фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Қайрат Сәтжанов
World Boxing ұйымы аясындағы әлем біріншілігі 4-14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өтеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарысқа дайындық барысын Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне баяндап берді.
"Алматы облысында әлем чемпионатына арнайы дайындық кезеңін бастадық. Бұл жиынға тек таңдаулы боксшылар шақырылды. Әр салмақ дәрежесінде 4 спортшыдан ғана.
26 тамыз күні Ұлыбританияға аттанамыз. Біріншілік алдында Шеффилд қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Оған Франция, Швеция, Норвегия, Германия, Литва, АҚШ, Косово, Филиппин, Польша, Ирландия, Үндістан құрамалары қатысады деп күтілуде.
Әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы әлі толық жасақталған жоқ. Бірнеше салмақтағы қатысушыларды осы жиында қарастырамыз", – деді Қайрат Сәтжанов.
Еске сала кетейік, Тұрсынғали Еділов Бангкокта World Boxing аясында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының нәтижесіне қатысты өз пікірін білдірген болатын. Кейіннен бокс маманы қазіргі қазақ боксының деңгейі туралы айтып берген еді.