушы Валерий Громыко допты бағанға тигізіп, өз мүмкіндігін мүлт жібермеді.

Одан кейін алаң иелері қатарынан үш қорғаушы – беларусь Александр Мартынович, израильдік Офри Арад және ресейлік Егор Сорокин мүлт кеткен жоқ. Үшінші рет Темірлан Анарбековтің сейві алматылықтарға 3:2 есебімен пенальти сериясында жеңіс әкелді.

"Қайрат" тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Бұған дейін қазақстандық клубтардан тек "Астана" 2015/16 маусымында топтық кезеңге шыққан болатын.

Биыл Чемпиондар лигасында екінші жыл қатарынан 36 команда қатысатын жалпы кезең өтеді. Әрбір клуб сегіз матч өткізеді – төртеуі үйде, төртеуі түзде. "Қайраттың" қарсыластары анықталатын жеребе тарту рәсімі 28 тамызда өтеді.