"Біз мақтанып жүргенде, өзбектер еңбек етті": аңыз бапкер Өзбекстанның бокстағы басымдығын түсіндірді

"Біз мақтанып жүргенде, өзбектер еңбек етті": аңыз бапкер Өзбекстанның бокстағы басымдығын түсіндірді

фото: olympic.uz. Суретте: Хасанбой Дусматов пен өзбек бапкерлері

Бангкокта World Boxing аясында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Өзбекстан командасынан асып түсе алмады. U19 және U22 жас санаттарында жігіттер көршілеріне айқын есе жіберді. Бұл жағдайдың бір себебін Қазақстан боксы тарихындағы ең табысты бапкер Тұрсынғали Еділов sportarena.kz сайтына берген сұхбатында түсіндірді, деп хабарлайды Sportinside.kz

Тұрсынғали Еділовтің жетекшілігімен 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Қазақстан құрамасы екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алған.

"Үш алтын – жаман нәтиже емес. Оның бірін Азия чемпионатына қосалқы құрамадан келген Нұрислам Қалдыбаев алды. Бірақ әрқашан қорытындыға қарау керек. Ал Өзбекстанда алтын медаль саны – алты. Бізден екі есе көп! Меніңше, мәселе мынада: құрлықтағы жастар деңгейінде көп жылдық үстемдігіміз кезінде бәрі солай бола береді деп үйреніп кетті. Ал біз мақтанып жүргенде, өзбектер еңбек етті. Міне, соның нәтижесі", – деді Тұрсынғали Еділов.

Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы Бангкокта (Таиланд) өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының жалпы медаль кестесінде бірінші орынға ие болды. Екі турнирдің (U19 және U22) қорытындысы бойынша өзбек боксшылары 15 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан 7 алтын, 9 күміс және 6 қола медальмен екінші орынға жайғасты. Үздік үштікті Қытай түйіндеді – 6 алтын, 1 күміс және 8 қола.