"Плинтустан да төмен": елге танымал бапкер қазақ боксы туралы шындықты айтты

"Плинтустан да төмен": елге танымал бапкер қазақ боксы туралы шындықты айтты

фото: olympic.kz. Суретте: Сәкен Бибосынов

Қазақстан тарихындағы ең табысты бапкер Тұрсынғали Еділов қазіргі қазақ боксының деңгейі туралы айтып берді, деп Sportinside.kz тілшісі Sportarena.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрсынғали Еділовтің жетекшілігімен 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Қазақстан құрамасы екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алған.

"Бұрындары бізден бәрі қорқатын. Қазір қазақ боксының деңгейі плинтустан да төмен. Біздің жігіттерді африкалықтар да, индонезиялықтар да жеңіп жүр. Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышевтің не істегеніне қараңыз?! Ол Астанада өткен Әлем кубогына бірде-бір боксшыны жібермеді. Неге? Негізгі құрам әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Ал екінші құрамды апармады, өйткені кейін "өзбектер жеңілді" деп ешкім айтпау үшін", – деді Тұрсынғали Еділов.

Еске сала кетейік, Тұрсынғали Еділов Бангкокта World Boxing аясында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының нәтижесіне қатысты өз пікірін білдірген болатын.