фото: Ашық дереккөзден
СӘУІРБЕК БАҚБЕРГЕНОВ
ОН ҮШІНШІ ОЙЫНШЫ
ПОВЕСТЬ
Емен ағаштың иілгені – сынғаны
Ер жігіттің ұялғаны – өлгені ,
Халық мақалы.
Молчание есть украшение и щит юности
К. Батюшков.
БІРІНШІ ТАРАУ
КІЛТ, ӘЙТПЕСЕ АШЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ҚАҚПА
Жаздың басында Тбилисиге «Жігер» келді. Ойын басталардан екі-үш сағат бұрын ойыншылар түскен «Аджария» қонақ үйіне келдім. Бәрі де таныс. Өзімнің бір аулада тұратын көршілерім. Есен-саулық сұрастық, шүйіркелесіп қалдық. Соңында ойыншылардың бірі:
– Ал сіздіңше бүгінгі есеп қандай болады? – дегені бар емес пе. Жауапқа әзір емеспін. Әрі өте қиын. Өйткені Тбилисидің өзінде ұтасыңдар деу тым артық. Ал өзіңнің жақсы көршілеріңе ұтыласындар деп айту тағы ауыр. «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» дегендей, ойын тепе-тең болады дедім. Көршілерім «айтқаныңыз келсін» дегендей жымия күлді. Ал менімен бірге жүрген қаламдас достар Арчил Сулалкаури мен Ираклий Кипиани «шын айтып тұрсың ба» дегендей маған мысқылдай қарады. Былай шыға бере мысқыл ойын жасырмады да:
– Жерлестеріңді үміттендіріп кеттің-ау! – деді Арчил.
– Ойының ба, шының ба? Тбилисиден ұпай алады деп кәдімгідей-ақ үміттенесің бе? – деді Ираклий.
Басында ойнап айтсам да, Арчил мен Ираклийдің сөізне қарай, ерегесіп шындап кеттім.
– Тепе-тең! – дедім.
– Қандай есеппен?
– Ноль де ноль.
– Сонда қалай, қақпа мүлде жабық қала ма? – Кипиани аң-таң.
– Жабық тұрады.
– Сен ойлан, әлде болса кеш емес. Стадионда мына сөзіңді бізден басқалар естісе, Алматыға жете алмай қаласың. Қақпаны ашылмайды дегенің артық. Одан да ақ-көгілдір кигендер бір доп салады да, алыстан келген қонақтарды аяп, қалай болса солай бейқам, немқұрайды ойнайды. Соны пайдаланып, есіркегенді білмей сары ала майкалар ойынның соңғы шағында доп салып, ойынды теңестіріп жібереді десең, ойланар едім. Мынауыңа көнбеймін. Қайтадан сөйле, есеп қандай болады?
– Тепе-тең. Ноль – ноль – дедім.
– Қыңыр сөз күлуге жақсы. Сонымен Кураның ер жігіттері «Жігер» қақпасының тот басқан кілтін таба алмайды дейсіз ә?
– Тот басқан ба, әлде алтын балықтың қолынан алған алтын кілт пе, әйтеуір, қақпаны дәл бүгін ешкім аша алмайды.
Стадион лық толған. Алпыс мыңдай адам екі сағат бойы тапжылмастан отырды. Біресе күлді, біресе жылады, қол соқты, айқайлады, ызасы келді. Ақ-көгілдір киінгендер тоқсан минут бойы «Жігердің» қақпасы алдында ойнады. Допты оң жак бұрыштан да, сол жақ қанаттан да, нақ ортадан да соқты. Және тынымсыз, толассыз соқты. Осы екі сағат, дәлірек айтсақ, тоқсан минут ішінде «Жігердің» қақпасына отыз рет доп соқты, он екі рет бұрыштама доп берді. Бәрібір қақпаны аша алмады. Қиын доптардың біразын қақпашы ұстады. Енді біразы дәл келмеді, асып кетті, жанап кетті. Енді біразы не маңдайшаға, не қанаттағы діңгекке тиді. Не керек, әйтеуір дарымай қойды. Байқаймын, қасымда отырғандар маған қарап-қарап қояды. Мен былқ етпестен отырмын. Тоқсан минут бітіп, төреші ысқырығын естігенде бір-ақ дем алдым десе де болады.
Ойын бітті. Есеп: ноль-ноль.
– Футболдың машайығы екенсің, – деп Арчил мен Ираклий қолымды алды. – Бұл не деген пәле! Қақпаны дуалап тастадың ба?
Мұның үстіне стадионнан шыға бергенде «Жігердің» жігіттері келіп құттықтады. Біреуі құшақтап, сүйіп те алды. Әрқайсысы пашайының басына алтын кілт байлаған белгілі саңлақтар бүгін қақпаны аша алмады. Міне, қызық!
– Сіз «Жігерге» бойтұмар боп, кілең бізбен бірге жүрсеңіз қандай жақсы болар еді! – деді бір ойыншы...
Осы жай көпке дейін естен кетпеді. Әсіресе, «Жігердің» ойынына барсам болды, ойыма келе қояды. Әрине, футболдың машайығы да, пайғамбары да, тіпті, бойтұмары да жоқ. Қысылған жерде айтыла салған сөз дәл боп шықты. Бар шындығы, бар құписы осы. Дегенмен, футболдың аса үлкен өнер, қызықты да тамаша өнер екенін ұғуға сеп болған жайлардың бірі осыдан басталып еді. Алпыс мың адам екі сағат бойы алаңдағы жиырма екі жігіттің аяғы мен басына, әрбіп қимылына қарады. Содан өздерінің қызығын, керегін тапты. Айқайлады, күлді, ызаланды, жылады. Ешбір театрда, циркте мұншалық көп халықты, мұншалық эмоциялық жалынды көре алмадым. Театрдан, тіпті цирктен көп адамдар шаршап қайтады. Мұнда шаршаған, шалдыққан ешкім болмайды. Бәрі, бәрі де жаңада ғана біткен ойынның ырғағымен, соның лебімен қайтады. Түні бойы түс көріп, күндіз көргендерін қайталап көреді. Түсінде тағы күледі, тағы жылайды.
Бұл хикаяның кілті – жазылуы Тбилиси стадионында туған. Ол ашылмай калған, алтын кілттің өзімен ашылмаған қақпа жайында ғой. Ондай кақпа өзі тегінде бар ма? Бар болса, оны ашатын кімдер? Ондай кақпаны ашудың құпиясын енді біле бастаған бір жас жайында хикая басталды делік.
Осы хикаяны қолына ұстап, окуға ниет еткендерге берер жалғыз сұрағым бар. Егер сіз сәби кезіңізді, одан қалса балалық шағыңызды, айталық жастығыңызды еске түсіріп, көз алдыңызға келтіргіңіз келсе, не істер едіңіз?
Кілтпен қақпаны қайта ашу қажет пе? Әлде басқа жолы бар ма?
ЕКІНШІ ТАРАУ
КҮН ҚАЙДАН ШЫҒЫП, ҚАЙДА БАТАДЫ? ОНЫ ҰРЛАУҒА БОЛА МА?
Сәби кезді, балалық шақты, жастықты еске түсіргіңіз келсе, ең алдымен, үйде отырғанда өз балаңыздың ісіне, қылығына, мінезіне қараңыз. Түзге шыққанда басқа балалардың ісіне, қылығына, мінезіне, ойынына, тіпті сөзіне зер салған артық болмас еді. Адамның ең бақытты шағының бірі – екінші біреуден өзінің өткенін көру дер едім. Оған жетудің өзі алдымен арман, артынша бақыт.
Міне, көшемен екі бала кетіп бара жатыр.
Мектептен қайтқан. Тұратын көшесіне әлі жете алмай келеді. Бұлардың тұрағы алыс емес. Сонда да жетер түрі жоқ. Екеуі көше жиегінде тұрып ап айтысады. Ондағысы мектеп күзетіндегі қарттың үнемі ыңылдап айтатын бір ауыз өлеңін екеуі екі түрлі жаттап алған:
Тұрмысың орыныңда, шолақ қала,
Не жақсы, небір ездер еткен пана.
Түніңді күзетемін кірпік қақпай,
Көшеңде болмасын деп пәле-жала.
Қыз баланың айтуынша бұлай емес, «Аман-есен тұрмысың, шолақ қала» деп басталады.
– Мұны сен басқа бір жерден, қиссадан ба естігенсің, – деді бала.
– Солай-ақ болсын.
Кешқұрым еді. Екеуі айтыса-айтыса дөң басына шыққан. Биіктен тау басына еңкейе қонған күй бұлардың назарын өзіне тартқан. Алтын табақтай нұрлы күн қызара бөртіп, таудың нар өркеш бүкір шоқысына иегін сүйеп, тұрып қапты. Бұлар күн сәулесінің өткір де нұрлы шашырандысынан көзін көлегейлеп аз аялдады. Екеуі де әуестікпен қараған.
– Ал, сенің білгіш екеніңді көрейін, айтшы кәні мынау күн қайда барып батады? – Тұлымына бір шоқ ақ жібек байлаған қыз бала қасындағы балаға өзінше қуланып, күле қараған. – Қайда бара жатыр күн?
– Қайда барушы еді? Баратын жеріне барады.
– Баратын жері қайда?
– Белгілі емес пе?
– Сол белгілі ме? Белгілі болса айтшы, кәне?
– Әрдайым анау таудың артына барып жасырынады.
– Жасырынады деймісің! – Қыз баланың дағараға тастаған күмістей сылдыраған сәби күлкісі естілді. – Кәдімгі жасырынбақ ойнаған біздер сияқты таудың, тастың тасасына кәдімгідей тығылып қала ма? Қызық екен? Сен шыннан білесің бе?
– Білмесем айтам ба? Оның несі қызық! Жасырынбаққ ойнаған да қызық емес. Одан да, шіркін, допты қуа жөнелгенді айт. Футбол ойнасаң, доп тепсең қандай жақсы. Әсіресе бар ғой, допқа аяғың тигенде анау таудың шоқысына аяғың жеткендей боласың, тіпті рақаттанып қаласың. Ал, қақпаға доп сокқан ше, одан да жақсы. Жақтастар, тілеулестер, ойында бірге жүргендер ду-ду кол соғады, арқаңнан қағады. Тіпті бар ғой, сені жек көретін баланың өзі жүгіріп кеп мойныңа асылады, терлеп тұрғанда бетіңнен сүйеді-ау!
– Мен күнді айтсам, сен допты айтып кеттің ғой. Күн болмаса қараңғыда допты қалай ойнар едің?
– Әрине, күн болмаса футбол түгіл, ойнайтын балалардың өзі болмас еді. Москва мен Алматыда футбол электр жарығымен ойналады дейді. Бізде де футболға жететін артық жарық болар ма екен? Электр болса бар ғой, күніңнің ештеңеге кажеті жоқ.
– Мә, сен де қызық екенсің, күннің футбол ойнағаннан басқаға қажеті жоқ па сонда? Жаңа ғана осы сен күнсіз футбол ойнайтын балалардың өзі болмас еді деген жоқ па едің?
– Ей, әшейін айта салғанмын. Білмейді деймісің, білем, дегенмен, күнсіз қиын ғой. Әсіресе электрі аз жерде футбол ойнайтындарға өте обал. Біздің тренер, әлгі Түйнек айтады, футболдың болашағы зор дейді. Оны бүгін мыңдаған адамдар ойнаса, ертең миллиондаған адам ойнайтын болады. Қазіргі мал жайылатын жайлаулар, егіндік жайлар, тау басындағы биіктердің жазық жоталары, бәрі, бәрі футбол алаңдарына айналады.
– О, хо, сонда қалай, футболдан басқа тіршілікті қоямыз ба? Мына күннің кайда барып батарын білмей тұрған сен оның бәрін қайдан білесің?
– Мен, осы мен, күннің қайда барып батарын білмедім бе? – Бала қызға көзін бадырайтып, аң-таң боп, сұраулы қарады, – мен білмедім, ә?
– Сен білмедің? Таудың ар жағына барып тығылады дедің.
– Е, одан артық не керек?
Күн бұрынғыдан да қызара бөртіп, көшкен ауылдың тіркес-тіркес тізбегіне, көш тізбегіне ұқсаған, жүк артқан нардай өркешті тауға сүңгіп бара жатты. Жартысы көрінбей де кетті.
– Осы күнді ұрлап әкетуге бола ма?
– Не дейді, мынау!
–Ұрлауға емес, көрсетпей тығып қоюға бола ма?
– Ұрлауға да, тығып қоюға да болмайды. Оның қызуы миллион, миллион, айта берсең, триллион... Мұғалім айтты ғой саған. Өзі жасырынады, өзі шығады, оны ұрлауға да, жасыруға да болмайлы, білдің бе?
– Олай емес, жер айналады.
– Айнала берсін. Күн де бір орнында тұрмайды.
– Күннің қайда барып батарын айттың. Өзі де әне, батып кетті. Ал, таңертең мына біздің Шолақтың күні қайдан шығады?
– Білмедім.
– Шын білмедің бе?
– Шыным, өзің ше?
– Мен білсем сенен сұраймын ба? Менің білуімше, күн сайын анау Қасқабұлақтың басындағы шоқ талдың басынан көрінеді.
– Қасқабұлақты көргенмін. Біздің үй, нағашымның үйі бар. Бір жаз соның басында отырған...
Бұл екеуі ештеңеге келіскен жоқ. Бірақ ұққаны бар. Күн қайдан шығады, қайда батады. Оны білмегенмен, күнді ұрлауға, жасыруға болмайтынын ұққан. Күнді ұрлауға болмайды. Ол адамдардың бәріне бірдей. Күн ортақ. Бәрімізге бірдей.
ҮШІНШІ ТАРАУ
АНА КӨҢІЛІ БАЛАДА, БАЛА КӨҢІЛІ ДАЛАДА
Шолақ – шағын қала. Бірақ тарихы мол, өткені қызық. Тау мен құмның ортасында, арналы кең далада, шетсіз кең жазықта жатыр. Оңтүстік батысы биік тау, қиын асу, кең жайлау, көк орай шабындық. Солтүстік-шығысы көбенді сортаң, кұмшауытты дала, ши өсетін мәжі. Бұдан соң жал-жал құм, қызыл шағылды шоқылар, жалаңаш жоталар, ал ылдиы арналы өзектер боп кетеді. Бұл малды ауылдың қыстауы. Осындай жердің нақ ортасында Шолақ қала тұр. Кезінде едәуір үлкен сауда қаласы болған. Шапқыншылықтан әлденеше реет бұзылып, қазір оның орнында биік қорғаны қалған. Шағын да мықты бекініс болғанын төңірегі тай шаптырым қираған қала сілемі, оның сыртын жиектеген төрт қақпалы қорғанның орыны-ақ баяндап тұратын.
Осы Шолақтың орталық көшесінің бірінде, бұрынғы ескі қала орнына жақын жерде жұпыны бір үй тұратын. Бұл үйдің басқалар тәрізді не қорасы, не қақпасы жоқ. Жесір әйел мен жетім бала үйі екені сыртынан майланбаған жүдеу күйінен көрінетін. Рас, бірінің сүйген жары, үй иесі, екіншісінің әкесі, кешегі сұрапыл соғыстан кайтпай кеткен. Аршагүл осында бір мекемеде үй сыпырушы болып істейді. Айдар болса биыл жетінші класта оқиды.
Бірте-бірте бәрі де ұмыт болар деп ойлаушы еді Аршагүл. Балам өссе, ел қатарына жетсе дейтін. Әлі жете қойған ештеңесі жоқ. Мектепке барды, хат таныды. От басының анау-мынауына көмектеседі. Ертелі-кеш жалғыз сиырды бадаға қосады, үйге айдап келеді. Өсте-өсте өсер дейтін. Жиырма бір жасында, соғыс міне енді бітеді деп тұрғанда жесір қалған жас келіншек әкесіз бала өсірудің қиындығын қайдан білсін! Бара-бара ұмытылар дейтін. Бар болғаны баласынан өзінің көкірегіндегі мұңы мен шерін жасыра білетін. «Өзім мүжілсем мүжілейін, әйтеуір бала жүрегіне қаяу түспесін», – деп ойлайтын. Ең алғашқы кездің өзінде, баланың жас, қайғының қалың кезінде жылай қалса, күрсіне қалса, соның бәрін баласына сездіргісі келмейтін. Бала ұйықтады-ау дегенде теріс қарап жатып күрсінетін, өксіп жылайтын.
Баласы өз аяғынан жүріп-тұратын кезінде Аққолтықта мал бағатын нағашысына берді. Бала жеті жасқа дейін, мектепке барғанша осында өсті. Аршагүл жалғызын асыраудың өзінше осындай бір жолын тапқан. Жалғызіліктілік қиын екен. Ол бұған да үйренген.
Айдар нағашы қолында, еркін далада, малды ауылда жүрді. Жаз болса тауда, қыс болса құмда. Қойшы көбінесе, жалғыз үй отырады. Осындай жайда Айдар кһп сөйлемейтін, тұйықтау, сөйлей қалса раманшыл, қиялкезбелеу болып өсті. Сабақты біле тұрса да мектепте жақсы оқушы атануына осы мінез едәуір шырмау болған.
Ол өз үйіне мектепке барар жылы бір-ақ келді. Шешесі баяғы өксігін тастамапты. Әлі де, анда-санда болса да Аршагүл жары Алдашты есіне алып, ұзақ-ұзақ мұңаяды екен. Әлі де баяғыша онысын Айдарға білдіргісі келмейді. Ол сабақтан келіп, кешкі тамақтан соң үйге берілген тапсырманы орындайды. Одан соң бұрынғыша қасқа сиырды өрістен қайтқан бойда қораға әкеледі. Көрші балалармен біраз ойын соғады да, ұйықтайды. Ерте ұйықтайды, өйткені үнемі ерте тұрады. Қасқа сиырды өріске шығарып салады. Сонсын мектепке жөнеледі. Мектепке барғаннан бергі алты-жеті жыл нақ осылайша өтіп келеді. Бұл жылдары ол шешесінің талай-талай бұдан жасырып жылағанын құлағымен естіді.
Әсіресе бала көңіліне ананың «ең болмаса қабырына бір уыс топырақ тастамадым-ау» деген зары шемен боп қатқан. Мектепке бара жатып, жерден бір уыс топырақ алып, алақанына салып та көрді. Мұнда тұрған не бар екен?
Бір сарын, бір ырғақ. Соған қарамай, кей-кейде сай-сүйегіңді сырқыратады. Ана көкірегін қарс айырып шыққан қайғылы сөз кейде Айдарға да әсер етіп, жүрегін қобалжытып жіберетін. Бұдан бұрын жалғыз үйде жалқы жүріп өскен бала енді мұңға батып, ойға қалатын. «Дүниеде менің апамнан мұңды, менің апамнан қайғылы адам бар ма екен?» – деп, кейде бұл да шерленетін. Сөйтіп, ана қайғысы бала жүрегін шерлемей қалған жоқ. Қайта сәби кезінде, мектепке бармай тұрғанда ссзбейді екен-ау, енді ойлап қараса, шеше мен мұның шері арасында өзегі үзілмес жалғау жатыр екен. Мектеп оқушылары арасында әке жайында әңгіме бола қалса, ең алдымен Айдар сытылып шыға бастайды. Өйткені мұның әкесі жайында білетіні аз. Әйтеуір, Сталинград түбінде керемет шайқас бопты. Әкесі сонда өліпті... қандай ерлік жасады? Оны ешкім білмейді.
«Ана көңілі балада, бала көңілі далада» дегеп алшақтық арасы жақындап, бала шешесін түсіне бастаған еді.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ҚАСҚЫРСЫЗ ӨМІР ҚЫЗЫҚ ЕМЕС ПЕ?
Айдар бірінші кластан бастап, көрші қыз Сайрамен бір партада отырды. Көзі мойылдай қара, өзі ақсары қыз үйіндегі шешесі Аршагүлден соңғы досы, сөйлесетін, сыр айтатын адамы боп кетті. Бірақ, Айдар көп сөйлемейді. Сайра көбінесе мұның қас-қабағына қарап, мұның ойын бөлетін, Сөйтіп, бұл екеуі кейбір күндері мектептен шыңқан бойда Шолақтың төбесіне көтерілгенше үндемейтін. Биікке шығып алғансын, әрқайсысы өзінің үйіне бұрылар жерде ғана тілге келіп, бір-бірінен ертеңгі сабақ жайын сұрайтын. Өсе келе Сайра да өнер таныта бастаған. Ол Айдардың үнемі ойлы, үн-түнсіз жүретінін көңіліне алатын. Оны өзінше көңіліне дық санайтын. Әйтеуір, иіні келсе, оны әңгімеге, сөзге салып, сөйлеткенді ұнататын. Әкесі жоқ баланың үйінде ауыр мұң барын Сайра да сезе бастаған.
– Айдар, сен әңгіме айтшы! – дейді Сайра.
– Не айтам?
– Әйтеуір бір әңгіме, қызық болсын.
– Әйтеуір бір әңгіме қызық болмайды.
– Сен қызығын айт!
– Қызық әңгіме жоқ.
– Енді қандайы бар?
– Менің әңгімемнің бәрі қызық емес.
– Сонда да болса...
– Бір күні қораға, кәдімгі мал қамап қойған қорадағы қойға қасқыр шапты.
– Айдар, бұл да әңгіме ме, мұның несі қызық. Қойға қасқыр шапқанның несі қызық, кімге керек, – деп келді де, қыз бала тоқтап бетіне қарады.
– Сөйтіп, қойларды үркітті. Біз айтақтап сыртка шықтық. Бар болғаны кескек байлаған ақсақ тоқтыны қара саннан бір жұлқып, тартқан екен. Аузы бір толатын етті алды да кете берді...
Бар әңгіме осы еді дегендей Айдар тағы тоқтады. Сайра оған қайта қарады.
– Бәрі осы ма?
– Осы.
– Қызық екен.
– Несі қызық?
– Мен қойға шапқан, ауылға келіп түскен қасқыр түгіл, далада жүрген, өзінше кетіп бара жатқан жай қасқырды да көрген емеспін. Мен қасқырды кітаптан, суреттерден ғана көргенмін.
– Көргенде тұрған не бар? Мен талайын көрдім. Сол кітаптарда көргенің сияқты ғой.
–Тура кітаптағыдай болмайды. Көргеніңді айтшы.
– Айттым ғой.
– Оның аз.
– Қосарым жоқ. Қасқыр деген – жабайы ит. Бәрі осы.
Сөйтіп, Сайраның Айдарды сөйлеткісі келген әрекеті сәтті болмады. Оған қыз бала іштей қобалжып, өзінің дәрменсіздігіне пұшайман жеді. Содан да ол әйтеуір иіні келсе Айдарды сөйлетуге икем жүретін.
– Айдар, сен айтшы, – деді бірде Сайра, кешке қарай, қораға сиыр айдап келе жатып, – далада қасқыр көп пе, қой көп пе?
– Мә, сен де салыстырады екенсің. Қасқыр қойдан көп болса, отарда бір қой қалмас еді. Әрбір бес жүз қойға бір қасқырдан келер, – деп қойды ол. Оның ойынша, әрбір отарды, бес жүз қойдан тұратын отарды күндіз-түні аңдып, сырттан бағып жүретін бір қасқыр болатын сияқты еді. Ол өзінің осы түсінігін айтты. – Қасқырдың болмағанынан болғаны жақсы.
– Неге? – деп Сайра шап ете қалды. – Онда қасқырды мүлде, жер бетінен жоқ етіп, қырып тастаса қайтер еді?
Айдар үндемей қалды. Ойлап келеді. Шынында да, жер бетіндегі қасқыр біткенді жойып жіберсе не болар еді. Қойшы да, отар да тыныш болмай ма? Өзімен күнде бірге жүріп, бір класта бір партада отыратын сары қыз бұған өте ауыр, түбіне жете алмайтын сауал берді.
– Ол мүмкін емес! – деді әлден уақта Айдар.
– Неге мүмкін емес?
– Мүмкін емес.
– Мүмкін, өйткені осы жерлерде бір кезде мәлін, сілеусін, жолбарыс, қарақұлақ деген жыртқыш аңдар болған деп көкем айтады. Адам өлтіріп, қырып жібермесе, олар қайда кетті?
– Оларды құртқан адам емес шығар.
– Енді кім деп ойлайсың?
– Өздері құрыған шығар. Басқа жаққа ауып кетсе ше...
– Құртқан адамдар. Мен оны анық білемін.
– Мына сен оны анық білесің? Мен неге білмеймін. Ал сенің ол адамдарың нағыз құртқыш болса, осы күнге дейін қасқырды неге құртпаған? Олар ең алдымен малға шауып, қорасындағы қойы мен қозысын алып кететін қасқырлар тұқымын құртар еді-ау. Ә, мүмкін, адамдар қасқыр тұқымын өздері әдейі құртпаған шығар? Оны сен білесің бе?
– Білмеймін.
– Мен де білмеймін. Ойлаймын, адамдар қасқырлар тұқымын әдейі қалдырған болар.
– Неге?
– Міне, адам ойлайын десе, сен неге, неге деп болмайсың. Әшейін, өзім ойлаймын, әдейі құртпаған болар деп... Шыны солай шығар. Адамдар қасқырды әдейі құртпаған. Адамға да ермек керек. Қасқыр болмаса жер беті мүлде көңілсіз болар еді.
– Мә, саған одан басқа қызық құрып қалып па!
– Жер бетінде ермектің көп болғаны жақсы да...
Сайра тағы бірдеңе айтқысы келді де, тоқтап қалды. Қасқыр адамға ермек пе екен? Ол қауіп-қатер емес пе? Адамдардың күн көріс етіп жүрген малын жеп кетпей ме? Мына үндемес атанған Айдар не айтып келеді? Қасқырдың жау екенін біреу білсе, Айдар білсе керек. Ол отарда көп болған. Қойшының үйінде жүрген. Айта берсе қойға шапқан қасқырды өз көзімен көрген. Сөйткен Айдар адамдар қасқырды ермек үшін қалдырған дейді. Нанса ма екен? Жоқ па. Адамдар ермек үшін өзіне бейнет тілеп ала ма? Сайраның ойынша, қасқырлар болмаса ғой, қойлар кең далада қойшысыз-ақ еркін жайылып жатар еді. Қой да, қойшы да тыныш болар еді-ау.
Айдар ойлап келеді. Басын шайқады. Мәселе Сайраның ойлағанындай емес. Бұл қыз әлі көп нәрсені біле бермейді. Адамдардың өте қызық екенін де түсінбейді. Адамдар қызық. Олар өзіне деген ермекті ойлап табуға келгенде ұста. Оның ертең өз басына пәле боп жабысарына ешбір күмәні, күдігі болмаса да, әйтеуір ермек, әйтеуір алданыш болса болғаны, ойлап табады да, соны қызықтап кете береді. Мұның ойлауынша, қасқыр мәселесі де осы тәрізді. Ол адамға қызық. «Қойға қасқыр шапты. Біз қудық. Ол қашты. Ит қостық. Мылтыұ аттық. Қуып жібердік. Малды сақтап қалдық», – деп есіп отырады. Қасқыр жоқ болса мұндай желпінді сөздерді кім айтады? Неге айтады? Оған кім нанады? Міне, қасқыр немесе қасқыр сияқты қатер иелері осындай да қажет.
– Қасқырсыз болмайды. Онсыз қызық емес.
Ойлап-ойлап кеп Айдардың тоқтаған жері осы еді. Бірақ бұған Сайра қосылмады. Бір жағынан Айдарды сөзге тартып сөйлесе бергісі келіп, қосылғысы келсе де қосылмайды, қайта ерегесіп, сөзден сөз туғыза бергісі келеді. Шынында да, Сайра табиғатына біткен осындай қулықтан кенде де емес еді. Осы қулығымен Айдардың жүзіне, көңіл күйіне, сөзге ынтасына зер сап, зерттей қарайды. Өйткені, бұл екеуі анау бір жылғы көше шаңын бұрқыратып, сумканы жермен сүйретіп жүретін Сайра мен Адйар емес. Өсіп қалды. Келесі оқу жылында екеуі де сегізінші класс бітіреді.
– Сөйтіп, Айдар, сен қасқыр болмаса қызық болмайды дейсің бе?
– Қызық емес. Айтайын дегенім, касқыр болмаса қойшылар іссіз қалады.
– Мә, барлық жұмыс қасқырда ма? Қойларды жаяды, бағады, суарады. Қыста суықтан, бораннан, кардан қорғайды. Қоздатады. Қозысын бағады.
– Сен өзің қойдың жайын кәдімгі қойшы болғандай білесің ғой.
– Қасқыр болмаса, кейбір қойшылар отарға жөндеп қарамайды.
– Білмеймін. Естимін. Көкем айтады.
– Көкең сенің қой бақпайды ғой, почтальон емес пе?
– Қой бақпаса да біледі. Бәрін айтады.
– Менің нағашы көкем қой бағады. Мен олармен бірге бес жыл, бес ай, бес күн көшіп жүрдім. Ой, бәрі қызық. Ең жақсысы бар ғой кой баққан. Сабақ жоқ, еркіңмен жүресің.
– Қызық екен? Бәрі бес. Қазір сен нағып беске оқымайсың?
– Оқимын десем оқи салам.
– Ие, сен бәрін біліп тұрасың. Бірақ айтпайсың.
– Мен білсем де айтпаймын.
– Неге айтпайсың?
– Анау, әлгі Берікбай, Еңсебаев, Төреханов деген сабақ білмейтін, оқымайтын маубастар соңыма түсіп алады. Ой, сен бізден жақсы оқып қайда барасың дейді. Мазақ етеді, күлкі жасайды. Одан да жаным тыныш, көппен бірдей боп жүре бергенім жақсы.
– Жоқ, оның дұрыс емес. Жақсы оқыған – жақсы. Білгеніңді айт. Сен қазір касқырдың неге керек екенін білесің де, маған әдейі айтпай келесің? – деп Сайра иығымен мұны түртіп қалды.
– Жоқ, оллаһи, өзім де жөнді білмей келем. Әйтеуір, мен білсем қасқыр керек. Онсыз қызық болмайды.
– Сен енді сол қасқырыңды қойшы. Көп болса бір отардан бір қой жер. Қалғаны да жетеді. Одан да сен біле тұрып, неге жақсы оқымайтыныңды айт!
Сайра бала мінезді өткір қыз боп өсіп келеді. Ол бұл жолы да Айдарды иығынан ұстап тоқтатты да, бетіне тесіле қарады. Айдар әсем емес, сүйкімді бала. Екі беті қып-қызыл. Көзі дөп-дөңгелек, мойылдай қара. Көзінің алды үнемі күлімдеп тұрады. Анасының айтуынша, көзі көрмеген әкесінің, Алдаш марқұмның аузынан түскендей көрінеді.
– Айтпаймын! – деді Айдар.
– Неге айтпайсың? Басқаға емес, маған айтпайсың ба?
– Мен неге жақсы оқымайтынымды сен түгіл апама да айтпаймын.
– Сен маған айт!
– Неге мен саған айтамын?
– Екеуміз... – деп тоқтады Сайра.
– Екеуміз бірге оқимыз ба?
– Ие, бірге оқимыз. Әрі доспыз.
– Мә, саған дос деген апамнан жақын ба екен?
– Ие, жақын болуы да кәдік.
Айдар үндемеді. Төмен қарап тұрған бойы аяғы астында жатқан жұмырықтай тасты теуіп қалды. Тас дөңгелеп алыс кетті. Оның артынан ұзақ қарады. Тас домалап бара жатты.
– Мен білем. Бірақ көзге түсіп, не болса соған қол көтеріп жатқым келмейді. Оның керегі не? Жанның бәрі қол көтеріп, «мен айтам», «мен жауап берем» деп таласып жатса бір жақсы. Сомпайып қолыңды сен жалғыз көтересің. Жанның бәрі, кластағы сексен көз саған қадалады. Сен де қарайсың. Қарағанда жай қарамайсың, «мынау қара бала не айтар екен? Бұл неменеге білгішсініп қалды» деп қарайсың. Дұрыс па? Дұрыс де.
– Дұрыс емес.
– Несі дұрыс емес?
– Мен кімге-кімге, саған өйтіп қарамаймын.
– Ал, қайтып қарайсың?
– Қуанып, мақтаныш етіп қараймын.
– Қуанғаның қуанған, мақтаныш еткенің қалай?
– Менің досым осындай деп, мақтанам.
– Ал жақсы, бұл кластағы сексен көздің екеуі ғана болсын. Қалған жетпіс сегізін қайда қоямыз.
– Ешқайда да қоймаймыз. Қарай берсін. Іші күйгені болса тұз жаласын. Қарасын деп әдейі жақсы оқы.
– Мен бәрібір ұзап оқымаймын. Маған ондай етудің керегі қанша?
– Неге сен ұзап оқымайсың? Шымкент. Алматы...
– Мен апамды бағамын. Әкеме...
– Апаң әлі жас. Өзі-ақ күн көреді.
– Сонда да болса...
Айдардың өзегіне тас түскендей денесі мұздап сала беретін жайдың өзі – көзі тірі шешесі мен өзі көрмеген әкесі еді. «Шешемді асыраймын. Бағамын. Ал әкеме не істеймін? Өзі, өзі қайда? Өлген жері қайда? Ол өзіне тартқан белгі етіп мені қалдырғанда, мен оған қандай белгі қалдырамын?»
– Мен бәрібір, жақсы оқиын, жаман оқиын, не алысқа барып ұзақ оқи алмаймын.
– Сен ойнап айтасың! – деп Сайра оған аң-таң болып қарады.
Айдар мен Сайра ауылға сиырлар жақындаған кезде тарады. Сайра ұзай бергенде:
– Адамдар қасқырды өздері де, малдары да бейқам жүрмесін деп әдейі қалдырған! – деп айқайлады Айдар. – Сен мені білмейді дедің-ау. Білемін. Білгенде қандай, әбден білем. Кейін айтам.
– Жақсы, жарайды! – Сайра да күле айқайлап үйіне қарай жөнелді.
БЕСІНШІ ТАРАУ
БАЛАЛАР МЕН ҰСТАЗ, ӘЙТПЕСЕ ӘКЕСІ ЖОҚТЫҢ БӘРІ
БАҚЫТСЫЗ БА ЕКЕН?
Мектеп қасындағы алаңда бір топ бала футбол ойнап жатты. Аузына үшкірігін тістеп алған доп-домалақ жұмыр қара төрешілік етіп жүр. Бұл әрі дене шынықтыру сабағының мұғалімі, әрі тренер, әрі төреші Көшеков Түйнек. Оның шын аты Түймебай еді. Қауынның тас түйнегіндей дөп-дөңгелек болғансын, жолдастары осылай атап кеткен. Түйнек десе кейде ашуланып та қалады. Кейде күліп жүре береді, сол атымен атап шақырсаң жауап қатады.
Ол біраздан бері Айдар Қоңдыбаевтың ойынына риза. Он үшке жаңа жеткен жетінші класс оқушысы басын төмен сап, доптан көз жазбастан сондай бір ықыласпен, төңіректі мүлде ұмыта ойнайды. Біраз жүгіріп маңдайы жіпсіп алған соң, шаршау шалдығу дегенді білмей өршелене түседі. Доп салғаны да қызық. Әсіресе қақпа алдында асып-сасу дегенді білмей, қақпашының бетіне бір қарап ап, күтпеген жерден допты сылқ еткізетіні бар. Балалар оны құшақтап сүймек болады. Ол стадионды айналып, безеді келіп, безеді.
– Өзім терлеп тұрғанда, ауыздарының сілекейін жағып, сүйеді кеп, сүйеді. Онысы не екен-ай.
Оң жақ шеткі шабуылшының орынында Айдар бүгін де жақсы ойнаған. Қарсыластардың соққан добына қарымта доп соккан осы. Бірақ ойынды теңестіріп алғансын Айдар өзімен-өзі ойнап, доппен оң жақ қанатта жүріп алды. Қарсы жақтың қорғаушысы әбден ыза болды білем, подкатка аяқ астынан алды да, алаңнан сыртқа теуіп жіберді. Айдар діңгегіне орақ тиген қурайдай жалп етіп ұшып түсті. Ешбір жері ауырмаса да орнынан асықпай, жайлап тұрып жатыр еді, төбесінен жай түскендей боп, түйнектің даусы саңқ еткен.
– Қоңдыбаев, сен жөндеп ойна! Өзіңмен өзің боп, өзгені ұмытып кетесің, немене сенен басқалар есек тағалай ма?
Оқытушы-тренеріне бір қарап жүгіре жөнелді. Алаңның шетінен қолымен лақтырған доп ұшып келе жатты. Бұл басын тоспақ боп, доптың астымен жүгірді. Қасына қарсы жақтың қорғаушысы кеп тұра қалды. Допқа екеуі бірдей қарғыды. Айдардың аяғы жерге бұрып тиді, басы допқа жетпеді. Бұғып қалды. Қорғаушы мұның жон арқасынан аса-маса аунап түсті. Анау да бір сабырлы бала екен, мынаған алакөзденіп, сүзетін өгізшедей ызалы қарады да жүре берді.
– Өзіңмен өзің болғанша, ең болмаса өстіп, бірдемені бүлдіріп ойнамайсың ба?
Көшековтің мұнысы қалжыңы ма, шыны ма, оны бұл ұққан жоқ. Тілі удай ащы, кейде өстіп кекететіні де бар-ды. Қайсысы екенін ұққан жоқ, ойынға кірісіп кетті. Маңдайы терлеп, шолақ танауы делдиіп, қызып алған кезде бұған доптың тағы бір тиіп қалғаны бар емес пе? Аяғына доп тиген бойда Айдардың денесі бір уыс боп дөңгелене, бұрынғыдан да бетер жұмырлана түсті де, оң жақтағы ақ жолақ сызықтың бойымен қарсы жақтың алаңына қарай аға жөнелді. Қорғаушы кесе-көлденең, жолын кесе-месе ұмтылды. Кенеттен кілт тоқтап, допты бауырына қарай тартып алды да, қарсы жақтың қорғаушысын өткізіп жіберді. Іле-шала алаңның нақ ортасына қарай жүгірді.
«Мынау кәдімгі ойнай білетін, қулық, айла жасайтын тіс қақты ойыншыға ұқсайды-ау», – деген ой Көшековтің басына сарт ете қалды. – Мен үйретпеген нәрсені бұл жүгермек қайдан үйреніп жүр. Осы қудан жақсы футболшы шығады-ау, шамасы. Кім білсін, әлі жас қой, жас. Әлі талай бар...»
Әлден уақытта Түйнектің үшкірігі ұзақ уақыт бебеу қағып, ойынның тоқталғанын хабарлады. Балалар екі бөлініп, шоқ шоқ боп тұра қалды.
– Бүгінгі ойынның батыры Қоңдыбаев, мынау Айдар болды ғой! – деді біреуі.
– Футбол ойынында батыр болушы ма еді? Батыр деген соғыста, ұрыста шығады да... – деді Еңсебаев.
– Мына дәлду қара дұрыс айтады. Батыр деп соғыста, ер деп еңбекте көрінгенді айтады. Қоңдыбаев керек десең батыр да, ер де емес. Қарсы қақпаға доп соққан айлалы, жақсы футболшы, не, айтпақшы, шабуылшы.
– Онда да оң жақтағы шабуылшы деп орынын дәл көрсеткен жөн.
– Ал, дәл көрсеттік. Оң жақ канаттағы шабуылшы Қоңдыбаев Айдар бүгін доп соғып, бізге бір ұпай алып берді. Бірақ батыр деген асыл сөзді бұл жерге былғама! Батыр ә, батыр.
– Батыр соғыста шығады. Менің көкем ұрыстан екі орден, көп-көп медаль әкелді. Міне, батыр деп сонны айтса ше! – Еңсебаев екілене сөйлеп, ешкімге сөз бермей қойды. – Міне, мынау балшық қараның көкесі Төрехан да батыр. Бір колы жоқ. Оқ жұлып кеткен.
– Әй, – деп біреуі кимелей кетті. – Батыр деп Совет Одағының Батырын айтады. Талғат, Әлия, Мәншүк тәрізді. Соғысқа қатысқандардың бәрі батыр болса не болады?
– Ал оларды енді кім дейміз?
– Соғысқа қатысқан. Ерлік көрсеткені үшін орден, медаль алған. Ардагерлер деп жүр.
– Менің көкем барлаушы болған. Жаудың солдаты мен офицерерін тірідей ұстаған адамына бір-бірден беріп отырған. Медальдары көп.
Футбол алаңындағы жаңа ғана қарсы қақпаға доп соққан, бәрі бірдей жабылып сүйгісі келген Айдар үзіліс кезінде өзінен өзі ығысып, шеттеп қалды. Оқшауланып жалғыздана берді. Балалар «Менің әкем зеңбірекші».
«Менің әкем сапер», «Менің ағам командир болған», «менің жәкем мерген, көп-көп жауды жойған» деп таласып кетті. Оның бәрін естіп тұр, құлағына жетіп жатыр.
Мұндайда оның мазасы кетіп, мазам келеді. Әкесі, өзін көрмеген, тек қана атын естіген әкесі есіне оралады. Бұл оның атын және өзінің фамилиясына ұқсас фамилиясын ғана біледі. Одан бөтен білігі жоқ. Кім болды, орден, медаль дегенді алды ма, жоқ па? Мұны Айдар түгіл «Алдаш» деп атын атап, күнде сарнап отыратын апасы да білмейді. Бар болғаным әкесі жоқ бала бақытсыз» дейді. Онысы несі екен? Әлгідей таласта әкесінің атын атап, алған ордендері мен медальдарын санап шыққаны болмаса, мынау әкесі бар балалардың бұдан артық жері қайсы, несі асып тұр. Ең болмаса, анау Төреханов пен Еңсебаев аяғының астына салып берген допты қайда, қалай тебуді де білмей жаңғалақтанып қалады. Анасының айтқанындай бұл бақытсыз-ақ болсын, аналар бақытты екен. Сондағы айырма, бірінің кем, бірінің артығы неде?
Бұл бұртиып біраз тұрды да, өзін-өзі билеп, мыналарға қатулана қарады.
– Әй, бөспелер, қойыңдар, ойынды бастаймыз ба, жоқ па? Көшековтың класта сабағы болғансын, енді тағы бір тайм ойнап, үйге қайтыңдар деп кеткен. Мынау соның айтқанын орындамақ боп, ойынды бастауды айтты. Таласта қызыл танау боп қызып алған балалар бөгде сөзді елең қылар емес. Бұл оларды әрі күтті, бері күтті. «Бастайық» деп тағы ескертті. Ешкім елең етпеді. «Әкелері емес, нақа бір өздері батыр боп қайтқандай, несіне қызыл кеңірдек болады екен», – деп топқа бір қарады да, алаңда шаңға аунап жатқан қара допты қолтығына қыса құшақтаған күйі мектепке қарай кетті. Ойлап бара жатты: «Шын ба, шын ба, әкесі жоқтың бәрі бірдей бақытсыз ба? Неге олай? Сонда бақыт деген әке ғана ма? Неге олай? Сонда бақыт деген әке ғана ма? Неге олай? Әкенің маңдайдан сипар ыстық алақаны, саған мейірмен қарайтын көз нұры, – кәдімгі айта беретін бақыттың өзі ме?..»
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗБАЙДЫ, ДОП ОЙНАҒАН ТОЗБАЙДЫ
Тым пысық, ширақтығына қарап «Түйнек» атының үстіне «Тасты» қосып алған. Сөйтіп, келе-келе Көшеков Тастүйнек атанды. Бүгін ол жетінші класс балаларымен жиын өткізді. Мәселе – біреу ғана. Он үш пен он төрттегі жетінші класс балаларынан футбол командасын құрып, биыл көктемнен бастап күзге дейін «Былғары доп» жарысына қатыспақ.
– Не, Шолақ қала емес пе! Бүтін Отанға, Совет Одағына болмаса да, бұл қаланың атын республикаға танытамыз. – Тастүйнек балаларды қызықтыра, өзіне еліктіре сөйледі. – Бізде жетінші класс екеу. Әрқайсынан он бестен бала шықса, екі команда құрамыз. Сөйтіп, кілең қарсы ойнап үйренеміз.
Ол балаларды қатыстыра отырып тізім жасады. Тізім отызға жетпей бір тоқтады.
– Ағай, балалар жетпесе бір-екі қыздарды қосып жіберуге болады. Осы күні кімнің қыз, кімнің бала екенін кім ажыратып жатыр, – деп Айдар күлмей айтты.
Көшеков оның бетіне бажырая қарады.
– Қоңдыбаев, сенің де сондай сасық қулығың бар ма еді?
– Олахи, қулық емес. Бізде балалардан жүйрік, балалардан күшті қыздар бар.
– Әй, сен олардың жүйріктігі мен күшін қайдан сынап жүрсің, әй, – деп Төреханов шыға келді. Беті сиырдың бүйрегі тәрізді білеу-білеу, қылаусыз қызыл бет бала ақ тістерін ақситып ыржия күлді. – Сен анау қасыңда жүретін Сайрадан басқа тағы кімді білуші едің?
Айдар сөйлей алмай қалды. Бірақ онша шамдана қойған жоқ. Төрехановқа ұнатпай, алакөздене қарады. Анау бұған жұдырығын көрсетті, оны өзінің мұрнына апарып, иіскеп қойды.
– Қоңдыбаев дұрыс айтады, бәрібір бара-бара әйелдер де футбол ойнайтын болады. Осы бастан қомандаға қоса беру керек, солай емес пе? – деп Еңсебаев қолдаған болды.
Мұныкі, әрине, қалжың еді. Айдар қалжыңды аз біледі. Қойшы үйінде жалғыз өскен, тұйық мінезді. Оның алғашқыда екі команда құрса, балалар жетпесе, футбол командасы болмай қала ма деген қауіппен айтқаны рас. Оның шын сөзін басқалар қалжың деп ұқты да, әзіл-күлкіге айналдырып жіберді.
Екі кластан отыз бала футбол ойнауға жазылды. Әрқайсысы он бес-он бестен екі команда жасалды. Жетінші «А», жетінші «Б» кластарының командалары. Аттары да әзірше «А», «Б» болған.
– Бұл екі класс оқушылары бір-біріне қарсы ойнайтын болады. Сонда «Былғары доп» жарысына екеуі де катыса ма, әлде қай жеңгені катыса ма? – деп Берікбай деген бала кәдімгідей сұрақ қойды.
Мұндай сұраққа Тастүйнектің өзі де әзір емес екен. Әдепкіде не жауап берерін білмей сасып қалды. Артынша шекесін ұстап біраз тұрды да:
– Меніңше, сенің ойлағаныңдай етпейміз. Бір-біріне қарсы ойнайды. Қай ұтқаны да емес, екеуі де емес. Екі команданы шабыстырып, ішіндегі ең таңдаулы ойындарда өздерін көрсете алғандардан бір команда құрамыз.
– Өте дұрыс ақыл! – деп біреу түпкір жақтан айқайлап жіберді. Кенет тауып айтқан жауабына Көшеков те риза боп қалды.
– Сүйтеміз. Кім жақсы, нәтижелі ойын көрсетсе, «Былғары доп» жарысына сол барады. Бұған келістік.
«Кімдерді капитан сайлаймыз» деген сауалдың төңірегінде екі жағы да сазарып қалды. «Лайықты кім бар? Ол өзі капитан деген не істейді? Бәрі соған бағына ма, әлде тренерге, мынау Көшековке бағына ма? Ал бәрі Тастүйнекке бағынса, капитан сайлап не қажет бар? Директор бар, завуч бар, мұғалім бар, класс жетекшісі бар, тренер бар, вожатый бар. Бастықтарды көбейте беріп қажет не?» Әркім әр түрлі ойлайды. Бірде-бірі шешіліп, алға шықпады. Шіркін, сайлау дегеннің қиыны-ай! Бәрі де аузына тарының құрғақ талқанын құйып алғандай, тілін жыбыр еткізсе, жұтқыншағына тозаң кететіндей үн-түнсіз көздері бозарып қалған. Қарап отырмай «Сен айт», «жоқ сен айт» дегендей, бір-біріне иегін қағады, көзін қысады.
Кішкентай тренердің мұндайда тағы да тапқырлығы бар. Ол балалардың қиналып, кімді айтарын білмей отырғанын аңғарды да, мәселені одан сайын қиындата түсті.
– Капитан сабақты жақсы оқитын, өзінің тәрбиесі, тәлімі үздік балардың ие, ойыншылардың арасында беделі бар, оларға айтқанын істете, сөзін тыңдата алатын бала болуға тиіс. Ие, ең жақсы, үлгілі ойынша да сол болуы қажет. Өзі футболды нашар ойнайтын баланы кім тыңдайды?
– Ойбой, деген-ай, ондай мықты біздің арадан табыла қоя ма? – деп Еңсебаев шірене түсті. – Мен болмасам...
Аузына талқан толтырғандай боп отырған қулар дауыс шығарып күле алмай, әр жерден мырс-мырс етіп Еңсебаевқа қарады. Ол мыңқ етер емес. Бірақ оны ұсынайын деп отырған пенде мұнда жоқ.
– Бізге екі командаға екі капитан сайлау қажет. Ал жалпы команданың капитанын сайлаудан бұрын сол компанданың атын қойып алған дұрыс. Сонда бізге командада ойнайтындардан үш капитан, әрбір командаға екі-екіден қақпашы белгілеу қажет.
Татсүйнек мәселені қайтадан, ең соңғы жағынан бастады.
– Капитандардан бұрын қақпашыларды айтыңдар.
– Бізде бұрыннан қақпаға тұрып машықтанып келе жатқандар бар.
– Олар кімдер?
– Кімдер болсын, анау Молдабеков, мынау Бименов, тағы не ие, айтпақшы, Еңсебаев.
– Жоқ, Еңсебаевтың капитан болғысы келіп отыр.
– Сайласа қақпашы да капитан бола алады. – Тастүйнек айтқан әрбір сөз бұларға кітап сөзімен бірдей боп тұр. – Демек, төртінші запастағы қақпашы Еңсебаев қой.
– Құдай-ау, запас деген пәлесі тағы бар ма еді. Сонда ағай, Түйнек ағай, Еңсебаев запас па? – деді біреу.
Мойынын соза түсіп, Еңсебаев аң-таң боп отыр. Футбол ойынындағы «запас» деген сөздің мәніне көзі анық жетпей отыр. «Запасы» несі? Мұның мәні не? Оны түсіну үшін запас еместердің кім екенін білу қажет. Мәселен, Қоңдыбаев, Молдабеков, запас па, запас емес пе? Ол осы ойын тез білгісі келді де:
– Тастүйнек аға, анау Молдабеков запас па, запас емес пе?
Тренердің ойында ештеңе жоқ еді. «Молдабеков запас емес, кәдімгі қақпашы, футбол тілімен айтсам вратарь» деген.
– Жоқ, онда менің запас болғым келмейді. Кәдімгі біратар болам.
– Сен бір атпайсың, екі атасың, – деді Қоңдыбаев, Еңсебаевтың «вратарь» деген сөзді дұрыс айтпай отырғанын біле қойды да. – Мұндай адамды запаста ұстау бәрібір қапаста ұстаудан жаман ғой.
– Мен запас та, қапас та болмаймын. Болсам кәдімгі запас емес болам.
– Ал сен запас емессің, – деп Көшеков одан әрең құтылды және кімнің запас, кімнің нағыз ойыншы, қақпашы боларын ойынның барысында көреміз. Талас әлі алда, алда болады...
– Біз де көреміз – Еңсебаев мұрнының астынан күңк ете қалды. – Запас, қапас... оның маған не қажеті бар. Көкем айтқан, қатарыңнан қалушы болма, мойыныңды үземін деген, запас болам деп...
Екі командаға екі-екіден төрт қақпашы бекітілді. Капитандар сайланбады. Ойын барысында жақсы жағынан көрінген, тренировкаға үзбей қатыса жүріп, сабақты тәуір оқыған балалардан сайлауға келісті. Тренер ең соңында. «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады» деген мақал бар көрінеді. Меніңше, ол ескірген. Асық та, доп та спорт. Қазір еденге сіріңке шашып, соны еңбектеп жинауды да спорт деп жүр. Асық дәлдікке, шапшаңдыққа үйретеді – деп ескерткен.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
АТЫ БАРДЫҢ ЗАТЫ БАР
Командаға ат қоюға келгенде Тастүйнек мүлде өзгеріп кетті.
– Екі команда ойыншылары, тізімге жазылған отыз баладан басқаларығ класты босатыңдар. Біздің аса құпия, өте маңызды шаруамыз бар, – деді кластағы басқа балаларға
Басқалар, әсіресе қыздар бұлардың не құпиясы бар дегендей, қалғандарға жалтақ-жалтақ қарап алды да, сыртқа беттеді. Тренер бөлме есігін барып жапты.
– Командаға ат қоямыз. «А» мен «Б» біріккен, таңдаулы команда болғанда, оның өзіне лайық әдемі аты болуға тиіс.
– Әлі таңдаулы түгіл, команда да болған жоқ қой, команда...
– Болады делік. Оған сенген болсақ, жасай аламыз.
– «Шолақ» болсыпн. Тұрған қаламыздың аты ғой.
– Бірден айтам, келмейді, болмайды, – деді Көшеков, – Тағы кімнің қандай ұсынысы бар.
– Шолақтың жазығы не? Шолақ болғаны ма? – Еңсебаев әуейіленіп кетеді. Бастаса болды біреуді өкшелеп, тілін қадағысы келіп отырады. Бірақ ешкім тырнағына ілінер емес. – Айтып, біз бейбақтарды, Шолақта туып-өскен, сөйтіп оның алдымен атын, артынан даңқын шығарғысы келіп жүрген, арманшыл, адал ниетті ұлдарын бір нәрсеге сендіріп, көзін жеткізіп, тәпкіштеп түсіндіріп кеткен оңды болар еді.
Тауып айтқан, ұзақ сөйлем етіп айтқан, ана тілі сабағы бойынша құрмалас та, салалас та сөйлем түрінде айтқан өз сөзіне риза болғаны сондай Еңсебаевтың көзі ежірейіп, қос танауының жақтауы делдиіп, жан-жағына қарап ап, әрең тоқтады.
– Өзің өз боп, бір дұрыс айтқан сөзің болды, Еңсебаев жолдас, бәрін түсіндірейін. Біріншіден, Шолақ өзіміз тұратын қала аты. Екіншіден, Шолақ жақсы көретін қала болғансын қимаймыз. Әйтпесе шолақ жақсы сөз емес. Бүтін емес, Шолақтың аты шолақ. Әйтеуір бір-бір кемістігі бар. Ал үшіншіден, Шолақты біз командаға жақсы ат қойсақ, сол атаумен бірге кілең жақшаға алып, жазатын боламыз. Мәселен, «Зенит» (Шолақ), «Спартак» (Шолақ) деген тәрізді. Түсінікті ме, неге шолақ болмайтыны.
– Түсінікті-ақ.
Ондай болса басқа ұсыныстарды айтыңыздар. Ал кәне!
– «Спартак».
Әлгінде ғана айтылған сөздің әсері болар, «Спартак», «Зенит» деген сөздер айтылды.
– Өзімізге лайық болсын. Зенит – завод командасы болар. Бізде завод жоқ. «Спартак» – атақты команда...
– Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деген, – Айдардың аузынан шықты.
– Қоңдыбаев, өзің ас ішетін итаяғыңды жамандама! Қайдан білесің, біздің асырамақ боп отырған күшігіміз, түбінде бөрі алатын, қасқыр соғатын бөрібасар болар. Одан да осы өзіміз тұрған жер, су, тау-тас, көл-өзен аттарына байланысты болсын!
– Қате екен, онда қойдым.
Айдардың шекесі мен құлағы ғана қызарып кетті. Намыстанып қалды. Ойланып отыр.
«Бір рет үн қатамын деп бәлем сазайыңды алдың ба» – дегендей Еңсебасв оның қызарған құлақ-шекесіне мысқылмен қарады. Мынау қайтсем де бір жақсы ат табамын дегендей шұқшиып қалды.
Жер-су аттары деуі-ақ мұң екен, балалар жан-жақтан осы аймақтағы өздері білетін, үлкендерден естіген жер-су атауларын шұбыртып, тізбектей жөнелді: «Қанжуған», «Келіншектау», «Мыңжылқы», «Қарабұлақ», «Аққолтық», «Қызылкөл».
– «Қанжуған» – жаман атау. «Мың жылқы» – «Тысячи табун» келмейді. «Қарабұлақ» тым ұзақ. «Аққолтық» – ол біздің ауыл. Тренер өз ауылының атын қойыпты деп сөз қылады. Бұл да қисық, келмейді. Тағы не бар.
Айдар Қоңдыбаев қолын көтерді. Бәрі соған қарай қалды.
– Біздегі пионер дружинасының аты «Талғат Бигельдинов» қой. Соның атынан «Талғат» деп қойсақ қайтер еді.
Отыз пионер, бір тренер отырған бөлме сілтідей тынды. Әсіресе балалар аңырып, Тастүйнектің әжімсіз қара күрең өңіне қарады.
– Меніңше, бұл да болмайды. Талғат Бигельдинов деген батыр. Жақсы адам. Бірақ мен өз басым осы күнге дейін белгілі адам атына қойылған футбол командасын білмеймін, естіген де емеспін. Мұның үстіне Талғат ең болмаса бұрынғы бір атақты футболшы болса екен. Рас, ол екі мәрте Совет Одағының Батыры атанған адам. Футболшы емес.
Тастүйнек басын шайқап қойды. Бірдеңені шын іздеп, сасқан кезде адам таппай қоймайды.
– Ал ендеше біздің команданың аты «Шалқар» болсын. Шолақтың төрт жағы бірдей шалқар, кең дала, жайлау.
– «Шалқар», «Шалқар» деп балалар шулап кетті.
– Бұл өте дұрыс атау. Айтуға әдемі. «Шалқар, Шалқар» – деп айқайлап тұрған ат. Балалар, сендер қалай қарайсыңдар, Қондыбаев ұсынған осы атқа келісеміз ғой деймін.
– Келісеміз, келісеміз.
Еңсебаев қана үндемеді. Бұл атты өзі таппағанына іштей өкінді.
Сонымен, команда «Шалқар» атанды.
– Осы бүгіннен бастап «Шалқар» деп, Шолақты оның алдына жақшаға алып жазамыз, – деді де Көшеков тақтайға:
«Шалқар» (Шолақ) футбол командасы» дегенді ақ бормен қараға үлкен етіп жазды.
– Міне, аты бардың заты бар. Біз енді ойнаймыз.
Бұл – Көшеков айтқан сөз. Жүрек сөзі қуаныштан шыққан.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
КІЛЕҢ «ҚА»-ҒА БІТКЕН СӨЗДЕРДІ БАСҚАРУҒА
КАПИТАН КЕРЕК ПЕ?
Ойын қызып жатты. Тәртіп бұрынғыдан басқаша. Әркім ойына келгенін жасамайды. Алаңға екі жақтан, он бірден жиырма екі ойыпшы шыққан. «А» мен «Б» командасы сайысқа түскен. Әр командадан төрт-төрттен сегіз бала запаста отыр. Төреші тренердің өзі. Ешкімді көзден таса етпей, тәртіп бұзғандарға ең алдымен ысқырықпен, артынша ыммен ескерту жасап қояды. Тіпті болмай бара жатса ойынды тоқтатып, тәртіп бұзғандардың қақпасына қарай айып добын сықтырады.
Жетінші «Б» класының ойыншылары басымдау екен. Солардың доп бермей айлалы, тәуір ойнағанына ыза болып Еңсебаев пен ұзын тірсек, орақ тұмсық қызыл жүзді Аллаберген деген бала бірнеше рет тәртіп бұзды. Озып бара жатса тірсектен теуіп, іштен шалып қалады. Төреші әлденеше рет ескерту жасады. Әсіресе «ләйлек» атанып кеткен су мұрын Аллаберген үндемей жүріп ызақордың ызақоры екен. Кейде ойынды қойып, қарсы жақты тобықтан қағып құлатпақ боп, әркімге бір жүгіреді. Аузына қарай төңкеріле еңіс біткен мұрнынан тері тамшылап, доппен жұмысы жоқ, өңкең-өңкең етіп әркімге бір ұмтылады. Алдынан допсыз жүгіріп өткен «Б» футболшысының бірін ұзын аяғымен қағып қап, қалпақтай түсірді. Төреші оны да қалт жібермей байқап қалған. Қатты ысқырып, ойынды тоқтатты да Аллабергенді өзіне шақырып алды.
– Допсыз ойнаған ойыншыға соқтықпа! – деп оған алаңның сыртын көрсетті. – Шық ойыннан!
Ол тренерге бажырая бір қарады да, ойыннан шықты. Өздері онсыз да нашар ойнап жүрген жетінші «А» класының ойыншылары он-ақ адам боп қалды. Аллабергеннің ойыннан шығуын күтіп тұрғандай-ақ оң қанаттан шабуыл жасаған Алтай деген бадырақ көз, кішкене қара бала қақпаның алдына дәлме-дәл доп берді. Ортадан жүгіріп, допты басқадан бұрын қабылдаған Сұлтан қақпаға допты дәл соқты. Есеп ашылды. Ойын бұрынғыдан да қыза түсті. «Б» класының қақпашысы анадай жерде, запас ойыншылардың қасында отырған Аллабергенге жұдырығын көрсетті. Ол «мына доптың қақпаға түсуіне айыпты сенсің» дегені еді.
Әрқайсысы отыз минуттан екі таймның бірінші таймы бір де ноль боп, «Б» класының пайдасымен аяқталды.
Тастүйнек Көшеков балалардан көп жүгірмесе, аз жүгірген жоқ. Өткен отыз минутте ойынды алты реет тоқтатып, ойын шартын бұзушыларға ескертулер жасады. Өзі де шаршады. Бірақ ойынның барысына, өзінің ісіне сенімі оған қуат берген. Көңілде лүпілдеген шабыт бар.
Көшеков – бұрын бала шағында футбол да ойнаған, өз салмағы бойынша күреске де түскен, шыныққан, батыл, өз шаруасына берілген, спортқа жан-тәнін салатын жігіт. Ол өзі анық білмесе де спорттың пайдасын, оның тәрбиедегі құнын тәуір біледі. Бала жастан шыныққан, солбыр болмай, ширақ өскендерді жақсы көреді. Мұның да әкесі соғысқа қатысқан. Бірақ қайда, кімдермен бірге соғысқанын анық білмейді. Бір-екі медальдан басқа алған наградасы да жоқ. Соған ызасы келеді.
– Көке, осы сен қайда, қалай соғыстың? – деп одан ызалана сұрайды. Мұның ұғуынша бойында жойқын қара күші бола тұрса да, әкесі көптің арасында көзге түспей жүре берген болса керек.
Өзі әкесінің анау-мынау үй шаруасына қолқанат боп, жасынан шынығп, қара жмұысты көп істеп өсті. Әсіресе әкесіне төрт бөлмелі, еңсесі биік, іргесі жоғары үй салғанда жұмыстың көбін істеген осы. Сөйте жүріп үй шаруасында мұның білмейтіні жоқ. Тас қалайды, қыш құяды, ұсталық етеді. Есік, терезе жасауға келгенде шебер. Сөйте жүріп, өзі физкультура институтын бітірді. Қазір өз мамандығынан орта мектепте сабақ береді. Жай сабақ беру емес, ол мектепте спорттың барлық үйірмесін басқарады. Оның ішінде күрес пен футболдан талай-талай баланы сабақтан тыс баулып келеді. Бүгінгі ісі өзіне ерекше ұнап тұр. Балалар осылайша ойнаса, табыссыз болмайды. Ең дұрысы, осы қала өміріндегі ең алғашқы футбол командасы ойнын көрсете бастады.
Екінші тайм басталды. Запастағы ойыншылар, екі қақпашы, алты ойыншы бұрынғыша орындарында қалды. Бұлардың ішінде Айдар Қоңдыбаев та бар. Біраз тыпыршып, бейжай отырды да, артынша көндігіп ойынға қызыға қарады. Кімнің қалай ойнағанына баға беріп, ойынға үңіле түскен.
Он бес минуттік үзілістен соң балалар алғашқыдан да жақсы ойнады. Үшкірігін аузынан тастамай, ойындағы әрбір қимылды қалт жібермей бағып жүрген Тастүйнекке ойын ұнаған. Дегенмен әлі брак көп. Балалардың футболдан сауаты аз. Бұларға теориялық жағын көбірек үйретсе... деп қояды ішінен ол.
Есеп өзгермеді. Бір де ноль боп жетінші «Б» классы ойыншыларының пайдасымен аяқталды. Қақпашының екеуі де өнер көрсетті. Жақын жерден бетпе-бет соққан жалғыз доптан бөтен қақпаға доп дарымады. Алыстан соққан, жақын жерден қиғаштай соғылған доптардың ешқайсысын жіберген жоқ.
Тастүйнек ойынға риза болғанын білдіріп «жарайсыңдар, балалар» деп айтқысы келді де, мақтауға асықпады. Қайта ойын қорытындысына арнап, жиын өткізуді, онда футбол жайында, оның әдіс-айласы жайында мәлімет беруді ойлады.
Аздаған демалыстан соң мектепке келіп, физкультура және спорт залында жабық жиын өткізді.
Ол ең алдымен «Футбол деген не?» деп бастады да, оның тарихын, шыққан тегін айтты.
– Футбол – аяқпен ойнайтын ойын. Ол ағылшынша «фут – аяқ, бол – доп» деген екі сөзден шыққан. Бұл ойынның қашан, қайдан шыққанын әлі ешкім білмейді. Ағылшындар біздікі деп жүр. Шыны олай емес. Өйткені біз ағылшын сөзін алғанмен, бұл ойынның әр жерде әр түрлі аталатынын білеміз. Немістер мұны «фусбаль», венгерлер «лабдурагаш», поляктар «пилка ножка» десе, югославтар «ногомет» дейді. Александр Македонскийдің өзі жасында футбол ойнаған. Футболды олар «гарпанон» деп атаған. Наполеонның өзі де футбол ойнаған. Алғашқы кезде футболды аяқпен де, қолмен де ойнаған екен. Сонда «футбол – регби» сияқты болған. Бір ойында запаста отырған Наполеон: «Аяқпен, тек аяқпен ойнаңдар!» – деп айқайлапты. Содан бастап аяқпен ғана ойналатын болған дейді.
– Футболды кім, қашан шығарғанын ешкім білмесе, мүмкін сіздің өзіңіз білетін шығарсыз. Айтпайсыз ба?
Тастүйнек балалардың соңғы жағында отырған, майкасының кеудесіне «он үш» деген жазуы бар Айдарға жалт қарады.
– Сен кімді мазақ етпексің?
– Мазақ емес, ағай.
– Мазақ емей, не?
– Енді сіз, Македонский мен Наполеонның футбол ойнағанын білгенде, оның қашан, қайдан шыққанын да білетін шығар деп едім.
– Мен түгіл оны Лев Яшиннің өзі де білмейді.
Футболдың шығу тарихы осымен бітті. Енді ол аяқпен ойнайтын ойынның тәсілдеріне, допты тебудің түрлеріне көшті.
– Допты кілең бір әдіспен, жалғыз тәсілмен тебуге болмайды. Аяқтың сыртымен, аяқтың басымен, өкшемен, табанмен, тіпті башпайдың ұшымен теуіп үйренген дұрыс. Пас беруде немесе қақпаға доп салуда қайсы ыңғайлы, сонымен ұру қажет. Ол үшін бәрін білудің, үйренудің пайдасы көп.
– Баспен ше, ағай? – Тағы да Айдар екен.
– Баспен ойнауға болады.
– Аяқпен ғана ойнайтын деп едік қой!
– Бассыз аяқ болмайды. Мен айтып болайын, сұрауды соңынан беріңдер, – деп Тастүйнек тоқтатып алды да, әлгі доп тебудің түрін қайта жалғады. – Аяқтың ішкі-сыртқы жағымен, қиғаштап тобықпен тебу бар. Аяқтың басымен өзінен асыра ұру доп соғудың әдемі түрі...
– Әрбір футболшы ойында қолданатын термин сөздерді жақсы білу қажет. Мәселен, футболка. – Бұдан соң ол өзі де байқамай соңғы буыны кілең «ка» бітетін сөздерді тізіп кетті. – «Стойка», «сетка», «стенка», «обводка», «подножка», «подсадка», «подсечка», «накладка», «блокировка», тактика», «разминка» деп келді де, қыза-қыза «подкат» деген сөздің өзін «подкатка», – деді. Осының бәрін жазып алыңдар, мағынасын ойын үстінде айтып отырамын.
Балалар әлгі сөздерлі тақтаға жазуды өтінді. Өйткені Еңсебаев және оның қасында отырғандар «подсадканы» «посадка», «обводканы» «подводка» деп жазыпты.
Шолақ қала өміріндегі ең алғашқы футбол командасының тұңғыш сабағы осылайша басталып еді. Дегенмен, бүгінгі ойынға көңілі толмай қайтқанының бірі Айдар Қоңдыбаев елі. Ол екі тайм бойы – әрқайсысы отыз минуттен алпыс минут бойы запаста отырып қайтты. Мұның ойынша, запаста отырғысы келмеген Еңсебаев қандай ер еді деп бір ойласа, футболда қолданатын сөздердің бәрі «ка» буынымен бітеді екен-ау деп екінші ойын түйген.
Айдар футбол ойынына бұрынғы кездегі көшеде ойнағаннан гөрі қызығып қайтты. Қызыққандықтан да бүгін ойынға қатынастырмағанына ыза болған. Ызасын сыртқа шығара алмай, оны қасында келе жатқан Сайраға сездіргісі келмей, тұйық келеді. Әдетте мұны сөйлетуге құмар Сайра бұл жолы үн қатпады. Ызасына ыза қосқысы жоқ.
– Футболда айтылатын сөздің бәрі, бәрі «ка»-ға бітеді екен. Сол сөздерді басқаратын капитан сайлау керек деп, тренер бізге ескертіп қойды.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ЕКІ ҚАСҚЫРДЫҢ АРЫЗЫ, ӘЙТПЕСЕ «БЛОКИРОВКА» ДЕГЕН НЕ?
Таңертең мектепке келе жатқанда бәрібір Сайра шыдай алмады.
– Осы сен кеше ойнамадың, ә?
– Ойнатпады ғой.
– Неге?
– Оны қайдан білемін. Бүгін оны сұраймын.
– Бұрын сендер өз беттеріңмен ойнағанда қақпаға доп деген бұршақтай жауып жатуты еді. Кеше тіпті, жалғыз доптан басқа ештене түспей қойды ғой.
– Мен де соны ойладым. Меніңше, ойлаймын-ау, көшеде өз бетінше ойнасаң кім күшті болса, кім жүйрік болса допты сол салады.
– Мұнда ше?
– Мұнда күштің де, жүйріктіктін де керегі аз. Айла, әдіс керек дейді ғой Тастүйнек. Ол бар ғой, десе тас түйін десе тастай, білмей айтпайды.
– Білмей айтпайды дейсің бе?
– Білмесе айтпайды. Қызық адам, білмесе білмеймін, мен түгіл Лев Яшиннің өзі де мұны білмейді деп қарап отырады.
– Лев деген кім?
– Осы футболдың құдайы болса керек.
– Мұның да, доптың да құдайы бар ма?
– Менің нағашы әкемнің айтуынша, дүниеде құдайы жоқ ештеңе болмайды.
– Сен айтпайсың, айтсаң айтасың-ақ. Күшті мен жүйріктің футболда қажеті аз деп тренер айта ма?
– Жоқ, ә. Өзім айтам. Өз бетінше ойнағанда күштің керегі сол, алдына қарсы келген баланы кеудемен қағып, қолмен итеріп, жығасың да, өзің қақпаға допты соға бересің. Не жүйріктігіңмен өзгеден озып кетесің. Осы екеуінен басқа әдіс жоқ. Қасында аңдып төреші жүрсе, оқыс кетсең төбе шашыңды тік тұрғызатын ысқырық естілсе, сен, әрине, көшеде ойнағандағының бірде-бірін жасай алмайсың. Сонысы жақсы. Допты соға бергеннен не шығады. Ол қызық ойын емес.
Мектептегі бірінші сабақ әдебиет екен. Мұғалім класқа енген бойда-ақ:
– Біз осы бастан көрген-білгенімізді қағазға түсіріп үйрене бергеніміз жөн. Сөйлегенде бәрің де тәуірсіңдер. Ал жазуға келгенде, сол білгенді ақ қағаздың бетіне түсіруге келгенде шорқақтық көрінеді. Жазып үйренеміз. Оған жету қиын емес – көргеніңді қағаз бетіне түсір. Бірақ сендерге жалпы да, арнаулы да тақырып бермеймін. Өздерің, өз қалауларыңша, көрген немесе өз құлағыңмен естіген бір мәселені тауып жазыңдар. Басына әңгімеге лайық тақырып қойыңдар. Тағы айтам, қысқа болсын, дәптердің бір бетінен аспасын. Ал жазыңдар.
Балалар өткен жылы, биыл көргендерін, үлкендерден естіген сөздерін есіне түсіріп жазуға отырды.
– Естімеген, көрмеген, өзің істеген нәрсе болса қандай болады жазуға?
– Өзіңнің істеген шаруаң болса жаза бер.
– Естіген сөз болса ше? – Бұл Айдар еді.
– Қоңдыбаев, сен қай құлағыңмен тыңдап отырдың? Естіген қызық әңгіме болса жазыңдар дедім.
– Ал, кеттік.
Класс іші тына қалды. Қағаздарды сылдыратып біреулері жазуға кіріскен. Кейбірі төңірегіне алақтап, не жазып, не қоярын білмей отыр. Сабақтың тең жартысы ауа алғашқы қағаздар келіп түсе бастады. Айдар да тапсырды. Бірақ оның жазғаны бір бетке толмайтын, жарты беттей-ақ еді.
– Қоңдыбаев, мынау жарты бетің не?
– Со да жетеді ғой.
– Жетпейді, қайта жаз.
– Енді уақыт жетпейді ғой.
Мұғалім Айдардың жарты бет жазуын оқушыларға оқып беруге сыңай көрсетіп, жоғары көрсетті. Қағазға қарап тағы тоқтады.
– Мынау Айдар Қондыбаев жазған оң бес ауыз сөз.
«Оның несін оқиды екен? деп Айдардың құлағы қызарып кетті.
«Өткен жазда мен нағашы атамның зоотехникпен әңгімесін естідім. Нағашым айтты: екі қасқыр өзара кеңесіпті. Осы адамдар ессіз депті. Қойды несіне күзетіп, несіне қасынан қалмай бағады. Қойды да анау шыққан тегі – арқар, ақбөкен, киіктер тәрізді өз бетімен жібермей ме? Осыны адамдарға айтып, түсіндіруге келісіпті.
Айтты ма, айтпады ма? Білмедім.
Айдар ҚОҢДЫБАЕВ».
Мұғалім оқып шыққанда, класс іші ду ете түсті.
– Жақсы ма? – Мұғалім балаларға қарады.
– Жақсы емес, – Аллаберген үн қатты.
– Неге жақсы емес?
– Шындық емес.
– Мүмкін, шындық шығар. | қ
– Қасқырлардың тілін білетін шопан бар ма?
– Білмесе оны қайдан естіген. – Айдар қасарып орнынан тұрды. – Менің атам өтірік айтпайды.
– Атаң өтірік айтпайды. Ол дұрыс-ақ. Сен өзің қағыс естисің.
– Қағысы несі тағы да?
– Жаңсақ деген сөз. Мынаған аудармашы керек пе?
Мұғалім біраз аңырып, ойлана тұрды да, бұл әнгіменің астарында шындыққа жақын әзіл барын айтты.
– Әңгіме Айдардың нағашысы қасқырлардың тілін біле ме, жоқ па, онда емес. Әңгіме қасқырларға тіл бітіп сөйлесе калса, осыдан басқа қойды бақпай белгімен жіберуден басқа тағы не айтар еді. Әрине, бірінші деуі осы болар еді-ау. Сондай болса, аз жазғаны болмаса Қоңдыбаевтың жазғанын нашар деу қиын.
Бала көңілденіп калды. Бостан-бос қиялдап отырып, өткен күзде естіген әңгімесін жаза салып еді. Онысы жақсы атанды. Күтпеген еді, қайта аз жаздың, жазуды мазақ еттің деп сөге ме деп ойлаған.
Келесі сабақта, физкультура сабағында Айдар өте көңілді отырды. Затында көп сөйлеуге әуестігі жоқ еді, бірақ көңілді отырғанда ойына келгенді, не болса соны сұрай беретін. Дегенмен бірінші сұрақты Айдар емес, Сайра берді.
– Ағай, өткен ойында запаста отырған балаларды ойынға неге шығармағаныңызды айтуға бола ма?
– Біреу біліп бер демей, өзіннің шын білгің кеп отырса, айтуға әбден болады.
– Біздің де білгіміз келеді. – Бірсулер күңк етті.
– Біріншіден, – деді Көшеков, – біріншіден, ойыншы отыз, мен жалғызбын. Бәрінің қалай ойнайтынын бірден білу қнын. Алғашқы ойынға шыққан жиырма төртті өзім жақсылап біліп алайын деген едім. Келесі ойын ертең болады. Сонда бұрын запаста отырған сегіз баланы бастан-аяқ ойнатамын. Ал сендер әзірлене беріңдер.
– Бізде тағы бір сауалдар бар еді.
– Мен ең алдымен сендерге «блокировка» деген сөздің мәнін түсіндіріп берейін. Содан соң сұрау болсын. Дұрыс па? Блокировка деген допты алып бара жатқан ойыншы мен доптың ортасына түсіп, өзінің қарсыласын допқа жібермеу. Сөйтіп не өзі алып кету, не жақтасына доп беру. Міне, ол былай болады, – деп Тастүйнек «блокировка» жайын қара тақтаға ақпен жазып жатты.
Айдар көңіліндегі сұрағын бергенше асықты. Шамасы, футболға әбден діні ауған, есі кеткен. Түнде осы ойын жайында түс те көретін болса керек.
– Тастүйнек, ие айтпақшы Түймебай Көшекович, сіз бірде американдықтар фугболды «соқкер» дейді дедіңіз. Сонда ол өзі төбелеске ұқсаған, кәдімгі «ұрғыш», «соққыш» деген сөз бе?
Тренер күліп жіберді.
– «Соқкер емес, «сөккер». Біздің сөз емес.
– Өткен жазда мынау тау жақтағы Талас деген, осы біздің Шолақ сияқты шағын қаладан бір жекжат бала келген. Солар аяқ киімді «бұт киім» дейді екен. Сіз айттыңыз, «бутсы» деген ағылшын сөзі. «Бұт» – етік деген сөз дедіңіз. Сонда қалай, «бут» деген сөзді әлгі ағылшындар таластықтардан алған ба, әлде таластықтар ағылшындардан алған ба?
Көшеков қиналып қалды.
– Мен тілші, тіл зерттеуші емеспін. Кімнің кімнен алғанын білмеймін. Тағы қапдай сұрағың бар, Қоңдыбаев.
Қоңдыбаевтың басқа сұрауы жоқ еді.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
БАҚЫТСЫЗ БАЛА БОЛАДЫ, САНДАРДЫҢ ДА БАҚЫТСЫЗЫ
БАР МА?
Бұл ойынға өткенде ойнамаған сегіз бала түгел қатысты. Айдар өзіне алғашқы ойында тиген он үш номерлі майкасын киіп шықты. Оң жақтағы, шеткі шабуылшы боп ойнаған. Өзін көрсеткісі кеп, ден қоя, бәрін сап көрді...
Ойын қызықты өтіп жатты. Көруге мектеп мұғалімдері, кейбір қала тұрғындары, мектепке жақын тұратындар жиналған. Төреші тренердің өзі. Алаңның екі жақтауына, қолына жалауша ұстатып, екі ересек бала қойылыпты. Бұлар көмекші төрешілер.
Жетінші «Б» класының ойыншылары бүгін де жақсы ойнаған. Әсіресе Қоңдыбаевтың оң жақтан берген доптары қақпашыны көп састырды. Күтпеген жерден қақпашы тұрған кішкене алаңды кесе, қиғаш берілген доптарды қақпаға дәл соғатын ойыншы болмады. Бірақ Айдар жалықпады. Бәрібір доп түспеді. Орталық шабуылшы боп жүрген баланың қасына барып, шеттен доп берген кезді аңдып жүр, қалт жіберме, шапшан қимылда деген болды.
Ал тренер қайда? Ол әрі төреші ғой. Оған былай ет, олай ет деп үйретуге заң жоқ, ойыншының тәртіп бұзудан басқа кемшілігін көрсетуге болмайды. Дегенмен, Қоңдыбаевтың ойыны төреші-тренерге ұнап жүр. Мынау көшеде болса да футболдың дәмін тәуір татқан екен. Түбінде тәуір ойыншы болар. Мұндайды жақсы ойыншы етіп жетілдіру қиын. Бір өзімен алысқа бара алмайсың. Кем дегенде тағы да осындай екі-үш ойыншы болуға тиіс. Солардың үлгісімен, «әне, аналар сияқты ойна деп көрсете отырып, басқаларды тәрбиелеуге болар еді. Кейін келе-келе мынау Аллаберген де, Еңсебаев та, Төреханов та, Молдабеков те тәуір ойнап кетеді. Мынау Алтай бадырақ көз қара қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ қызба! Алаңда өзін-өзі ұстай алмайды. Қызып кетеді де тәртіп бұзады. Немесе, қызбалықтан өзі қателеседі, доптан айырылып қалады.
Тренер-төреші Көшековтің бүгінгі ойын үстіндегі байқауынша, Шолақтан тәп-тәуір команда жасақтап, енді бір-екі жылда ойыншылар шығаруға болады. «Халықтың сарылып, футбол алаңының қасында мына тұрысына қарағанда бұл жерден футбол жанкүйерлері де табылады. Шіркін, білгенге футбол деген қандай жақсы ойын. Ауылдағы ат жарысын, бәйгені, көкпарды, қыз қууды, дода мен салымдағы айқастарды көріп отырғандай жаның рақат табады. Ал ойнаушының алатын рақаты одан да көп. Адам жүйрік, епті, шапшаң, күшті боп өседі. Сонымен қатар мынау Алтай сынды жаңғалақ, күшін, бойындағы аздаған қуатын қайда қоярын білмей жүргендерге таптырмайтын ем. Мықты адамның жаны да мықты. Ол ұстамды. Шіркін, қолдағы, аяқтағы, бойдағы бұлшық еттердің ойнағаны қандай! Адамның өзін-өзі басқадан күштімін, ептімін, жүйрікпін деп сезінуінің өзі не тұрады.
Тастүйнек бірінші таймнан соңғы он бес минуттік үзіліс кезінде де ойын, футбол жайындағы қиялын үзген жоқ. «Айдар жақсы ойыншы. Әттең, бойы аласалау, мәстек болады. Әйтпесе, атағы одақ болмаса да, республикаға жайылатын болар еді. Анау әлгі «Қайраттың» Зенкин деген тренері бір кезде бойың аласа деп Ғалимжан Хұсаиновтың өзін командаға алмай жіберген дейді. Бірақ аласа болса да Хұсаинов тамаша футболшы болмады ма? Михаил Месхи мен Юрий Войнов та онша биік жігіттер емес еді. Бір жағынан карасаң бойда тұрған дәнеңе жоқ. Бірақ кейбір тренерлер соған үлкен мән беріп, сорыңды қайнатады. Мені де, институтта оқып жүргенде бір тренер «сенен күрес болмаса, футбол шықпайды» деді-ау. Мен осыны қарсы дәлелдеп, кілең аласа бойлы жігіттерден-ақ керемет бір команда жасап шығарсам. Өй, бір тамаша болар еді».
Үзіліс бітті. Ысқырық қайта шалынды. Ойын қайта қызды. Көрушілер бұрынғыдан да көбейіпті. Сабақтан үзіліске шыққан мұғалімдер де кепті. Көруші халықтың көбейе түскенін байқаған балалар да жақсы ойын көрсетпек боп жан салды. Кейбірінің тапыстары, ата-анасы, өздерін білетін туыстары келіп тұрса керек, «мені қара» дегендей алаң жиегіне зер сап қояды.
Екінші таймның орта кезінде оң жақтағы шетте жеке тұрған Қоңдыбаевтың аяғына доп тиді. Алаң шетімен қақпаға қарай ала кеп жөнелді. Қақпа алдындағы ойын алаңының ақ жолақ шеті де көрініп қалды. Нақ осы кезде аяқ-қолы бірдей серең-серең етіп, алдынан Аллаберген шыға келді. Оны айналып өтіп, қақпаға жақындай түсейін деп еді, анау серендеп көз алдынан кетпеді. Барын сап, ышқына жүгіріп, айнала бергенде қарсы жақтың қорғаушысы Аллаберген ұзын тірсегін екі бұттың арасына сопаң еткізіп, сұғып жіберді де, Айдарды жапырақтай ұшырып түсірді. Аузы-басы, киімі шаң-шаң болған ол орынынан тұрып жатып: «Ләйлек! Қөкқұтан!» деп жай ғана айтты. «Айтсаң айта бер, күнде естіп жүрген, құлақ үйренген сөз. Бірақ доп соққыш немені қатырған шығармын» дегендей өз қылығына сүйсіне, мынаған сестене қарап қойды. Сөйтті де, мынау Айдардың айласына, жүгіргіштігіне қарсы емді енді тапқандай арсалаңдап, мұның төңірегінен шықпай қойған. Әсіресе Айдардың аяғына доп тиген бойда серейіп Аллаберген шыға келеді. Мынау ішінен ойлай бастады: осы пәлені «Ләйлек, Көкқұтан» деп бекер ашындырдым-ау». Мынау қалар емес. Оның, Айдардың осы ойын бетімен оқып көргендей: «Ие, көрсетермін саған ләйлекті» дей қойды. Айдардың ызасы келді. Мынау адал ойнамайды деп тренер-төрешіге айтқысы да келді. Оның несін айтады? Өзі де көріп жүрген жоқ па? Допты соқтырмаса соқтырмасын деп әдейі көрмеген боп жүр-ау.
Бірде Айдардың күлкісі келді. Мынау түс ауған кездегі өзінің көлеңкесі сияқты боп елестеді. Бірақ күлмеді. Аспанда не күн, не ай бадырайып тұрғанда көлеңкеден құтылуға болмайды. Шабуылшының қорғанушыға ыза болғаны сонша, ойынды тастап, алаңнан кеткісі де келді. Ол жақсы қылық емес. Мынау мен ойнатпадым деп мәз болады. Одан да қайтсе де, мұнымен айқаса бергені жөн. Немене, ол бұдан ақылды ма, әлде күшті ме? Оның бірі де емес. Бар болғаны ұзын. Онда да аяғы мен қолы ұзын. Ыза қылғанда жүгіріп аяғы жете алмай бара жатса, білдірмей қолымен қармап қалатынын қайтесің?
Айдар ойынның бітер шағына аз қалғанда Аллабергенді бір рет алдап өтті. Қақпаға карай қатты соғып та үлгерді. Бірақ не керек, қақпашы да мұның әрбір қимылын аңдып тұр екен, допты әрең дегенде қолмен қағып, сыртқа жіберді. Бұрыштама доп соғылды. Оны қақпаға дәл соғатын кім бар? Айдар тәуір-ақ ұрды. Қақпашы допты тағы да сыртқа қайырды. Тағы да бұрыштама. Бұл жолы қақпашы допты алды да, алаң ортасына қарай қатты тепті. Артынша төреші ұзақ ысқырды. Ойын ноль-ноль боп, тең аяқталды. Бұл Шолақта көше футболы, одан соң тәртіп білетін ойыншылар шыққалы болған, тірескен, қақпаға доп түспеген ойын еді.
Балалар алаңнан шығып бара жатқанда ағылшын тілінің мұғалімі әрі класс жетекшісі Майра Шораева Айдарды иығынан тартып тоқтатты да:
– Сен өте жақсы ойнадың. Бірақ мынау он үш номерлі майканы неге кидің? – деді.
– Мұнда тұрған не бар?
– Бақытсыз номер ғой.
– Ә, солай ма еді? – Айдар аң-таң боп алаңнан ұзай берді – майкада, оның номерінде тұрған не бар?
Оған күдік пайда болды. Майкадан, оның номерінен бе екен? Бұл не деген жұмбақ. Әкесі жоқ, мен тәрізді бақытсыз бала болады деуші еді. Бақытсыз сандар да бар ма? Мұның аты не? Ойын ба, шын ба? Майра апай оны қайдан шығарды. Бұл бұрын естімеген салт. Кімнің салты, қайдан шықты? Бәрі бекер. Мүмкін емес. Көрермін, әлі көрермін.
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
БАТЫР ДА ЖЫЛАЙ МА?
КӨЗДІҢ ЖАСЫ – КӨҢІЛДІҢ КІРІ ЕКЕН-АУ!
Шолақ қала өміріндегі жас футболшылардың кешегі ойынына осында Совет Одағы Батыры атағын екі рет алған атақты ұшқыш Талғат Бигельдиновтың келетін хабары қосылды.
Осы орта мектептегі пионер дружинасы Талғаттың атымен аталады. Соның жиынына келуді сұрап пионерлер хат жазғалы талай болған. Сол шақырумен жолы түсіп, батыр Шолаққа соғуды ойлаған.
Дружина пионерлері катты қуанды. Атын естіп, оның есімін алғаны болмаса, көздері көрмеген тамаша ұшқышпен кездеспек. Бұл дружина өміріндегі ең үлкен оқиға еді.
Батырдың келуі балалар өміріндегі мереке болды. Бәрі жақсы киініп, қызыл галстук байлап келген.
Дружина советінің председателі батырға рапорт берді. Содан кейін мектептің үлкен залында кездесу өтті.
Ең алдымен дружина советінің председателі советтің жұмысы, ондағы пионерлердің сабағы, тәртібі, жоспары жайында баяндап өткен. Батырдың өзі советтің мүшелігіне қабылданып, мойынына ал қызыл галстук байлады.
«Бәрібір айтқызбай қоймайды» дегендей Талғат әңгімесін алыстан, мектепте оқыған жас кезінен бастады.
– Мен 1922 жылы тудым. Әкем Жақыпбек кедей адам болды. Қала шетінде кішкене ғана үйіміз бар-ды. Содан мектепке бардым. Жақсы оқыдым. Нақ осы сендердей күнімде мектеп жанындағы авиомоделистердің үйірмесіне қатыстым. Кейін аэроклубқа түсіп оқиын деп едім, мені алмай қойды.
Аэроклубқа қайта-қайта барып, бастығына жалынып жүріп, оқуға түстім. Мұны әкем білмей де қалды.
– Егер әкеңіз білген болса, қайтер еді? – деді Айдар.
– Жібермей қоюы мүмкін. Әкем барма онда, оқыма онда десе, әрине, бармаймын, оқымаймын. Әкемнің сөзін осы күнге дейін тыңдаймын.
«Өзі екі рет батыр болған, әлі күнге дейін әкесінің айтқанын істейді екен. Әкем болғанда мен де оны тыңдайтын едім-ау. Әке тек сөзін тыңдауға ғана керек пе? Жоқ, одан да басқа қажеті болар». Айдар ойлап кетіп, әрең тоқтады. Күліп қойды.
Талғаттың көзі бала күлкісін шала қойды. Бірақ оны сезбеген, мән бермеген боп:
– Әке тілін алған бала жаман болмайды. Әрине, онда оқыма десе, оқымаған болар едім, кейін менің сонда оқып жүргенімді біліп, басын шайқап, «енді бәрібір, оқасы жоқ, оқи бер», – деді. Мен қуанып кеттім. Ал, оныншы класты бітірген жылы аэроклубтың өзінде нұсқаушы болдым.
«Әке тілін алған бала жаман болмайды» – деді-ау. Онысы дұрыс болсын. Ал мүлде әкесі жоқ бала қайтеді. Ол кімнің тілін алады? Ешкімнің тілін алмаса, тілін алатын ешкімі болмаса ол қайтеді? Мен қайтемін?»
Ол қиялдап отыр. Оны бөлген келесі сұрақшының үні.
– Алғашқы рет ұрысқа қатысқаныңызды айтыңызшы!
– Мұнда бойы аласа екен деп, звенодан звеноға қуды. Ақырында Пошивальников деген жігіт қабылдады. Бірақ көпке дейін самолетке қол жетпеді. Ақырында көп рет оқ тиіп, жамалған, кейінгі кезде ешкім ұшпай қойған он үш номерлі штурмовикпен ұштым. Алдымен сынады. Одан тәуір өттім білем, ертеңіне ең алғашқы топпен жау жеріне ұштым. Топты бастаушы, звено командирі Пошивальников:
– Менен қалмайсың, артымнан еріп, мен не істесем, сен де соны істейсің!» – деп түсіндірген.
Алғашқы кезде нақ осылай еттім. Бір кезде жау жерінде кетіп бара жатөан бір эшелонды көріп қап, соған бұрылып, бірнеше рет айналып соғып, бомбыладым. Артынша бастаушыны қуып жеттім. Ол кабинадан жұдырығын көрсетіп, «Өле алмай жүрмісің» деп айқайлады. Бірақ жерге түскенсін ұрысқан жоқ, бар болғаны:
«Енді қайтып мұндай жасама!» – деді.
Бұл алғашқы ұрыс, алғашқы әнтектік болатын.
– Ең бір қызық, есте қалған ұрысты айтсаңыз, – деді Еңсебаев.
– Соғыста қызық болмайды. Егер ұшқыштың көнілдесгісіндей болса, соның өзі жетіп жатыр. Старая Русь түбінде болған бір жайды айтайын. Біз жау шебін бомбалауға шықтық. Тапсырманы орындап, кайтар кезде жаудың көптеген истребителі бізге шабуыл жасады. Біз аман құтылудың жолын іздедік. Мен төмендей бастадым. Енді құтылған шығармын деп, жан-жағыма қарасам, бір нстребителі өкпе тұстан жақындап қапты. Мен олай-бұлай бұлтармақ боп едім, алқымдап болар емес, не істерімді білмедім. Өйткені штрумовик ешқашан да истребительмен айқасқа түсе алмайды, түспеу керек деген заң да бар. Бірақ қысылғанда шарасыздықтан гөрі, айла істеген жөн емес пе! Әлгі менен озып кетпес үшін самолеттің шассиін түсіріп, жақындай түсті. Алдыма қиғаш кеп қалды. Гашетканы басып қалдым. Енді бір сәтте самолет түтіндеп, төмен карай құлдилай жөнелді. Ұшқыш тым тәжірибелі қу ма деп қалдым. Жерге жете бергенде самолетті түзеп, қардың үстіне қондырды. Мен кетіп қалдым. Мақтанғым келмеді. Нанбас та дедім. Сөйтіп, бұл оқиғаны ешкімге айтпадым. Ертеңіне мені штабқа, полковник шақырды. Келдім. Полковник жалғыз екен, қасыма жақын кеп:
– Сержант Бигельдинов сен бе? – деді.
– Мен.
– Кеше сағат 5 кезінде, он үш номерлі штурмовикпен ұшқан сен бе?
– Мен.
Ішімнен не пәле боп қалды деп ойлап та отырмын. Ештеңе де істеген жоқ сияқтымын.
– Рақмет, жолдас Бигельдинов! – деді полковник. – Кеше сен жаудың ең бір атақты, бүкіл Гитлер жауап алған соғыстың бәріне қатысқан, есебінде жүзден аса құлатқан самолеті бар, атақты ұшқышын атып түсірдің. Сені атып түсірген соғысқа жаңа келген жас сержант дегенге нанбады. Бұл авиация тарихында болмаған оқиға. Штурмовиктің истребительді атып түсіруі...
– Мен: «Совет Одағына қызмет етемін!» – дедім.
Айдар бір сәт қиялдап кетті. Осы батырдан әкемді ұрасам ба екен деп ойлады. Бұл аспанда ұшты ғой.
Жерде не боп жатқанын түгелдей көріп жүрді. Сұрасам, білмесе, мынау ашық ауыздар жатып тұрып күледі-ау! Күлкі болғаннан үндемей отырған жақсы.
Батыр сөзін қайта бастады. Айдар ойы бөлінді.
– Сол күні аэродромға әрең жеттім. Самолетті екі-үш жерінен оқ тесіп өтіпті. Бұл ғана емес, құйрық жақтағы басқарушы винтті үзіп кеткен. Жолдастарым аэродромға қалай жеткеніме, қалай қонғанына таң-тамаша қалысқан. Енді мына оқиғаны естіп, мен полковниктен қайтып оралғанша кішкене ғана стол әзірлеп қойыпты. Келген бойда олар не болғанын сұрап жатыр.
– Әлгі тәжірибелі ұшқыш, неміс майоры сені қалай түсіре алмады? – деді Пошивальников.
– Меніңше, ол мені қақпайлап, өз аэродромына айдап әкетпек болды ғой деймін. Өйткені ол қатарласа беріп күлді, қолымен алды көрсетіп, «алдыма түс» дегенде болды. Мен басымды шайқадым да, өзің түс алға деп, сұқ қолымды алға создым. Ол самолетте атқыштың жоғын, артқы пулеметтің жұмыс істемейтінін білгендей-ақ, алдыма түспесең қазір артыңа шығып атамын, құлатамын дегендей ымдап қойды. Мен төмендей бердім. Ол орағытып артқа шықпақ болды ғой деймін. Менен биіктеу, бірақ өкпе тұсқа қиғаш кеп қалды. Самолетті тез бұрып, көтеріле түстім де, оқтың астына алдым кеп...
– Сіздің самолетіңізді жаудың атып түсірген кезі болды ма? – деді Айдар жай ғана.
– Болды. Екі рет құладым. Бірінде, Старая Русь түбінде жаудың алғы шебін талқандадық. Бомбы тастап, енді қайтуға ыңғайлана бергенде, төменгі жақтан селт еткізіп, бір күш көтеріп тастады. Сол-ақ екен, машина төмендеп құлай бастады. Әрең дегенде бір алаңға әкеп қондырдым. Атқыш екеуміз кабинадан шығып ағаш арасына кеп жасырындық. Өйткені төңіректегілердің бізге кім екені белгісіз. Бір мезгілде самолетке қарай бір топ адам жүгіріп келеді. Қарасақ, өзіміздің жігіттер екен. Қуанып кеттік.
– Ал екіншісі бұдан қиын болды. Бұл оқиға Харьков түбінде, украина жерінде болып еді. Жаудың осы маңдағы үлкен бір аэродромын талқандап жібердік. Жанды жерін талқандау еркін жүруге мүмкіндік берді. Көптеген тапсырманы мінсіз орындадық. Кезекті тапсырманы орындау үстінде жаудың көп самолеті кеп бізге шабуыл жасады. Шегінуге тура келді. Қатты бүлінген самолетті ең болмаса аэродромға жеткізуді көздеп кейін қайттым. Онсыз да өлімсіреп, әрең тартып келе жатқан самолетке екі истребитель екі жақтап шабуыл жасады. Екеуі екі жақтан шығып, алдына салып айдамақ та болды. Көнбедім. Алған бетімнен кайтпай, тарта бердім. Еш нәрсе болмасын білгенсін, біреу арт жаққа шығып алды да, ата бастады. Мотордан түтін шықты. Самолет басқаруға көнбей құлдилай бастады. Жерге жақындап келеміз.
– Секір! – дедім атқышыма.
– Сіз ше? – деді ол.
– Ондагы жұмысың не! Қарғы! – деп айқайладым.
Ол қарғып кетті. Жерге үш жүз метрдей қалғанда мен де қарғыдым. Самолет жанып барып, жоқ болды. Екеуіміз бір-бірімізге жақын түстік. Яковенко жүгіріп келді. Ол мені сүйрелеп әкетті. Екеуіміз селдірлеу орманға ендік. Көктем кезі болатын. Ағаштар бүртік салыпты. Маңай жым-жырт. Орманда қараңғы түскенше жасырынып, түні бойы шығысқа қарай жүре бердік. Таң ата жаудың бір постысына тап болып, қолға түсіп қала жаздадық. Екі солдатын өлтіріп, әрең дегенде қашып құтылдық.
Талғат бір сұрауға жауап беріп үлгермей жатып, екінші біреуі сұрақ қойды.
– Бірінші рет қалай, қашан батыр болдыңыз?
Талғат бұған жауапты қысқа берді.
– Белгород түбіндегі үлкен шайқасты кім білмейді. Бұл жерде неміс армиясының күні өшкендігін дәлелдеген зор шайқас болған. Осы ұрыста біздің полктың ұшқыштары тамаша ерлік көрсетті. Қүніне екі-үш рет аспанға көтеріліп, бір күнде бірнеше жауынгерлік тапсырма орындадық. Бір күні авиация дивизиясының командирі келді де:
– «Бигельдинов жолдас, барлық наградтарыңызды тағып, асханаға келіңіз, бүгін мереке», – деді.
Ештеңеге түсінбесем де, генерал айтқасын болды емес пе:
– Құп! – деп жүгіріп кеттім.
Жататын жеріме келіп жаңа гимнастерка кидім. Оған барлық ордендерім мен медальдарымды қададым. Өзі де көп екен. Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордені, екі Қызыл Ту ордені, Александр Невский ордені, Даңқ ордені, медальдар мен гвардия значогін қалап, асханаға келдім. Полк аламдары түгелге жуық жиналыпты. Сапқа тұра қалдым. Генерал алға шық деді. Алға шықтым. Ол СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указын оқи бастады. Жүрегім лүпілдеп мен тұрмын. Жаңағы ордендер мен медальдардың үстіңгі жағына Ленин ордені мен Алтын жұлдыз меладін қадалы. Бұл 1944 жылдың октябрі еді.
– Ал екінші рет батырлықты қайда, қашап алдыңыз? – деді әлгі сұрауды берген пионер.
– Біздің әңгімеміз бүгін бітпейтін болды ғой, – деп Талғат күліп қойды.
– Біздің балалар сізбен кездесуге көптен құмар еді. Содан да болар, қанша уақыт сөйлесеңіз де бұлар жалықпайды, – деді класс жетекшісі.
– Бұлардың жалығатын түрі жоқ. Бірақ сіз қонақтың жайын ойламайсыз ба?
– Өз атыңыздағы дружина балаларымен кездескен кезде, сіз де жалыға қоймассыз.
– Осындай жылы-жылы сөздер ғана адамның шаршағанын ұмыттырып жібереді. Ал енді сұраққа жауап берейін.
Балалар құптай қозғалып, жайғаса қалды.
Ұзақ отыруға әзірленген сыңайы бар.
– Екінші рет маған Корсунь-Шевченко, кейін Яссо-Кишинев, ең соңында Сандомер плацдармын жоюда сіңірген еңбегім үшін екінші Алтын Жұлдыз медалін берді. Бұл күнгі қуанышта шек жоқ еді. Әкеме, барлық туыстарыма, таныстарыма, екі Алтын Жұлдыз таққан суретімді жібердім.
Талғат әңгімесін осымен бітіргісі-ақ келіп еді. Бірақ балалар сұрағын тоқтатпады.
– Соғыстағы өз басыңыздан өткен ең бір үлкен өкінішіңізді айтыңызшы, – деді Сайра.
Мұндай кездесулерде бұл секілді сұрақты Талғат, сірә, аз кездестірген болар, қатты-ақ оййланып қалды.
– Ие, талай өкініш болды. Соның ішінде өзімнің бір рет қатты, кәдімгі бала кездегі сияқты өксіп-өксіп жылағанымды айтайын.
Балалардың құлағы елеңдеп қарай қалды. Кейбірінің өңінде батыр адам да жылай ма екен дегендей таңдану да бар.
Талғат асықпай, төмен дауыспен мұңдылау етіп сөйледі.
– Майданға ең алғаш барғанда мені қанатының астына алып тәрбиелеген, ұшқыш Пошивальников деген командир болды дедім ғой. Сол кісімен үлкен дос, жолдас боп кеттім. Ол батыр атағын менен бір жетідей бұрын алды.Сол күні өзім сұранып, Пошивальников орнына аспанға шығып, оның тапсырмасын орындадым. Кейін мен батыр атағын алған күні ол менің орныма барып, сол сапардан қайтпай кетті. Оның аэродромға келмегенін, жаудың атып түсіргенін естіп, сол жерде көк шөптің үстінде етпетімнен түсіп жыладым. Қанды майданда әрі аға, әрі дос, әрі жолдас болған жақсы адамның менің қуанышым үстінде маған бола, «батыр алған күні қуанып, демігін бассын» – деп әдейі кеткен жауынгер достың қайтпай кетуі жаныма қатты батты. Оның жары біздің жауынгерлік сапымызда бірге жүрген болатын. Пошивальтиковтың өлімінен кейін оның зайыбы Машаны тылға, үйіне шығарып салдым. Сөйтіп, мен бір күнде екі бірдей достан ажырап қалдым. Бірақ кейін Машаны тауып алдым. Әкесінің құрметіне атын қойған баласы бар екен. Қазір Степан Степанович Пошивальииков, менің әрі ұстазым, әрі досымның баласы үлкен жігіт. Менің алғашқы өкінішім де, кейінгі қуанышым да осы еді...
Ал енді сіз өзіңізді бақытты санаған, қуанышқа кенелген шақтарыңызды айтыңызшы.
– Бұл, әрине, маған әлгіндей жайды айтудан гөрі әлдеқайда жеңіл. Екіншіден, өкініштен гөрі қуанышым мол. Ең біріншіден, Ұлы Отан соғысының ақырғы күніне дейін жауынгерлік сапта болдым. Берлинді, Праганы алуға қатыстым. Москвада жеңіс парады, бірінші парад болғанда Бірінші Украин майданының қолбасшысы маршал Қоневпен бірге, сол майданның туын ұстап өттім. Ал соғыстан кейін өзімнің жерлестерім, қазіргі Целиноград облысының еңбекшілері СССР Жоғарғы Советінің депутаттығына екі рет сайлады. Мен әкемнің туған жері Майбалықта болдым. Бұдан басқа тағы қандай қуанышымды айтайын, – деп ол аз ойлапып тұрды да, – айтпақшы, Берлинге жақын жерде ұрыс боп жатқан кез болатын. Генерал маған бір тапсырма берді. «Сен, – деді ол, – Берлин үстін шолып шық, суретке түсір. Зенит атып түсірмес үшін екі жүз, үш жүз метр биіктікте ұшасың!»
Мен осы тапсырманы орындадым. Менінше, бұл да қуаныш, жауынгер үшін зор қуаныш. Қайтып келгенде генерал:
– Мұндай биіктікте, тапа-тал түсте осындай үлкен қаланың үстінен ұшып, суретке түсірген жалғыз сенсің, – деп арқамнан қақты.
Қатты қуандым.
– Неге сізге, сондай төмен ұш деді генерал? – деп бір бала тақ ете қалды.
– Оның мәні мынада: жаудың қала ішіндегі зениттері белгілі қашықтыққа дәлдеп ойылған. Оны өзгертіп, қарауылын төмен қойып жатқанша самолет өтіп кетеді. Екіншіден, соншалық төмен ұшып келе жатқан самолетті қашан қасына келгенше жау самолеті деп ойлаудың өзі қиыпн...
– Ой, қызық әңгіме болды. Қандай бақытты, батыр адам! – деді Сайра Айдарға – әңгімені де жақсы айтады.
Айдар үндемеді. Өз ойымен өзі боп кеткен.
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
БАТЫР МЕНІҢ КӨКЕМДІ КӨРДІ МЕ ЕКЕН?
МЫНА ҚЫЗДЫҢ НЕ СИҚЫРЫ БАР?
Кездесу соңынан мектеп оқушылары батырға өнерін көрсетті; ән салды, би биледі, тақпақ айтты. Шолақтың халқы өнерлі, сауыққой. Олардың балалары да тегін емес екен. Әсіресе Сайра мен Айдардың қосылып билегені ұнады. Кешке қарай бір топ пионер қолдарына гүл ұстап, Талғатты аэропортқа шығарып келе жатты. Айдар болса, батырға әлде айтқысы, не сұрағысы келгендей, қипақтап оған жақындай түсті. Бірден сөз бастауға бата алмады. Ол Талғаттың жүзі жылы, кілең жай ғана, төмен дауыспен күле сөйлейтінін есіне алды. Көкірегінде қос алтын Жұлдызы бар, омырауы ордендер мен медальдарға толы, орта бойлы, мығым денелі кісінің тартымды, өізне шақырып тұратын қасиеті бар. Ол осыны өзінше байқаған. Бір ретте ол қасына жақын кеп, қолтығына кірердей боп кетті. Батыр мұны сезе қойды.
– Әлгіде бір қыз баламен бірге «Қыз куу» биін билеген сен бе? – деп оны иығынан қағып, өзіне қарай тартқан.
Баланың іші жылып қуанды.
– Ие, мен, аға!
– Ол өзі сенен гөрі үлкендеу балалрдың билейтін биі емес пе?
– Солай шығар. Бізге бәрібір, үйреткенді билей береміз.
– Оның да дұрыс. Әкең бар ма?
Бұл Айдардың күтпеген сауалы еді. Кідіріп төмен қарады. Артынша «онда тұрған не» бар деп түйді де:
– Көкем соғыста өлген, – деді. Өзі Талғатқа қарады.
Енді батырдың өзі қызарып төмен қарады. «Бұл сұрақты несіне сұрай қойдым» дегендей мүдіре берді. Баланың ескі жарасының аузын тырнап алғандай көрді. Енді не де болса бұл сұрақтың жауабын алды. Соның бос тастау бұған қиын еді.
– Қай майданда болғанын білесің бе?
– Сталинград дейді ғой. Қағазы келген, үйде сақтаулы.
– Ер жеткесін Сталинградқа барып, көкеңнің басына гүл қой, тағзым ет. Бәріміз де бала болғамыз. Әке деген қасиетті ғой. Сен оны ұмытпа! Отанын, мынау сенің болашағыңды қорғаймын деп мерт болған әкені құрметте, оның атына жамандық келтірме!
– Апам да, мұғалімдер де солай дейді. Бірақ құрметтегенде не істеймін? – деп қалды бала.
– Атына лайық жақсы жігіт боласың!
«Жақсы жігіт қандай болады?» дегісі келіп оқталды да, тоқтай қалды. Өйткені мұның көкейінде ең алғаш жақын келгендегі, сұрамақ болған сауалы тұрған. Мына мәселені соза берсе, оған уақыт болмай қалуы хақ.
Оның ойындағы сауал біреу-ақ еді. Енді оған әке жайында да бірдеңе білгісі келген.
– Батыр аға, сіз ғой, менің көкемді, Алдаш Қоңдыбаев деген кісіні көрген жоқсыз ба?
– Көргенім жоқ. Біз аспанда, ол жерде жүрген шығар. Жаяу әскер ме екен?
– Жаяу. Аға, сіз соғыстан кейін Сталинградта болдыңыз ба?
– Болдым.
– Онда көп-көп жазулар бар дейді. Содан «Алдаш Қоңдыбаев» деген жазу кездескен жоқ па?
– Бар шығар. Онда өзің айтқандай не көп, жазу көп. Есімде қалмапты.
Айдар өзінің ең алғашқы сауалына енді келді.
– Аға, сіз соғыста он үш номерлі самолетпен ұштым дедіңіз. Қорықпадыңыз ба?
– Қорыққан адам самолетке отыра ма?
– Жоқ, «он үш» деген саннан деймін.
Талғат өзіне дейін біреулердің «он үш» номерлі самолетпен ұшып, жолы болмағансын, ұшпай койғанын есіне алды. Ал өзі ұшқан бойда жолы болып, тапсырманы жақсы орындаған. Бұл санға оның қояр кінәсі жоқ. Ол осыны ойлап калған кезде Алтай тұрып:
– Бұл біздің «Шалқар» атты футбол командамызда «он үш» номерлі боп ойнайды, – деді.
– Ие, сен соны сұрап тұрсың ба? Ол әркімнің өзіне байланысты шығар.
– Біздің ағылшын тілінен сабақ беретін апай, класс жетекшіміз бұл «бақытсыз номер» дейді.
– Білмедім. Менің өзіме ең бақытты сандардың бірі боп көрінеді. Ең алғашқы наградаларымды сол «он үш» номерлі «ИЛ-да» ұшқанда алғанмын.
Самолетке отыратын кез жетті. Балалар батырға шоқ-шоқ гүл дестелерін ұсынды. Оның құшағы гүлге толды. Сол бір гүлге оранған күйінде балалардың қоршауында тұрып, ол суретке түсті. Батыр күліп тұрды. Соңында:
– Ал, балалар, бақытты болыңдар! Дружина туын жоғары ұстаңдар! – деді. – Жолыққанша сау болыңдар!
Батыр самолетке енді. Есік алдында тұрып қол бұлғады.
Балалар самолет аспанға көтерілгенше кетпей, алаңда күтіп тұрды. Аэропорттан балалар көңілді қайтты. Әсіресе, Айдар батырмен сөйлесіп, тіл қатысқанына, көңілдегі күдікті сұрағына жауап алғанына мәз. Ол артына бұрылып қарады. Самолет оның нағашы атасы тұратын Аққолтықтың үстінен Алатау биігіне қарай алыстап барады. Соның үстінде өзінің жанашыр, көптеСоның үстінде өзінің жанашыр, көпте білетін адамы кетіп бара жатқандай, қолын көлегейлеп қайта-қайта қараған. Ол ойлап келеді: Батыр! Нағыз батыр! Осындай самолетте ол үш жүз он екі рет ұшқан. Соның бәрінде жауынгерлік тапсырма орындаған. Үш жүз он екі рет! Аз ба, көп пе? Оны кім білсін? Әйтеуір, үш жүз он екі өліммен, жаумен бетпе-бет келіп жеңіп шыққан. Самолеті екі рет жанып кеткен. Міне, батыр! Сондай самолеттің үстінде қазір ұшып барады.
Ол іштей ойлап келе жатқанын тежей алмады. Әшейінде ойындағысын айтуға құмарлығы жоқ еді. Бұл жолы олай ете алмады.
– Міне, батыр деп осындай адамды айтады. Он шақты ордені, екі Алтын Жұлдызы, көп-көп медальдары бар. Кәдімгі суретте көретін маршалдар сияқты. Батыр десең батыр. Ал сендер соғысқа барып қайтқандардың бәрін батыр дейсіңдер. Бір-екі медалі болса да батыр. Тіпті, адамның ашуы келеді, қолы жоқ болса да батыр дейсіңдер. Мүмкін, оның қолын әшейінде оқ жұлып әкеткен шығар. Сол да батыр ма?
– Әй, байқап сөйле! Менің әкемде жұмысың болмасын! Енді қайталасаң, аузыңды бұзам. Бүлдірген жегендей етем, – деді Төрехановтың көзі шатынап.
– Мен сенің әкеңді айтып келе жатқан жоқпын.
– Енді кімді айтасың, ақымақ! Батырмен бір ауыз сөйлескенге батыр бола қалдың ба? Көрсетемін саған батырды.
– Сенің әкеңнен басқа қолсыздар жоқ па?
– Жоқ па, бар ма, сенің қолда жұмысың болмасын. Доп тебетін аяғыңды жөндеп ал. «Қол» десең болды аузың қан жоса болып шыға келеді. Білдің бе?
Төрехановтың Қызылкөл жағасындағы тұзды балшықтай қара күрең, бүйрек беті қанталап шыға келді.
«Охо, мынау әкесінің намысын қалай-қалай қорғайды! – деген ой бұған сап еткен. – Менің де әкем болса, соғыстан келсе, не қолы, не аяғы жоқ болса, нақ осы сияқты мен де оны қорғай алар ма едім? Несі бар, қорғар едім. Мен не, Төрехановтан, сабақ білмес, сол боқмұрыннан кеммін бе? Келмегені-ай әкемнің. Келсе ғой, келсе. Төрехановтың әкесі сияқты базарда айран сатып отырса да, келсе ғой. Мен де анау қара албасты сияқты әркімге жұдырығымды көрсетіп жүрер едім. Әттең-ау, келмедің-ау, көкем...»
Айдар топ баланың ортасында емес, өзімен өзі боп, қала сыртындағы кең далада жалғыз келе жатқандай ойлап кетті Ызасы келді. Жылағысы келген. Іштей буынып кеткен. Әкесін көз алдына келтірмек еді. Бірақ үйінде қалған көмескі жалғыз фотодан басқа ештене жоқ. Оның өзі куәлікке түскен кішкене суреттен көбейтілген. Оның өңі-түсі қандай еді? Көзі, шашы! Көрмеген адам қалай елестетпек? Көрген жоқ. Атын естіген. Көмескі фотоны көрсетіп, мынау сепің әкең деген. Сонымен өз үйіндегі кішкене бөлменің қабырғасында тұрған фотоға кайта үңілді. Бір адам көрмеген, білмеген адам бұған фотодағы сағымды, бұлыңғыр көзімен қарап қапты. «Анам жылағанда, жар дегендегі жалғыз жұратыңды кімге, қандай күйге тастап кеттің? Кімге тастадың? Оған қанат, куат болар мен бе деуші еді. Сондағы жұраты мен бе? Мен болсам, шынында, кімге тастап кетіп едің? Төреханов шойындай қара жұдырығын көрсеткенде мен неге шошып кеттім? Неге аузыма құм құйылғандай үнім өше қалды? Одан нем кем еді? Мен неге оған жұдырық көрсете алмадым. Әке, әке, сенің кім екеніңді білмей тұрып, қолы жоқтар жайында сөз айтып нем бар еді?»
Оның басына келмеген ой жоқ. Төбелесу керек пе еді? Бүйтіп булыққанша төбелескен жақсы еді. Осы бір Сайра деген де пәле болды. Бір қылық көрсетейін десем, тұлымы селтиіп кілең көз алдымда тұрады да қояды. Менің көлеңкем немесе желкемнен қадағалап тұратын қарауылым сияқты. Сондай-ақ ол менің кімім еді. Бар болғаны көрші. Мен оның көзінше біреуге қол көтермек түгіл, қатты сөз айта алмаймын. Анау Төреханов жұдырық көрсеткенде, мен де жұдырық көрсете аямай қор болдым. Сол қыз осы аэропортқа несіне келді екен, класта сабағын жаттап отырмай? Ол өзі нақ қазір мен жайында қандай ойда екен? Менің анау қара пәлеге сес көрсете алмағаныма риза ма, әлде наразы ма? Мені батырмен сөйлескенде ер санаса, енді мынау өзі жасық екен ғой деп келе жатқан да болар. Пәлені, қол жайындағы сөзімді қайта бастасам ба екен? Содан соң төбелес шығады? Мынау сары қыз шыр-шыр етіп ортаға түседі. Мен оны аяймы да қоя қоям. Сонда не боғаны?»
Ол қала көшесінің шетіне жеткенін сезбей қалды. Төңірегі шу-шу етіп, жаңа ғана самолетпен ұшып кеткен батыр жайын, Талғат әңгімесін гу-гу сөз етіп келеді. «Енді несіне шулайды екен? Өзі юарда менен басқасы батылы жетіп бір ауыз сөз айта алмады».
Бала қиял тағы да оны алып қашты. Бас білмейтін тайға мінгендей жүрегі тұлауын қоймады. «Түбінде мен көкемді табатын шығармын. Ең болмаса өлген жерін көзіммен көрсем. Апам айтқандай, басына туған жерінен бір уыс топырақ саламын. Ақша тапсам, басына ескерткіш орнатам. Менің көкемнің қалай соғысқанын, қандай ерлік жасап қаза тапқанын білетін адам бар ма екен? Оны қалай, кайтіп, қайдан табуға болады? Мен енді сабақ та оқымасам, тіпті мектепке бармай қойсам қайтеді? Енді көкеме сұрау салам, іздеймін. Қайдан, кімнен сұраймын. Осы біреулер Военкоматқа барады дейді. Содан сұрайды. Енді біреулер газетке мақала жазады дейді. Мен неге Военкоматқа бармаймын? Газетке жазсам қайтеді? Не деп жазам? Сайрамен ақылдассам, ол маған күледі-ау! Күлсе күлсін, ол маған қалай жазуды айта ма? Оның көкесі кілең газет оқып отырады. Содан сұрап алса, сонсын маған айтса... Бәрі де болады...
Ол мектепке келді. Сабақ басталды. Оны бұл тыңдаған жоқ. Ағылшын тілі екен. Майра Шораева тақта алдында бірдеңені тәптіштеп түсіндіріп тұр. Бұл өзі маған он үш деген сан бақытсыз деп еді-ау. Ал батыр Талғат болса оны басқаша түсіндірді. Кімдікі дұрыс. Әрине, ауызбен айта салу оңай. Талғат болса өзі сондай номерлі самолетпен ұшып-ақ бақытты болған. Сондай санды самолетпен ұшқаныңызды бақыт санайсыз ба деп неге сұрамадым екен. «Бақыттымын ба, жоқ па, ол жағын өзің ойлай бер, сондай номерлі самолетпен ұшып-ақ жауынгерлік тапсырманы жақсы орындадым», – десе, не дер едім. Әрине, ол солай дейді. Мен енді не болса да осы «он үш» деген саннан басқа майка кимеймін. Осыған тоқтадым. Не болса да, тоқтадым. Қалауы осы.
Айдар тағы да көкесін ойлап кетті. Сумкасынан бір дәптер алды да, бір парақ ақ қағазды ортасынан жұлып алды. Қолымен көлегейлеп отырды да, парақ қағаздың шекесіне «Көкем, сен қайдасың?» деп жазды. Мұнысы несі? Өлген адамға сен қайдасың деп сұрау жоя ма екен? Ол толғанған жоқ, соғыста өлді ғой. Бұл бола ма?
Сайра мұның дәптерден жыртып алған бір парақ қағазға не жазғанын көргісі келгендей, бұған қарай мойын бұрды. Бұл қағазын алақнымен жауып жаба қойған. Сайра бұл не құпия деп сезінтенді. «Осы-ақ пәле болды-ау, бұл не менің қарауылым ба?»
Қоңырау соғылды. Екеуі күндегі әдетінше қатарласып үйлеріне қайтқан. Сайра бұдан әлгі қағазға не жазғанын сұрайтын шығар деп ойлап еді. Олай болмады.
– Батырмен сен жақсы сөйлестің ә? – деді Сайра.
– Жақсы ма, білмеймін. Әйтеуір, сөйлестім. Біз екеуміз билейтін «Қыз қуу» биі үлкен адамдардың биі екен ғой. Енді оны сенімен билемеймін.
– Неге?
– Өзіңнің билегің келсе, өзіңе басқа серік тауып ал.
– Мәссаған, батырмен сөйлескенде бар білгенің осы ма?
– Бұл ғана емес.
– Тағы не білдің? Алыста тұрып, мен сендердің сөздеріңді жақсы естімедім.
– Естімегенің жақсы болған. Бәрібір олардың саған керегі жоқ.
«Мұнысы несі?» дегендей Сайра томсырайып қалды.
– Сен не, маған өкпелеп келесің бе?
– Жоқ ә! Не деп өкпелеймін? Одан да сен әзір менен ештеңе сұрама. Мен бірдеңе сұрасам, шыныңды айтасың ба?
– Мен кілең шын айтам. Сұра, білсем...
– Сен бағана, аэропорттан қайтып келе жатқанда мен туралы не ойладың?
– Ештеңе де ойламадым.
– Неге ештеңе ойламадым дейсің. Сен ойладың. Қазір шыныңды айтпай келесің.
– Ойлағаным жоқ. Сенің батырмен күліп сөйлескеніңе қуандым да, соны ойлап келе жаттым. Одан басқа не ойлаймын.
– Ал анау әлгі Төреханның құжбан қарасы маған жұдырығын көрсеткенде ше...
– Мына екеуі төбелесіп қалмаса екен деп...
– Әне, тағы ойламадым дейсің. Сонсын...
– Сонсын, не болсын. Сендер төбелеспедіңдер...
– Жақсы болды ма?
– Әрине, төбелеспеген жақсы.
– Оның несі жақсы. Қорлықтан төбелескен артық емес пе?
– Ол не қорлық? Төбелестің несі жақсы?
– Жоқ, ол емес... Сонда сен мен туралы не ойладың?
– Айттым ғой, ештеңе де...
– Әне, әлі шыныңды айтпайсың.
– Шыным осы.
– Жоқ, сеп сонда мені қорқақ, су жүрек деп ойладың.
– Оллахи, ондай нәрсе басыма келген жоқ.
– Онда сен мен туралы ештеңе ойламайсың ғой, шамасы, ә?
– Ойлаймын. Жамандықтан басқасын.
– Қорқақтық жамандық емес пе екен? Өзіміз батырды шығарып сап, соны құрметтеп жүргенде, қорқақтық жамандық емес дейсің-ау.
– Батырды көрген адам төбелесіп... ие, сонсын ер атана ма екен?
Айдар үндемей қалды.
– Осы сен-ақ мені жеңіп кетесің. Мен одан қорқып емес, сені аяп төбелеспедім.
– Мені, мені аяп...
Сайра ұқты ма, ұқпады ма? Әйтеуір, қызарып кетті.
– Сен мені аядың...
– Аядым.
– Әйтпесе, төбелесетін бе едің?
– Ие, жұдырыққа жұдырық көрсетсем, қалғаны бола беретін еді.
– Мені аядың. Оныңа рақмет. Ал өзіңді неге аямайсың?
– Өзіңді аямайтын кездер көп болады. Неге екенін білмеймін, қасымда сен жүрсең, сондайдан тартына берем. Бағана қасымызда сен жоқ болғанда нағыз қызыл шеке болатын жер еді.
– Онда мен сенің қасыңнан бір елі қалмаймын.
– Оның жақсылық емес.
– Жақсылық енді не?
– Адам болғансын, бір мезгіл еркіндік керек.
– Төбелес еркіндік пе екен?
Бұл екеуі ештеңеге келісе алмады. Айдар болса Сайраның «қасыңнан бір елі қалмаймын» деген сөзіне қатты жауап айтқысы келді де, бөгеліп қалды. «Көрші болғансын, тату болғансын, бәрібір пәле. Қалмаймын десе қалмайды. Одан да үндемей құтылайын. Анам айтады, үндемеген үйдей пәледен құтылады деп. Бағана да осыны ойлап үндемедім бе? Осы апам да қабаттасып, бір болмайды. Мұңайып, маған қарап отырады, отырады да бірдеңені айта салады. Сонысы кейін мүлде есіңе алмаймын-ақ десең де болмайды, есіңе түсе кетеді. Рас сияқты боп тұрады. Осы менің апам да тегін емес. Кейде айтканы келеді...»
– Ертеңге дейін, мен енді сенің қасыңда жоқпын біреумен төбелесіп қалып жүрме!
Қыз күлді де қорасына енді. Бұл да үйіне бұрылған, Ойлап келеді: «Батыр болса әкемді білмеді. Бірақ сұрап қалдым. Ал мына қыздың не пәлесі бар? Осыны түсінбей қойдым. «Осы қыздың мені көндіре беретін не сикыры бар. Бұл ойнаса, күлсе де, мазақ етсе де көне берем. Басқаларға неге көнгім келмейді. Олардың жай сөзі маған мазақ, тәлкек боп көрінеді. Бұл не пәле! Мына қыздың сиқыры бар ма?..
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
ОЙЫН ДА ОЙЫН, ОЙЫН ҒОЙ, «БРАЗИЛИЯ ҮЛГІСІ» ДЕГЕН НЕ?
Тастүйнек ойын алдында біраз түсіпдірме жасады.
– Футбол деген – жан салып, ынта қойып, басқа анау-мынаудың бәрін ұмытып ойнағанды сүйетін ойын. Олай етпесең жақсы ойыншы бола алмайсын, олай етпесең, ойын жоқ. Бәрі де қызық емес. Сендерге айтар жаңалық бар. «Шалқар» атты футбол командасын жасадық енді оны «Былғары доп» додасына қосыңдар деген өтініш жібердім. Одан дұрыс жауап келсе, әзірлікті күшейтеміз. Күн ара емес, күн сайын екі сағат уақыт бөлетін боламыз. Мектеп директоры бізге деп он бес футболка, он бес трусы, он бес кеды, он бес гетры бермек. Мен бәрі ең болмаса он алтыдан болсын деп отырмын. Біреу болса да запас ойыншының артық болғаны дұрыс қой.
– Бір-біріміздің футболкамызды ауыстырып кимейміз бе?
– Ол онша жақсылық емес. Жеңіске жетіп, үлкен қалаға бара қалсақ, қиын. Ұят болады.
– Бәрібір он үш номерлі майка болса мен оны ешкіммен ауыспаймын, – Айдар жайлап айтты. Сонда да класс тұтас естіді.
– Міне, жеке меншіктер тұмсығын көрсете бастады. – Айдар, Төрехановтың даусын естісе қырсығы ұстап шыға келеді. – Онда бәріміз де сөйтеміз. Киіп ааламыз да шешпейміз.
– Алдымен оларды алайық. Тынышталыңдар! Бүгін кешке қарай ойнаймыз. Директор, мұғалімдер түгел келмек. Жақсы, тәртіпті ойын көрсетсек, көңілі түсер, бір комплект киімді артық берер.
– Капитан сайлаймыз ба? – Аллаберген мұрнын бір тартып, күңк ете түсті.
– Алдымен «Шалқар» командасының құрамын белгілеп аламыз. Капитанды сосын сайлаймыз. Командасыз капитан болмайды.
– Бізде команда деген бар емес пе?
– Қазір «А» мен «Б» деген екі команда бар. Содан іріктеп «Шалқарды» жасаймыз деп айтқанмын.
Бұдан соң Тастүйнек қақпашы, қорғаушылар, жартылай қорғаушылар мен жартылай шабуылшылардың, таза шабуылшылардың міндеті жайында айтты:
– Бұлардың әрқайсысының өз міндеті болғанмен, қарсы жақтың шабуылы кезінде бүтін команда боп қорғанады. Өзің шабуылға шыққанда бүкіл команда көмектесуге міндетті. Қазіргі заман футболы осындай ұйымшылдыкты талап етеді. Мұны коллективтік ойын дейді. Қоманданың ойыны, ондағы табысы мен жеңісі осыған байланысты... Он бір адамнан жасақталған команда бір адамдай ойын көрсете алса, жеңіс болады. Әрбір ойыншының көзі, құлағы, ойы допта болуға тиіс. Жиырма екі адамның ортасындағы жалғыз доп, – сенің ынтаң, жігерің. Соны ұстап ап, дегеніңе көндір! Қайда, қандай қақпаға соғарыңды немесе кімге береріңді анық біл. Футболдың әйтеуір арсалақтап жүгіре беру емес, творчестволық ойын екені де осыдан...
Кешке қарай ойын басталды. Оған директордан бастап, мектеп коллективі тұтас келді. Әрі тренер, әрі төреші Көшеков қолтығына доп қысып, аузына ысқырығын тістеп ортаға шықты. Оның артынан он бір-он бірден екі топ болып ойыншылар келді. Номерлерін арқасына, кейбірінің кеудесіне жазған. Майкадан басқасын балалар үйінен әкелген. Түрлі-түсті трусы, бірі ақ, көк сары, ала трусы, гетры, кеды киіпті. Бір тәуірі майкалар екі-ақ түсті екен. Қара және қызыл. Жетінші «А» класындағылар кара, «Б» класының ойыншылары қызыл майка киген.
Орталық үлкен қалаларда болып, талай-талай футбол командаларын көріп, ойынына қатысқан мектеп директоры өз мектебінің командасының спорт киімдерін көргенде ұялғаннан қызарды, бір сәт жерге қарап қалды. «Тәуір ойнайтын болса, ақшаны қайдан алсам да бұларды жақсылап киіндірем», – деп ішінен түйді.
Төреші ысқырығы. Ойын басталып кетті. Допты ойынға қосуға нәубет алған қызыл футболка киген жетінші «Б» допты бірден алға теппей, артқа, қорғаушыларға қарай жіберді. Мұнысы әркім өз орындарына, бақылауға алатын қарсы ойыншылардың қасына жетіп алсын дегені еді. Біреулер қарсыластарын еліктіріп, допсыз-ақ қақпаға қарай жүгіріп бара жатты. Сөйткенше болған жоқ қорғаушы допты қарсы жақтың алаңына қарай ала қашты. Ортаға жетті де, шетте тұрған шабуылшының алдына дәл түсірді. Ол доп тиген бойда қақпаға қарай ұмтылды. Алдынан шыққан қорғаушыны бұлтақтап жүріп, алдап өтті. Сөйтті де, көп кідірмей допты қақпаға соқты. Қақпашы жығылып түсіп, допты әрең ұстады.
– Әй, мыналарың пәле ғой! – деп директор жан-жағында, көрші отырған мұғалімдерге қарады. Жүзіне жылу кірген.
Бәрі де оны мақұлдап қойды.
Мектеп директоры Күмісбек Есіркепов ұзын бойлы, сұңғақ қара жігіт. Өзінің насат бойына лайық кеудесін тіп-тік ұстайтын, жаратылысынан спортсмен тәрізді келісті, көркем жігіт. Ашық жүзді, жарқын мінезді. Осы өңірдің тумасы. Бір нәрсеге қуанса шын қуанатын, ешбір бүкпесі жоқ, серілігі бар адам. Өзі басқарып отырған мектеп оқушыларының бастамасына шын қуанған. Онысын жасыра алмады. Кәдімгі футболшылардың ойынын көріп отырғандай әрбір баланың қимылын, доп тиген бойдағы өнерін жіті бақылады. Мектепте футбол, гимнастика, бокс, күрес сияқты спорт секциялары болса балалар бос кезін бекер өткізбес еді. Оның үстіне тәртіп жақсы болар еді. Балалардың жастан шынығп, күшті боп өскені қандай жақсы деп ойлайтын. Бірақ оларды басқарып, жетістіретін кім бар? Бүтін бір орта мектепте, мыңнан аса бала оқитын орында физкультурадан сабақ беретін жалғыз мұғалім бар. Ол мынау – көшеков. Жалғыз өзі қайда жетеді? Ол қазір бұл ойынның әнтек екенін сезген. Сенім көрсете алсаң, өзінде ынта болса, жалғыздың өзі-ақ көп іс бітіреді екен. Осы кезге дейін бұларға неге уақыт бөлмеген? Онысы бекер екен. Кейде осыны Тастүйнек деудің орнына өзі де «Тастүйін» деп қалатын. Тастүйін десе, тастүйін, шаруасы жаман емес. Көмек керек... Бәсе, анау керек, мынау керек деп шырылдай беруші еді. Дұрыс, дұрыс...
Күмісбек балалардың ойынына көз алмай қарап қалған. Директордың ықыласына қарап, мұғалімдер де ойынды ықыласты көріп отыр. Директор қол соқса олар да қол соғып, қошемет көрсетеді. Директор күлсе күледі.
– Қалай, мыналардан болашақ мастерлер шыға ма?
– Шығады, жолдас директор Күмісбек Есіркепович! – деді ағылшын тілінің мұғалімі Майра Шораева, – мен бұрын да көргенмін. Анау он үш номерлі майка киген Қоңдыбаев деген бала жақсы ойнайды. «Он үш» деген номері ұнамайды.
– Онда тұрған не бар? Өзіне ұнаса бопты да...
Осы кезде Айдардың аяғына тағы да доп тиді. Алдынан көлденеңдеп Аллаберген шыға келген. Солға қарай бұрылмақ боп, алдамшы қимыл көрсетті де, оңға кілт бұрылып алға шыға келді. Анау ұзын қорғаушы жібермейді ғой деп ойлап тұрған қақпашы қатты қимылдап, біресе алға, біресе шегіншектеп барды да құлап қалды. Айдар дәл теуіп допты қақпаға түсірді. Тор желк ете қалды. Бүтін алаң, әсіресе оқушылар ду көтеріліп, «молодец» деп айқай салды. Дүрілдетіп қол соғып жатыр.
– Көрдіңіз бе, жолдас Майра Шораевна, әңгіме номерде емес қой.
Келіншек қызарып директорға қарады. Оның екі көзі алаңда еді. Тағы бір бала допты қақпаға қарай алып бара жатты. Біреуден өтіп, соңғыға жеткен. Ол тоқтата алмасын білгенсін іштен шалып, жерге топ еткізді. Төреші ысқырығы естілді.
– Олай ойнау айып! – деді директор.
Төреші айып добын соғуға бұйырды. Қарсы жақ ойыншылары сымға қонған қарлығаштай боп тізіле қалған. Сұлтанбековтің солардан асыра соққан добы қақпадан әлдеқайда жоғары кетті. Бүйректей беті нарттай қызарып ол жерге қарады, басын ұстады.
– Мұндай қате мастерлердің өзінде де болады. Басты ұстағаннан ие пайда? Аяқпен ғана емес, баспен де ойнаған дұрыс.
– Ие, сіз дұрыс айтасыз. Бұл ойынды аяқпен ғана емес, баспен де ойнайды.
– Аяқпен тепкенде баспен ойлап ал дейсіз бе?
– Жоқ, мұны баспен де ойнайды.
– Оны білем. – Директор ойынға елігіп, алға қарай итіне отырды.
Алғашқы тайм бір де ноль болып қызыл майкалардың пайдасына аяқталды. Үзіліс кезінде директордың балаларға барғысы келді де, тоқтап қалды. Ойын бітсін, қалпын бұзбайын деген.
Екінші тайм қара майкалардың қатты шабуылымен басталды. Ойынның орта кезінде жетінші «Б» класының ойыншылары нақ айып алаңының ортасында тәртіп бұзды. Айып добын қорғаушы Аллаберген соқты. Торға дәл түсті. Қақпашы бұрыла беріп, аңырған күйі тұрып қалған.
Ойын бір де бір. Мұндай есеп кезінде ойын жаңадан, енді ғана басталғандай қызады. Солай болған. Екі жағы да қайтадан есеп ашуға жан салды. Көпке дейін екі жағы тепе-тең тіресті. Біресе қызыл майкалылар, біресе қара майкалылар алма-кезек шабуыл жасаған. Екі жақтың да қорғаныс шебі мықты екен. Мұның үстіне тренердің берген үлгісі бойынша бес қорғаушы, екі жартылай қорғаушы, екі жартылай шабуылшы, не бары екі таза шабуылшы жүйесімен ойнаған. Мұндайда қақпаны алудың қиын екенін директор да білетін.
Есеп өзгермеді. Ойын едәуір қызық болғанмен, қақпаға түскен доптардың аздығына көрушілер онша риза болған жоқ.
– Түркстандағы керуен сарайдың қақпасынан үлкен болмаса кіші емес қақпаға менің басымның үлкендігіндей допты кіргізе алмай, өздері жиырма екі бала екен, осынша әуре боп, бір сағаттан аса жүргені несі? – деп мектеп күзетшісі Әдежан қарттың ыза бола сөйлегені бар.
Оған Күмісбек рақаттана күлген. Көшековті балалармен қоса шақырып ап, Әдежан қартқа әлгі сөзін қайта айтқызды.
– Жоқ, ә, жүдә, адамның жыны келетін жұмыс істейді. Жүк артқан екі түйе қатар кіретін қақпаға анау жуан жұдырық Төреханның жалғыз қолының басындай допты кіргізе алмай жүр дегенге кім нанады? Өздері аз да емес. Санап шықтым. Әлгі жүгірмей тұрған екеуін қоспағанда бақандай жиырма екен. Мен ендігәрі әуре боп келмейін де. Бұдан гөрі ешкі тартатын көкпарым қызық. Соған ұқсайды дегенсін келіп ем.
– Ой, ақсақал, кызық екенсіз, қақпаға доп топылдап кеп түсіп жатқанның несі қызық? Екі жақ аңдысып, қатты тірескенде ойын нәтижесі осындай боп шығады. Бұл екі жақтың да машықтығын көрсетеді ғой, – деп Тастүйін намыстанып қалды.
Күмісбек сөзге күле араласты.
– Бұл екі ойдың екеуінде де шындық бар. Бұл кісі доптың қақпаға аз түскеніне наразы. Сен болсаң балалардың екі жағы да жақсы ойнағандықтан доптың аз болғанына қуанасың.
– Сонда сіз менің футбол жайындағы білімімді осы ақсақалдың түсінігімен салыстырасыз ба?
– Жоқ, ойбай, тіпті де олай емес. Бұл кісінікі шын. Өйткені бұл кісі, сендердің сөздеріңмен айтқанда, жан-күйлердің ойын береді. Сенікі дұрыс, өйткені сен мамансың! Ал көңіліңе келмесін, осы профессонализм мен жанкүйер сөзі арасынан шығатын бір шындық бар. Футбол командасы, жақсы команда көрушіні тәрбиелеуге тиіс. Ең алдымен ойынды көруге, оны сүюге үйреткен жөн. Оның бірінші жолы қызықтыру. Осы тәрізді ойыншылардың өзін қызықтыру дейміз бе, әлде ынталандыру дейміз бе? Оны да ұмытпаған жақсы. Мәселен, балалар алғашқы ойындарда допты көбірек соғып үйренсе, ынта туады, елігеді. Бұл да әдіс, тәрбие.
– Допты сала алмаса, салғызбаса қайтеміз? Қақпаны ашып қоямыз ба?
– Сен қызба! Футболды тәуір білетініңе енді шегім жоқ. Менің айтайын дегенім көрушілерді де, балалардың өзін де біраз қызықтырса... Түсіндірейін ойымды, қақпаға доп түсіп жатса, ойнаушылардың өзі елігеді, жігер пайда болады. Еңбектің нәтижесін мол көрсе, тағы, тағы деп ұмтылады. Осыған бола алғашқы ойындардың жүйесін басқашалау құрса, балалардың допты қақпаға көбірек соғуына мүмкіндік берсе деймін. Әлде оған болмай ма? Футбол заңдары мүлде бір қатып қалған нәрсе болмас.
Тастүйін директор ойын енді ұқты.
– Ертеде бес шабуылшы, үш жартылай, екі қорғаушымен де ойнаған. Ол қазір ескірген. Қазір «бразилия схемасы» қазақша айтса «бразилия үлгісі» деген бар.
– Кімнің үлгісі болса да пайдалы болса ала берген жөн. Алдымен допты көп салатын жағын ойнат, содан кеп қиындата бер.
– Бұл сан түрінде айтқанда былай болады. Бұрынғысы бес-үш-екі. Соңғысы төрт-екі-төрт. Ал төрт-үш-үш дегені тағы бар. Бәрі сол Бразилиядан шыққан.
– Өзің біліп тұрсың. Осы жүйелердің әрқайсысын екі-үш реттен ойнат. Сонда балалардың түсінігі артады. Өсуге себебі тиеді. Сендердің ойындарыңа келіп тұрам. Балаларға форма алуға көмектесем.
Кезекті бір ойын ескірген «бес-үш-екі» деген жүйемен өткен. Жетінші «А» класының балалары жеңіске жетті. Қақпаға сегіз доп түсті. Есеп бес те үш еді. «Б» класы салған үш доптың екеуін салған Айдар Қоңдыбаев. Міне, жаңаны қоя тұрып, ескіге бір сәт айналып соғудың өзі нені көрсетті. Доп деген бұршақ боп кетті.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
«ШАЛҚАР», «ШАЛҚАР» ҚАЙДАН ШЫҚТЫҢ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?
Бұларды «Былғары доп» жарысына қатысуға облыс орталығына шақырды. Мектеп директоры уәдесі бойынша он бес балаға футбол формасын берді.
Облспорт комитетінен қолым жеткені осы болды. Бала он алты болу керек болса, бірін формасыз-ақ ала бер! – деген Күмісбек.
Мұның бәрі Көшековке онша қиын емес еді. Оған ең ауыр деген нәрсе команданы жасақтау. «Шалқар» деп аталатын, Шолақ қала футбол командасының туы астына он бес әрі кетсе он алты бала жиналуға тиіс. Олар кімдер? Соны ажырату Тастүйінге ауырдың ауыры, қиынның қиыны болған. Бірінің өзі таныс, бірінің көзі таныс, бірінің көзі таныс. Енді бірінің әке-шешесі сыйлы адам. Достың, туыстың баласы. Бәрінен бұрын бірінен бірі онша артық та, озық та тұрған жоқ. Бірінің тренировкасы жетпейді, бірінікі асып кеткен. Екі-үш күн көңіл бөлсе бәрі де қалпына келетін жайлар. Қалай етуді ойлап басы қатты. «Құдай-ау, бәрінен бұрын, артық кім? Кем кім? Мұның өзіне салса көзге ұрып, бадырайып тұрған артықтық аз. Небәрі, бір-бірін бөрікпен соғып алатын жерде жүр-ау. Мұндайда таңдау қандай болуға тиіс? Тәртібіне, сабақты үлгеруіне, нақ осы шақтағы денсаулы,ы мен көңіл күйіне қарауды ұйғарған.
Бұл таңдауда ешкімнің ұсынысын тыңдамауды, өзі дара шешуді ойлаған. Солай болды да. Он алты емес, он бес бала алды. Тізімге он үшінші боп Айдар жазылды. Ал Аллаберген, Алтай, Төреханов, Еңсебаев, Молдабеков, Бименов, Сұлтанбековтер команданың негізгі сүйегі саналады. Таңдауға қатал қарағаны сонша өзінің туған інісі, бірінші көзге, ешкімнен де кем ойнамайтын Беужанның өзін алмаған. Ол ағасына өкпелі. Балалар машинаға отырып жатқанда Айдардың құлағына сыбырлап:
– Мені тастап кеткенде қырып келгендеріңді көрермін! – деген. Сөзінде кекетінді мысқыл жатты.
Көретін нәрсе көп болды. Бұрын футбол деген сөзді естігені болмаса, көрмеген, темір жолдан, жалпы ортадан жырақ жатқан қаланың «Шалқар» атты жас командасы қызықты көрсеткені бар емес пе! Өздерімен құрдас, он үш-он төрт жасар балалар арасында облыстық басқа командаларынан басым түсті. Бес мәрте жеңіске жетті, үш ойын да тепе-тең аяқталды, екі ойыннан ұтылды. Сөйтіп, он үш те жеті есебімен бірінші орынға шыққан. Шолақ қаланың «Шалқар» атты футбол командасы облыста бірінші орынға ие болды. Сөйтіп, «Былғары доп» жарысында республикалық финалға қатысуға жолдама алды» деген хабарды естігенде шолақтықтар өз құлақтарына өздері сенген жоқ. Бұл хабарды сол күні тағы да екі рет қайталап естігенде барып бір-ақ нанды. Бір-бірін құттықтады. Бұдан екі жеті бұрын «Шалқар» облысқа аттанғанда, «көрерміз» деп қалғанның бірі Бейжаннан сұрағанда:
– Көретін жер әлі алда. Мынау біздің Тастүйіннің қулығы ғой. Ол футболды көп біледі. Оның басы толған фантазия, қиял, толып жатқан көп нәрсе біледі. Тактик... Көкем айтады: ол біздің Тастүйін облыста қулығын, білімін асырып кетті. Дәу де болса, бір сүрінетін жері Алматы болар дейді. Әй, ол «Шалқар» болмақ түгіл, «Асқар» болса да Алматыдан асып, алыс кете алмас.
Шолақ жанкүйерлеріне бір ермек табылды. Күн сайын екі рет жолықса, бір-бірінен «Біздің Шалқардың халы қалай екен?» – деп сұрайтын болды.
Ал «Шалқардың» жайы жаман емес еді. Ол жартылай финалға шыққан. Мұндай оқиғаны күтпеген Көшековтың жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні алас ұрып, балалардың тамақ ішкенін, дем алғанын қадағалап тыныш таппады. «Жақсы тамақтанса, уақтылы ұйықтаса» деп безектеумен жүр. Әрине, әзірше далаға кеткен еңбек жоқ. Қайта бәрі күтпеген нәрсе еді. Міне жеңіс қайдан? Ту баста облыстағы жарысқа қатысып, біраз үйренеміз, сөйте-сөйте өсуге жол табамыз деп үміттенген еді. Енді, міне, жартылай финалға шықты. Бұл кейде балаларға, әсіресе тренерге көрген түс немесе ертегі сияқты. «Шалқар» жартылай финалда ойнайды.
Бұл жайдың Шолақтағыларды қуандырғаны, қызықтырғаны сонша, сонау алыстан мектеп директоры ұшып келді. Келе сап, балаларды, тренерді құшақтап сүйді. «Тамақты жақсы ішіңдер! Күшті тамақ, май, ет, қаймақ кілегей жеңдер. Ақша жете ме? Күнде докторға көрсет бұларды. Тамаққа, массажиске қосымша ақша әкелдім!» – деген.
Балалар Күмісбектің ықыласына риза. Бұрын неге мұндайды көрмеген. Директордың осынша мән беруіне қарағанда, бұлардың жеңісі құрметтеуге тұрады. Енді өткендегіден де тәуір ойнап кетсе ғой. Тренер де оларды осыған шақырды.
– Өткен жеңістерді әзірше ұмытқан дұрыс. Керек болса оларды соңынан еске аламыз. Мәселе, жартылай финалды ұтып, финалға шығу қажет. Мен армияда болғанда біздің помкомвзвод сержантымыз ылғи Суворовтың сөзін айтатын «генерал болғысы келмеген солдат солдат емес» деп. Сол айтқандай жеңістен жеңіске жетуді армандамаған ойыншы футболшы емес. Сендерге бір баса айтайын дегенім мынау: бүгіннен бастап бұған дейінгі жеңістеріңді кездейсоқ жеңіс дегенді бастан шығарып тастаңдар. Ол біздің футбол командасын құрған күннен басталған арманымыз, ең басты талабымыз болатын. Енді сол арманды бұдан әрі жалғастыра беруді ойлайық. Жартылай финалдағы қарсыласымыз Ақтоғайлықтар. Оларды ұтсақ, алдымызда «Табак» совхоз бен Қаражалдықтардың бірі, қай ұтқаны қалады. Директор Күмісбек Есіркепович осында болса, біздің ойынға қатыспай, соңғы екеуінің ойынын бақылап отыруға уәде берді. Ол айтады: Менің сендер ойнаған кезде қатысып отыруым балалардың ойынына басқаша әсер етуі мүмкін, – дейді.
– Қайта жақсы болмай ма оның отырғаны?
– Оның жақсы да, жаман да әсері болуы мүмкін. Сендер директордың отырғанын сезіп, асығып-үсігіп, әлденені бүлдіріп аларсыңдар... Оныкі дұрыс.
Жартылай финалдың ойыны тіресіп, кызық басталды. Бірінші тайм ноль-ноль боп біткен. Екінші таймның он бесінші минутінде Ақтоғайлықтар «Шалқардың» қақпасына доп соқты. «Шалқар» ойыншылары бір-біріне қарап, айыптыны іздеп сасқалақтап қалды. Тастүйін орынында тағат тауып отыра алмады. Ол жүгіріп алаңның жиегіне шықты.
– Саспаңдар! Шабуылға, шабуыл! – деп сыбырлай сөйлеп, алаңды жағалап кетті.
Мұның балаларды сүйемелдеп, дем бергені әсер етті ме, үш қорғаушыны соңғы жаққа алдырып, бүтін команда алға ұмтылды. Қарсы жақ қақпаның алды үйме-жүйме болған. Осындай топырдың бірінде «Шалкардың» жартылай қорғаушысы Сұлтанбеков Ақтоғайлықтардың қақпасына доп соқты. Айдардың көзіне мөлт етіп жас келді. Құлағы шулап, жүрегі дүрсілдеп, ол Сұлтанбековті құшақтап сүйе берген.
Ойын теңескенсін, шалқарлықтарға жаңа күш пайда болғандай қанаттанып кеткен. Ойынның бітуіне екі минут қалғанда әлгі Сұлтанбековтің әдемі берген добың қақпаға Айдардың өзі түсірді. Төрешінің ойын біткенін хабарлап берген ысқырығынан кейін Шолақтан келген балалар «уралап», қолын көтеріп, бірін-бірі құшақтап мәз болды. Айдар жата қап, алаңдағы көкке аунады. «Әй, сенде ес бар ма?» – деп оны Сұлтанбеков қолынан тартып тұрғызған.
Екінші жартылай финалда «Табак» совхоздың балалары жеңген. Ендігі кездесу, финал осылармен болмақ.
Директор бұл ойынға қатысқан.
– Бәрін көрдім. Сендерден асып жатқан ештеңе жоқ. Бір-ақ сақ болған артық. Жетінші номерде ойнаған бала үш доп соқты.
– Оны бізде, футбол тілінде «хәт-трик» дейді. Оны мынау Еңсебаев мүлде бұзып айтады.
– Не дейтінін түсініп тұрмын. Әңгіме, сол әлгі жетінші номерді мықты біреуіне кездестіріп қойса...
– Күмісбек жайлап отырып, «Табак» совхоздың балаларының әрқайсысына, жеке ойыншыларына мінездеме, баға берген. Сөйтіп, өз мектебінің балаларымен жеңіс тіледі.
– Сендердің олардан бір айырма, артықшылықтарың бар. Олар қалай дегенде де, ойыншыларын «Табак» совхоз төңірегіндегі жеке-жеке мектептерден таңдап алған көрінеді. Ал сендер болсаңдар бір мектептің оқушыларысыңдар, бір ұяның балапандары сияқтысыңдар. Бұл – меніңше, үлкен артықшылық. Бірлік әрқашан табысты етеді. Бір-бірін білу, түсіне кету, ойынды ұғу сендерде жақсы. Осыдан айырылып қалмаңдар. Екі күннен соң финал. Менің шаруам көп. Сендерге табыс тілеймін.
ОН БЕСІНШІ ТАРАУ
ФИНАЛ ЖӘНЕ ПЕНАЛЬТИ, КҮТПЕГЕН ЖЕҢІС
Төреші алаңның қақ ортасына шықты да, «Мұнда келіңдер!» деп ысқырық шалды. Айдардың жүрегі ысқырық үнімен бірге дір ете түскен. Бүлк еткен кішкене жүрегін сол қолының алақанымен басқандай, төмен қарай бүкшие түсіп алаңға қарай жүгірді. Нақ алдында серең-серең етіп, ұзын сирақ Аллаберген келеді. «Тірсегің ирелеңдеп, қарсы ойнағанда маған көрсеткеніңді басқаға көрсете алсаң жарайды», – дегеннен басқаны ойлауға шамасы келген жоқ. Екі команда алаң ортасына келіп тоқтады.
Бұл жолғы төреші жігіт ересек екен. Алдымен сағатына қарады. Бір-екі минут барын көрді де, балаларға жақын кеп саулық сұрады.
– Анықтамалармен танысқам. Дәл қазір ауырып тұрған ешкім жоқ па?
Ешкім үндемеген. Сонда да болса ойыншылардың бет-жүзіне, киімдеріне қарады. Қайтадан орнына кеп, екі жақтан екі капитанды шақырды. «Шалқардың» капитаны Аллаберген еді. Серең-серең жүгіре шықты да, төрешіге ұп-ұзын арбиған қолын созды. Төреші қол қағысып амандасқан кезде капитанның екеуіне жеңіс тіледі. Қалтасынан бес тиындық қара бақыр алды да, аспанға лақтырды. Герб жағынан түсті. Бұл «Шалқардікі» еді. Сөйтіп, Шолақтың сары даласындай сары майка кигендер ойынды ортадан бастады.
Алаңнан көз алмай Тастүйнек қатып қапты. Екі жағында екі-екіден төрт бала отыр. Бұлар запастағылар.
– Байқап отырыңдар, менің айтқандарымды кім қалай орындар екен? – Бұл тренердің қасындағыларға жасаған ескертпесі.
Тренердің айтқаны аз емес. Қысылмай кең, еркін ойнауды баса айтқан. Тез ойлап, тез шешімге келу – көп жайда ең тұтымды әдіс. Оған шапшаңдықты қосса ше! Жеке ойыншыдан жеті номерлі, тақыр бас (шашын ұстарамен алдырған) қара баланы бақылауды Аллабергенге арнаны тапсырған. Кейде оған көмекке Айдар келуге тиіс. Сөйтіп, болмай бара жатса екеуі екі жақтан қыспаққа алып, допқа баратын жолды бөгеу. Мұның атын «Коровка», «блокировка» дейді деп әбден ұқтырды. Шынында да, «Табак» совхоздың сылыңқыр қара баласы желаяқ безбе екен. Аяғына доп тиді дегенше болмай, тақыр даладағы құйындай домалап, дөңгелене жөнеледі. Ол екі-үш мәрте Аллабергенді артқа тастап кетті. Осы кезде алдын кесе-көлденеңдеп Айдар шыға келеді. Оның айласы ешкімнен кем емес. Кейде ойыншы мен доптың ортасына кіре кетеді де, өзі алып жүре береді. Подкат жасамайды. Оны жаны сүймейді. Онсыз да допты тартып алсам, онсыз да допты оған билетпесем, онсыз да допты басқа жаққа, «аутқа» жібере алсам, подкаттың қажеті не? Ол өзінің осы ойына бекіген.
Қарсы жақтың жеті номерлі ойыншысы екі рет суырыла шыққан да жағдайды өзгертуге себепкер болған Айдар. Бір мәрте жетінші ойыншы Аллабергенге болмай, иықтап, алға кетіп бара жатқанда өкпе тұстан бұл қосылып, кәдімгідей қыспаққа алды. Доптан ол көз жазып қалды. Доп өз бетінше жай домалап, қақпашының қолына тиген.
– Міне, міне, блокировка деп осыны айтады! – деді Көшеков қасында отырғандарға: – Қарап алыңдар, өте қажет болады. Шалып құлатқаннан жақсы. Шалу – қауіпті. Төреші айып доп соқтырады. Шалу – айласыздың шарасы. Басқа айлаң болса, шалуға барма. Ой қандай жақсы! Молодец, Айдар!
Ол осылайша көңілді отырған. Оның аппақ қарға түскен күн нұрындай жайдары, ашық та пәк көңілін лезде қара бұлт басты да кетті. Сол жеті номерлі бала бұрыштан, күтпеген жерден доп алды. Ербеңдеп алдына барған Аллабергенді оңға бір, солға бір бұлтаңдап жүріп, әп-сәтте алдап өтті. Оған көмекке келетін Айдар анау шеттен жүгіріп-ақ еді, үлгере алмады. Қақпаға жақын жерден доп соқты. Стадион ду көтерілді. Тастүйнек қап-қара боп түтікті де, жерге қарады. Не дерін білмей булығып қалды. Аллаберген, Аллаберген, алданып қалдың. Енді не болды? Қаратаудың Мыңжылқы шоқысындай асқақтаған биік көңіл қайда? Деміккен жүрек салқын су сепкендей сап болды да, қайта толқыды. Нақа бір өзі айыпты адамдай қасында отырған өз балаларының бетіне тура қарай алмай, қайтадан алаңды шолды. Төреші қолын шошайтып, алаңның ортасын көрсеткен. Оның жоғары көтеріп алға, ортаға қарай созған қолы мұның тордағы шарбақтай тулаған жүрегін көрсетіп тұрғандай орнынан тұрып кетті. Алаңға қарай жүгіре жөнілгісі кеп тұрды да, тоқтап қалды. Не болса да, болар іс болды? Төреші допты нақ ортаға әкеп қойған кезде бетін басып тұрған Айдардан, басын ұстап тұрған Аллабергеннен, бүйірін таянып аңқиып қалған қақпашыдан басқа көзіне ешкім түскен жоқ, судан көтерген шабақтай бұлтаң етіп, торға соғылған жалғыз доптың айыпкері осы үшеуі еді. Балаларға ерекше үлгі-өнеге көрсетем деп, шылым шекпей жүргеніне өкінді. Қойын дәптері мен қаламынан басқа дәнеңесі жоқ, бос қалталарын құр шарлап шықты. Жүрегі шымырлап, тізесі дірілдеп, орнына әрең отырды. Осы бір сәттің өзінде ойы тоқсан түрленді. Самолеттің үстінде бұлардың жеңісіне тілектес боп бара жатқан директорды есіне алды. «Сіз кеткенсін біз ұтылып қалдық!» деп айту қандай қиын! Бұл әділдік пе екен? Жеңілмейтін команда бола ма? Бразилия да ұтылған. Тіпті, футбол тәңірі атанған Пеленің өзі ойнап жүргенде ұтылған. Қақпаның жолбарысы атанған Лев Яшиннің өзі де допты жіберіп алатын. Манга ше? Ол да талай допты тордан өз қолымен алған. Нетто да қателесетін. Сонда Венсенте Феола да, Қонстантин Бесков те мінбеде тып-тыныш отыратын. Маған не болды?» – Ол аздап тыныштала бастады.
Ойын қайта қызды. Мұның ойыншылары допты жіберіп алғансын, бұрынғыдан қыза түскен сияқты. Жартылай қорғаушылар бұрынғыдай артқа қарайлауды қойды. Бәрі алға ұмтылды. Қарсы қақпа алдына талай рет барып қайтты.
– Сен шық! – деді ол қасында отырған дөңгелек бет, шашын көзіне қарай түсіре қойған, кекілді сарыға. – Қоңдыбаевтың орнына бар. Қорғаушыларға көмектес!
Бұл алаңның жиегіне жете бергенде «Табак» совхоздың қақпасына доп түсті. Стадион бұрынғыдай ду ете түскен жоқ, тым-тырыс боп қалды. Торға шоршып түскен жұмыр доптай Тастүйін жүрегі тағы дір ете қалған. Өзі көзіне өзі сенбей қақпаға, торға қарады. Қақпашының тордан допты алғысы келмегендей, мең-зең боп тұрып қалғаны бар. Төреші қолын шошайтып, ортаны көрсетті.
Қақпа алдына шоғырлана қалған көптің қайсысы салғанын бұл біле алмай отырған.
– Есік «Табак» совхозы командасының қақпасына доп соққан он үш номерлі ойыншы Айдар Қоңдыбаев! – деп хабарлады стадионнан.
«Айдар, жарайсың Айдар! Жіберген қатеңді түзедің» – деп үнсіз ішінен айтты да, алаң шетінде алмастыру күтіп тұрған балаға «қайт, қайт!» деп айқайлады. Ол қайта кеп орнына отырды.
– Сабыр ет! Күте тұрайық.
Көшеков алаңнан көз алмай, өз балаларының әрбір қимылын бағып отырған. Сөйтіп отырғанда, ойынның біткенін аңғармай қапты. Ұзақ ысқырық шалынды. Ойын бір де бір. Мұндай есеп финалда болмайды. Пенальти соғылатын болды. Тастүйнек алаң жиегіне жүгіре шықты. Доп соғатын бес ойыншының кімдер екенін айтты.
Есеп бір де бір.
Пенальтидің алғашқысын «Табак» ойыншылары соқты.
Бір де екі.
Екі де екі. Екі де үш. Үш те үш. Осы жерде совхоз командасы мүлт жіберді. Төрт те үш. Бес те үш. Ең соңы алты да төрт боп бітті. «Шалқардың» ойыншылары алаңда секіріп, айқайлап жіберді. Тастүйіннің қуанышында шек жоқ. Алаңға жүгіре шықты. Балаларды шетінен құшақтап, қысып-қысып қояды, арқадан қағады. Айтары жоқ, тілі байланып қалғандай, кейбірін қуалап жүріп, екі-үш реттен құшақтады. Айдар болса анау кеп кеудесіне қысып, иығынан қаққанда көңілі босап, көзіне жас алды. Сол бір еріксіз шыққан көз жасын ешкімге, досқа да, қарсы жақ ойыншыларына да көрсеткісі келмеді білем, төмен қарай тұқшиған бойы стадионнан зыта жөнелді. Ол шешінген жерге жеткен. Әлі онда ешкім келіп үлгермеген. Суға шомылатын кабинаға кірді де, есікті ішінен іліп алды да, құмары қанғанша жылады келіп, жылады. Бұдан екі жыл бұрын он екі жасында нағашы көкесінің қара көк-дөненіне мініп бәйгеге шапқанда бір жылағаны бар. Онда. бұдан гөрі басқалау еді. Бәйгенің ең алдымен келе жатқан кері көк дөнен ең соңғы айналымда айналма сөредей шығып, ауылға қарай ала жөнелген. Шаршап келе жатқан бала аттың басына ие бола алмай қалды. Сонда ол нағашы көкесінен қорқып емес, алдымен келе алмады, алып тұрған бәйгеден қалдым деп жылаған. Ол өкініштен еді. Мынау қуаныштан жылау еді. Апасы айта беретін «Қуанған мен қорыққан бірдей...» әбден мауқын басып, суға шомылып кабинадан кеш шықты.
Финал мен пенальтндің тарихы осылай басталып еді.
ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ
САМОЛЕТТЕГІ ОЙ, ӘЙТПЕСЕ ОЙНАМАЙ ҰТЫЛМАҢДАР
Қуанышта шек жоқ. Алдымен Шолақ қала тұрғындарынан, достар мен туыстардан көптеген телеграмма алған. Ең алдымен құттықтаған мектеп директоры Күмісбек Есіркепов болды. Жаңадан футбол киімдерін алуға ақша жіберген. Бұлар Алматы «Динамо» магазинінен жаңа футболка, трусы, кеды, гетры алды. Сөйтіп жолға әзірленді. Бәрінен бұрын жүрер алдында Алматының орталық стадионында екі рет жаттығу жасауға рұқсат алды.
Бұлардың сапар алдындағы соңғы ойынын көруге орталық стадионға бірнеше футбол мамандары келген. Жиырма-отыз минут ойыннан соң алаңға атақты қақпашы Аралбек пен шабуылшы Сұлтан шықты. Балалар бұл екеуін қоршап алды. Аттарын көптен естіген, өздерін көрмеген футбол саңылақтарымен кездесуге құмар еді. Бірақ бұл екеуі балалармен көп сөйлесіп жатпады. Бірден-ақ жаттығу жасатты. Аралбек қақпашы Төрехановты, анау басқа балаларды бөлісіп алды.
– Қақпашы қандай болу керек? Оны айтып жатпаймын. Орыныңа тұр. Мен саған доп соғам! – Аралбек допты оңға да, солға да, ортаға да кезек ұрып тұр, – Құлама! Ал оңға, енді солға, енді жоғары секір!
Төреханов бой-бой боп, арам терін мол төкті. Бұрын қанша ойнаса да арқасы жіпсімейтін. Аралбек жайлап қана, бірақ айламен қақпаға ұрып тұр. Жаттығуға қайда, қалай ұмтылуды, қалай қағып алуды немесе басқа жаққа қағып жіберуді үйретіп те қояды.
– Доптан көз алма! Кәдімгі тышқан аңдыған мысық тәрізді сақ бол! Ал соғамын! Оңға! Сен неге солға құладың?
– Сіз оңға дегенмен, солға ұратын сияқты болдыңыз.
– Мен сені алдадым. Алданба!
Қақпа алдында қалай ойнауды, допты кандай жерден, қақпаға қарай қалай соғуды үйреткеннен кейін Сұлтан Айдарды Төреханов тұрған қақпаға алып келді.
– Мына қақпаға, мына жердеп ұрып көрші.
Айдар да әбеден шаршаған екен. Сонда да болса, намысқа тырысып, қақпаға доп ұрды. Жай соғылды. Төреханов оны оңай тоқтатты. Тағы ұрды, тағы қағып алды. Ер кезегі үшке дейін деп тағы соқты. Қатты соқты, бірақ Төреханов жығыла түсіп, допты бұрыштан алаң сыртына жіберді.
– Сен, мынау өз қақпашыңа доп соға алмадың. Ал басқа қақпа, басқа қақпашыға қалай соғасың?
Айдар сазарып қалды. Намысы келді. «Тағы соғып көрейін бе?» дегендей үйретіп тұрған ұстаздарға, Сұлтан мен Аралбекке қарады.
– Тағы үш рет.
Оның көз алды бұлдырап ештеме көрмей кетті. Жүрегі соқты, құлағы шулады. Допты соғар алдында қақпаға қарады. Беті күнбағыстың дән толған дөңгелегі сияқты боп тұрған Төрехановтың жүзінен басқа ештеңе көзіне ілген жоқ. Соғып жіберді. Доп тордың жоғары жағындағы керме ағаштың түбіне түсті. Домалап торға оралды.
Екінші допты ол алыстан жүгіріп кеп, аяқтың басымен жытыра тепті. Төрехановтың күтпеген жерінен, ол оңға қарай бұрылғанда, бұл сол жақ бұрышқа қара ала допты сылқ еткізді. Енді Төреханов ызалана бастады. Көзінің жиегі қызарып Айдарға қарады, «Саған мұндай қуат қайдан пайда болған? Анау Сұлтан ба үйреткен. Мені үйреткен Аралбектің сені үйреткен Сұлтаннан несі кем?» Ол қақпа алдында ойын аяқтап үлгерген де жоқ. Айдар үшінші допты қақпаға түсірген. Бұл жолы Төреханов тұрған жерінен қозғала да алмай қалған. Қақпашы баланың көзі қызарғаны былай тұрсын, енді мұның да көз алды сағымданып, ашуланған. Қақпа қасында тұрған атақты футболшылардың көзін ала беріп, Төреханов Айдарға жұдырығын көрсеткен. Мынау бір езулеп, мысқылдай күлген. Қақпашы одан сайын ызаланды.
Ертеңіне «Шалқар», «Былғары доп» жарысы өтетін жерге ұшып шықты. Самолет Гурьевке бір қонып, Астрахань мен Волгоград үстімен ұшты. Айдар терезеден төменге, кең далаға, иреңдеген өзенге қарап отырған. «Біз Волгоград үстінен өтіп барамыз» деген хабарды естігенде, төменге қарай үңіле түсті. Бұл – бұрынғы Сталинград. Соғыс болған жер. Осы жерде талай ерлер қалған, қағаздан, апасының айтуынан естігені сол – мұның көкесі де осында жатыр. Қайда? Егер іздеп келе қалса таба алар ма еді? Тапқанда не істейді? Ол қиялдап кетті. Тағы ойлап кетті. Табамын. Сұраймын. Бәрін аралап, жазуларды оқимын. Онда көп-көп жазулар бар дейді. Сонсын табылады. Сонсын? Сонсын басына белгі орнатам. Ақшам қайда? Жұмыс естеймін. Ақша табам. Ал тағы не істеймін? Ие, айтқандай, «басыңа ең болмаса бір уыс топырақ салмадым» деп апам неге жылай береді. Мен оның жатқан жеріне сол бір уыс топырақты салам. Сонсын оны апама айтам. Ол жылағанын, жылағанда айтатын «бір уыс топырағын» ұмытады. Сөйтіп, апамды жұбатамын. Мен көкемнің басына топырақ салғансын ол жылағанын мүлде қояды. Сөйтіп, мен апамды азаптан құтқарам...»
Биіктен қарағанда асау ат сүйреткен арқандай бұралаңдап жатқан өзен бойындағы қара шоғыр, қала бейнесі лезде көзден таса боп кеткен. Аздан соң самолет төмендей бастады.
Стаднонға асыға жеткен. Алас ұрып, деміккен көңіл әп-сәтте су сепкендей басылды. Жарыс басталып кеткен. Самолетке билет алушының қатесінен жарты күн кешігіпті. Сөйтіп, «Шалқар» ойынсыз-ақ жеңілген. Қарсы жаққа екі ұпай, бұларға ноль жазылған. Бас төрешінің осы шешімін естігенде, Тастүйін бомбаның жарылған жеріне жақын жатып, есеңгіреп қалғандай, мең-зең боп қалды. Балалардың жартысы аң-таң болса, жартысы мәселені бірден түсініп, жыларман болды. Осыдан бір-екі сағат бұрын әкесі жатқан қасиетті жердің үстінен өткеніне мынау кеп қосылды да, Айдар солқылдап жылап жіберді. Мұны осыншалық нәзік жанды, жүйкесі жұқа деп ойламайтын Көшековтің өзі де бұған таңдана қарады.
– Әй, қой енді, болар іс болды! – деді ол.
Қалған кездесулер оңды болмады. Ойынсыз жеңілгендер салғырт, қалай болса солай ойнаған. Ең соңында одақтас республикалардан келген командалар арасында оныншы орын алды.
– Ең соңы, он бесінші болмағанымызға шүкір! – деп Көшеков балаларын шұбатып елге қайтты.
Бойында ашу-ызасы бар Айдар Волгоград үстінен қайта ұшқанда басқалардан жасырып, терезеге қараған боп, ағыл-тегіл жылады. Бұлар бірінші, ең болмас екінші үшінші орынды алар ма еді, жоқ па? Әңгіме онда емес, әңгіме өкініште. Бұрын өкініп көрмеген жас жүректің алғашқы өкініші жас баланың өксігі тәрізді ауыр да қиын. Бұған оның әке жайындағы ойын қосса оның көкірегін кермек бір ащының улағаны бар. Бірақ дәмін дәл ажырата алмағандай, жасын сығып тастап, әлденеше реет тамсанды. У емес, кермек, тіл үйіреді, жүректі қабады. Содан ба, содан, жүрек шіркін таяз судағы кішкентай май шабактай бүлкілдеп, ернеуге соғып, қайта бүлкілдеп, жағаға тұмсығын қайта соғып бүлкілдегені бар емес пе?
Апасының бар тілегі баласын көру екен. Айдардың ойында ұтқанын не ұтпағанын сұраған да жоқ. Баласын құшақтап мейірлене сүйген.
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ
АЙДАРДЫҢ АЙЫБЫ КӨП ЕКЕН, ЛӘЙЛЕК КАПИТАН САЙЛАНДЫ
Апталық үзілістен соң «Шалқар» командасы қайтадан жаттығуға шықты. Тренер ең алдымен капитан сайлауды ұсынды.
– Бұрынғы капитан Бименов баска мектепке ауысып кетті. Енді біз жаңа капитан сайлаймыз. Содан соң тренировка басталады, – деді де ол өткенді есіне алды. – Біз ойнап ұтылғанымыз жоқ. «Шалқардан» екі ұпай алған команда еңбекпен алмағанын біледі. Және, балалар, олар турнир кестесінде бізден алыс кете қойған жоқ, қатар тұрды.
«Қапитан кім болады?» деген ұсынысқа келгенде балалар ең алдымен үнсіз қалды. Бір-біріне қараған. Төреханов пен Аллаберген, Сұлтанбеков пен Еңсебаев өзара екеу-екеу боп сыбырласып та алған. Кластың түпкі жағынан біреудің:
– Өзіңіз кімді атар едіңіз? – деген даусы шықты.
Осындай бір сауалдың болуын күтіп тұрғандай:
– Мен, әрине, сабақты тәуір оқитын, тәртібі жақсы, балалардың арасында беделді, мінез-құлқы мінсіз және өзі де футболды жақсы ойнайтын баланы ұсынар едім.
– Ондай баланы сіз білмесеңіз, кім біледі?
– Мен. Қоңбыбаевты, Айдарды ұсынар едім.
Тренердің сөзінен соң класс тағы тым-тырыс.
«Неге үндемей қалдыңдар?» дегендей мұғалім-тренер класты шолып шықты.
– Мен, – деді Еңсебаев қолын көтеріп. – Мен айтсам, Қоңдыбаев кейінгі кезде сабақты тәуір оқып жүрген жоқ. Сонсын осы футбол командасын жасақтаған кезде бұл командаға қыздарды да жазу қажет деп бұл сізді, бізді, жалпы қыздарды мазақтаған. Ие, айтпақшы, өткен жазда мұның осы Шолаққа Алдар көсе келіпті деп өсек айтып, бүтін баланы дүрліктіргені тағы бар. Ондай өсектің керегі, кажеті не еді? Одан бұл не тапты?
– Бұл ма? – деді Аллаберген де түрегеп. – Бұл анада аэропорттан батырды, Талғатты шығарып сап қайтқанда сенің әкеңнің қолы жоқ деп Төреханов Маркасканы тәлкек еткені бар. Оның үстіне бұл анау ағылшын тілі мұғалімінің сөзіне қарап, «Он үш» деген номердің бақытсыздығына нанады. Оны Айдардың өзі айтқан.
Көшеков аң-таң боп аңыра қалды.
– Менде де бар, – деп Төрехановтың өзі қол көтерді, – меніңше, мұның ең жаман, ең үлкен қылмысы сол – бұл анау күні тарихтан сабақ беретін мұғалімнен «Дүние жүзілік үшінші соғыс бола ма? Болса қашан болады?» – деп сұраған. Меніңше, бұл соғыс болса екен дегеннің қылығы.
– Мен болса екен дегенім жоқ. Бола ма дедім – деп, Айдар осы жерге келгенде шыдай алмай кетті.
– Бола ма дегенің болса екен дегенің ғой. – Төрехановтың қалың да бүйрек беті бүлк етер емес. – Ал ол аз болса, тағы айтайын, ол анау совхоз бен колхоздың қойларын жейтін, кәдімгі қасқырларды мүлде жойып жіберуге қарсы. Бұл не? Бұл зиянкестік. Қоғам малып жесе жей берсін дегендік.
Класс іші ду етіп тез басылды.
– Мен ұқпай қалдым. Ал Қоңдыбаевтың қылмыстарын санап шығайық. Сабағы жақсы емес. Бір. Қыздарды мазақтаған екі. Алдар көсе келді деген. Үш. «Он үш» деген санының бақытсыздығына сенеді. Төрт. Төрехановтың әкесі жайында айтқаны бар. Қолы жоқ деген. Бес. Соғыс бола ма деп сұраған. Алты. Қасқырларды жер бетінен құртып жіберуге қарсы. Бұл жеті делік. Меніңше, осы жетінің соңғы екеуі болмаса, басқалары тым ұсақ. Мәселен, қыздарды футболға жазу керек деген екен. Онда тұрған не бар? Қыздар қазір хоккей ойнайды. Ертең футбол ойнамайды деп кім айтады. Алдар көсе кепті десе, десін. Сендер нанбаңдар. Әрине, Төрехановқа сенің әкеңнің қолы жоқ дегені жақсы емес. Бірақ оның несін жасырады. Қолы жоғы жоқ қой, Қайта қолын соғыста бергендер соны мақтаныш етіп, көрсетіп жүрмей ме? Бәрі де осы тәрізді ұсақ. Ал соғыс қашан болады деп неге сұрағанын Қоңдыбаев бізге өзі түсіндіріп берсін.
Айдар құлағына дейін қызарып, түрегелді.
– Мен соғыс болса екен дегенім жоқ. Бола ма? дедім. Ондағы ойым ақыр бола қалса, әйтеуір, бір ерлік жасасам, соған әзірленсем деп едім.
– Міне, көрдіңіз бе? Қоңдыбаев ерлік жасаса екен деп, соғыс болуға тиіс.
– Ерлікті соғыссыз-ақ жасауға болады ғой, – деді Тастүйнек.
– Ал әлгі қасқырды қырмау керек деген не пәлең?
– Мен қырмау керек деп айтпадым, қасқырлар керек дедім. Өйткені мен көзіммен көргем. Қасқыр болмаса қойшылар бейқам жүреді. Отарды бетімен жібереді...
– Соған бола қасқырларды қырмау керек, ә?
– Соған бола...
Мұғалім-тренерге соңғы екеуі де онша сұмдық болмай шықты. Бала ғой, балалықпен айтқан болар. Одан да бұларды сөйлете берейін деп түйген.
– Ондай болса, капитан кім болады?
– Еңсебаев!
– Төреханов.
– Соңғысы өте лайық! – деп Аллаберген сорайып орнынан тұрды.
– Ондай болса енді менде сөз бар, – деп Айдар түрегелді. Класс түп-түгел Қоңдыбаевқа қарады. Бұл ешкімді көрген жоқ. Төмен, партаға қарап тұрған бойда:
– Төрехановқа мен қарсымын. Ол капитан болса мен футбол ойнамаймын. Оның «қара жұдырық» деген атының өзі жаман. Өтірік айтады. Мақтаншақ. Ондайлар капитан бола алмайды.
– Мені «қара жұдырық» деп сенен басқа ешкім айтпайды. Бұл өзі ат қойғыш.
– Айтады, бәрі айтады. Сенен қорыққансын білдірмейді. Сен қит етсе жұдырығыңды көрсетесің.
– Ал онда мұны да қойдық. Тағы кім бар?
Тастүйнек балалардың ешкімге тоқтамасын сезді де, Аллаберген бұрын да болған еді, қайтадан соның өзін дайындауды ойлады.
– Аллаберген болады. Екі сөз жоқ. Қәне, кім қарсы?
– Алдымен, кім қарсы емес деп, сұрамайсыз ба?
– Қарсы еместер жоқ. Қарсы кім? Қолын көтерсін.
Ешкім де қол көтерген жоқ.
– Қарсы да жоқ. Аллаберген – капитан.
ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
«БЕТТЕН СОҚПАЙЫҚ» ДЕСЕ ДЕ, ЖАНҒА ТИГЕН ЖҰДЫРЫҚ
Төреханов жаттығу кезінде қайта-қайта Айдарға тістене қарап жүрді де, кешке қарай соңынан қалмай бірге шықты. Мұның да қайсарлығы ұстап, ішкі қобалжуын ешкімге сездірмеген. Екеуінде де үн жоқ. Алда келе жатқан Айдар төбеге қарай көтеріле түскен.
– Жанның бәрі көріп тұрсын демесең, былайырақ, анау сайға, ағаш арасына түсейік! – деді Төреханов.
Бұл солай қарай бұрыла берді. Сайға түсе берісте құжбан қара Айдарды иығынан тартып тоқтатты да, бетіне қарады. Тоқтап бұл да қарай қалды.
– Өкінбейсің ғой! – деді Төреханов.
– Өкінбеймін.
– Бір шарт: беттен сокпайық.
– Болсын.
Төреханов жаттығу киімдерін салған кішкене сумкасын анадай жерге лақтырып жіберді де, ұруға әзірленгендей бұған түйіле қарады. Сумканы бұл да лақтырды.
– Тоқта, алдымен кінәласып алайық. Мен сені жамандамадым. Сен де мені аямадың. Бұл жағы тепе-тең делік.
– Енді саған не керек?
– Сабыр ет! Сөйтіп, екеуміз де капитан болмай қалдық.
– Капитанда тұрған не бар?
– Әңгіме капитанда емес, намыста ғой. Анау ұзын сирақ Аллаберген бізге күледі, мазақтайды. Онымен тұрмайды, бүгін мектепке, одан қалса қалаға жаяды.
– Бар болғаны сол ма?
– Бұл жағы айттым ғой, тепе-тең.
– Енді не дейсің?
– Сен менің өзімді қойып, әкемді мазақтадың. Сол үшін желкеңді тоса бер.
Бұл үндемеді. Желкесін де тоспады. Жұдырығын түйіп, апау ұра қалса, дайын болайын дегендей, ыңғайлана берген.
– Бір шарт: беттен, көзден соқпайық! – деді де, айнала беріп, мұны көк желкеден соғып кеп жіберді. Айдар етпеттеп құлады да, тұра салып, жағадан алды. Төмен қарай сілкіп-сілкіп қалды да қолын босата беріп, желкеден жерге қарай нұқып қалды. Төреханов топырақ асады. Көзі қызарған, екі езуі көбіктенген ол орнынан ойлана, ауыр тұрды да, иықтан алып, жамбасқа салды, енді бір сәтте аяқпен іштен шалып, жерге топ еткізді. Тұра бергенде желкеден тағы соқты. Тағы да ұрды. Бұл жерден тұра алмады. Жерді құшып қалған. Қозғалмай біраз жатты.
– Сен менің әкемді мазақтадың. Мен енді сені қайда кеткені белгісіз әкеңнің артынан жіберемін.
Желкеден тиген соққыдан құлағы шулап жатқан Айдар әлгі бір сөздерді еміс-еміс естіді. Шаң-шаң болған бетін Төрехановқа бұрды да:
– Не дедің, қара албасты? Қайталап айт.
Айдар даусы ызалана шықты.
– Өлігі кайда қалғаны белгісіз әкеңнің соңынан жіберем.
Айдар еңбектеп барды да, атыла тұрды. Көз алды бұлдырап кеткен. Сол қолы жағаға іліккен бойда Төрехановтың таба нандай жалпиған бетінен былш-былш соғып қалды. Анау құламаса да, қаңқалақтап кетті.
– Әй, беттен, көзден соқпаймыз дегеніміз қайда?
– Сен неге...
– Мен уәде бойынша беттен соқпадым. Енді сені әкеңді... әкеңнің артынан мүлде... мүмкін, сенің әкең... сатқын шығар...
– Сен, сен...
Оның тілі күрмеле, ашу-ыза үстінде айтқан сөзі осы ғана болды. Мынау «қара жұдырық» аталған шомбалға мысықша бүктеліп, атылды да жағадан тағы алды. Кеудесінен тіреп итере берді, қолын босата беріп, тұмсығына басын тосты. Мұның қақпа алдында доп соғып үйренген басы оның иегі астынан сылқ ете қалды.
– Әй, манау шындап.. сатқынның, қаншықтың баласы...
Айдар сумкасын алмастан зыта жөнелді. Бетін басып апты. Мынау мең-зең боп, тұрып қапты. Әлден уақта Айдардың құлағына «қорқақ» «қашақ» деген сөздер жетті.
– Өзі және уәде бұзып беттен соғады. Қашқынның...
– Мен қашқын да, қорқақ та емеспін. Енді соқсам, сен өлесің...
– Қорықпасаң келіп, мынау сумкаңды алшы.
Айдар қайта келді. Мынау тұра ұмтылайын деп бетіне қараған еді, өңі тым қатал екен.
– Енді тиіссең, өлесің! Бетіңді бұзамын.
– Беттен соқпайық десем.
– Сен беттен ғана емес, одан да жаман... Жақындама, өлесің. Менің көзім ештеңе көрмейді.
Ол сумкасын алды да, үйіне емес, қаланың сыртына қарай, лағып бара жатты. Қайда бара жатқанын өзі дос сезбеген. «Беттен соқпа дейді. Ал ол ше... ол беттен жаман... Қатын сияқты. Төбелескенде сөйлеп жүреді. Сөйтіп төбелесе ме? Сөйте ме екен? Ол не деді? «Қашқын», «сатқын». Бұл не деген жаман сөз. Осыларды қалай естідім? Мұны естігеннен гөрі әлгі жерде неге өліп жатпадым? «Оның қайта қайтқысы келіп, артына қарады. Төреханов көрінбеді. Кетіп қалған». Қап, қайта барсам, үйінің алдында... Қайтадан төбелессем, не өлтірсем, не өлсем. Қорлық-ай! Ол маған не айтты? «Сатқын»... «қашқын...» баласы... деді-ау!»
Төреханов білетін шығар. Оның соғыста болған, қолсыз келген әкесі менің әкемді көрген болар. Апам мені алдап жүрген бе? Шынында, «Қашқын ба», «сатқын ба»... Оны кім біледі? Мұның өтірік, шынына жетпей, өмір сүрудің қажеті не? Әке деп жүргенім ондай болса, мен басқалардың бетіне қалай қараймын. Масқара! Сұмдық! Басқалардың әкесі соғысқан. Менің әкем ше? Бәрі жұмбақ. Түбі бұл жұмбақты шешпей, шындығына жетпей болмайды. Енді осы шындықты іздеймін.
Ол ашумен қатты жүрді. Қасқабұлақ түбінде отырған нағашы көкесінің ауылына жақын қапты. Ол бетін сүртті, үстін қақты. Қасқабұлақтың мөлдір суына жуынды да, түк көрмегендей боп көкесіне кеп сәлем берді.
– Келдің бе, қалқам! – деді ол. Нағашы апасы құшақтап бетінен сүйді. – Сағындың ба? Біз де сағындық. Қашан келер екен деп күтуде едік. Жақсы келдің. Көктемде жетім қалған қара қозы басқа қойға телінген еді. Қазір отығып кетті. Кейде сені жоқтай ма, есіктің алдына келіп маңырап-маңырап кетеді.
Бұл екеуі Айдардың өсіп қалғанын, неше түрлі кітап оқитынын біле бермейтін. Бала көңілінде тағы бірдеңе дық ете қалды. Ол Абайдан оқыған: «Жетім қозы тасбауыр, түңілер дс отығар» деген екі жолды есіне алды. Бұл да жетім. Түңіледі, сонсын барып көнігеді. Бәрін қойғанда бүгін естіген сөзі, жеген таяғы қандай? Таяқты қойшы, бұл да есесін жіберген жоқ. Естіген сөзін, сөзің айтсаңшы. Қайталауға дәрмен жоқ. Жүрегі дір-дір етеді. Сырты бүтін, іші түтін. Жүректің тереңінде өксік бар. Қара қозы отығып кетіпті. Бұл бастыға алмай жұр. Оқтын-оқтын есіне әке есімі оқыс түсе кетеді. Түскен сайын жүрегі сыздап, бауыры езіледі.
Ол үйіне ертелеп келді. Шешесі жұмысқа кетіпті. Ең алдымен қара сандықты ашып, ішінен баяғыда келген бір бет қағазды тауып алды. Оны ұзақ оқыды, қайта-қайта оқыды. «Қымбатты Қоңдыбаева жолдас» – деп мұның апасына жазыпты. «Сіздің жұбайыңыз қатардағы жауынгер Алдаш Қоңдыбаев 1942 жылдың февралында Сталинград көшесінде Отан үшін ерлікпен қаза тапты...» депті.
Осы қағазды алып военкоматқа барды.
– Мына қағазда көрсетілген дұрыс па, аға? – деп сұраған еді. Ол қағаздарды, ескі бір папкаларды алып қараған.
– Дұрыс көрсетілген! – дегеннен басқаны күткен жоқ.
Ол көшеге шықты. Қиялы тоқсан құбылды. Төреханов беттен, көзден соқпайық деп жүріп, мұның ең жанды, жүрегінің басынан соғып жібергенін сезген жоқ еді.
Айдардың айыбы көп екен. Ләйлек капитан сайланды. Мұнда тұрған не бар? Ал төбелес жайын ешкім білген жоқ. Куәсі жоқ төбелес екі баланың құпиясы боп қала берген.
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
МЕН ДЕ КҮЛЕ БІЛЕМ, БІРАҚ КҮЛГІМ КЕЛМЕЙДІ
Соңғы кездескенде Сайраға Айдар бір түрлі жұмбақ боп көрінді. Сөйлесуге зауықсыз. Тымырайып, әлденеге ашуланып қалғандай өзі мен өзі боп жүрді. Бұрынғы әдетінше Сайра оны сөйлетпек, сөзге тартпақ болды. Оның айласын қапелімде таппады. Тағы да кешқұрым еді. Күн. Мыңжылқының шоқысына мінген. Бірте-бірте төмендеп, Келіншектауға қарай жылысып бара жатты. Сонау жас кездегі сұрау есіне қайта түсті.
– Айдарша, білсең айтшы. Шолақтың күні қайда батады?
– Қарашы өзің. Қайдан бататыны көрінеді ғой.
– Сен айтшы.
– Шолақтың күні үнемі бір жерден батпайды. Ол күннің ұзақтығы мен қысқалығына қарайды.
– Айтшы, кайдан батады?
– Торланнан немесе Балдысудан. одан ұзаса Сандықтау мен Мыңжылқыдан... Кейде, бүгін ол Келіншектаудың сәукелесінен батып барады.
– Ал Шолақтың күні қайдан шығады?
Айдар артына, күншығысқа жалт бұрылды. Жонарқасында, алыстан қарауытып Қасқабұлақтың басындағы бір шоқ тал көрінді. «Шолақтың күні Қасқабұлақтан шығады» деп айта салайын деп ойланды да, өзінің сүйекке сіңген әдетінше үндемей қалды. Бір жағынан Сайра күлер деп те ойлады. Содан да ол бұл сұрақтан үндемей-ақ құтылғысы келген. Бірақ Сайра әңгімені бір бастаса аяқтамай тынбайтын. Сол әдетінше ол қайта сұрады.
– Кәні, айтшы, Айдарша, Шолактың күні қайдан шығады?
– Шолақтың күні Қасқабұлақтан шығады! – дей салды ол.
– Сайра мырс етіп күліп жіберді.
– Неге күлесің?
– Жауабыңа.
– Жауаптың несі бар? Бәрің бірдей күлуге әзір тұрасыңдар. Мен де күле білем. Бірақ күлмеймін.
– Оның осы сөзінде ішкі дүниесі тұтас еді. Ол күлу емес, жылауға әзір еді. «Беттен соқпайық» десе де, тһрехановтың жұдырығы оның жанды жеріне, жүрегіне тиген еді. Содан есеңгіреп қалғандай мең-зең. Басында ызадан басқа ештеңе болмайтын.
Айдар үйіне қарай бұрылып кетті.
ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ
ҚАЙРАН ЖАСТЫҚ, АСАУСЫҢ-АУ?!
– Айдар! Айдарша! Сен қайдасың! – деп дембелше келген ақ сұр әйел сыртқа, аулаға шықты, – Айдар! Айдарша...
Ешкім үн қатқан жөн.
– Айдар! – деп әйел тағы бір дауыстады да үйіне еніп кетті.
Бәрібір шыдап отыра алмад. Ана жүрегі әлденені сезгендей асау соқты Сыртқа қайта шықты. Даусын созып:
– Ай-да-р! – деп айқайлады.
Үн жоқ. Аула төңірегіндегі басқа үйлердің қалың кесек қабырғасына соғылып, әйел даусы сап болды.
Күн еңкейіп, Мыңжылқы тауының оң жақ иығына асыла түсті. Ана сыртқа тағы шықты. Ең бірінші кездескен көршіден:
– Айдарды көрдің бе? – деп сұрады.
– Таңертең орталык көшемен кетіп бара жатқан.
– Содан бері жоқ, үйге келмеді. Тамақ ішетін кезі болды. Қарны ашып калатын болды-ау сорлы баланың!
Аумақты үлкен кара көзді, қою қасты, жасы қырықты алқымдап қалған ана өткен-кеткенге сұраулы қарап, «Сендер, менің Айдарымды көрген жоқсыңдар ма» дегендей, есік алдында аңыра тұрып қалды. Халық өтіп жатыр. Ана жүрегі аласапыран. Он төрт жыл бойы әкесіз, жалғыз ұл өсірген ана жүрегі бүгін бейжай, асау соқты. Бала өскен, орта мектептің жетінші класын бітірген. Қайтар кезі әлдеқашан өтіп кетті. Бала жоқ.
– Айдарды көрмедіңдер ме? – деп таныс көршілердің бәрін адақтап шықты. Тіпті, Шолақтың біраз жерін аралап шықты десе де болар. Ешкім ештеңе білмеді.
Жауап біреу-ақ:
– Кеше орталық көшемен мектепке қарай кетіп бара жатқан.
Ана үйіне сан кіріп, сан шықты. Күн желек жамылып түйеге мінген келіншек тәрізді таудың көк қырқасына жасырынды. Ана жүрегінің дүбірі жиілей түсті. «Айдар, сен қайда жүрсің» деп барлық даусымен айқайлағысы да келді. Тас, кесек қабырғалы жуан үйлерден оның даусы алысқа бармас та еді. Ал алысқа, тіпті нақ осы кезде Айдар тұрған жерге жете қалғанда да, бәрібір ол ана даусын еститіндей күйде емес-ті. Ол өз ойымен өзі боп, асау ойды тоқтата алмай, жалғыз өзі, үн-түнсіз тұрған. Кеш қараңғы тартқан.
Айдар алыста емес-ті. Ол үлкен жолдың үстінде, сондағы үлкен бір телеграф ағашының діңгегіне сүйеніп, сұлық тұр. Тек қарап тұрғаны болмаса алдындағы шағын қаланың жерге төгілген інжу-маржандай қалың отын ортасын қақ жарып өткен үлкен орталық көшені, оның жағасын көмкерген алтын сәулелі, тізген моншақтай оттарға зер сап тұрған ол жоқ. Көз алды мұнар тартып, іші бұлан-талан боп тұр.
Айдар тоғыз жолдың торабына жаңа жетіп, енді қайда, қай жолмен кетерін білмей тұрған жалғыз жолаушыдай шым-шытырық көп сұраудың ортасында еді. «Не істеу керек? Әйтеуір Сайра мен анасының көзіне көрінбей жоқ боп кетуге тиіс». Бүгін түсте ол өзі жеті жыл отырған партаның суырмасына осылайша қағаз жазып тастап кетті. Сол қағазға жазғанын орындап, құриды. Қайда, қалан кетеді, қай жерде, қалай өледі. Айдар, міне, осыны ойлап тұр. Екі сөз, екі ой жоқ. Шешім жалғыз. Шешілген, өлшеп пішілген ой. Тек орындауы ғана қалып тұр. «Қалай өлсем екен» деп ол ып-ыстық маңдайын сипады. Анау таудың қия жартасынан құласа қайтер еді. Жоқ, бұл болмайды. Басы жарылып, көзі шығып, аяқ-қолы сынып, тек мүгедек болып қалуы мүмкін. Сайраны көріп, мүгедек болып жүргеннен қорлық жоқ. Бұдан өлген жақсы. Құдыққа түсіп, тұншығып өлсе қайтер еді! Бұл да болмайды. Өліктің су бетіне қалқып шыға келуі кәдік. Мамасы мен Сайра, бірге оқыған жолдастар оның суға толып, ісініп кеткен денесіне қалай қарайды. Поездің немесе машинаның астына түссе не болар еді? Жоқ бұл да жақсы емес. Мамам қан-қан болған бетімді қалай сүйеді, бөлшек-бөлшек болған денемді қалай құшады, тіпті ол ғана, емес, анау әлгі, өзімен бірге оқитын, Сайрамен дос болғысы келіп жүрген Аллаберген деген ұзын сирақ бала менің быт-шыт болған өлігімді көріп, «ақымақ» деп қан-қан бетіме түкірмей ме?..
Айдардың бұл төңіректе өлгісі келмеді. Өйткені өлігін тауып алады. Достар жылайды, күндестер күледі. Әсіресе Төреханов рақатқа батады. Одан да, не де болса, өлігін көрсетпей, алысқа кетеді. «Жоқ әлде осының бәрін қойып, бүгін класта жазып кеткен хатын қайтып алса қайтеді».
Оның төбеден төмен қарай жүгіре түсіп, мектепке, өзі отыратын класқа келіп, өзі жазған хатын қайтып алғысы да келді. Біреудің қолына түсіп кетсе ше?.. Онда кешікті. Естігендерге күлкі, мазақ болғанша, ойдағыны орындаған артық деп түйді.
Осының бәрін қойып мына сүйеніп тұрған бағанаға асылып өле қалса не етер еді? Бәрібір Сайра мұның өлігін көріп қояды.
Айдар қалаға келе жатты. Бір жаманы сол бұл Шолақта батып өлетін жөнді су да жоқ. Үлкен өзен болса, арқырап ұлан-асыр су ақса, оған түссе ғой, алысқа, мүлде алысқа, көз көрмес, құлақ естімес алысқа алып кетер еді. Суға түскенсін-ақ, оның өлігін жебір балықтар торуылдап, бір-екі тәулікте быт-шытын шығарар еді. Онда мұның қайда кеткенін ешкім білмес еді-ау. Әсіресе, Сайра мұның қайда екенін, не өлсін, не тірісін өмір бақи біле алмай кетер еді.
Ол өзінің оқыған мектебіне келді. Есік жабық екен. Алдында ойланып біраз тұрды. Есікті қақты. Ар жақтан:
– Бұл қайсың? – деген күзетші шалдың даусы шықты.
– Мен Айдармын. Ашыңыз, бір қағазымды класта ұмытып кетіппін, ата! Ашыңыз.
– Ол не қылған қағаз?
– Ата, ашыңызшы, аса қажетті қағаз еді?
Бала даусы дірілдеп шықты. Шал сөзінің шындығын даусынан танығандай-ақ, аяп кетті... Есікті ашты. Күнде көріп жүрген, дудар бас, отты көзді, дөңгелек бет, әдемі қара бала ішке енді. Баланың өңі жылан қуғандай, қуаңқы екен. Шал оған асығып келгендіктен болар деп, мән бермеді. Бала класқа енді де, жалма-жан қайта шықты. Күндіз жазып қалдырған кішкене екі хаттың екеуі де партаның суырмасында, өзі қойған жерде жоқ екен. Демек, қолды болған. Сайра алған шығар. Енді аялдаудың, ойланып жатудың қажеті аз. Бәрі мәлім болды. Көпке күлкі, мектеп оқушыларына мазақ болғанша кеткен жөн деген ойдан басқа ештеңе есіне түспеді. Есіктен зыта шығып, жай дауыспен:
– Ата, рақмет, – деді.
Жан ұшыра жүгіріп бара жатқан баланың артынан шал қарап тұрып:
– Қайран жастық-ай! – деп онсыз да селкілдеп тұрған басын шайқады.
Айдар өзі жазған хатын қалдырған жерінен таба алмағаны болмаса, хат көрші партада, Сайра отыратын жердегі суырмада жатқан. Айдардың өңі бұзылып, толқу үстінде ойырғанын байқаған Аллаберген сырттан бақылап, оның партаға хат жазып қалдырғанын көзі шалып қалған-ды. Ол артынша әлгі хатты оқымастан, дәу де болса Сайраға жазылған хат болар деп, орнын ауыстырып, Сайра отыратын жерге салып қойған. Сайра ол күні өзі отырған жердегі суырмаға қол салмады. Хат орнында болмаса да, алыста емес еді Бірақ ол жерді Айдар қараған жоқ.
ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ
МҰҢҒА ҚОСЫЛҒАН ЖҰМБАҚ
Айдар Шолақтың қараңғылау бір тар көшесімен екі өкпесін қолына ап, жан ұшыра жүгіріп келеді, жүгіріп келеді. Бақтың қасына жеткенде аз тоқтап «осы, қайтсем екен» дегендей, ойланып талдарға қарады. Жоқ болмайды, жоқ, ағашқа асылудың керегі аз. Одан да алысқа, көз көрмес, құлақ есітпес жайға кетпек болды да, зыта берді, зыта берді. Осы жүгірісімен, сол екпінімен келіп, жүк артып Түркістан жаққа бара жатқан машинаның ең соңғысына секіріп мінді. Машина пысылдап ұзай берді, ұзай берді. Айдар оттары жылтылдаған Шолақты тастап, қайда кетіп бара жатқаны белгісіз, әйтеуір кете берді. Қараңғы да салқын тау аңғарыта еніп, Торлан асуына енді де жоқ боп кетті.
– Аршагүл түні бойы ұйықтамай шықты. Ой шашырап, шартарапқа кетті. Он төрт жыл асырап, жеті жыл оқытып, енді көзін аштым адам еттім деп отырғанда жалғыз баладан айрылып қалу оңай ма екен! Өзіне сүйеу болатын, тіпті, ертең үйдің иесі боп, шешесін асырайтын Айдар қайда? Осыларды жіпке тізгендей етіп көз алдына келтіріп, бәрін ертең мен бүгінін, бұл істің немен тынарын ойлағанда ана жүрегін қан басып, басы айналып, көзі тұнды. Айдар қолына түскен кітапты талғамай, жалықпай оқитын. Ол қиялшыл, армандағыш болатын.
– Айдаржан-ау, сарылып кітап оқи бергенше, бір мезгіл сыртқа шығып ойна, кітап деген езіп тастайды, – деген шеше сөзіне ол:
– Апа, әңгіме осы кітапта. Кітапсыз өмір кшеу мүлде мүмкін емес, – деп үлкен адамдарша байсалды жауап қататын. Бірақ апасы қызық. Кейде оған футбол ойнағанын ұнатпай, «асық ойнаған азады, доп ойнағана тозады», – дейтін.
Аршагүл түні бойы төсегінен әлденеше тұрып, есікке барды, терезе алдына да әлденеше рет келіп қайтты. Тіпті, Айдардың жатар орнына келіп, жиюсыз, бос жатқан төсекке ұзақ қарады. Қанша қиналса да, іші тұзды су ішкендей ашып, жүрегі бөлшек-бөлшек боп кеткендей, бейжай болса да, ана көзінің қарашығындай жалғыз баланы жамандыққа кимады. «Жүрген шығар, сабаққа әзірлену үшін жолдастарының біреуінің үйіне барып, шаршағансын, сонда ұйықтап та қалған болар», – деп ойлады. Сонда да болса ана жүрегі асау соғысын бәсеңдетпеді. Мүмкін, ол тағы да анау күнгідей нағашы көкесінің үйіне кетсе ше».
Ертемен Аршагүл мектепке келді. Жоғары класс оқушыларында демалыс екен. Балалардан, кластастардан ешкімді кездестіре алмады. Қарттау келген, қасқа маңдай, еңкіш ақсары кісі, әдебиет пәнінің мұғалімі кездесіп, Аршагүл баласының әдебиеттен үштік баға алғанын, бұрын, жақсы оқып келген баланың кейінгі кезде нашарлау оқығанын айтты.
– Сөйтіп, Айдар әдебиеттен «үш» алды ма? – деп тіктене сұрады Аршагүл, шошып та кетті.
– Солай болды, – деді мұғалім, – солай болды. Мен де аң-таң топ қалдым. Жақсы жазатын, тәуір білетін пәні әдебиет. Балаға не болғанын ұға алмадым.
«Сұмдық осы үштіктен болмасын» дегендей Аршагүлдің жүрегі бүлк ете қалды. Оның есіне, Айдардың ертеректе қиялдап отырып айтқан бір сөзі түсті, ол айтушы еді: «Апа, мен не ақын, не жазушы болсам деймін. Жазушы болып, мына тауды, мына төңіректі қоршаған сұлу табиғатты жырға қоссам; Сандықтау, Келіншектау, Мыңжылқыны суретке түсіргендей жырласам. Апа, апа деймін қандай тамаша, анау тауларға қарашы, көшкен елдің түйесі сияқты бір-бірімен іркес-тіркес боп кетіп барады».
Анаға баласының қиялы қатты ұнап еді. «Балам аман болса, адам болады екен» деп қуанған ол осы кезде.
– Балам әдебиетші болам деуші еді. Кітапты өте көп оқушы еді. Жазуды қалай жаман жазды екен, қалайша жауап бере алмады екен? – деді мұғалімнен.
– О, сіз күдіктенбеңіз, кітап оқу өз алдына, мектеп программасында жоқ әдебиетті білу өз алдына, бізде оқу құралы, белгілі программа бар емес пе? – деді мұғалім.
Аршагүлдің бұдан әрі қарт мұғаліммен түсінісіп тұруға уақыты болмады. Баға жайлы әңгіме бұл жерде артық та еді.
– Алдымен баланы табайын, сізбен кейін сөйлесерміз! – деп кете беріп еді мұғалім.
– Сіз сәл сабыр етіңіз! Сіздің балаңыздың достасып жүрген қызы Сайра сабақты өте жақсы білелі. Ол әдебиеттен жазушаны да, ауызшаны да «беске» тапсырды. Ал сіздің балаңыз кітапты, бөгде кітапты көп білгенмен, программаны өзінің кластастарындай жетік білмейді...
Айдарды қайда барып, кімнен сұрауды білмей тұрған ананың құлағы елең ете қалғандай:
– Кім дедіңіз, әлгі қызды?
– Сайра. Сол сіздің балаңызбен бір класта оқиды.
Аршагүл баласын намыстандырып алмайын деп, Сайраның үйіне барғысы келмей, оған бір баланы жіберді.
Әлден уақта Сайра келді. Толықша келген ақ сары, екі көзі тұнық қара, сүйкімді қызды ол талай көрген. Бірақ баласының бұл қызбен дос екенін білмейтін. Сайра Айдардың анасын көргенде қызарып төмен қарады да, артынша бұрыннан таныс кісіше:
– Саламатсыз ба? – деді.
– Жақсы ма, қалқам, Айдарды көрдің бе?
– Кеше, сабақтан кейін көргенім жоқ.
– Ол содан кейін үйге қайтқан жоқ. Тағы да кімдердің үйіне баруы мүмкін? – деп сұраған ана жүзінен жас қыз да едәуір абыржуды байқап қалды.
Екеуі бір-біріне не айтуды білмей, қипақтап тұрды да, – «Отырған жеріне бір белгі тастап кетпеді ме екен» деген оймен ана Сайраны ертіп класқа келді. Айдар отыратын партадан ештеңе табылмады. Сайра өзі отыратын партаға келіп отырды. Партаның суырмасына қол салғанда, төрт бүктелген кішкене екі жапырақ қағазды алып шықты. Сайраның жүрегі лүпілдеп, сүйріктей жіңішке саусақтары лір-дір етіп кетті. Мұны байқап тұрған Аршагүл шыдай алмай қыздың қасына келді.
Қағазды ашқанда Аршагүлдің де, Сайраның да көзіне Айдардың қолтаңбасы оттай басылды. Қағаздың бірінде: «Сайра! Қош бол! Айдар!» депті. Екінші хатты: «Мама! Мені іздеп әуре болма! Айдар!» делінген.
Аршагүлдің ақсұр өңі оңған шүберектей боп, қаны қашып, ерні кемсеңдер, басы айналып кетті. Жанында тұрған партаның ернеуінен қос қолдап, таяна түсіп, әрең дегенде, баласының көп жыл отырған партасына өліктей сылқ ете түсті.
ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУ
МЕНІҢ ӘКЕМ КІМ БОЛҒАН?
Күндер зулап өте берді. Айдар қайтпады. Мектепте де, бірге оқыған достардың арасында да Айдардың бұл қылығы жайлы түрлі-түрлі болжам, қилы-қилы топшылаулар болған. Біреулер: «Айдар қорқақ, емтиханнан қорқып кетті. Көрерсіңдер осыдан, емтихан біткенсін қайтып оралады» десе, енді біреулер: «Алғашқы емтихан алдында алған үштікті әділетсіздік деп, соған наразы боп кеткен болар», – деп түйді.
Бұл екеуінің қайсысы болғанда да Айдардың кайтып оралар шағы өтіп бара жатты. Хабар-ошар жоқ. Бұл оқиға тиісті орындарға жеткізілді. Төңірекке іздеу салынды. Амал не, суға лақтырған тастай боп, шым батып, ол дерексіз кете берді.
Осы бір күтпеген қайғы үстінде Айдардың анасы Сайрамен таныс қана емес, сырлас боп алды. Жалғыз баладан ойда жоқта айрылып қалған анаға Сайраның жаны ашыды. Емтихан біткенсін Сайра Айдардың мамасына жиі келетін. Екеуі ұзақ сырласып, жас қыз ана қайғысына ортақ та, тіпті, мұңдас та боп алған.
Айдардың осы дүниедегі ең жақын адамы – анасы, одан соңғысы, сыртқа шығарып айта алмаса да, іштей ұнатқаны, жақыны Сайра еді. Осы екі жақын адамның көп күнгі сырынан, жоғалған жанды еске алған сөздерінен бір шындық туған еді. Айдар арманшыл, қиялшыл, бірдеңені істегісі кеп тұратын, мазасыз, іштей күйгелектеу де еді. Намысқой еді. Әкесі жоқ баланың көбі-ақ секемшіл. Ол қолына түскен кітапты, неше түрлі ғылми-фантастикалық кітапты бас алмай оқитын. Осы бір көп оқудың, көп толғанудың әсері болар, бала қиялшыл да, арманшыл да боп, тым тез өсті. Бойы ғана емес, ойы да өсті. Оның үстіне әке махаббатын көрмей өскен бала әлдене жетпей тұрғандай тұйықтау, сөйлер сөзге, шешіліп айтуға сараң боп өскен еді.
Өзгелер не десе, о десін, бұл екеуінің топшылауы шындыққа жақын еді. Әсіресе Сайра айтқан бір әңгіме Аршагүлдің есіне қайта-қайта орала берген. Ана тілі мен әдебиеттен сабақ беретін мұғалім бірде класта еркін жазу сабағын өткізген. Онда «Менің әкем кім болған?» деген еркін тақырып берілген. Осы жазуды Айдар жазбай қойған. Ақ қағаздың бетіне «Менің әкем» деп жазған да басқа жағын бүтіндей ақ күйінде қалдырған. Қол қрйып бере салған. Бұл жайды еске алғанда Аршагүлдің өз ойы бар. Бала әкесінің, әйтеуір Сталинград түбінде қайтыс болғанынан басқа ештеңе білмейді. Кім болды қандай ерлік жасады? Оны бала білмейді. Мұның үстіне оның әке жайын, оның ерлік істерін балалар сөз ете бастаса, мұның ондай жерден тез ғана зытып отыратын әдеті тағы бар-ды.
Ал Айдардың өзіне салсақ, «әкені мақтаныш ете алмау, оның есімін сеніммен, мақтан тұтып айта алмау өте қиын нәрсе. Оның басынан шықпаған жалғыз сұрақ бар: менің әкем кім болған? Ол не істеген? Қалай өлген? Естігені рас па? Әлде қағаздағы рас па? Оны кім біледі? Сөйтіп, бір сұраудың өзі сан сұрау боп, мұның басын шырмаумен болды. Мұның әкесі Алдаш Қоңдыбаев жайында бірге соғысқандардың өзі ештеңе айта алмаған. Бұған Төрехановпен екі арада болған төбелес қосылды. Оны бірақ ешкім білмейді.
Әке жайындағы өкінішке үштіктер қосылды. Баға өз алдына, үміт те тұра тұрсын. Тәуір көрген, дос санаған әдемі қызға айтқан, Сайраға айтқан арманға толы асыл сөздер қайда? Сайра болса ешкімге мақтанбай-ақ алдын- ала уәде бермей-ақ жақсы оқыды, емтиханды жақсы тапсырды. Кім болам десе де болады. Ал Айдарды үштік бағамен кім алады, не деп оқытады? Ешкім алмайды. Айтылған әдемі сөздер желге ұшып кетті. Ертең Сайра Алматыға барып, университетте оқыса, Айдар Шолақтың тозаң басқан бозалаң көшесінде екі қолын қайда қоярын білмей, біресе қалтасына салып, біресе желкесіне асып, сенделеді де жүреді. Өзінің қасында отырып бірге жүрмегенсін Сайра оны ұмыта бастайды. Қарсы келіп, кездесе қалса Сайра ұялса да амандасады, бірақ бұрынғыдай шүйіріліп тұра қалмайды. Мұны менсінбейді. Тіпті, былай шыға беріп, оның баяғы айтқан желбуаз сөздері есіне түсіп, Сайраның мұның көзін ала бере күлуі де мүмкін. Бір қорлық бұл. Бұған әке күйігін қосса ше?
ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУ
ТҰРМЫСЫҢ ОРЫНЫҢДА, ШОЛАҚ ҚАЛА
Сонымен Айдар жоқ. Жерде де жоқ, көкте де жоқ, суда да жоқ. Ана таянышым деп ұққан жалғызын ұмыта алмады. Жесірлікке жалғыздық келіп қосылды. Бұл сол жесірліктен де қатал екен. Ана соққыға, өмір соққысына, шаншулы найзаға өзі келіп құлағандай, жүрегін қан басып кетті. Ақ жүзінен нұр қайта бастады. Көбінесе ол баласын түсінде көріп, «Айдар, Айдар, сенбісің» деп шырт ұйқыдан шошып оянатынды шығарды. Күндіз де, кейде «Айдар, әй, Айдар-ай» деп күбірлеп жүреді. Тамақты екі тостағанға бөліп қояды. Қасына қасығын коса қояды. Мұндайда ол көз жасын тыя алмай, өксігін баса алмай, ұзақ отырады.
Сонау бір Айдар кеткен күні жинаусыз жатқан төсек әлі күнге дейін жиналмады. Аршагүл ырымшыл емес еді, неге олай еткенін кім білсін, баласының төсегі жиналған жоқ. Кейде осы төсекке келіп, баласының иісі сіңген, шашының иісі бар ақ жастықты құшақтап, ұзақ жатып көзінің ыстық жасын төгеді. «Ә, Айдар, Айдар-ай, жесірліктің тақсіретін көтере білген анам, жалғыздықты да сондай көтереді деп кеттің-ау», – деген сөзді қайта-қайта айтып, өз төсегіне оралады. Ертелі-кеш әлдеқандай өзіне ас әзірлегенде, ана не әдейі, не жаңылысып, тамақты екі ыдысқа бірдей, қатар құйып қояды. Буы бұрқыраған, ыстық тамақ салынған ыдысты, Айдардың тостағанын көргенде ананың көзі жасқа қайта толады.
Міне, содан бері үш жыл өтті. Іздеу-сұрау көп болды. Бірақ ізіне дәл түскен ешкім болмады. Уақыт тым тез өтті, әйтпесе мүлде орнынан қозғалмай, жүрмей қойғандай еді. Ал ана көзінің алдында Айдар нақ бір кешегідей-ақ екі көзі жаудырап, көмірдей қара шашы жылтырап, бір езулей күліп тұрды да қойды. Үш жыл өтсе де, ана баласын өлімге қимады, күдерін үзбеді. Көз алдында кешегі сәби кезіндегідей тұрғанмен, оны күткен жылдар анаға ғасырдай ұзақ көрінді. Келе қалса бір күнгідей болмас еді.
Ал Айдарға үш жыл үш күндей зулап өте шықты. Ол бүгін Волгоградтан ұшып шықты. Отанның батысынан шығысына бет алған үлкен лайнердің ең соңындағы кішкене салонның артында, нақ терезенің алдында отыр. Ой әлдиінде, қиял құшағында. Өткен іздерге де түсіп алды. Сонау бір түнгі қайда кетіп бара жатқанын білмей мінген түнгі машинадан бастап, Айдардың көз алдынан Гурьев, Астрахань, Волгоград қалалары өтті. Соның бірінде ол техникалық училище бітірді. Сөйтіп, құрылыстың пілдей ұстасы, ағаш шебері атанды. Одан ақша жиып, Волгоградқа келіп, әкесінің қабырын іздеді. Солдат Алдаш Қоңдыбаевтың қабырын әрең тапты. Тапқан күні көкесі тіріліп келгендей қуанды. Оның басына түнеп шықты. «Алдаш Қоңдыбаев» деген сөзді ол өз көзімен оқыды.
Астрахань, Волгоград қалалары өз ауылы, өз Шолағы сияқты боп кеткен еді. Бірақ туған жер, анасы тұрған жер ыстық көрінді. Әке қабырына үш мәртебе басын иіп, алдына тізесін бүгіп, жолға шыққаны осы. Бес саусағынан өнер тамған ағаш ұстасы Шолаққа да керек шығар деп қояды. Ойлап келеді. Әкесіне көрсеткен құрметіне риза. Бұдан басқа, майданда өлген әке қабырына ескерткіш, топырақ салған кім бар? Өз қолымен топырақ салды. Бір уыс топырақты сонау қашқан түні ол Шолақтан, тұп-тура төбенің, ескі қаланың орнынан ала кеткен. Сол бір уыс топырақты ол ең қымбат затындай сақтап, әкесінің бейітіне төкті.
Ең қымбаты – мұның қолында әке бейіті басында өсіп тұрған емен ағашының жалғыз түп бұтағы бар. Оны су құйған ыдысқа отырғызып. сыртын қағазбен орап алған.
Ойдың ендігі бір кезеңінде Айдар өзінің өткен кездегі, тіпті, сонау туған қаладан ең алғашқы кеткен шақтағы қылығына тоқтауды киялдап отырды да, жүрегі дау алмады. Еске алудың өзі тым ауыр еді. Әсіресе анасын ойлағанда жүрегі оқыс, тым жиі соғып кетті. Бәрінен қиыны осы ана боп еді. Кейінгі кезде көп ойлайтын. Соның бәрінде анасын ойлайтын. «Күйіктен өліп қалмады ма екен» деп те қапаланған. Онсыз да тірі өлік боп, қара киінген ананы ол өлімге қимады. Ол туралы ойлағысы да келмеді. Бірақ көңілден анасын шығарса-ақ болды, екінші бір бейне, әйел бейнесі көз алдына кеп тұра қалады. Ол Сайра бейнесі. Өз топшылауынша, әрине, нақ осы кездегі ойынша Сайра мен ана, екеуі бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі тағдырдың адамы. Баласынан басқа қол созар, үміт тұтар ешкімі жоқ ана соқкының ауырын көтерді. Ал Сайра болса, көп болса аяған шығар, кейде есіне ап, толғанған болар, кейін ұмытып та кеткен-ді. Әйел баласы, оның ішінде жас адам тез қызынады, тез суынады.
Сайраны ұмытқысы келсе де ұмыта алмады. Қайда жүрсе де сүйкімді ақсары қыздың қара көзі мұның көз алдынан кетпеді. Бірде Сайра баяғы жас кезіндегідей тұлымы желпілдеп көрінсе, бірде сұңғақты, бой жеткен боп елестейді. Артынша анасын есіне алады. Самолеттен Шолақтың кескіні көріне бастады. Ол қаланы айналып өтті. Бәрі таныс, бәрі біліс, көзге ыстық, көңілге жаттанды жер.
Айдар ойдан тез серпіліп, жерге қарады. Терезеден төменге көзі түскенде, теріскейдің жағал-жағал кер танау шоқылары, Келіншектауды, Мынжылқыны, Сандықтауды көрді. Шолақ үлкен боп көрінді. Айдар жүрегі бүлкілдеп, көзіне жас келді. «Дүниеде сенен сұлу тау, сенен сұлу қала бар ма!» – деп ойлады ол. Басына қайдан түскенін өзі де білмей қалған. Оның есіне мектептегі күзетші шалдың:
Тұрмысың орыныңда, Шолақ қала,
Не жақсы, небір ездер еткен пана.
Түніңді күзетемін кірпік қақпай,
Қөшеңде болмасын деп пәле-жала, – жалғыз шумақ өлеңі түсті.
Самолеттен түсіп, туған жердің ауасына, тау мен дала ауасына шыққанда басы айналыңқырап, екі-үш рет теңселіп кетті. Құлағы шуылдап: «Айдар, Айдар, сенбісің, қайда жүрсің?» – деген дауыс жеткендей болды. Ол алақтап жан-жағына қарады. Ешкімді көрген жоқ. Сонда да болса, шулаған құлағын алақанымен уқалап: «Мен келдім» деп күбір ете қалды. Бірақ мұны естіген пенде жоқ. Бұлардан соң тағы бір самолет келіп қонды. Содан шыққандардан қолында дөңгелек сары шамаданы бар, бойшаң сары қыз бұған тесіле қарап:
– Жаным-ау, өз көзіме өзім сенейін бе, сенбейін бе, сен Айдармысың? – деп бұған тұра ұмтылды.
Қыз біресе күлді, біресе жылады.
Айдар тылсымдап тастағандай қозғала алмай қалды.
– Құдай-ау, нанайын ба, нанбайын ба, сенбісің, Айдар!
Айдар үндемеді. Бірдеңе деуге мұршасы да келмеді. Кенеттен тілі байланып қалған адамша аңқиып тұрды да қалды.
– Біз сені күте-күте... – деді қыз. – Апаң екеуміз.
«Мені күткен. Екеуі күткен» дегеннен басқа ойына ештеңе түспеді. Қыз шыдай алмады білем, мұның қасына келді. Бетіне қарады. Қолын иығына салды.
– Неге үндемейсің! – Таңдана қарады. – Сөйлесеңші. – Ең болмаса, Шолақтың күні қайдан шығады екен. Соны айтшы.
Оның есіне бала көздегі әңгіме түсті. Бір езулеп, жымия күлді. Қыз қуанып кетті. Жігіттің жүзінен жылылық көрді. Содан да сұрауын қайталай берді.
– Шолақтың күні қайдан шығады екен?
– Алыстан, тым алыстан, – деді Айдар.
Екеуі иін тіресіп, Шолаққа қарай тартты. Жолай оның бірінші айтқаны:
– Апам бар ма? – деді.
– Күтіп отыр.
ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУ
КӨРШІНІҢ ЖҰЛДЫЗДАРЫ ДА КӨРШІ ТҰРА МА?
МЕНІ ЖАҚСЫ КӨРСЕҢ БІЗДІҢ ҮЙДІҢ ИТІН ДЕ ЖАҚСЫ КӨР
Аршагүл қуанышы шексіз еді. Ол ең алдымен өксіп-өксіп жылаған. Артынша жылай тұрып күлген. Баласын мейірлене құшып, маңдайынан сүйген, күн иісі шыққан шашынан иіскеген. Қайта-қайта құшақтап мауқын басқан. Бір қызығы кеше ғана белгілі бір жаққа кетіп, бүгін қайтып кеп тұрғандай, қайда барып, не істеп қайтқанын сұрамаған. Баласы алдында тұр. Басқаның оған қажеті не? Қайда барып, қайдан келгенін керек десе өзі айтсын. Айтпаса мейлі. Келді ғой, келді. Бойының өскені болмаса баяғы бала қалпы. Әрине, бұған солай көрінеді. Ана оның бойына ештеңе жуытпақ емес.
Ана ойынша мұның өзі ғана келген жоқ, келмей кеткен әкенің осы үйге рухын ала кіргендей. Рас, әне басындағы ескерткіштің фото-суретін әкелген. Көп адамның аты-жөні жазылған ұзақ тізімнің орта кезінде әкесінің аты тұр. Онда «қатардағы жауынгер Алдаш Қоңдыбаев» деп жазылған. Жазуы ап-анық. Оны Аршагүл қайта-қайта оқыды. Неге екенін Айдар ұға алған жоқ, бұл жолы апасы бұрынғыдай, өзін осы келісте көргендей жыламады. Кім біледі, бала қайғысымен жүргенде жар қайғысын ұмытқан болар.
Күн өткен сайын бәрі де бәз-баяғы қалпына кеп, сейіле түсті. Айдар ең алдымен әке басындағы ескерткіштің фото-суретіне рама жасап, тұсына, көрнекті жерге іліп қойды. Содан соң осындағы құрылыс бригадасына ағаш ұстасы боп орналасқан. Шешесінің оқуды қайтесің деген сұрағына: «Кешкі мектепке оқимын. Он жылдықты содан бітіремін деген». Екі жыл қалып қойды. Енді соұталдай боп, сегізінші класс балаларымен отырғысы келмеген. Техникалық училишце бітірген қағазы тағы бар. Ол осыларды медеу етті де, жұмысқа түскен. Осы ойын сезгенсін, оқу жайында әңгіме айтып, Сайра да мұны қинаған жоқ.
Сайра бүгін де келді. Айдар үйінің жанына өзі сонау Волгоградтан әкелген емен ағашының жалғыз шыбығын отырғызып жатқан.
– Бұл не ағаш? – деді Сайра осы ағашта бір сыр барын сезгендей.
– Әшейін ағаш қой! – дей салды. – Сен одан да футболшылардың жайын айтшы. Сонымен «Шалқар» не болды?
– Не болсын... Жарыстарда жеңеді дейді.
– Дейдісі несі? Өзің көрмедің бе? Кімдер ойнайды?
– Сен кеткелі үш маусым өтті ғой? Мен олардың ойынына бір-ақ рет бардым.
Сайраның даусы «сен жоқсың, несіне, кімге барам» дегендей ұғылды. Айдар ойын анықтағысы келді.
– Сен бұрын ойынды құр кетірмейтін едің.
– Маған бір түрлі... Командаға жаңа келген әлгі бір Амантай деген бала ойынға кілең сенің майкаңды киіп шығады.
Айдар Сайраның өңіне қарады.
– Менің майкам қалып па еді осында?
– Қалған жоқ па еді? Ол кілең «он үш» номерлі сары майка киіп жүреді. Ол сенікі емес пе?
– Он үш номерлі сары майка біреу болмайды, – деді Айдар жайымен. – Сенің сол майканы көргің келмеді ме, әлде майканы киген баланы көргің келмеді ме? Міне, қызық, майканы жек көріп футболға бармаған.
– Жоқ майканы емес, сол майканы кигенді.
– Оның не жазығы бар? Ол сені ұрмаса, соқпаса, сені танымаса, өзі жаңа келген болса...
– Ол жазықты емес. Әйтеуір «он үш» деген цифры бар сары майка көрсем, білмеймін, ойыннан кетіп қалғым келетін.
– Майканы енді былай таста! Әлгіден басқа жаңа ойыншы бар ма екен?
– Бәрі бұрынғылар болса керек. Бірақ неге екені белгісіз, көбі атын өзгертіп алған дейді.
– Атын өзгерткені несі?
– Түсінбейсің бе? Қазір Төреханов, Сұлтанбеков, Бименов, Молдабеков, Еңсебаев деп ешкім де атамайды. Бәрінің жаңа аты бар.
– Фамилиясын да, атын да өзгерткен бе?
– Өзгертті ме, жоқ па, оны білмеймін. Әйтеуір, оларды қазір мүлде басқаша атайды.
– Мәселен, Төрехановты кім дейді?
– Қайсын қалай дейтінін анық білмеймін. Сұлтанбеков, Молдабеков, Еңсебаев деп ешкім де атамайды. Оның орнына Нетто, Яшин, Биба, Сабо, Месхи, Стрельцов, Хусаннов дейді.
Айдар күлді.
– Бәрі де түсінікті. Әліне қарамай дәмелерін қарай көр. «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп нағашы көкем айта беретін. Бөрібасарларым-ай.
Жасынан Айдарды сөзге тартып, сөйлете беруге үйренген Сайра бұл жолы да әңгіме осымен бітіп қалмасын дегендей:
– Сондай-ақ, олар кімдер еді?
– Олар футбол жұлдыздары болған...
– Бұлардың да өз жұлдыздары бар шығар. Аспанда әрбір адамның өз жұлдызы болады дейді ғой менің анам.
– Болса бола берсін. Мен әлі өз жұлдызымды көрген жоқпын.
– Мен де көрмедім.
– Мен де... Әйтеуір бір кезде, бар болса, көретін шығармыз.
– Жұлдызымыз қатар тұрса, бірге көрсек.
– Көрші тұрғандардың жұлдызы да көрші, қатар тұрады деп ойлайтын шығарсың.
– Сондай болатын да шығар.
Айдар тағы күлді. «Қатар жүрген адамдардыц жұлдызы да қатар тұра ма екен?» Бәрін ойлап, пішіп қойған бір қызық дүние ғой. Әшейін, өздерін-өздері есіркеп, алдандыруға бола ойлап тапқан жұлдыздар болар. Кешке қарай аспанға қарайыншы. Мүмкін көрермін. Оны қалай таниды? Бәрі қиял шығар... ой, осы адамдар бар ғой, өзіе керекті бірдеңе ойлап табуға келгенде алдына ешкімді салмайды... Тапқыш-ақ. Мына қыздың өзін қара! Жұлдызы бар ма, жоқ па? Онымен жұмысы жоқ. Әйтеуір бола қалса жұлдызының менің жұлдызыммен қатар тұрғанын көргісі келеді. Міне, фантазия! Мен енді, бұдан былайғ көзіммен көріп, қолыммен ұстамағн нәрсееге сенбеймін.
Ол соңғы сөзін іштен емес, естірте айтты.
– Сенбеймін! Адамдар өзін-өзі алдайды. Алдағанда кәдімгі сенетін етіп алдайды. Мен жетінші класта жүргенде әлгі мектептегі күзетші шал айтатын: «Алдаудың бәрі адамның өзін-өзі алдауынан басталады» деп. Ол өзі үндемей отырып пәле шал. Бұрын әжептәуір, үлкен қызмет істеген дейді. Осында бір кезде жылаған баланы «Әдежан келе жатыр» деп, қорқытып жұбатады екен. Қазір жапалақ сияқты түнде ұшып, күндіз жасырынып жатады. Өзі әлі бар ма?
Бар екен. Оның есіне осы шалмен қоса баяғы түн, Шолақтан кеткен түн келді. Кетер алдында тіл қатқан адам сол еді. Өзі әлі бар екен. Әдейі арнап сәлем берсе де артық болмас еді. Бұрын қандай болса ондай болсын, қазір кім, мәселе сонда ма екен? Ең алдымен Әдежан әке. Оның өзіне тартқан шотпалдай-шотпалдай ұлдары мен қыздары бар. Олардын көбі Айдардан үлкен.
– Футбол жайын білмедің. Он үш номерлі майканы көресің де, көзіңе пәле көрінгендей, стадионнан тұра қашасың. Енді мектептің, қаланың жаңалығын айтпайсың ба?
– Ешбір жаңалық жоқ. Мен майкадан қорықпадым.
– Аз, көп емес, үш жыл ішінде ешбір жаңалық болмауы қызық екен. Қорықпадың, жай үріктің...
– Үрікпедім. Қызғандым. Шын айтам, сен киген майканы басқаның үстінен көріп ішім ашып кетеді.
– Мұны айтқансың. Жаңалықты.
– Анау әлгі Жандар деген бір жігіт бар еді ғой, бізден бұрын оқыған. Сол сонау алыстан керемет бір сұлу қыз әкелді. Екі-үш айдан соң әлгі сұлуы бір түнде Түркістан жақтан келген біреумен қашып кетіпті. Көбейсін той-домалаққа ақша сұрамайтын жерден әйел аламын деп Алматы жаққа кеткен. Әлі жоқ. Сонда бір шопанның қызына үйленіп, көмекші шопан болып қалыпты дейді. Мен де сені бір жерде көмекші шопан шығар деуші едім. Молодец, оқу бітіріп, ағаш ұстасы боп кеткенсің. Мынау біздің қалаға ұста, есік, терезе, еден салатын ұста керек-ақ. Бірақ сен намыстанып, шақырған жерге бармай қоясың ғой. Біздің үйге де бармайсың ба?
– Көрдің бе, көп әңгіме айттың. Бүгінге сол да жетеді. Екінші, сенің сөзіңе жауап. Өзі білетін жұмысты сыйламаған надандық. Әркім өзінің мамандығын құрметтеуге тиіс. Ол, ең алдымен, сені біреу шақырады екен, сенің өнерің керек болғансын шақырған. Сен оған барасың. Бармасаң, сені сыйлап шақырған, сенің мамандығыңды қажет етіп шақырған жерге бармасаң, сенің өзіңді өзің өз мамандығыңды сыйламағандығын.. Мен шақырған жерге барамын. Сен емес, үй иелері шақырса, сенің үйіңе де барамын.
Сайра оған әуестікпен қараған. Баяғыдай тұйық емес. Екі-үш жылда өскен. Ақылды сөздер айтады. Апам не атам шақырса, бұл біздің үйге де барады...
Айдардың екі бірдей шаруасы бар. Құрылыс бригадасында ағаш ұстасы, кешкі мектепте оқиды.
– Сен командаға кел! – дегенді бірінші айтқан Тастүйіннің өзі. Ол мұны тәуір көретін, ойынын ұнататын. – Біз енді бір-екі жылда республика тобындағы командалар қатарында ойнайтын боламыз.
Ойланып қалды. Жақсы ойын көрсетсе, белгілі командалардың бірі шақырып қалуы да кәдік. «Қазықұрт», «Жігер» командасының бірінде ойнауды арман етпес жас бар ма? Әсіресе соңғысы біркелкі ойнамайды. Қолына келген затты көңілі келсе көлдей етіп, көңілі келмесе шөлдей етіп жасайтын алақол ұста тәрізді кейде тәп-тәуір ойнайды да, кейде қожырап кетеді. Өзіне тән, шебер командаға лайық стилі, ойын өрнегі жоқ. Мұны Айдар көп естіген, өзі де көрген. Көріп отырғанда мына ойыншы мен болсам, әлде қайтер едім деп талай-талай қиялдаған. Кейде ұйымшылдық жетпесе, кейде техника, кейде кәдімгі ынта мен ықылас жетпейді. Қолға алған іс не үлкен, не кіші болсын адамның шын ықыласын, оған қоса қайрат-жігерін талап етпей ме? Өз командасында техника болмаса да, ынта мен ықылас, мықты қайрат көрсете алмаған ойыншы алаңға шығуға ұялмай ма екен? Мұндай ойынды көргенде Айдар өзінен өзі қызынып, қарап отырып қызаратын. Тіпті ұялатын. Өлімнен күшті не бар? Одан күшті ұят бар. Емен ағашы иіледі, бірақ сынбайды. Ер жігіт ұяттан өледі. Ар деген – жігіттің ең осал жері.
Ол қасында Сайраның тұрғанын енді сезгендей, оған бұрыла беріп:
– Сен қыздың мені аңдудан басқа шаруаң жоқ па осы? – деп күлді.
– Аңдымадым. Сөйлесуге келдім.
– Сөйлесуге келсең, сөйле, құлағым сенде...
– Өзіңмен өзің боп, қиялдап отырсың.
– Оны қайдан білдің?
– Көріп тұрмын.
– Сенің адамның ішіндегісін көретін пәлең тағы бар ма еді?
– Ондайды әркім-ақ біледі. Мен де білем.
– Мә, сендер қалай-қалай алыс кеткенсіңдер. Жетіліп қалғансыңдар. Бос сөз. Бос әңгімені тастайық. Қызық бір оқиға айтшы Қиял емес, болған болсын.
– Тіптен қызық болсын ба?
– Қызық болсын.
– Қызық. Қүлкің келеді. – Алдымен Сайраның өзі күлді. Артынша осы әңгімені айтып не керегі бар еді дегендей іркіліп қалды. Қызарып кетті – өткен жазда Аллаберген маған хат жазды. «Екеуіміз дос болайық» депті. Мен жауап бердім: «Досым бар», – дедім. «Кім?» – депті. Сені айттым. Ол жоқ қой депті. Мен: ол бар. Келеді, дедім. Мен сені жақсы көрем деген. Айдар сені жақсы көрсе, тастап кетпес еді, деп жазды-ау ол. Міне, нахал! Мен оған былай дедім: сен біздің үйдің қасынан өткенде кілең қорадағы көк қасқа төбетті қорқытып, тас лақтырып, жәбірлеп кетесің. Оның жақсы емес. Егер сен мені шын жақсы көрсең, біздің үйдің итін де жақсы көруге тиіссің дедім. Сөйтіп...
– Содан кейін ол сіздің үйдің көк қасқасын да жақсы көре бастады ма?
– Әйтеуір бұрынғыдай тимейтін болды.
– Сөйтіп, итімді азаптан құтқардым де... Бұл да болса шаруа екен.
ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУ
ЕМЕН МЕН СӘМБІТАЛ, ӘЙТПЕСЕ ЖАС ҰСТАНЫҢ ӘЛІППЕСІ МЕН ҚҰПИЯСЫ
Айдар ауланы аласа ағашпен қоршады. Кішкене қақпа жасады. Емен ағаштың жалғыз шыбығын сорайтып қойғысы келмеді де, төңірегіне басқа да ағаштар отырғызды. Мұнда өзінше қулық та, құпия да бар. Емен ағашы кәдімгідей өсе қалса, оның жалғыз екенін, қандай ағаш екенін ешкім білмейді, аңғармайды. Ал өспей қалса, ненің өсіп, ненің өспегенін көрсетпеуге тағы жақсы.
Емен шыбығы осы жердің өз ағашындай жапырақ жайып өсе бастаған. Қашан тамыр жайып, оны бекітіп алғанша ерекше күтім де қажет болған. Әсіресе ол суды жақсы көретін ағаш. Ылғалды аяған жоқ. Баланың ықыласына лайық алақандай жалпақ-жалпақ жапырақтар жайды. Жаңа бұтақтар көрсете бастады. Тамырына су құйып, төңірегін босатын-босатып қояды. Қысылмай, булықпай өссін, сәмбі қаратал, терек ағаштарымен жарыса өскен емен шыбығын көргенде ол Волга, бойындағы, оның аралдарындағы жүз жасаған дүлей ормандарды, онда өсетін не қилы ағаштарды көз алдынан өткізеді. Әсіресе емен ағаштары қандай зәулім, қандай сұңғақты, мықты десеңші. Мынау да сондай боп өсер ме екен? Қандай боп өссе де, өссе болғаны. Бұл ескерткіш. Әке бейітінің басынан алынған. Мұның да өз құпиясы, өз сыры бар. Ол мұны апасына да, Сайраға да айтқан жоқ. Себебі де жоқ емес. Бұл айтып қойса, ағаш өспей калса, тағы не болады? Одан да ұзақ үндемей, соңын күткен. Қандай адам болса да, үлкеннің үлкенше, кішінің кішіше, өзіне лайық сыры, құпиясы болады. Мұнда өзінше, әлі ешкімге тіс жармаған екі құпия бар. Бірі Төрехановпен екі арада болған төбелес. Бірі осы ағаштың не ағаш екені, қайдан, қашан, не үшін алынғаны. Соңғысы өз жүрегінің әкеге деген ілтипаты, құрметі болсын. Оны ешкім білмей-ақ қойсын. Бұл Айдар жүрегін әкеге деген жылы сезімге бөлеген, соның нысаны, белгісі, ескерткіші делік. Бәрібір бұл ағаш сырын басқаға айтқанмен оның, тыңдаушының жүрегіне мұның өзіне әсер еткендей әсерлі боп жетпейтінін де сезеді. Тіпті, бұл қай тахуалық деп біреулер күлуі ғажап емес.
Ал Төрехановпен екі арада болған оқиғаны ешкімге айтпайтын себебін өзі де білмейді. Өзі шыны қалай боп еді, бұл жеңіліп қалды ма! Жоқ бұрын естімеген жаман сөздер естіді ме? Қашып, екі-үш жыл із-түзсіз кетуіне себепкер болған сол күнгі кешкі айқас болғанын ешкімге сездіргісі келмей ме! Ал Төреханов болса, Айдардың сол оқиғадан соң ұшты-күйлі жоғалып кеткенінен қорқып, ешкімге ләм-бұйым демеген. Бұл қайтып келгенсін де, айтудың жолын білмеген. Сонымен, екі-ақ адам білетін оқиға, үшіншісі болмағансын, ұзақ сақталып, кәдімгі құпия боп қала берген...
Айдардың өз ойынша бұл екі сырдың бірі түбінде ашылмай қоймайды. Ол – ағаш сыры. Өйткені ағаш өсіп келеді. Ол биіктеп өскен кезде Айдар оның көлеңкесіне отырады. Сонда оның жүрегі лүпілдеп, жақсы сезім билейді. Сол кезде бұл емен ағашының сыры айтылып та кетеді.
Ағаш ұстасына тән қасиеттің бірі – сол өз қолынан өтетін ағаштың сыры. Бұл, әрине, емен сырын жақсы білем деп айта алмайды. Бірақ қасиетсіз емес. Оны біледі. Бұл елдің ежелден жақсы көрген ағашы – сәмбітал. Мұны сүйгізген қасиеті бар. Ол ең алдымен иілгіш. Бұдан бұрынғы ағаш шеберлері оның осы қасиетін жақсы көрген. Одан иіп, киіз үйдің неше түрлі қаңқасын жасаған. Кереге, уық, шаңырақ, тіпті бақан мен құрық, сырық, төсек ағаш осы сәмбі талдан жасалады. Бұл иілгіштік қасиетімен бірге затында «сүйегі» жеңіл ағаш. Көшпелі елге оның осы қасиеті ұнайтын.
Айдардың бір білетіні сол – сәмбі талға қарағанда емен ағашы иілмейді, қайта морт сынады. Өзі қатты, өзі ауыр. Демек, емен сәмбі талдың қарама-қарсысы. Мұның үстіне сонау бір жылы күзетші Әдежан намысқой жігіттің біріне, одан сайын қыздыра түсіп, «емен ағаштың иілгені – сынғаны, ер жігіттің ұялғаны – өлгені!» дегені бар. Бүгін мұның есіне осы сөз де түскен. Бірақ мұнысымен, иілмей сынатын қасиетімен емен ағашы сәмбі талдан артық па екен? Ал сәмбі талдай емес, сүйегі қатты, ауыр ағаш делік. Ауырлық пен қаттылық ертеде көшетін елде онша көп құрметке бөленген емес. Айдар мұның шет жағасын көзімен көрді. Көкшеқұмда қой бағатын нағашы көкесінің үйі тұп-тұтас Сыр бойында өсетін сәмбі талдан жасалған. Бәрі жеп-жеңіл, қолды-аяқтай. Машинаға тиесе де, түйеге артса да, жығуынан тиеуі оңай. Әрине, мұнысымен сәмбі тал еменнен қасиетті бола қоя ма? Жас ұстаның ойынша емен мен сәмбі тал ғана емес, дүниеде өсетін әрбір ағаштың қасиеті бар. Иілмейтін, иілсе сынатын қасиет, – табиғат берген ерекшелік. Бұл еменде бар. Шыбығын қайырсаң жас қоғадай майыса түсетін сәмбі талдың табиғат берген қасиеті – қасармай, иіле түсу болса, ол жаман ба екен? Сәмбі тал осы иілгіштігінен игілікке көп тұтынған. Оның бұтағы мен діңгегінен уық, кереге, шаңырақ, сырық пен құрық жасаса, солқылдақ көк шыбығынан қамшы өреді, себет тоқиды, бақшаға қоршау, қойға жеңіл қора жасайды. Осы бір қасиеті басқа-басқа, табиғаты бөлек екі ағаш Айдар үйінің қасында қатар өсіп келеді.
Ағаштардың табиғатын тану – жас ұстаның алғашқы әліппесі еді. Сол әліппе сәмбі тал мен еменнен басталған. Бір жағынан қызық. Бұл екі ағаштың қасиеті қарама-қарсы мінезді адамдарға да келеді. Бірі қайсар, иілмейді, иіле қалса морт кетеді. Бірі жұмсақ, қалай қарай қайырсаң, солай қарай иіледі, сынбайды, көнбіс, елгезек. Әйтеуір, бір баста болмайтын мүлде ерекше, басқа-басқа қасиет.
ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ЖІБЕРІЛМЕГЕН ХАТ, ӘЙТПЕСЕ БІР УЫС ТОПЫРАҚ
Сайра оныншы класты бітіріп, басқа қалаға оқуға кетті. Одан Айдарға арнайы хат жазған. Хатында жеті жыл бірге, бір класта, бір партада отырған сырлас болса да, бір-біріне бұрын хат жазыспағанын айтқан. «Тым қаталсың, Айдар. Сен үш жыл із-түссіз жоғалып жүріп те хат жазбадың-ау! Ең болмаса енді хат жаз, жазған хатқа жауап бер. Сен маған айтпаған, мен сұрамаған сыр, құпия бар. Сен сонау жылы неге, қалай кеттің. Сонау алысқа қалай жеттің? Соны да айткан жоқсың...»
Айдар Сайра жазған хатты екі рет оқыды. Ең соңында сонау жылы Шолақтан кеткен түннің сырын түгел болмаса да, жартылай ашқысы келіп, сол шақта жазылған, бірақ жіберілмеген хатты жөнелтті. Сайра хатты алған бойда бөлмеге енді. Қағазы сарғайып кеткен, тым балаң кездегі таныс қолтаңбамен жазылған ұзақ хатты жалық пай, жатақхана бөлмесінде отырып оқыды.
«Сайра! Сен мені іздеме! Апама да айтып қой, іздемесін! Бәрібір ешкім таба алмайды. Ойымдағы істі бітіргенсін, өзім-ақ қайтамын.
Бұл бір. Ең бастысы – мен тірімін. Жер басып, өз аяғыммен жүрмін.
Екінші – қайда жүр, ол жаққа қалай жетті дейсіңдер ғой? Мен Шолақтан машинамен Түркістан келдім. Поезға отырдым. Ең соңғы вагонды орта жолда басқа поезға тіркеген. Сонымен теңіз жағасына, Гурьевке жеттім. Сонда біраз күн болдым. Осы жерде қалуды ойладым. Сонда жүрген цыгандар тетарында сахна жасаушыға көмекші, жүк тиеуші болдым. Олар күзге қарай Астраханьға көшеді екен, солармен ілесіп, теңізбен, теплоходпен арғы бетке өттім. Келесі көктемде әыгандар Волгоградқа келді. Мен олардан мені театрдан сахна құрушы ету мақстаымен ағаш ұсталығы бойынша оқуға берді. Мен ұсталықты үйреніп жүрмін. Терезе рамкаларын, есіктерді, карниздерді жасаймын. Ол өз алдына ұзақ әңгіме. Бірақ олар маған бізбен бірге қал деді... Ар жағы мүлде қызық. Цыган боласың дейді. Билеуді, гитармен ән салуды үйретеміз дейді. Талантың ашылса, артист боласың дейді. Өзің атқа жақсы отырады екенсің, атты күтуді білесің деп мақтайды. Апама айт, қорықпасын, бәрібір қалмаймын. Елге қайтамын. Сағынып жүрмін. Елді, Шолақты сағындым...Бос кезде цыган балаларымен футбол ойнаймын. Олар жақсы ойыншы емес. Жақсы финттер жасайды. Жүгіруге жалқау. Бірақ шетінен доппен билеп кетеді.
Бір күні училищеден рұқсат алып көкемді іздеуге шықтым. Мамай қорғаны деген жерге келдім. Ескерткіш көп. Адам аты көп. Екі-үш рет келіп, сол тізімдерді оқыдым. Менің көкемнің аты-жөні жоқ. Бекер келдім деп ыза болдым. Жылағым келді. Сөйтіп жүргенде бір кісі айтты, қаланың солтүстік жағында, сыртта, Дубовка деген жерге жақын бір топ бейіт барын айтты. Кейін соған бардым. Күн жексенбі еді. Көп адамдар жүр екен. Ақыры тауып алдым. «Қатардағы жауынгер Алдаш Қоңдыбаев» деген жазу көзіме оттай басылды. Басым айналып, көзім тұнып кеткендей боп әлгі жазудың алдында ұзақ тұрыппын. Не істерімді білмей, әлгі жазу алдында тұра бердім, тұра бердім. Адамдар кетіп, халық сиреген кезде етпеттей құлап, жаңағы жерді құшақтай алдым. Соңғы рет қашан жылағаным есімнен шығып кетіпті. Бұл жолы көп жыладым. Неге сонша жыладым, өзім де білмеймін. Кейін де ойладым. Сонша неге жыладым. Апамды сағындым ба екен? Әлде, әкемді, өзімнің көзім көрмеген әкемді көргендей қуандым ба екен?
Бәрі өтті. Енді осы бейіттің басына келгенімді білдіріп бір белгі қалдырсам деймін. Ол, әрине, ағаш емес, не темір, не тас болуға тиіс. Біздің училишеде тас пен темірдің де шеберлері бар. Соларға жалынам да... Жасап берсе, соны қоямын. Оқу бітірген соң ұста деген қағазымды алам да елге қайтам...»
Сайра хатты қайта оқыды. Бір класта отырып «а», «б» деген әріптерді бірге үйренген баланың басынан өткен мына жайларға қызықты да аяды. Қызыққаны сол – көргені көп. Басқасын былай қойғанда долылардың арасында болған. Олармен тіл табысқан. Олар оқуға берген. Аяғаны сол – әкесін тапқаны, соның бейіті басында төгілген жас. Неге сонша жас төгілгенін өзі шын білмей ме екен? Әрине, әкесінің жатқан жерін көзімен көргенсін, куаныштан ба, әлде басқадан ба, әйтеуір жылаған. Айдар қандай батыл. Ол ерлік жасаған. Алысқа барды. Онда окыды. Маман, ағаш ұстасы боп қайтты. Көкесінің басына өзінің сонда болғанын айтып белгі қойған. Басындағы ескерткіштің фото-суретін түсіріп алған. Туған жердің бір уыс топырағын бейіт түбіне төккен сол жақтан әкелген анау бір шыбықты қызғыштай қорғайды. Онда бір сыр бар-ау. Бәрінен бұрын ол әкесін қандай жақсы көреді. Мен неге әкемді сол сияқты жақсы көрмеймін. Әлде қасымда, көз алдымда жүргесін қадірін Айдардай білмейтін шығармын. Әке де шешедей жақсы екен ғой. Әке! Сенде де қасиет мол. Сен әкесің.
Қайткенде де бұл түні Сайра Айдар жайында ең жақсы оймен ұйықтаған еді. Әке сүйе білген бала өзі де жақсы әке болады.
ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ОЙЫНШЫ ЕМЕС, ЕТІКШІ, ӘЙТПЕСЕ ӨЛІМНЕН ҰЯТ КҮШТІ
Айдар кешкі мектептен қайтып келе жатқанда Тастүйін кездесті.
– Мәссаған, кезбе, келгеніңді естігем! – деді де хал-жайын сұрады. Кешкі мектеп Шолақ орта мектебінің жанында болатын. Соны ескерте келіп, – бәрібір бізден, оның ішінде менен алыс кете алмайсың. Одан да тренировкаға кел. Көрейін, футболды ұмытпаған болсаң, командаға қабылдап жіберемін.
– Мен онда да футбол ойнадым.
– Кіммен?
– Өзіміз, осы сендер сияқты.
– Сендер сияқты... Біздің «Шалқар» қазір «Б» класындағы команданың қай-қайсысымен болса да тайталаса алады. Біз биыл көктемде «Қеншілермен» кездестік. Сонда олар екі де бір есебімен әрең ұтты. Онда да анау Аллаберген сөлеңдеп жүріп, біреуін айып алаңында құлатып кеткені. Төреші қолын шошайтып он бір метрді көрсетті. Он бір метрді ұстайтын немесе қағып жіберетін қақпашының бізде жоқ екенін білесің. Еңсебаевтың қақпаға қарай кетіп бара жатқан допқа қолын созуға да мұршасы келген жоқ. Аузын ашып қала берді. Сөйтіп, сен кәне, уәдеңді айт, келесің бе?
– Сіздер бұрынғыдан әлдеқайда жақсы ойнайтынын болсаңыздар. мастерлермен кездессеңіздер, маған қиын ғой.
– Кел, көр, жүрегің дауа алса, ықыласың болса, үйретемін, жетіліп кетесің. Басқасын былай қойғанда сенде негіз, ойынға деген ыңғай бар еді. Содан қалғаны болса, өзім оятамын. Ойнайсың! Сенен шығады. Үміт бар. Кел.
Айдар бірінші күні тренировкаға келіп, сырттай бақылап отырды. Команда өскен. Ойындарында едәуір кесте, өрнек бар. Бос жүгіру, мақсатсыз тебе салу, допты бет алды алып қашу, орынсыз қызбалық бұрынғыдан аз көрінді. Бірлесіп ойнауды да үйренген. Мұның байқауынша, «Шалқар» өсуіне өскен, бір осал жағы балалардың тез шаршағаны еді. Тез шаршау дене тәрбиесінің аздығын көрсетеді. Осыларды ойлап отырды да, командаға келсем келейін деп түйген. Ойын жағым осалдау болғанмен мен мынау Аллаберген, Амантай, Масақбайлар тәрізді он-он бес минуттен соң арсалақтап қалмайтын шығармын. Көрейін, көрейін деген. Қызынып та кетті.
Айдардың бұлайша ойлауы негізсіз де емес еді. Ол жасынан нағашы көкесінің малға мінетін атының жалында ойнап өсті. Одан оның қара көк дөненіне мініп бәйгеге шапты. Бір емес, бірнеше рет бәйге алған аттың тізгінін ұстап шапқан осы Айдар. Ерте тұрып, сауын сиырды падаға қосудың, одан кешке қарай алдынан шығып, қораға әкелудің өзі де мұны шынықтырған. Ашық алаңда тепкен доп, одан «Шалқардың» өзінде ойнаған шақтар бар. Астрахань мен Волгоградта ол ұсталықты оқыды. Күн сайын терезе рамаларын, есік қораптарын жасайтын. Бос кезінде доп ойнаған. Цыган баласы бұйра бас Льваның қасында футбол ойнаудың өзі рақат та, сор да еді. Рақаты сол оның аяғына доп тисе болды, өзінің біреуіне бермей, айырылмайды. Кімге берсе де дәл береді. Соры сол – кейде допты ешкімге бермей, олай бір, былай бір бұлғақтап жүріп алады. Бірді емес, екіні, үшті қалай болса солай алдайды. Не пас бермейді, не өзі соқпайды. Бұлталаңдап жүргені. Кейде ол мұны қарсы жақ ойыншыларының жүйкесіне тиюді мақсат етіп, әдейі істейтін сияқты көрінетін. Қайткенде де Льва жаман ойыншы емес еді. Мына бір, командаға кейін келген Амантай деген баланың ойыны осы Льваны еске салады. Өзі тағы Айдардың номерімен он үш болып ойнайды екен. Запастан екінші таймда шықты, жаман емес, ең тәуірі еркін, қысылмай, қымтылмай қимылдайды екен. Мұның өзіне жетпейтіні де осы еді. Әйтпесе бұлшық еті тастай, жасынан желаяқ атанған мықты да мығым баланың аяғына доп тигенде не істерін білмей сасқалақтап қалатыны несі? Кейде мүлде қызық, сырттан қарағанда балалардың әр қайсысының мінін көріп отырады да, өзі ойнағанда солардың қатесін қайталаудан көз ашпайды. Бәрінен қорлығы сол – ойындағының бірі болмайды-ау! Немене, пәле, жаңа ғана өйтсем, бүйтсем деп ойнаған кездегі ойлар қайда? Көңілде тұрған көрікті ой қимыл үстінде быт-шыт боп кетеді. Бір де бірі қисынға келмейді. Ой деген асау ат тәрізді. Алып қашады. Тізгінді игере алмайсың. Қимылдан, ойдағыны іске асырудан қиын нәрсе жоқ. Көк дөненнен жүйрік көңіл ойдағысын іске асыра алмаса төбеден суық су құйғандай тітіренеді, суиды.
Айдар ойнауға келісті. Көшеков қуанып қалды.
– Бірақ сізден өтінішім, өзімнің майкамды беріңіз?
– Ол қандай майка?
– Он үш деген номері бар.
– Ой, тобай, сол да сөз бе екен?
– Маған керегі бар. Запас-ақ болайын.
– Талғатты бақытты еткен номер сені де жолда тастамас. Кисең ки немесе сол номерді басқа майкаға жаздырып берейін бе?
– Бәрібір сол номер менікі болсын.
Мұны неге айтқанын өзі де анық білген жоқ. Бұл «он үштен» көргені де, бергені де аз. Мұғалім келіншектің сөзі де есінде. Оның сөзін Талғат айтқан әңгіме, әрине, жоққа шығарады. Бірақ бүгінгі ойы осының екеуі де емес еді. Оның есіне енді түсе бастады, ертең Айдар Қоңдыбаев командаға, «Шалқарға» қайта кепті дегенде, оны көруге келгендер, жалпы көрермендер оны басқа номерде көрсе не дейді. Бұрын кілең «он үш» болатын. Бүгін басқа номерде, демек, өзі сұранып, берген номеріне мәз боп келген екен демей ме? Өзі үйренген, жұрт көзі үйренген номерді сонсын қалаған. Бұл өзі мақтан, үзілістен көмескі тартқан, әлдекімдердің сөзіне іліккен арды таза күйінде көп алдына қайта алып шығу сынды мақтан болатын. Міне, оған да қолы жетті.
Мынау ойын мүлде сәтсіз болды. Өзін-өзі билей алмады. Көрушілердің мысы басқан.
Не болғанын өзі де білмеді. Олай етсем-ау, былай етсем-ау» деп түйіндеп келген ойлары бышырап, көз алды әп сәтте-ақ бұлдырап сала берді. Өзін-өзі бекіткен боп көрді, қисыны келмеді. Қолын көтеріп, ойыннан шығып та кеткісі келген. Ойнамай жатып, кету тағы ұят. «Өлімнен ұят күшті». «Емен ағаштың иілгені – сынғаны, ер жігіттің ұялғаны – өлгені». Үлкендерден, апасынан, нағашысынан, Әдежан күзетшіден сан рет естіген. Әлі жігіт болмаса да, өзіне салсаң жігіт санайды. Өз құрбыларының бірде-бірінің аяғы жетпейтін жерге бұл барып қайтты. Осындағы кейбіреулердің айтуынша, әкесінің басына кісі бойынан биік көк тас арнатып, оған әкесінің аты-жөнін, өзінің кім екенін қоса жазып, ескерткіш тұрғызған. Осындағы құрылыс бригадасындағы ең білгір ұста, ағаш шебері осы. Айлық алады, ақша табады. Апасына үй сыпырушылық қызметті таста, өзім асыраймын деп күнде айтады. Сонда бұл жігіт емей, кім?
Ойнай алмаса да, ойыннан шығуды ұят санады. Тартыншақтап, көзге түскісі келмей, доптан қашып біраз жүрді. Көрермендер оның бұл қулығын да көре қойған.
– Айдар, әй, Айдар, неге ойнамайсың?
– Қоңдыбаев, сеп ойынды ұмыткансың ба?
– Айдар, ойна, ойнасаңшы!
– Әй, Қоңдыбаев, саған не болған?
– Мынау ойыншы емес, етікші ғой!
– Қоңдыбаев, басыңмен болмаса да аяғыңмен ойна!
– Мынау не боп кеткен?
Осындай айқайды ол алғашқы отыз-қырық минуттің ішінде сан естіді. Жүйкесі әрең шыдады. Төреші ысқырығын естігенде, көз алды жарқ ете түскендей болды. Шешінетін жерге әрең жетті. Бір жағы ұяттан қысылды. Құлағы шулап, көз алды бұлдырап кеткен. Мұның бұл жайын бірінші байқаған Тастүйін еді. Бірақ ештеңе сезбеген боп, өзі қайтер екен, не дер екен деп, алыстан сынай қарады. Оның бұл ойын байқамаса да, оған Айдардың өзі келді. «Мені басқа біреумен алмастырыңыз», – дегеннен басқа сөз айтпады. «Неге?» – деп бұл сұрамады.
Бүгін түнде жөнді ұйықтай алмады. Кешегі ұятты қалай, қашан, қайтіп жууға болады? Тренировка! Ол екі-үш күндей ерте тұрып, қала шетіндегі қалың шидің ішінде жүгіретін болған. Маңдайы терлеп, денесі бусанып көңілді қайтады. Кешке қарай көппен бірге тағы жаттығып жүрді. Осы жаттығуларда ол өсті, көзге түсе бастады. Тренерге ұнай бастағанын да сезді. Бірақ Көшеков қашаннан мақтауға сараң. Әсіресе, ол біреуді көптен бөліп алып мақтауды жаны сүймейді. Оның мақтауы да, сондай-ақ сыны да қысқа-қысқа болады. Өзінің оған ұнағанын бұл оның көзқарасынан ғана ұғады.
Айдар өз ойын, футбол жайындағы ойын нығыздап, бекіте түскен. Бұл еріккеннің ойыны емес. Адамнан ықыласпен қатар, сүюді, құрмет тұтуды қажет етеді. Күш, айла, әдіс қана емес, мақсат, ынта, жігер керек. Бұл өнер. Ал өнер мақсаттылықты, адалдықты, бәрін сарқып беруді талап етеді.
ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
АЙЛАСЫЗ АДАМ АРСАЛАҚ, ӘЙТПЕСЕ ДРИБЛЕР ДЕГЕН КІМ?
Шолаққа көрші қаладағы орта мектептің оқушылары кепті. Футболдан кездесу өткізбек екен. Міне, осы кездесуде кімдер ойынға шығады?
Мұны түні бойы ойлап шыққан Түймебай. Қайткенде команда құрамы тәуір болады? Кімдер ойнайды? Запаста кімдер отырады? Команда құрамын ойын барысында алмастырып отырса... Запас жақсы да, мол болса... Ол ойыншылардың мүмкіндігін өлшеп-пішіп келгенде, бес-алты ойыншының бабында екені, олардың ойынға шығуына ешбір күдік келтірмеген. Соның бірі Айдар еді. Сол жақ шетте бұдан тәуір ойнайтын ешкім жоқ. Шапшаң әрі жүйрік. Допты шетпен алып шығуға шебер. Қақпа алдына жақсы пастар бере алады. Пас қана емес, оң аяғымен қиғаш бұрыштан қатты соғады. Оң жақ шетте тағы бір осындай ойыншы болса... Қанаттан берілетін доптарға көптеген тренерлер мән бермей кеткенін біле тұрса да, Көшеков өзіне ұнайтын айлалы әдістен алыс кеткісі келмеді. Мұның ойынша олардың біразы қос қанаттан шабуыл жасайтын әдістен алда-жалда бас тартып, пайдасыз саналмаған. Қос қанатта ойнайтын Татушин, Месхи тәріздң саңылақтары, сол мен оң қанаттың сындарлы шеберлері болмамағансын амалсыздық шығар...
Көшековтің көп ойының бір ұштығы – Айдар ойынға қатыстаындардың бірі деген. Бұл тұжырымы мұның құлағына жеткендей, қалай етсем анау күнгідей масқара боп қалмаймын деп бұл да ойлаған. Бір-бірін жақсы білмейтін болғансын, екі жағы да ойынды абайлап бастады. Кімнің қолынан не келетінін екі жағының да білгісі келген. Он-он бес минутке созылған бұл байқау Айдарға қол болды. Ол өзінің кешеден бергі ойлаған ішкі жобасының ойын үстінде қалай болатынын байқаған. Өзінің қарсыласын да сынап көрді. Сол жақ қанаттағы қорғаушы, мұны бақылайтын бала орта бойлы, мығым да ширақ денелі, шапшаң екен. Осал жері айтулы жүйрік емес. Міне, желаяқтықтың керек жері осы еді.
Осының артынша ол ойын алдында тренердің берген нұсқаларын есіне алды. Түймебей ең алдымен жалпы, одан соң жеке-жеке ойыншыға міндеттерін айтқан. Айдардың қасына келген. Қолын мұның иығына салған. «Сен сол жақ қанатта ойнайсың. Айып алаңына допты дәл бере біл. Керек кезінде, ыңғайлы жерде қапы қалма! Өзің соқ! Мен саған сенемін. Сенде күш-қуат бар. Жаттығу мен шынығуыңда мін жоқ. Қолдың, аяқтың бұлшық еттері дұрыс жетіліп келеді. Жүгіруден сенен асатын ойыншы жоқ десем артық емес. Не жетпейді? Жетпейтін нәрсе, ықылас, айла! Осы екеуін дұрыстасаң табысты боларыңа сен!» Ол жүгіре жүріп, осы айтқандарды есіне тағы алған.
Айла, ықылас! Қандай айла, қандай әдіс болса да ол ең алдымен ықыластан, ойынға ден қоюдан шығады. Ол өзінің қарсыласының ойынын бақылап көрді де алғашқы айланы ойлады. Қарсы қорғаушыға бірден тиіспей, сырттан бағып, оның бұған деген сақтығын біраз әлсіретуді мақсат етті. Көрермендердің ішінен оның қимылын бағып отырған біреу:
– Айдар, ойна! Ойнау керек! – деп айқайлады.
Кім болса да кейде көрерменнің әділ айтқан ескертпесі қамшы болады. Алаңның орта шенінен, шет жақтан Айдарға доп тиген. Ол желкесін алға қарай тұқыра ұстап, допты ала жөнелді. Алдынан қарсы шыққан қорғаушыны кеудесімен оңға, солға қарай бұлғақтап, алдамшы қымылдар жасады да, әп-сәтте алдап өтті. Шетпен допты шапшаң алып жүрді. Мінбедегілер қобалжып, қозғалақтап қалды. Қақпаға сол жақтан қиғаш келді. Не қақпаға, не өзінің ойыншысына допты беру қажет. Осы шақта оның алдынан орталық қорғаушы шыға келді. Қатты жүгіріп келе жатқанда мұны да алдап өту қиын. Енді бір сәтте ол допты айып алаңына көтеріп тастады. «Шалқардың» орталық шабуылшысының аяғына тиді. Анау допты тоқтатты да, қақпаға соғып жіберді. Қақпашы құлап түскен бойы допты қолымен қағып әрең тоқтатты. Стадион ду көтеріліп барып басылды.
– Айдар, Айдар! – деген дауыстар шықты.
Бұған сенім пайда бола бастады. Өзіне-өзі сену адамға қосымша күш, қайрат береді. Айдар дүр сілкінгендей сестеніп қалды. Өз қақпасына қарай шабуыл жасаған қарсы жақ атакасы көзінде бұл қарап тұрған жоқ, өзінің жүйріктігін ұмытпаған, сөйтіп қорғаушыларға көмектесті. Бір ретте допты өз қақпасы алдындағы қалың топтан тартып әкетті. Допты қатты теуіп, ортаға жіберді. Оның бұл қимылы жан күйерлерді тағы бір сүйсіндірді. Түймебай іштей риза боп, «міне, міне, осылай, осылай ойнаса» деп естірте айтты. Айдармен кластас, кешкі мектептегі балалардың бір тобы:
– Айдар! Айдар! – деп жатыр.
Ойынның он бесінші минутіндегі жағдай тағы қайталанды. Айдар сол қанаттан алған допты қақпаға қарай қиғаштай соқты. Орталық шабуылшы қапы қалған жоқ. Допты тоқтатпастан қақпаға ұрды. Қақпаның діңгегіне тиді де, алаңға қарай кетті. Қарсы жақтың жартылай қорғаушысы допты іліп әкетті. Орталық шабуылшы басын қос қолдап ұстады да, Айдар санын соқты. Ең бір сәтті кезең өтіп кеткен.
Айдар мұндай үшінші сәтті көп күтті. Қарсы жақтың Айдарды бағып жүрген қорғаушысы бұрынғыдай емес, мұны жіті бағып, көлеңкесі тәрізді соңынан қалмай қойған. Кейде екеуі иін тіресіп, шынтақпен қағысып-қағысып қояды. Төрешіге сездірмей анау Айдарды итеріп те жіберді. «Сен не?», «Сен не?» дегендей бір-біріне алакөздене қарайды. Екеуі осылайша иін тіресіп, аңдысып тұрғанда Айдар аяғына доп тиген. Бұл шапшаң қимылдап допты ала жөнелді. Бірақ анау қорғаушы допқа жүгірудің орнына кейін қарай шегіншектеп кетті... Төреші ысқырып қалды. Бұл ойыннан тыс еді. Бірінші таймның аяқ кезінде жақсы бір сәт тағы болды. Айдар допты тоқтатты да қасындағы қорғаушыны айналып өтпек болды. Қорғаушы іштен шалды. Бұл атылған қояндай жалп ете түскен. Төреші ысқырығы. Айып доп соғылды. Бірақ «Шалқарлықтардың» бір міні сол – ешқашан айыппен соғылған доптың бірде-бірін қақпаға түсіріп көрген емес. Өзі жақсы білмей ме, Тастүйін айып добын қалай соғуды көп айтпайтын. Оның өзі білмейтін нәрседен қашатын әдетін балалар да жақсы біледі. Бұл соңылған доп та қақпаға жетпей қорғаушыға тиді де, алаң ортасына бір-ақ жетті.
Бірішші тайм ноль-ноль боп біткен, Бұған қонақтар қуанды. Түймебай, оның балалары риза болған жоқ.
Екінші тайм «Шалқар» командасының шабуылымен басталды. Жаңа ойыншы шықпаған. Бұрынғы құрам екен. Бірақ, тренер біраз өзгертіпті. Шабуылшы үшеу емес, төртеу боп кеткен. Жартылай шабуылшының бірін алға жіберген. Сонда орталық шабуылшы екеу. Екі қананаты тағы бар. Айдар өз орнында, сол жақ шетте. Жан күйерлер Тастүйіннің шабуылды күшейткенін бірден ұқты.
Алаң иелерінің шабуылға шыққанын байқады да қарсы команданың барлық ойыншысы қорғаныс шебіне қарай ауысты. Доп соғып, ұпай алу сәті бұрынғыдан да қиындай түсті. Дегенмен көрермен көптің көбірек көңіл бөлгені Айдардың сол жақ жақтаудағы қимылдары еді. Ол өзіне жеткен доптан оңай ажырамайды. Айлалы қимылдар жасай біледі. Қақпаға соға алмаса да допты басқадан көбірек ұстайды. Өзіне қарсы ойыншылардың екі-үшеуін еліктіреді. Сонымен басқалардың еркін қимылына жол ашады. Оның осы ісіне сүйсінгендер:
– Айдар, Айдар! – десе, ағылшын тілінен сабақ беретін көз әйнекті сары келіншек:
– Айдар дриблер, Айдар дриблер! – деп айқайлаған. Оның бұл сөзінің мәніне түсінбесе де, сол төңіректе отырғандар: «Айдар дриблер, Айдар дриблер!» – деп қоштады. Басқа мектептен келгендердің біреуі:
– Дриблер, Айдардың, анау он үш номерлі футболшының фамилиясы ма? – деп сұраған.
Ойынның қызығына түсіп, еліктеп отырған көз әйнекті келіншек «ие» деп басын изей салды. Сонымен «Айдар дриблер» деген сөз қайталана берген. Бұл сөз Айдардың өз құлағына да жетті. Бірақ, бұл сөздің мәніне өзі де түсінбеген. Өйткені тренердің «дриблиг» деген сөзді талай-талай айтқаны бар. Ал, мына сөз оның өзіне де жат еді. Өз ойлауынша жаман сөз болмаса керек.
Алаң ортасынан Бименов шетте тұрған Айдарға допты дәл берді. Ол алға ұмтылды. Қарсы жақ қорғаушыларының бірін, сонсын екіншісін алдап өтті.
– Айдар, Айдар.
– Айдар дриблер.
Стадион ду көтерілді. Айқай көбейді. Ойыншы бір сәт қызынып, ышқына ұмтылды. Қорғаушыларды тастап кетті. Қақпа алдына жеке шықты. Қақпашы мұның аяғына тұра ұмтылды. Бұл допты тоқтатып, өзіне қарай тартып алған сәтте қақпашы бұған жетпей құлап қалды. Жерде жатқан қақпашының үстінен асыра допты торға түсірді. Тағы айқай, тағы шу.
– Айдар, жарайсың, Айдар жарайсың!
– Айдар дриблер, дриблер! – деп жатты.
Ойынның бітуіне он минут қалғанда есеп ашылды. Түймебай түрегеп тұрған бойы, қуаныштан есі шығып, отыруды ұмытып кетті. Көзімен мектеп директоры Күмісбекті іздеді. Төменгі қатарда, алда отыр екен. Оның бет-жүзін көре алмағанына өкінді. Не де болса, қуанып қалған шығар. Осы сәтте ол тренерді есіне алды ма екен?
Қақпаға түскен жалғыз доп «Шалқар» ойыншыларын қамшылағандай қуат берді. Алаңдағы айқас қыза түскен. Бір жағында жеңіс шабыты, табыс уыты болса, екінші жағында намыс, есе ызасы, қарымта қайтару есесі бар. Шабыт, табыс, жеңіс жүрген жерде қосымша күш, жаңа қарқын болады. Ал жеңіліс, қарымта жүрген жерде ызадан туған намыс, ар қуаты жатады. Мұндайда айкастың қызбасқа еркі жоқ. Келісімге, тоқтауға, орта жолда кідіруге болмайды. Футболда бір де ноль деген алыс кеткен жеңіс емес. Қарымта жолы қол созым жерде тұрғандай көрінеді. Көз алдында елеңдеп, әне-міне деп жүйкелетеді. Маңдайдан аққан терден, іштегі булыққан күштен көз алды мұнарланып, ышқына түседі. Бірақ, қайда, жеңіс пен жеңіліс арасындағы қарға адым жер кейде қарыс сүйем, кейде ғарыштай алыс көрінеді. Немесе түнгі даладағы оттай алыс болса да жақындай, жақын көрінсе де қашықтағы үміттей алдаусыратады. Өзі де нақ осылай болды. Қалған он минутте қанша тер төгілгеніне қарамай бір де ноль боп бітті. Жеңген жағы стадионнан қолын жоғары көтеріп, басты көкшите ұстап шықты. Анау балалар жүнжіп қапты. Мойынды төмен салған.
«Шалқардың» балаларын директор Күмісбек пен тренер Түймебай құттықтады. Мұғалімдер көп, қоршап алған. «Біздің Айдар дриблер» деген сөзді көз әйнекті мұғалім келіншек тағы айтты. Бұл не? Жаңадан берілген ат - есім бе? Фамилия ма? Мұны Айдар ұққан жоқ. Бүгінгі жалғыз допты салған өзі болғансын, әйтеуір жаман сөз болмас дегенү Бірақ, өзінің көпке дейін «Айдар дриблер» деп аталып кетерін білмеген. Шынында, осылайша аталып еді.
ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ӘЙТЕУІР ЕСІҢДЕ БОЛСЫН, ЖАС ДОСЫМ!
Жақсы көретін ұстаздың сөзі шәкірттерге ем ғой. Директор Күмісбек әрбір ойыншының қолын алып, арқасынан қақты. Сабақты жақсы оқумен бірге осындай ойын көрсетсеңдер, сендерге жағдай жасаймыз, көмектесеміз дегенді баса айтқан.
– Талаптарың жаман емес. Осыдан кері кетпеңдер. Өсуді, футбол құпиясын білуді ұмытпаңдар. Мынау Қоңдыбаев Айдар болса өзінің сонау бір кездегі бәрімізді сарсаңға салған кінәсін бүгін жудым. Бәрін кешеміз ғой, балалар, кешеміз. Кешкі мектеп те біздің мектеп. Сабақты жақсы оқы. Кәмелеттік куәлік алуыңа тілектеспін, – деп Айлардың иығынан тағы бір қағып қойды. Күмісбек өзінің кімге болса да сенім көрсете қалса, оның бағасы мен күшін білетін еді. – Айдар саған сенемін. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» – дейді біздің аталарымыз. Сен адастың ба, жоқ әдейі біліп істедің бе? Ол жағы өзіңе аян. Қуаныш – сол сен мүлде адасып кетпедің. Өз үйіріңе, өз командаңа қосылдың. Бұл жақсы.
Бұдан соң ол тренерге бұрыла қарады.
– Саған да сенім мол. Шаруаң өзіңнің атыңа ұқсас тыңғылықты, тас түйіндей мықты. Мына балаларыңнан үміт күтем. Сен енді бұларға футболшы, әрбір ойыншы қандай болуға тиіс, бұлардың тәртібі, күнделікті ісі қандай болуы қажеттігін түгел көрсеткің, нұсқау дейміз бе, әлде ескертпе дейміз бе, соны жасап, көбейтіп, әрқайсысына беріп қой. Енді бұларға нағыз футболшы қандай болу керек дегенді білу артық емес.
Күмісбектің осы айтқанын орындаймын деп Көшеков ойға шомған. Мұның үстіне бүгінгі жеңіс қуанышы қосылған. Сөйтіп, тас қайрақтай кішкене мығым қара, бір кездегі күрес өнерінің шебері, соның оқуын бітірген ол түні бойы кірпік қақпай ұйқысыз отырды. Қарап отырған жоқ. Ол қолына көптен бері ұстамаған қалам алды, ақ қағазды алдына жайып салды. Ол өз түлектеріне, директордың айтуынша арнаулы ескертпе жазып отыр. Талай қағазды тауысты. Қайта жазды. Тағы өшірді, тағы жазған. Сонымен таң алдында жатты. Сәскеде тұрып, түнде жазған қағағдарының бас-аяғын жинады. Мектепке келгенсін түнде жазғандарын машинкаға бастырып, он бес дана етіп көбейткен. Жеті түрлі кеңестен тұратын бұл ескертпесін Тастүйін балаларға үлестірген. «Ескертпе» былай боп шығыпты:
«Жас футболшыларға жеті ескертпе!»
Бір: мезгілінде жат, уақтылы тұр. Ұйқы жеті-сегіз сағаттан кем болмасын. Жаттығуда, ойында шыққан күш-қуатты қалпына келтіретін ұйқы ғана.
Екі: Ұйқыдан соң зарядка жаса. Онда футбол ойнағанда керекті қимылдар көбірек болсын.
Үш: күн сайын дәмді, қуаты мол тамақтар же! Тренировкаға, ойынға келерде тамақты көп жеме! Ентігесің! Тез шаршайсың.
Төрт: Суды, жалпы суық затты көп ішпе! Жүрек тез әлсірейді.
Бес: күнге көп қыздырынба! Жүрегің соғады, қан тасиды, дене босайды.
Алты: шылым, ішімдік, жайлы айтып жатпаймын. Бұл екеуі ойыншының ең бас жауы. Қазір түгіл үлкен, атақты футболшы болғанда да бұл екеуінен аулақ жүріңдер! Не бәрі бір стакан сыра ішкен ойыншы жүз метрге жүгіргенде бұрынғы көрсетіп жүргенінен ноль де төрт секунд кем жүгіреді. Осы бір стакан сыра ішкен ойыншы жүз метрге жүгірудегі бұрынғы көрсеткішін бір тәуліктен кейін ғана көрсете алатынын еске алсақ, ішімдіктің, оның ішінде ең жеңілі сыраның өзі қандай әсер ететінін білеміз. Шылым ба? Бұл анадан да жаман. Смола, қоқсық жүректі қабады. Ондағы никотин деген пәле жүректің, көздің майда клеткаларын үзеді. Тыныс тартылады. Көз нашар көретін болады. Денедегі бұлшық еттер әлсірейді. Бұл екеуі жайында айтпаймын деп отырып, бәрінен көп айтып кеттім білем. Қысқасын айтқанда шылым тартатын он жеті жастағы баланың демалысы, тынысы отыз жеті жастағы адамның тынысымен, демалысымен бірдей болатынын айтсақ та жеткілікті. Басқа-басқа, бұл екеуінің біріне (екеуіне ғана емес) үйір болған ойыншыдан ештеңе күтуге болмайды.
Жеті: жаттығудан соң, үзіліс кезінде футболканы бірден шешуге болмайды, суқы сумен жуынуға болмайды, ал, суық су ішу... не дерімді білмей отырмын. Әйтеуір, сұмдық зиян.
Балалар тренердің ескертпесін алды да, қайта-қайта оқыды. Көбіне ұнады. Айдар да ұнатқан Көшеков үндемей жүріп, едәуір нәрселер біледі. Айтқан ақылдары дұрыс-ақ. Шынында, осы тәртіпті дұрыс сақтаған бала тәуір ойыншы болмай қалмайды. Дені сау, төрт мүшесі түгел адам осындай ережемен жаттықса, тамаша...
Әшейінде, Сайраның өзі зорлап сөйлете алмайтын Айдар бұл жолы ішкі ойын тоқтата алмады. Соның өзінде көп емес, өте қысқа айтқан:
– Мұны біз «Тастүйіннің жеті өсиеті» деп атаймыз, – деген.
– Сен не? Көшековті кекетіп тұрсың ба? – деді Төреханов.
– Жоқ. Шыным. Өсиет қой.
Айдар бұл сөздің Тастүйінге жететінін бірден ұқты. Бір-ақ тренер, өзі кіп-кішкене болғанмен не болса соған ашуланатын тымырық, тырс етпе емес. Қайта ол Айдарды майпаздап:
– Білем сенің не дегеніңді, ол енді қандай ниетпен айтылса да мағынасы, мәні жағынан дәлме-дәл сөз. Бұл менің сендерге, болашақ футболшыға, болашақ шеберлерге өсиетім. Айдар мұның мәнін, мағынасын дұрыс ұққан. Мен аз қиналмадым. Өзімнің тәжірибем бар, окыған кітаптар бар. Содан қосып осыны жасадым. Әрине, футболшыға керек нәрсе көп. Оның бәрін қамтудың қажеті де аз. Ал ең негізгі керек нәрселер осы. Осыларды бұлжытпай орындап көріңдер. Тамаша футболшы болмағанмен тамаша жігіт, күшті, қарулы адам болатындарыңа мен кепіл. Демек, бұл өсиет. Пайдалы өсиет.
– Өзім, басқаны білмеймін. Осы тәртіпті ұстаймын! – деді Айдар.
– Тәртіп емес, өзің айтқандай «өсиет», – деп қосты Аллаберген.
– Ал, өсиет-ақ болсын...
Айдар бұдан арыға барған жоқ. Көп сөзге зауқы соқпады, көбінесе өзі мен өзі сөйлесіп, өзімен-өзі мұңдасып, өзімен-өзі сырласып үйренген үндемес бала бұл жолы да сол қалпында қалған. Ал, іштей Тастүйін «өсиетін» өзіне өнеге нұсқа етуге бел байлаған. Оның тәуір білетін бір нәрсесі сол – адам ойына келгенді істей бермейді. Сол ойына келгеннің ішінен керегін, пайдалы деп санағанын істейді. Тренер жазып қолына берген жеті ескертпенің ішінде зияндысы бар ма? Жоқ. Қолдан келсе, ерік жетсе бәрі де пайдалы кеңес. Оны неге өнеге тұтпасқа! Айдардың басқа балалардан ерекше де бір жері бар. Сезім, ой, қиял жетегіне ол ерген. Оны да көрген. Басынан өткені бар. Бірақ, ол оған өкінбейді. Өткенге өкінген қақпаға түсейін деп өзі сұранып тұрған допты түсіре алмағанмен пара-пар. Оның өз ұғуынша ондағының бәрі орындала бермейді. Бірақ, керек еді-ау деп түсінсең, орындауды ойлап көр!
ОТЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ДРИБЛЕР ДЕГЕН АДАМНЫҢ АТЫ МА, ЖАЙ СӨЗ БЕ?
Ол жаттығудың өзіне шабытпен зер салды. Жақсы ойнады. Оның осы ықыласына риза болған Түймебай қақпаға өзі тұрды. Айдарға доп соқтырды.
– Жақындап, бері келіп соқ! Дұрыс-ақ. Тоғыз метрден соғып көр! Қайта соқ! Қатты ұрма, аяқтың басымен ұр! Тағы, тағы да! Сен допты соққан шақта шалқалама! Қайта еңкейіп, аяқтың күшіне, дененің салмағын қоса, қоса соқ! Сонда доптың күші көбейеді. Міне, енді дұрыс. Он бір метрден соғып көр! – доп қақпадан асып кетті. – Қатеңді байқадың ба! Сен доптың ортасынан емес, жерге жақын жатқан түп жағынан соқтың! Қайта ұр! Әрбір допты соғарда оның биіктігі, күші қандай болатынын өлшеу қажет. Дүниеде өлшемсіз ештеңе жоқ. Қайта ұрып көрші! Допты соғар алдында менің тұрысыма, көз қарасыма зер таста! Қолыңнан келсе, алда! Мен оң жаққа құлауға бейім тұрсам, сен солға, қарсы бұрышқа қарай соқ! Міне, енді оңды-ақ болды.
Көшеков бой-бой боп, ісініп кетті. Бірақ жалықпады. Айдарды жарты сағаттан аса жаттықтырды. Қақпаға доп соғуды үйретті. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген емес пе, кеше салған жалғыз доп, екі ұпай бұдан үміт күттірген. Болған үстіне болсын, «талаптыға нұр жаусын» деп ол мұның ойынына шын қызықты. Баулыса, үйретсе, техника жағын жақсы білетін ойыншы боларына шегі жоқ.
– Алматыдан футбол мамандарын шақырамыз. Олар сендерді сынайды, үйретеді. Содан соң норматив өткізесіңдер. Норматив дегеннің не екенін білесіңдер ме? Ол ең алдымен допты дұрыс алып жүру – доппен ойнау. Допсыз ойнау. Айта берсем доп ойнап жүргенде сені біреу құлатса, не өзің құласаң, сонда дұрыс құлай білудің өзі нормативке жатады. Көрдіңдер ме, футбол деген өнер. Футболды аяқпен ойнауды әркім-ақ үйренуі мүмкін. Ал баспен, оймен, ойлап ойнауды үйрену қиын. Мұның өзі құпиясы, өз сыры бар. Мұның өз құпиясын білмеген адам ұштығына шығып, тәуір ойын көрсете алмайды. Мынау Тастүйін тағы өсиет айтып кетті демеңдер. Дүниеде өсиетсіз ештеңе болған емес. Ол тәжірибеден, бастан өткен істен алынады. Сендер оқу бітіресіңдер, жоғары оқуға түсесіңдер! Қазіргі заман адамдары мықты, күшті, шапшаң, жан-жақты өскен болуға тиіс. Бізге бүкір көбелек тәрізді нәзік, құныс жарқанат сияқты ілмиген адамдардан пайда аз. Озық заман озық адамдарды қажет етеді. Оқу деген ой. Ойлайтын адам жігерлі келеді. Міндетті қызметті, Армия қызметін атқаруға барасыңдар. Онда футбол бар. Мен өзім авиацияда қызмет етіп қайттым. Авномеханикпін. Сендер сондағы ұшқыштар мен механиктер арасындағы футболды көрсеңдер ғой. Ешбір шеберлерден кем емес. Жақсы ойнайтынбыз.
– Сіз кім болып ойнадыңыз, аға!
– Мен жартылай қорғаушы болдым. Бірақ, көбінесе, шабуылшыларға көмектесетін едім.
– Доп салған кездеріңіз болды ма?
– Болды. Көріп тұрсыңдар, мен өзім бойым тәпене, аласамын. Бірақ, шапшаңмын. Қақпа алдына келгенде допты зып еткізіп тартып ала қоямын да, мықты ұратын шабуылшының аяғы астына тәп еткіземін. Анау ұрып жібереді. Міне, гол!
Балалар өз тренерін жақсы тыңдады. Оның ойын алдында беретін тапсырмасы көбінде-ақ дәл келетін. Содан да Көшековтің беделі артқан. Кейбіреулер мүлде оны футболда қателесетін адам деп ойламайды. Бірақ оның өзі: футболдың аты футбол, ол қиын ойын, онда қателік болмай тұрмайды. Ал қатені аз жасаудың өзі жақсы ойын саналады дегенді қайта-қайта айтатын.
Балалар жаттығудан соң мектепке келді. Тастүйін тренировканы қайтадан бастады. Ол физкультура және спорт кабинетіне әкелді де, кәдімгі теннис ойнайтын доптардың жиырма екісін санап алды да, тақтаның үстіне жайып тастады. Әрбір допқа бірден он бірге дейін сандарды жазып қойған. Он бір допқа қызылмен, он бір допқа қарамен жазған.
– Міне, мынау қақпа. Алдында қақпашы тұр. Мынау екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы номер. Демек, қорғаушылар. Одан соң екі жартылай шабуылшы. Таза шабуылшы делік, мұны «Дубель-Ве» дейді. Қазіргі заман ойындарында көбінесе осы жүйе көп қолданылады...
Ол үйретуден жалықпайды. Қайта бала емес пе, ойыншылар жалығады. Кейде мұның өзін баскалардан тәуір көретін Айдардың өзі ойлайтын, осы кісінің осыдан басқа шаруасы жоқ па екен?
Бүгін де ол балаларды көп ұстады. Бірақ соңынан:
– Бес күн дем аламыз! – деп жариялады, – содан соң облыстық жарысқа әзірленеміз. Тренировка көп болады. Анау қалтадағы жеті ескертпені сақтасандар болғаны. Онда әзірлікті дұрыс өткіземіз.
Балалар мектептен көңілді қайтты. Шолақтың күні тау басында алтын табақтай болып қызара-бөртіп тұр еді. Айдардың көзі түсіп кетті. Бұдан бірнеше жыл бұрын нақ осы жол, осы көшемен Сайра екеуінің жүріп келе жатқаны, «Шолақтың күні қайдан шығып, қайда батады?» деп таласқанын есіне алды. Сол Сайра казір әжептәуір қыз болды. Өзі болса, талай жерді көріп, іс бітіріп, көңілін демеп, демігін басып қайтты...
Оның бұл ойы өз үйінің есігі алдына келгенде үзілді. Ең алдымен жапырағы жайқалып өсіп тұрған емен ағашына көзі түсті. Еменнің жапырағы әдемі. Әрбір жапырағы Айдардың өз алақанындай бар шығар. Жалғыз шыбық сырықтай тіп-тік боп өсіп келеді. Жапырақтары қалың.
Ол үйіне кіріп, шелекпен су алып шықты. Ең алдымен емен ағашының түбіндегі шұқырға суды мөймілдетіп, толғанша құйды. Бірден сар еткізіп төге салмай, шым-шымдап соза құйған. Босаңқы топыраққа құйылған су көпіршіп, шым-шым батты. Ол басқа ағаштарды да осылай суарды. Сәмбі тал да емен сияқты суды көп жұтатын ағаш. Алғашқы шелек суды құрдымдай тартып жіберді. «Ой, менің сусамырларым-ау» деп ойлады ол.
Ол біраз дем алғансын, сөздік кітаптарын іздеді. Біреуін тапты. Бірақ оның ішінен керегін таба алмағансын, көрші үйге барып, «Д» әрпімен басталатын үлкен том алып келді. Керегін ұзақ іздеді. Ақыры тауып алды. Оны естірте оқыды. «Дриблинг – футболшының допты алып келе жатқандағы қимылы, әдіс-айласы. Ал, дриблер – адам, ойыншы. Допты өзіне шебер бағындырушы».
Оған керегші соңғысы еді. Ол күліп қойды. Өзінше өлген неміс пе, ағылшын ба, әлде кімнің аты екен деп жүрсе, мынандай екен ғой. Өзіне берілген аттың мәнін енді ұқты. Оның тым үлкен екенін де түсінді.
Көзәйнекті мұғалім келіншек «он үші» деген санның бақытсыз сан екенін айтып бір шошытып еді. Енді мынадай атты тартты. Осы кітапта айтылғандай шебер болса, әрине, жаман емес. «Жақсы сөз, жарым ырыс». Қайткенде де намысқа тиетін сөз болмағаны жақсы. Ол осыған қуанды да, «айтса, айта берсін» деген. Дриблер, әйтеуір, доп ойнайтын адам екен.
ОТЫЗ БІРІНШІ ТАРАУ
ЕСКІ ҮМІТ ПЕН ЕСКІ ЕСКЕРТКІШ ЖӘНЕ ЖҰМБАҚ САҒЫНЫШ
Айдар көшемен жалғыз келе жатты. Туған қала, туған жер. Сонау ес білгелі мұның әрбір көшесі ғана емес, көптеген адамдары, үйлері таныс. Рас, бір кезде атағы шыққан сауда қаласы керуендер өтетін тоғыз жолдың торабында бопты. Содан қалған қалдықтың шет жағасын бұл өз көзімен көрген. Қабырғасы қалың, дуалдары биік кесек үйлер көп болатын. Көбі піспеген шикі балшықтан жасалған, төбесі де балшықпен, топырақпен жабылған үйлер еді. Қабырғасы тым қалың болғансын, сол үйлер сыртынан қарағанда қомақты, үлкен болғанмен ішіне енгенде аядай-аядай бөлмелер боп кететін. Сол кезде әйнек-шынылар жасау тым қиын болған шығар. Сыртынан қарағанда көрікті боп тұрған үйлердің терезесі төрт бұрышты, кіп-кішкене еді. Соған қарамай осы үйлерді қоршаған дуалдың сипаты бөлек-тін. Әрі қалың, әрі биік. Сырттан қараған адамға ол дуалдардың ар жағында, ішінде не боп жатқанын білу, түсіну мүмкін емес. Жұмбақ, бәрі жұмбақ.
Бұл жұмбақтар өзінен өзі шешілген тәрізді. Ең алдымен әлгі қалың да биік дуалдар, дарбазалы ауыр есіктер жоғала бастады. Көбі өзінен өзі тұрып, мүжілді, құлады, сөйтіп, қайтадан топыраққа айналып кетті. Топырақ қайтадан топырақ болды. Кейбір жерлерде жал-жал, қыраттанып дуалдардың ескі жолағы қалған. Ең қызығы бар құпиясын сақтап тұрған дуалдар құлағансын аржағынан сорайған үйлердің сұп-сұр қаңқалары көрінген. Музейге қойылған қаңқалар тәрізді арбиып тұрды. Біртіндеп бұлар да азая бастаған. Айдардың екі жылдай мұнда болмаған кезінде олар да біліпті. Қаланың солтүстік шетінде сол бір өткендердің куәсі тәрізді боп, мектеп күзетуші Әдежан қарттың кесек үйі қалған. Онда қарттың өзі ғана тұрады екен. Ержеткен балалары басқа жерден жана үй салып алған. Ескіден қалған екінші бір үй бар. Онда өзі тұрады.
Осы келе жатқанда Айдар оқушы ла, футболшы да емес, кұрылысты боп ойлады. Ол құрылыс бригадасында ағаш ұстасы. Еңсесі биік, терезесі үлкен, жарык та жарқын үйлер тұрғызғанда, соның терезесін, есігін қондыратын осы. Айдар ойы өткенде еді. Ол ойлап келелі. Аң-таң қалады. Ғасыр бойы тұрған ескі қала соңғы бір он-он бес жыл ішінде қайта жасалды. Ескі бітті, жаңасы еңсе көтерді. Адамдар қалың дуалсыз, биік дарбазасыз, сыртына қолақпандай қара құлып іліп қоятын, сұп-сұр, сырланбаған, құпия есіксіз тұратын болған. Әрине, есігі бар. Бірақ, басқаша.
Ол басқаны қоя беріп, өзі туған, қазір өзі тұрған үйді де есіне алды. Құдай-ау, қашан, қай заманда салынған үй? Оны ешкім білмейді. Бір тәуірі мұның сыртындағы қалың дуалы әкесі Алдаш соғысқа аттанған жылы кұлап қапты. Ол дуалдың қандай болғанын бұл білмейді, есінде жоқ. Кейінгі кезге дейін дөң болып оның орны жататын. Оның өзін Айдар өз қолымен тегістеп ол жерлерге үйді қоршап тұратын, гүл өсетін бұталар отырғызды. Ортасы ағаш боп кетті. Ал үйдің өзі болса қалтиып әлі тұр. Қабырғасы қалың. Күйдірілмеген, өте үлкен-үлкен шикі кесектерден қаланған. Рас, жазда тым салқын, қыста жылы. Отын жетпейтін, электр қуаты жоқ, газ болмаған кезде заманына лайық салынған үй екенін айтпай тануға болады. Қайта бұлар алып тастады. Бұрын ауыз үйден жағылатын жалғыз кесек пешке жағылған оттың қызуын сыртқа жібермей бүтін үйдің ішін аралап өтетін түтік болатын. Сол түтік арқылы үйдің едені жылитын.
Бұл үйдің іші едәуір өзгерген. Төңірегін қоршаған жас ағаштарды қоспағанда сыртқы тұрқы әлі сол қалпы. Қала мүлде өзгеріп кетті. Мұның үйі сол бір кездің куәсі, әлде музейге қойған экспонат тәрізді қалқиып тұр. Оның намысы келді, ызасы ұстады. Артынша саябырси қалды. Жалғыз ілікті мұңды әйел, жетім бала. Оның үстіне намысқа шыдай алмай екі-үш жыл жоғалып өзі кетті. Оған өкінбейді. Бірақ, бітпеген іс, істелмеген шаруа көп. Оған қол да тимеді. Күндізгі жұмыс бар. Бригада да белгілі норма, нрафик бар. Кешке қарай оқиды. Қылт етсе, тренировкаға барады. Бір жағынан қарағанда бұлардың бәрі себеп емес тәрізді. Адам қызық. Ол уақыт табамын десе табады. Оған тек ықылас-ынта, батылдық қана жетпейді. Басқаны былай қойғанда, нақ қазір өзі тұрған үйдің әрбір қышы бір пұттан, он алты килограмнан келеді екен. Соны салған адампың жігері, күші бұлан артық па екен? Артық болмаған шығар. Артығы бұдан гөрі жігерлі, батыл. Әйтпесе, адамнан адамның мүмкіндігі онша асып жатпайды. Ең алыс кеткенде нағашы көкесі айтқандай «адам мен адамның арасы бөрікпен соғып алардай қашықта ғана болады».
Өз үйі есігінің алдына кеп тоқтады. Ең алдымен жапырағы жайқалып өсіп тұрған ағаштарға, жас шыбықтарға қарады. Емен ағашының еңсесі көтеріле түскен. Демек, тамыр жайған, бекіген. Түптен, тереңнен алар өз нәрі бар. Ол әлі өседі. Тамыр жаяды. Бұтағына бұтақ қосылады. Сөйте-сөйте дараққа айналады. Сонда да мынау үй осылайша тұра бере ме?
Оның осы бүгіннен бастап, үйді бұзып тастап, орнына жаңа үй тұрғызғысы келді. Бірақ, іші біледі. Апасы қарсы болады. Бұл үй дейді ол: Алдаш тұрған, әкең тұрған, соның көзін көрген үй. Бұл үйде екеуміз қосылғанбыз. Бұл үйде біздің жастық шағымыз өткен. Мұнда сен туғансың. Біз сөйтіп, осы үйде тұңғышымызды – сені, жас иісті көргенбіз. Осы үйден Алдаш соғысқа кеткен. Бұл үйдің ішіне оның нісі сіңген, аяғының, жүрген жерінің ізі бар... Ескерткіш дейді.
Қойшы, әйтеуір, көбейіп кетеді. Ол ренжиді. Сонда қалай, біз үйде емес, апам екеуміз ескерткіштің ішінде тұрамыз ба? Жоқты сыйлаған, өткенді құрметтеген жақсы-ақ болсын. Бірақ оның өз жөні, өз орыны болмай ма? Ескерткіш керек болса, ондай ескерткішті бұл өз көзімен көріп қайтты. Оның фото-суретін әкеп тұсына іліп қойды. Сол жетпей ме? Білгенге жетеді. Бірақ адамды ренжітуге, есіне өткенді қайта түсіруге болмайды. Оған не кінә қоясың. Кейде бала сияқты. Бала болғанда қам көңіл түрткі көріп өскен жетім бала тәрізді. Әке көрмей өскен менен бетер жасық. Оған әкем қайтып келіп, осы үйдің есігін қайта қағатындай болады да тұрады. Ол түнде оянғанда есікті біреу қаққан жоқ па ден тыңдайды. Көпке дейін күтіп жатады. Күте-күте әбден шаршап ұйықтайды. Таңертең ерте тұрып, есік алдын шолып шығады. Алдаш келіп кетпеді ме екен дегендей, есік алдынан із шолады. Онда өзі мен менің ізімнен басқа із болмайды. Соны көріп қайтады. Көпке дейін ұмытады. Жабыққан кезде бәрі-бәрі есіне қайта түседі. Ол кейде осы үйді бұзып тастасақ, әкем келіп, үйді таба алмай кететіндей көреді. Кейде мұңды қарайды. Оның ойынша мына ағаштарды көріп, әкем өз үйін танымай калатындай көреді. Бала, кәдімгі бала сияқты. Мұндай адамның көңіліне дақ салу қиын.
...Мен затында батыл емеспін. Осыларды ашып, түсіндіріп айта алмаймын. Әйтпесе, ішімде бәрі сайрап тұр. Нағашы көкем акылды ғой. Ол айтады: «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ». Ішімнен бәрін біліп тұрамын. Апама батып айта алмаймын. Өйткені оны аяймын. Әрине, менің оны аямаған, қатты соққан жерім болды. Мен көз алдынан ғайып боп, ұшты-күйлі жоғалып кеттім. Өзі менсіз де өмірден ауыр соққы жеген адамды қатты аядым. Қайта келдім. Бұрынғыдан бетер мүжіліп, қартайып кетіпті. Бұрын шерін сыртқа шығарып, ауызымен айтып отыратын. Енді оны да қойған. Қайғысы үнсіздікке айналған. Ол үндемейді, күрсінеді. Маған ұрыспайды. Мұңды қарайды. Ол маған жүрегімен ғана жылап, іштей тынатындай көрінеді. Ондай адамға қалай сөз айтасың? Не айтасың, не деп айтасың? Мен батыл емеспін. Бірақ, ана қайғысы, ана мұны алдында батылдықтың керегі не? Өмірде өзімен-өзі боп, өзімен-өзі сырласып, өзімен-өзі мұңдасып, өткен жандар да аз болмаған шығар-ау. Өзіне жеңіл көрінсе іштен-ақ тынсын. Адам қайғысы мен мұңы түгіл қуанышы мен шаттығын, оның себебін естіртіп айта бермейді. Менің өзім де сөйттім. Осы күні де сондаймын. Сайраның қараптан қарап жүріп маған ыза болатыны да сол. Ол менің не қуанышты екенімді, не қайғылы екенімді біле алмай, ұға алмай корланады.
«Ең қызығы сол, бұл үйді апам өзі, ал енді балам бұз демесе, мен өз бетіммен бұза алмаймын. Бұзайық деп айта алмаймын. Не болса да күтемін. Өзімнің, апамның бір ауыз сөзін күтемін». Ол қолын сілтеді де, үйге енді. Шелек алып шықты. Төңіректегі ағаштарды суарды. Жетім қозының бөтен саулықты солқылдатып емгені тәрізді бозалаң көбең жер салқын суды шым-шымдап, солқылдата сорып жатты. Оқпан емес, ындыны кепкен. Шолақтың желі, теріскей бет, күнгейдей танапты ыстық болмағанмен құрғақ келеді. Жер әрқашан-ақ бір тәуліктен соң су сұрап, қаңсып қалады. Оссы жер сусынын тағы бір қандырсыншы дегендей, суды аямай құйды. Өз мұңын сыртқа шашпай, өзі жұтқан ана көкірегінің шеріндей салқын су ыстық топыраөөа шым батып, тереңге кетіп жатты.
Апасы үйде жоқ еді. Ол өз үйі тұрған жердегі биіктеу, бұрынғы ескі қорғанға көтерілді. Бұл жерден төңірек түгел көрінеді. Мектеп те алыс емес. Жаңа салынған. Жетінші класта жүргенде оның да қыштарын қаласқан. Ал, мәдениет сарайы болса, онда мұның үлесі көп. Есік пен терезенің бәрі осының қолынан өтті. Ой тоқтатып, жайлап қарасаң бұл оңай шаруа емес. Қол шебері әдетте несімен мақтанады? Жасаған бұйымымен, оның өрнегімен, әсемділігімен, көпке жететін мықтылығымен мақтанады. Нағашы көкесі үнемі мақалдап, мәтелдеп, әр сөзін шегемен қаққандай мәнді айтатын адам. Ол айтады: «көңілді көтермесе кір басады». Көңілімді кірге шалдырмай мен неге көңілді жүрмеймін. Әдейі, маған бола істей ме екен, мәселен, Сайра үнемі көңілді жүреді. Ол менің де көңілімді көтеруге құмар. Содан да кейінгі кезде оны көрмей көп жүре алмайтын бір әдет маған тағы пайда болды. Мен оны көрмесем іздеймін, сағынатын сияқтымын. Бұларым жөн-ақ болсын. Аллаберген оған хат жазыпты дегенді естігенде, ішім неге бір түрлі боп, жүрегім қобалжып кетті. Міне, қызық! Сондай-ақ ол менің нем еді? Көршілігі, класта бірге отырғаны ғана ма?
Ескі үміт пен көне ескерткіш жайындағы ойына осындай бір жұмбақ сағыныш тағы келіп қосылған еді.
ОТЫЗ ЕКІНШІ ТАРАУ
АЛДАР КӨСЕНІ АЛДАҒАН КІМ? ӘЙТПЕСЕ ӘЖЕМНІҢ ТІСІ АУЫРАДЫ
Облыс орталығында жарыс өтетін болған. Соған «Шалқар» қатысуға жолдама алған. Команда мектептің автобусына мініп жолға шықты. Машина тас жолмен зулап келеді.
Түймебай Айдармен қатар отырып қапты. Тренер қасына тізерлесе отырған баланың бетіне «көңіл күйі қалай екен» дегендей әлденеше рет қарады. Өзі тәрбиелеп жүрген балаларына бұлайша қарау оған салт боп кеткен. Өзіне салсаң барлық тренердің профессионалдық «ауруының» бірі осы. Бәйгеге қосатын ат сияқты әрбір жарыс алдында ойыншылардың қас-қабағына, өң жүзіне, көңіл күйі, мүлде көзінің жанарына дейін үңіле қарайды. Алаңнан басқа жерде спортшының бабын байқайтын жердің бірі осындай бос кез. Ол тағы қарады. Айдар өзіне қараған көздің қуатын сезе қойды. Кеудесін кере күрсінді. Қозғалақтап, нығая отырды. Көшеков оған тағы да назар тастады. Өңі жылы, бір қалыпты, іштей тұнық, тыныш көрінді.
– Осындай ұзақ жолда әңгіме айтсаң жол қысқарады. Қашан шығып, қашан келгеніңді білмей қаласың, – деді Түймебай өзінің әлде не айтқысы келіп отырғанын сездіргендей, – әңгіме айт, Айдар.
– Менде не әңгіме болады. Өзіңіз айтыңыз.
Айдардың көп сөйлемейтінін білетін ұстаз одан қайта сұраған жоқ. Өзі аз ойланып отырды да:
– Осындай жолда жүргенде өткендер еске түскіш келеді. Әсіресе, менің есіме сені капитан сайлайық дегенде болған оқиғалар түсе береді. Кейде күлкім келеді. Бұл қасқырларды қыруға қарсы леп те соқты-ау. Ой, күлкі. Кейін естідім, сен нағашы көкең екеуің қасқыр соғыпсыңдар ғой.
– Ол биыл жазда ғой.
– Рас екен ғой. Молодец!
– Рас.
– Сонсын, саған мынау мұрынын сүрте алмай жүріп, соғыс болса ерлік жасар едім деп қиялдайды дегені бар еді. Енді ойласам, ол да күлкі.
– Мен болса дегенім жоқ. Бола қалса дегенмін.
– Есінен адасқан біреу болмаса соғыс болса екен деп тілемейтінін білем. Бірақ сонда мен де сасқалақтап, не деп жауап берерімді білмей қалдым. Қиын ғой, өзі қиын. Балалар қызық, көбі-ақ фантазер... Енді қарап отырсам, бәрі күлкі. Сендер, менің көз алдымда өсіп келесіңдер. Енді міне, атағы бар командалармен кездесеміз. Бұл жарысқа «Жігердің» дублі, «Кеншілердің» өзі қатысады. «Шалқия» деген бір команда шықты. Жаңа табылған қорғасын кеншілерінің командасы болса керек. Ойыншылары жас. Әрине, біздерден үлкен... Біз алдымен солармен кездессек. Салған жерден жеңіске жетудің мәні зор. Есіңде ғой, «Былғары доптың» финалдық жарысына шығып тұрып, кешігіп қалғанымыз үшін ойнамай жеңілгеніміз. Ойнамай жеңілу белдеспей жеңілген күресші тәрізді. Қорлығы өтеді. Ыза боласың. Иығың түсіп кетеді. Ойнағың келмейді. Әлі есімде, сонда сен жерге аунап жатып, жылағансың.
Айдар «оның несін еске алады екен» дегендей қызарып кетті. Көшеков оны аңғарған жоқ.
– Алғашқы жеңіс дәтке қуат береді. Бірден жақсы ойнап кетсек... Менің саған күн әлгері ескертіп қояр бір жайым бар. Сен допты дұрыс алып жүресің... Бірақ, көп ұстауға онша әуес болма! Пас, пас беруді ұмытуға болмайды. Техинкасы жақсы ойыншы командасы ұтып отырған жағдайда допты көбірек ұстап, олай-бұлай алып қашып, уақытты ұтуға күш салады. Ол өз алдына мәселе. Есеп ашылмай тұрғанда, өзің ұтпай тұрғанда допты көп ұстау, жеке ойнаумен әуестену айып. Көптің көмегін күт. Өзің көпке сүйен. Коллективтік ойын табыссыз болмайды. Өзің ойна, өзгені ұмытпа!
Кеңесімді қалай тыңдап отыр екен дегендей ол Айдарға сынай қараған.
– Жеке өзіңмен-өзің ойнап кету жағы сенде бар. Команда деген коллектив. Ол хор тәрізді. Ал хорда жеке солистің кейде керегі де жоқ. Солистің орнына жақсы дирижер керек. Қолыңнан келсе, дирижер бол. Көңіліне келмесін, сен жеке ойнап, басқаны ұмытып бара жатсаң, қатеңді есіңе түсіру үшін мен мінбеден «әй, әнші!» деп айқайлаймын. Сонда сен ойында басқаша көрсетуге зер сал.
– «Әй, әнші» дейсіз бе? – деп Айдар миықтай күлді.
– «Әй» демесем, «әнші дриблер» дейін! – Бұл да күлген.
– Ой, мұныңыз, тым... артықтау.
– Артық түгі де жоқ. Ойыншыға емес, әлдекімге, дриблер деген әншіге айтылған екен деп ойласын...
– Тренерге ойын кезінде ескертпе жасауға болмай ма?
– Болмайды. Этика... Айып...
– Онда өзіңіз біліңіз.
Автобус үлкен өзен жағасына келіп тоқтады. Осы жерде біраз дем алуды мақсат еткен. Бұлар салқын суға жуынды, шомылуға рұқсат берілмеген. Тренер бәрін төңірегіне жинады. Бүгінгі ойынның маңызын түсіндірді. Соңынан ол: .
– Кім де кім бабымда емеспін, бүгін ойнай алам ба, жоқ па деп күдіктенсе, қолын көтерсін, – деді.
Ешкім де қол көтерген жоқ.
– Демек, бәрің де ойнауға әзірсіңдер. Алаңға он бес ойыншы шығармайды. Төртеуі запаста қалады. Оның ырқын маған беріңдер. Кім шығады? Кім отырады? Өзім білем. Реніш болмасын. Бұл бір. Екінші, айласыз қайрат албырт келеді. Қүш, жігерге айланы, әдісті қос. Мәселен, жай, өмірде алдау адалдық емес, азаматтыққа жатпайды. Спортта алдау айламен пара-пар. Дені сау, төрт мүшесі түгел адамдардың бір-бірінен айырмасы, артықшылығы шамалы болады. Тренировкасы, техинкасы демек айласы артық келеді. Айласы көптен амалыңды асырсаң, алдап кетсең, озғаның, жеңгенің. Немесе, жеңілесің.
– Нағыз алдамшының өзін алдауға бола ма?
– Айлаңды асырсаң алдайсың. Менің әкем айтады. Баяғыда қарапайым бір қазақ кәдімгі атақты Алдар көсенің өзін алдапты дейді. Алдар көсе кілең атпен жүреді екен. Есекті көрмеген. Бір күні базардан есекті көріп соған қызығыпты. Есек арбамен базарда қауын, қарбыз сатып отырған шалдау кісіге кепті де:
– Есегің қанша тұрады? – депті.
– Жүз теңге.
– Ой, қымбат екен. Арзан есекті қайдан алуға болады? Менің ақшам аз.
– Ақшаң аз болса, мынау ең бір дәу ала жұмыртқаны сатып ал!
– Бұл жұмыртқа ма?
– Жұмыртқа.
– Ненің жұмыртқасы?
– Есектің жұмыртқасы?
– Осыдан кәдімгі есек шыға ма?
– Шыққанда қандай.
Алдар көсе есектің жұмыртқасы деп алабажақ қарбызды алыпты да үйіне қайтыпты. Қия бетпен келе жатқанда қарбыз қолынан түсіп кетеді де, ылди төмен домалай жөнеледі. Алдар көсе қуып жете алмайды. Қарбыз дөңгелеп-дөеңгелеп кеп, тасқа соғылады да, быт-шыт болады. Қарбыз соғылған тастың түбінде жатқан ор қоян секіре шығып, қаша жөнеліпті. «Ой, жүдә жақсы есек шығарғалы тұрған екен-ау» деп, өкіне-өкіне алдар көсе жолда қала беріпті. Міне, бұл да алдау. Алдағанда нағыз бірінші алдамшының өзін алдаған.
Балалар тренердің әңгімесіне күліп алды. Жол бойы осының әсерімен қалжың-әзіл әңгімелер айтылды. Сұлтанбеков ортадан кеп кірісті:
– Мынау Аллаберген бір күні көшемен елең-селең келе жатса, алдынан өзімен бірге оқитын бір қыз бала шыға кепті. Әлгі қыз жағын орамалмен байлап апты.
– Ол кім екен?
– Ол жағын айтпаймыз. Құпия.
– Сайра шығар! – деді Төрехановтың даусы.
Айдардың құлағы елең ете қалды. Қызарып төмен қарады. Үндеген жоқ. Ол бәрінен үндемей құтылады.
– Кім екенінде тұрған ештеңе жоқ. Әңгіме қыздың тапқырлығында. Аллаберген: «жағыңа не болды? Қайда барасың? – демей ме. Тісім ауырады, дәрігерге барам деген. Аллаберген: сол да сөз бе екен? Тісің ауырған жағыңнан маған бір сүйгізсең, жазылады да кетеді деген ғой. Қыз сонда тұрып: менің әжемнің тісі көптен бері ауырады. Алдымен соны сүйіп, жазып бер. Сосын саған сүйгізейін депті.
– Қандай тауып айтқан!
Балалар ду күлді. Аллаберген өзіне біткен қалың беттігіне сап, мыңқ еткен жоқ. Қайта: «Болған ондай оқиға!» – деп қойды.
Бұлар ду-ду әңгіме үстінде үлкен қаланың орталық стадионына келгенін білмей қалды.
ОТЫЗ ҮШІНШІ ТАРАУ
ЖЕҢІС ЖӘНЕ ҚОНАҚ ҮЙДЕГІ ҚҰПИЯ ӘҢГІМЕ
Күн ілгері ойға келген сезіктің алдамайтын, қайта дәл келетін шағы көп болады. Көшеков айтқан сезік жөн боп шықты. Жеребия тартқанда, «Шалқар» командасы «Шалқиямен» ойнайтын боп шықты. Бірақ бас төреші «Шалқар» командасының құрамына тым жас, бәрі де он жетідегі балалар екен деп, ойынға қосуға бола ма, жоқ па деп күдіктенеді. «Шалқия» командасының ойыншылары он сегіз бен жиырмаға келген жұмысшы жастар екен. Бұлар мектеп оқушылары. Осыны себеп етіп, бас төреші команда бастықтарымен, тренерлермен кеңескен. Жарысқа түсетін команда төртеу ғана. Егер біреуі қатыспай қалса, қалған үшеуі жартылай финал тәрізді ойнай алмайды. Айналма боп кетеді. Осыны еске алды да, бас төреші «Шалқарды» жарысқа қосқан.
«Шалқар» мен «Шалқия», «Кеншілер» мен «Жігердің қосалқасы ойнайды. Содан соң ұтқан екеуі бірінші мен екінші орынға ұтылған екеуі үшінші, төртінші орынға ойнайды.
Оныншы класс балалары өздерінен екі-үш жастан үлкендігі бар, шомбалдай-шомбалдай жігіттерге қарсы ойнаған. Әдепкіде «Осы қалай болар екен?» дегендей жүрексінгенмен, артынша жағдайға үйрене бастады. Канша мықты, қанша биік болғанмен, оларды да айналып өтуге озып кетуге, тіпті алдап кетуге болатынын ұққан. Әсіресе қағілез, «ә» дегенде ұша жөнелетін Айдар сол жақ қанатты мүлде билеп алды. Ойынның алғашқы жартысында қақпа алдында төрт рет доп берді, өзі екі рет соқты. Доп торға түспеді, түсіре қоятын шапшаң, ұруға ыңғайлы тұрған ойыншы қақпа алдында сол сәтте болмады. Міне ыза болатын, жаны күйінетін кез осындайда пайда болады. Мұндай кезде оның сонау Астраханьдағы бұйра бас цыган баласынан көргені сияқты алаңда жалғыздан жалғыз жүргендей-ақ өзімен-өзі ойнап кететін шағы болатын. Бұл жолы да ызадан сонысы есіне түсіп кетті де, алдамшы қимылдар жасап, допты ешкімге бермей өзімен-өзі ойнай бастады. Кейде айып алаңына ешкімнің көмегінсіз, пассыз өзі шыққысы келіп, жан салды. Допты өзінен алыс жібермей, қақпайлап өзімен-өзі боп жүргенде, қарсы жақ қорғаушылары күш жинап, қамап алады да, допты алып кетеді. Айдарға тағы да доп тиді. Алаңды жағалап дриблинге салды. Мінбе жақтан «Әй, солист» деген дауыс шықты. Балаң дауыс, Түймебай емес. Сонда да оның есіне Көшеков айтам деген «Әнші дриблер» деген сөз түсті. Алаң ортасына қарай қиғаштай тартты Пас! Доп айып алаңының нақ шетіне жетіп калған Сұлтанбековтың аяғының астына түсті. Ол допты тоқтата қойды да, соғып жіберді. Есеп ашылды.
Айдар өзімен-өзі ойнауды қайта бастады. Рас, ұтып тұрған кезде, есеп ашқан жақтың аздап болса да бұлайша ойнауына болады. Доп жіберіп алған ызалы жақтың тырнағына тек ілініп қалмасқа бұл айланың да керегі бар. Бірақ кілең олайша ойнау айып. Ойлағанын біркелкі жақсы жасай білетін жас ойыншы соңғы қағиданы мүлде ұмытқан. Көшеков біраз шыдап отырды да, қозғалақтай бастады. Енді бір сәттен соң Айдар доп алған кезде ол:
– Әнші, әнші дриблер! – деп айқайлады.
Көшековтің желке жағында, бір қабат жоғары отырған Саққұлақов:
– Тәрбиесі аз, әйтпесе болайын деп тұрған бала екен! – деп күңк ете қалды.
Саққұлақов – «Жігер» командасының екінші тренері. Алматыдан әдейі арнап, осы жарысты көруге келген. Кімдер, қандай ойыншылар барын білмек. Оларды өз есебіyе алады. Олармен келісім жүргізеді. Футбол мамандары ауыл шаруашылық терминдерін батыл қолданады. Бұлардың тілімен айтса «Селекциялық жұмыстар» жүргізбек.
«Шалқия» командасының қақпасына екінші доп түсті. Сонымен екі де ноль боп бітті. «Шалқар» финалда «Кеншілермен» ойнамақ.
Бұл ойын бәрінен қызық өтті. Есепті «Шалқар» ашты. Бірінші тайм бір де ноль. Допты Қоңдыбаев салған. Бұл жолы ол тренердің тапсырмасын мінсіз орындаған. Тым шетте емес, ортаға жақын, қақпаға киғаштау жүруді, сөйтіп, допты өзі соғуды айтқан. Оның айтқаны дәл шықты. Амал не, қақпасына күтпеген жерден доп түсіріп алған «Кеншілер» намыстанып, қызына ойнады. Көп ұзамай есеп теңесті. Доп салған он үш номерлі ойыншының қимылын қалт жібермей аңдумен болды. Екінші таймда «Шалқар» қақпасына тағы да екі доп түсті. Сонымен ойын үш те бір боп аяқталды. «Шалкар» екінші орын алды.
Қонақ үйге Саққұлақов бұлармен бірге келді. Балалардың соңынан жайлап, бақылай ерген. Жүзі онша қара да, сары да емес, құбақан, бидай өңді, ат жақты орта бойлы баланың дене бітімі де ұнаған. Аяқ-қолы сіңірлі, тұлғасы гимнастарға көбірек келеді. Жоны тұтас, кеудесі кең. Бойында артық ештеңе жоқ. Қоладан құйған мүсінге көбірек ұқсайды. Әлгінде ойынына мынау түр-сипатын қосқанда дене бітісі бәйгеге шабатын ат сияқты көрінген. Әрине, Саққұлақов ат жайын жаксы білмейтін, бірақ бірер мәрте ат жарысын көрген. Баяғы Абсентті, оның баласын көріп, қызыға қараған. «Табиғат жасаған ғажаптың ең сұлуларының бірі – жылқы» дегенді бір жерден оқығаны да бар. Айдарға сынай қарағанда осы көргендері көз алдынан өткен. Ол қайткенде де бұл баламен кездесуді, сөйлесіп білісуді мақсат етті. Қалай болады? Алдымен жеке сөйлесу қажет пе, әлде тренерін ішке ала отырып сөйлесе ме? Алдымен жеке сөйлесіп, кім екенін, қандай ойын барын білмек боп түйді.
Балалар дем алып, тамақтанғасын, Саққұлақов Айдарды бөлмесіне шақырған.
– Ал, танысып қоялық. Мен Саққұлақов болам. «Жігер» командасының екінші тренерімін. Ондай команданы естіп пе едің?
– Естігем. Мен Айдар... Фамилиям Қоңдыбаев.
– Мектепте оқисың ба?
– Оныншы класты биыл бітірдім.
– Ендігі жоспарың қалай?
– Жоспар жоқ. Мен ұстамын.
– Ұста. Сонда не істемексің?
– Есік, терезе жасаймын. Жаңа үйлердің ішіндегі ағаш бұйымдарды жасаймын.
– Қолыңнан тағы не келеді?
– Тағы не келеді дейін? Гитараға қосылып ән салам.
– О, мынауың өнер ғой. Тағы нең бар?
– Билеймін, кәдімгі твисті билеймін! – Айдар күліп алды.
– Ол да өнер. Ал басқа өнерің болмаса да, басқа ойың бар шығар. Мәселен, оқымайсың ба?
– Оқуға қазір жағдай жоқ. Өз шаруам бар.
– Шаруам дейсің, ә! Шаруа деген жақсы нәрсе, – деп біраз отырды да, Саққұлақов тіке кетті. – Ұсталық – жақсы жұмыс. Гитарамен ән салғаның, твисті билегенің де жаман емес. Соңғы екеуін қайда жүрсең де қалдырмай өзіңмен бірге ала жүруіңе болады. Ал, ұсталықты әзір қоя тұр. Футболға біржола көш десе не дер едің?
Айдар ойланып қалды. Қолын айқастырып, алақанын уқалады.
– Сонда мен қайда барам?
– Бізге, «Жігерге» келесің.
– Маған қиын ғой...
– Ақылың бар бала сияқтысың. Саған үгіт айту айып. Мен сенің қиын деген сөзіңе бір ауыз жауап айтайын. Әдемі үйдің сәнді терезесін, мықты есігін жасайтын ұста іздесе табылуы мүмкін. Ал, дарыны бар жақсы ойыншы табыла бермейді. Сен мектепте оқыдың, он жылдық бітірдің. Өзіңе аян, мәселен, сабақты түсінікті етіп, тәуір беретін жақсы мұғалім, қырық шақты балаға ұғымды да ұнамды әңгіме айтып беретін ұстаз көп болуы мүмкін.
Ал театрдың үлкен залында қасқая тұрып, мыңдаған тыңдаушы алдында әдемі ән шырқайтын жақсы әнші көп болмайды. Футбол да сонда өнер. Ешбір күдігің бомласын, футбол өнер. Ол шеберлікті, ақыл-айланы керек етеді. Келіссең сені «Жігердің» дубліне аламыз. Тәрбиелейміз. Өзіңді көрсете алсаң, негізгі құрамда ойнайсың. Физкультура институтына оқуға түсуге көмектесеміз. Тіптен қажет боп бара жатса, кейін отыздан аса бастағанда ұсталыққа қайтып ораласың. Ертеде «Спартак» командасында Татушин деген жақсы ойыншы болды. Мамандығы тігінші екен. Футболдан кеткен бойда әдемі де сәнді киімдер тігетін, оны пішетін шебер атанған. Адам деген бір орында қатып тұрып қалмайды. Мүмкін, сен атакты ойыншы, одан соң тренер, ұстаз, футболдан сабақ беретін оқытушы боларсың, Міне, сені күтіп тұрған осындай қилы-қилы жолдар бар. Қайсымен жүресің? Қалау сенікі. Ал мен айтып отырған жол – «Жігер» командасы арқылы өтетін жол. Меніңше, ең дұрыс жолдың бірі. Нақ қазір алып кетемін деп айтпаймын. Алматыға барам, команданың басқа басшыларына сен жайлы, сенің уәдең жайлы баяндаймын.
– Онда келістім. Сіздер ойлағанша, менің де ойлануға уақытым болады екен...
Айдар Саққұлақовтан шықкан бойда өзінің ойымен болды. Көрмеген биіктің ой-шұқыры көп. Алдан жаңа көрінген жолдың барар жағы, тоқырар жері кайда? Ұсталықтың мамандық екеніне, адамдарға қажет кәсіп екеніне күдігі аз. Бірақ ол біраз жыл тұра тұрса кайтеді? Жас кезінде мейірі қанғанша ойнап алса не болады. Бұрын шықпаған таудың биік көрінері хақ. Бірақ тырмысып, өрлей бастағанда оның да төбесі көрініп қалмай ма? Басқаны былай қойғанда Түймебайдың «жеті өсиетін» дәлме-дәл орындаса, бір биікке шығуына шығады. Бірақ ол қандай биік? Оның басында жеміс өсіп тұрса, ол тәтті ме, әлде ащы ма? Дәмі қандай, татуы қаншалық? Мұны да сынап көрсейші! Нағашы көкесі білгіш қой. Көп сөйлемейді. Сөйлей қалса, қызық сөздер айтады: Егер, қайда барарыңды білмей, адаса қалсаң, қарап тұрма. Бөрінің ұлыған жағына емес, иттің үрген жағына қарай жүр. Біріншісі елсіз далаға, тоғайлы дүлейге әкетеді. Екіншісі әйгеуір, ел-жұрты бар мекенге апарады. Бір кезде, бұдан жас шақта танымаған, білмеген алысқа да барды. Оған қарағанда Алматы жақын.
Ол апасымен келісе алса, Саққұлақов уәдесінде тұрса, бұл жолға бел байлаған. Әрине, апасы неге болса да көнген. Осы бала өз көзі тірісінде, әйтеуір жер үстінде апыл-құпыл басып, сау жүрсе болғаны. Алдаштың көзі көрген, ізі, көлеңкесі қалған үйді тастап ешқайда бармайтынын тағы айтқан.
– Өз көңіліңе ұнаса бар. Мені мұнда алатын жау жоқ. Өзіңе оң болса, тірі жүрсең болғаны.
– Келіп тұрам. Көмектесемін.
– Қолың тисе өзің келіп тұр. Жеті сайын хат жаз. Мен тыныш отырайын.
Ендігі бір арманы бармай тұрғанда, «Жігердің» ойынын бір рет болса да көру еді. Оның сәті де түскен. Ташкентке келгенде, «Пахташы» мен «Жігер» ойнады. Алдымен дубльді, содан соң ертеңіне негізгі кұрамды көрген. Дубль – қосалқы командада ойнайтындар кілең өзі тәрізді балаң жігіттер екен. Кейбірінің дене бітімі, тұлғасы бұдан әлдеқайда нәзік. Жаттығу жақсы тамақ, тәрбие нәтижесі болар, ойындары артық. Қызығып қарады. Осыларша ойнауды киялдады. Шіркін-ай, жақтаудан алған допты кақпаның бұрышына дейін жанға билетпей, өзі алып барса... Қақпашымен бетпе-бет шығып, жекпе-жекте, көзбе-көз допты торға түсірсе... Бұл да өзінше мерей. Бұл қиын ба еді. Сол жолы «Пахташы» мен «Жігердің» қосалқы командалары екі де екі боп тең түсті. Қақпаға төрт доп соғылды. Соны соққандар нақ өзі тәрізді, он жеті мен жиырманың арасындағы жас жігіттер. Директор Күмісбектің бір айтқаны есіне түскен. Ол балалардың ойынына риза болған шағында қалжың, шынын араластыра: «Күн жұмыр. Толысқан шағында ай жұмыр. Жер жұмыр. Сол жұмыр жердің бетінде жұмыр доп. Айтпақшы, ойыншының басы да жұмыр. Сол жұмыр допты айласын тап та торға түсір. Ауға түскен ала балықтай аунап жатсын, бұлғақтап», – дегені бар. Гурьев пен Астрахань бойында жүргенде ауға іліккен ақ балық пен қызыл балықтардың, ала, тарғыл, сұр, сұрқай түрлерін талай көрген. Ол кезде гитараға қосылып айтатын әндерінің өзі осы балықтар, асау аттар, биші кыздар жайлы болатын. Енді есіне түссе күлкісі де келеді. Бірақ ол да қызық еді. Өзінше қызық еді-ау! Соңғы жолын бұл екі рет қайтадан айтса, цыган Льва оны төрт-бес рет қайталайтын.
Міне, «Пахташының» қорғаушысы айып алаңына еркін енген «Жігер» шабуылшысын шалып құлатты. Айдар ойлап тұрған бойы: «Зачем ты так?» «Зачем ты так?» деген. Сол сәтте төреші он бір метрлік ақпен белгіленген нүктені көрсетті. Кім соққанын бұл білген жоқ. Доп тордың оң жақ бұрышында ауға түскен жайындай тулап жатты.
– «Ақын деген құдіретті» деп ойлады Айдар. Мына доп та сол ақын айтқандай жан шақырып торға түскен.
ОТЫЗ ТӨРТІНШІ ТАРАУ
АПАТАЙ, МЫҚТЫ БОЛ! ӘЙТПЕСЕ ҰЯДАН ҰШҚАН БАЛАПАН
Ол апасына сырып айтты. Шақыру қағазы келген. Апасы бұрынғы айтқанын ұмытпаған. Оған осы баланың тірлігінен басқа қажет нәрсе не еді. Өзіне салсаң ештеңе де жоқ.
– Мен ту баста ойлап та, ойланып та айттым. Бәрі сол. Тірлігіңнен басқаны сұрамаймын. Сенің қасында мен мәңгі жүрмеймін. Сен жассың. Бәрі алдыңда. Саған бөгет болмаймын. Қолың тисе келіп тұр. Хатыңды үзбе!
Ол баласын құшақтап қайта-қайта сүйді.
– Мен онда біраз ойнап қайтып келсем...
– Жоқ, күнім. Оның болмайды. Мейірің қанғанша, өзіңе керегінше ойна! Мен жайында қам жеме! Мен сенің тілеуіңде отырам.
– Рақмет, апа, рақмет! Келіп тұрам. Хат жазам. Ал, енді, өткенді есіңе алып, жыламайтын болсаң, не жыламасаң, осы күнге дейін айтпай келген құпиямды айтайын деп едім.
«Ол не құпия» дегендей анасы бұған аңыра қарады.
– Мынау емен ағашының шыбығы. Өзі өсіп қапты. Құпия сол – бұл шыбық көкемнің басында өсіп тұрған емен ағашының түбінен қазып алынған шыбық. Көкемнің көзі деп әдейі әкелгенмін. Мен жоқта күтіп ұста! Шөлдеп, су сұрап қалмасын. Қабығын бұзау кеміріп қойса да өспейді. Өзі жасында күтімді көп керек етеді де үлкейгенсін бой бермей кетеді.
Апасы Айдарды қайта құшақтады. Көзіне жас алмай, іштей солқылдап жылағаны селк-селк еткен иығынан байқалған. Ол баласын құшағынан жібермей көп тұрды.
– Күнім, – деді ол, – күнім, Айдарым, ақылың мол. Мен бұл шыбықты Алдаш деп, сен деп күтемін. Бұған да алаң болма! Ойыныңды ойна, алаңсыз ойна. Сенің көңілің бүтін болса, менің жүрегім бүтін болады.
– Апа, апатай, мықты бол, қажыма!
Бұл Айдардың ес білгелі, тілі шыққалы анасына айтқан ең алғашқы ақылы, жүрегінде тым көп сақталған жалғыз тілегі еді. Сол тілегін бүгін айтып, сол жүрегін бүгін ашты. Мұны ана жақсы ұққан. Бұрын бұл анасына ақыл-кеңес айтқан бала емес. Аршагүл ойлап кетті. «Апа, апатай, мықты бол, қажыма!» – қандай қуатты, әсерлі, күшті сөз. Бұрын нағып естімеген? Айдар, жалғыз ұлы бұрын бұл сөзді неге айтпаған? Бұл асыл сөзді, анасына деген «Мықты бол! Қажыма!» деген үш сезді бұрын айтпай, осынша неге осынша ұзақ сақтады екен? Ертерек, сонау кездерде айтса, ана қайғысы әлдеқайда жеңіл де қайда аз болар еді-ау!
«Апа, апатай, мықты бол! Қажыма!» Құлай ау, қандай қуатты, қандай әсерлі, қандай асыл сөз. Көп жыл бойы ана құлағы осы сөзді естуді аңсаған еді-ау! Сол сөзді бүгін естіді. Баласын үлкен қалаға өз еркімен аттандырар кезде бір-ақ естігені несі? Бұл сөз кіп-кішкентай ұлының бүлк-бүлк соғатын жұмырықтай жүрегіне осы күнге дейін қалай сыйып келді екен? Ерте неге айтпаған. Бұрын неге естімеген. Айығып қалды-ау, айығып...
Бұл толқудың іздерін Айдар да байқап қалды. Сонсын да, әдейі қайталады. Тағы да, арасына бөгде сөз қоспай, сөзбе-сөз қайталады.
– Апа, апатай, мықты бол! Қажыма!
– Менің күткенім, сенен күткенім, осы күнге дейін күткенім, осы сөз екен ғой, күнім! Енді мен мықты болам. Енді мен қажымаймын.
Аршагүлдің даусы дірілдеп шықты. Көзіне жас алған жоқ. Анасы көз алдында айығып, көз алдында өзгере бастады. Оның көз жанарына жаңа бір от, ұшқын пайда болғандай, бұған қайта қарағанда, кенет жалт ете қалғаны бар. Жалт ете қалды. Ана жүзі жарқын тартып кеткен.
Ана көзінің осы бір жалт еткен жалынды ұшқыны оның балапанын ұзаққа, биікке ұшуға, алысқа, самғап ұшатын ұзын жолға, кәдімгі қырандар ұшып-қонатын биікке, кәдімгі жас түлек, болат топшы сарбалақтар мекендейтін қия-қия жартастардың биігіне апаратын жолға шығарып салып еді. Шолақтағы кішкене ұясынан көтерілген жас балапан қанатын оқтын-оқтын сілтеп қойып, биікке қарай ұзап бара жатты.
ОТЫЗ БЕСІНШІ ТАРАУ
СЕМИЗОРОВ ПЕН САҚҚҰЛАҚОВ ЖӘНЕ ТҰЗДАЛҒАН ҚИЯРЛАР
Айдар жаңа ортаға, жаңа таныстарға үйрене бастаған. Әсіресе қосалқы командада өзімен жастас Балғаевты тапқанына, онымен танысқанына қуанды. Ол қорғаушы екен. Бұған ол есті, ойы бар жігіт боп көрінді. Балғаев бір сөзінде: «Қорғаушы ма, жоқ шабуылшы ма, әңгіме онда емес, әңгіме ойыншының санасында, өз коллективіне деген жақсы сезімінде...» – дегені бар емес пе?
Ол «сана», «сезім» деген, мектепте күнде естіген екі сөздің мәніне зер салған. Мұнда қызық бір сыр жатыр. «Сана» өзіне ғана керек нәрсе емес, ол сені қоршаған көпке сенен де гөрі қажет. Көппен қоса жүріп атқарған ісіңе саналы қарасаң, одан түскен сәуле сенің өз бетіңді ғана нұрландырып қоймайды. Сенімен бірге жүргендердің өңіне жарығын түсіреді. Сана, жеке бастың жақсы санасы көпке жылуын бере алса, оның өзін ұғып, түсініп тұрсаң, одан ракат ала білсең, бұл да абзал. Ал сезім ше? Бұл жеке түйсіктен жоғары тұрса, ол көптік сезім, адамға деген жақсы ұғым. Айдардың өзі де кейінгі шақта ұға бастаған бір жай бар. Адам ең алдымен адамды сүюге, жақсы көруге тиіс. Жек көру, тіпті құбыжық көру қашпайды. Алдымен сүй, сүйе біл! Жек көрсең, кемшілігін көріп, оны талдап, содан кейін, кейін барып, өз ойыңды бір-ақ айт. Жеке адамға деген іштегі кекті көпке көрсетуге, әсіресе тарқан етуге болмайды. Көптің, өзің ортасында жүрген адамдардың қызығын, ортақ ісін сату түгіл, оған инедей ақау түсіру обал, жоқ қылмыс. Бұл коллективтік сезім дүниесінің «а» деген әрпі. Айдар жаңа адамдар арасында өз өмірін осы «а»-дан қайта бастаған. Әрине, анасының бұған деген махаббаты, мейірімі өз алдына жатқан жалғыз биік. Директор Күмісбековтің қамқоршы көзқарасы, ықыласы, ақылы бір төбе. Тіпті, Түймебайдың «жеті өсиеті», оның ешбір бүкпесіз айтатын ақыл-кеңесі өмір соқпақтарының алғашқы компасы. Сол компас мұны бір жаңа дүнне қақпасының алдына әкелген. Осы қақпаға маңдайын тіреп, саусағымен тықылдатқанда «ә» деп есік алдына шыққан адам бар. Ол – бас тренер. «Көреміз, көреміз. Сен бізге ұнасаң. Менің саған ұнауым ешқайда қашпайды», – дегені бар оның алғашқы күні. Бұл сенім. Коллектив басқарып жүрген адамның сенімі. Демек, үлкен сезімнен шыққан сенім. Адамға сенім көрсетудің жақсылығы мен қуатын Айдар, әрине, жақсы білмейді. Бірақ үлкен адам айтқан сөздің күшін сезеді.
Екі айдай Айдар негізгі құрам түгіл, қосалқының өзінде ойнаған жоқ. Баяғыдан үйренген он үш номерлі майка нақа бір осыны іздеп жүретіндей бұл жерде де осыған тап болған. Ол запаста отырды. Жаттығуға жіберген жоқ. Ағылшын тілінен сабақ беретін көз әйнекті мұғалім келіншектің айтуынша арқасына жапсырып қойған «бақытсыз сан» осы жерде де қуып жеткені ме деп ойлайтын. Артынша осы санмен-ақ талай-талай жақсы ойнап, доп салғаны есіне тағы түседі. Әсіресе Совет Одағының Батыры атағын екі мәрте алған Талғаттың №13 самолетте ұшқанын еске алғанда, бәріне қолын бір-ақ сілтейтін. Мұнда тұрған не бар? Атақты футболшылардан, әйтеуір бір кезде запаста отырған болса, осы номерді кимегені бар ма екен? Яшиннен басқасының бәрі киген. Атақты қақпашы Хомич Москвада, 13 номерлі пәтерде тұрады дейді. Хоккей командасының капитаны, атақты Михайловтың арқасында 13 деген номер бар.
Екі ай өтіп, үшінші айда Қоңдыбаев қосалқы командада сол жақ шеткі шабуылшы боп ойнай бастады. Көпке дейін тренерлер мін де, мақтау да айтпады. Бұл – ойнағанына риза. Жаттықтырушы демекші, аға жаттықтырушы Семизоров затында жақсы адам көрінеді. Сабыры мол, ақылға сап, ойлап сөйлейді. Әрбір ойыншыға тұрақты пікірі бар. Қөп сөйлемейді. Сөйлей қалса пайдалы ой айта білетін адам. Оның бұған көзқарасы тәуір. Әсіресе «Пахташының» дублінің қақпасына қатарынан екі доп соққаннан кейін, біраз өткенсін, бұған, Айдарға ол турасын айтқан: осыдан танба, форманы сақта! Биылдың өзінде-ақ негізгі құрамда ойнатып көремін».
Саққұлақов бұған мүлде ұқсамайды. Тұйық. Ішімдегіні тап дегендей үн-түнсіз жүреді. Біреудің кішкене болса да бір кемдігін көрсе өмірі ұмытпайды. Қыбын тауып бетіне басады. Сөйте-сөйте өзіне бағынышты етіп, құлағынан сүйреп отыратын әдеті бар. Өзіне ұнамаған, жеке басы жек көретін ойыншыны ойынға шығармауға бар. Кейде тек амалы болмай қалады. Басқа ешкім жоқ. Ал запас барда, ол ұнатпайтын ойыншының аты-жөнін атамайды. Ондай ойыншы алаңға шықпайды. Ол көбінесе Семизоров тәуір көретін ойыншыны ешбір себепсіз-ақ өзінен-өзі жүріп жек көре бастайды. Айдардың өзі кешікпей-ақ нақ осындай жағдайға тап болған.
Аңдығаны осындай болғансын-ақ, Семизоровтың бұған, Айдарға деген ниетін тым тез сезген де осы Саққұлақов. «Е, сен оған ұнай бастадың ба?» – деген ол.
Міне, осыдан бастап Саққұлақов бұған қырын қарай бастаған. Қосалқы команданың ойынының өзіне ойлана-ойлана, амалсыздан әрең шығаратын болды. Содан да болар, басқаны болмаса да, Айдар Саққұлақовты басқадан гөрі тәуір білетін. Жай тұйық емес. Үндемей жүріп, үлкенді-кішілі есебі мол. Оны ешкімге жария етпейтін, ақылынан қулық-сұмдығы көбірек адам екенін сезген. Бір қызығы сол команда ойында доп салып, ұта бастаса, запасқа алып қалған ойыншыларды ол алаңға мүлде шығармайды. Мұнысында, әрине, бірегей қисын да бар. Команда қарсыластарын онсыз да ұтып жатса, запас ойыншыларды алаңға неге шығарады? Ал осының керісінше ұтыла бастаса, запастағы, өзіне онша ұнамайтындарды шығаратыны ап-анық көрініп те тұрады. Кейін ойын нәтижесін сөз еткенде «біз запаста, тың отырған сендерді де сынап көрдік!» деп тұшпалдай жөнеледі.
«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінер» дегендей өзімен алғаш сөйлескен, осы командаға келуіне себепкер болған Саққұлақов еді. Содан да Айдар оған деген жақсы сезімін көкірегінде көп сақтағандардың бірі. Амал не, көзге ұрып тұратын әлгіндей жайлар оны суынта бастаған. Бірақ ол өзі сүйген футбол өнеріне суынған жоқ.
– Қайта бала күннен сүйегіне сіңген қайсарлығына басып, өзі қалаған ойынның сырын ұғуға барын салды. Айдар ойлайтын, бұл әлі жас. Қайта осындайды көріп, содан ыза боп, ерегісіп өскен артық. Қолды бос тастап, арқаны кеңге салу ойыншының бір жауы. Екінші жауы – орынды-орынсыз мақтау. Бұл жас та болса арқадан қаққанды көрген. Оның аздап жел беретіні де бар. Бірақ желдің аты жел. Ол өнердегі балалық емес. Ол техника, күш, айла да емес. Футболдағы басты нәрсе – техника. Оған жететін жол жаттығу. Қобалжыған, ойлана қалған шақта Айдар осы жайларды еске алып, өзіне-өзі іштей сабыр айтатын. Сонау алыста Көкшеқұмның жалында мал бағып жүрген нағашы көкесі мұндайда қасында жүргендей, мұнымен кеңесетін. Ол айтатын, сабырлы бол! Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа». Осы сөзді нағашы көкесі құлағына сыбырлап-сыбырлап қояды. Оқтын-оқтын сыбырлайды. Мұның сабырсыздана бастағанын білгендей, кілең керек жерінде тынышсыздана бастаған шақта сыбырлайды. Мұндай кезде ол көкесінің шоқша сақалын, еңкіштеу келген арқасын, күнге күйген қоңырқай өңін, асықпайтын тым шабан қимылдарына дейін көз алдына әкеледі. Сәби кезден көріп өскен адам. Жақын адам осы болғансын да бұдан басқа Айдар көзіне ешкім көрінбейтін. Өзіне пір көрінген осы адам әр кезде-ақ өзімен бірге жүргендей болатын. Тіпті жақын кеп, атқа мінерде қарсы жақтан таралғыны басып, шылауды ұстап көмектесуге келгендей болады. Бүгін де ол бір сәт қасында отырып кеткендей, бұған ақылын айтты. Маңдайынан сипап, иығынан қақты. Бұл сабасына түсті, тыныштанып қалды. «Алаңға шығарса шығара қойсын, шығармаса бәрібір» деп түйген.
Бұл түрде Айдар қосалқыда да, пегізгі құрамада да ойынға шыққан жоқ. Өз құрбылары кілең запаста отыратындарды әжуа етіп, «Саққұлақовтың тұздалған қиярлары» деп атайды. Мұның өзі құпия. Тренер естіп қалса, бірінші таяқ бұлардың өзіне тиеді.
Суытылған, жемнен соң дұрыс таңастырылған жасаулы аттай шиыршық атып қалған ба, Айдар көпке дейін ұйықтай алмады. Қалтасынан кішкене қоңыр дәптер алып, оған әлденелерді ұзақ жазған.
ОТЫЗ АЛТЫНШЫ ТАРАУ
АДАМДАРДЫҢ ҚҰПИЯСЫ КӨП. ҚҰДІРЕТТІҢ ӨЗІ СОНДА
Қоңыр дәптер осында келгеннен бері қалтасында жүр. Мұны шығарған Сайра. Ол айтқан, күнделік жаз деген! Тренердің ақылды нақыл сөздерін жазып отыр. Өзіңнің не көргеніңді, кейде не ойлағаныңды жазып қой! Бәрі қызық болады деген. Сонымен қоңыр дәптерді тастамай, оған көргенін, білгенін, естігенін, өзінше осы керек дегенін жазып қояды. Запаста отыра-отыра ширығып қайтқансын ба, бүгін, нақ қазір оған ештеңе жаза алмады. Қолына ұстап отырды-отырды да, бұрын бүгінге дейін не жазғанын шолып шықты.
«Біздің бір тренер, аты-жөнін айтпаймын. «Удар через себя» дегенді көрсетемін деп, қақпа алдында шалқасынан түсті. Алдымен жерге басы, желкесі тиді. Өзінше осының бәрін ешкімге сездіргісі келмегендей, орнынан тұрды да, маған әлгі көрсеткенін қайталауды бұйырды. Мен қайталадым. Бірақ жерге желкеммен емес, арқаммен түстім. Тез тұрдым. Екінші сөзбен айтқанда, бұл ұруды оның көрсеткеніндей емес, Түймебай көрсеткендей етіп орындадым. Ол қызарып кетті. Соның өзінде сен мен көрсеткен сияқты емес, басқаша орындадың деп айтқан жоқ. Оны қашан, кімнен үйрендің деп те сұрамады. Бәрі де қалпында сияқты боп қала берді. Менің есіме өзімнің кішкене жаттықтырушым түсті. Біздің Түймебай пәле. Адал еді. Білетінін білем, білмейтінін білмеймін дейтін. Қулығы да, сұмдығы да жоқ. Ондай адаммен істес болсаң, алаңсыз, қауіпсіз жүресің... Әттең, оны ешкім білмейді. Әйтпесе Түймебай дегенің, өзінің білімімен, адал азаматтығымен үлкен командаға жаттықтырушы болуға жарайтын адам»...
Ол өзінің бала көңілімен, адалдықпен жазылған осы бір сөздерін қайта-қайта оқыды. Өзі байқамай жүр екен жазғандары едәуір екен. Көбі-ақ оқыған кітаптан, естіген сөзден алынған:
«...Бүтін тірі мақұлықтар арасында ұяттан қызара білетін бір ғана хайуан бар. Ол – адам. Адам су ішетін хайуандар арасында шөліркемей-ақ, сусап тұратын нағыз сусамырларына жатады. Адамның маймылдан жаралуы рас та шығар. Бірақ нағыз адам болу маймылдан жаралудан әлдеқайда қиын... Бұл ұғымдар менің нақ қазіргі түсінігімнен гөрі жоғары. Дегенмен ойлаймын: дүниеде адамнан ақылы асқан ешкім жоқ. Ақыл ғана емес, адамнан айлалы ешкім болған емес. Болмайды да. Ал ақыл мен айла қосылғансын, дүниеде адамнан күшті, қуатты күдіретті ешкім болмай шығады. Демек, дүниеде адамнан күшті аңдар, мақұлықтар болғанмен, одан ақылы, айласы асқаны болмағансын, адамнан асқан күштісі болмай қалады. Ақылға айла қосылғансын оның алдында көлденең тұрар ешкім болмайды.
Адам басқадан асқан ақылымен, ақылға жүгінген айласымен күшті. Бұл екеуі қол ұстасқан жерден электр тогіндей күш шыққан. Ал ақыл, айла, күш тәрізді үш бірдей құдірет алдында тізе бүкпеген, бас имеген әлі ешкім жоқ. Міне, оның құдіреті осында...»
Адамдар жер бетіндегі құдіреттердің бәрін өз қолымен, өз ақылымен, өз күшімен жасаған. Әсем қалалар, алып заводтар, каналдар мен жасанды теңіздер. Зәулім сарайлар, мәдениет, спорт сарайлары, ғажап үйлерді, музейлер мен ескерткіштерді жасаған және жасап жатқан осы адамдар... Он сегіздегі балаң жігіттің күнделік дәптеріне жазылған әлгі бір жолдар адам жасаған ғажаптардың рухын сезуден, ұға бастаудан шыққаны анық. Ол адамның басқа тірі мақұлықтардан артықшылығын білген. Ол артықшылық неде? Адамнан адамның артықшылығы неде? Егер ол бола қалса, әрине ақылында, айласында, осы екеуінің бірігуінен шыққан күште. Айлар осы жайларды анық білмесе де сезеді. Оның түсінбейтіні мынау: мәселен жасы, күші, денсаулығы бірдей екі баланы алса... ол екеуі жүгірсе бір-бірінен озады. Күресе қалса, бір-бірін жығады. Алыса қалса, бір-бірін көтеріп ап жерге соға алады. Ол өзінің ең алғашқы және ең соңғы төбелесі, сонау жылдардағы Төрехановпен төбелесін есіне алды. Екеуі аяғына дейін төбелесе берсе, жұдырықтаса берсе, әрине, ақырында бірін-бірі жеңіп тынар еді. Ол төбелестің тәуір жері сол болды – жеңіспей, тепе-тең тұрғанда аяқталғаны. Ал қазір футбол алаңында анау-мынау төбелеске бергісіз қақтығыстар болады. Сонда да бірін-бірі жеңіп, не жеңіліп тынады. Мұндай басымдылық төбелесте, күресте, самбода, боксте анық көрінеді. Ал белдеспеген, қолдаспаған айқаста, мәселен, футболда бұл басымдылық қалайша көрінеді. Тіпті, кейде әлгі бокстен де шапшаң, ойын басталған бойда-ақ көзге ұра қалады. Ол сенен артық, әрі шапшаң, әрі жүйрік, әрі айлакер. Демек, сенен ақылы да артық шығар? Кейде өзінен-өзі ызасы келетін жайлар болады. Жаңа ғана ойын басталар алдында көз алдында тұрған, өзінен, не өзгеден ешбір ерекшелігі жоқ, қайта сенен нәзіктеу, бойы аласа, өзіңмен түйдей жасты ойыншы бетпе-бет келе қалғанда сені жолға тастап кетеді. Алыстан берілген допқа ол сенен бұрын жетеді. Сен алып келе жатқан допты әп-сәтте тартып әкетеді. Өзі ала қалса сен одан ала алмайсың. Сөйте-сөйте өзіңе бір, оған екі ызаң келеді. Қорланасың, пүшәйман жейсің, кейде пышырап, не істеп, не қойғаныңды білмей, алғашқыдан бетер жаман ойнайсың. Сонда бұл не?
Жасы бір, жағдайы бір, денсаулығы мықты, екі баланың бір-бірінен артықшылығы неде болмақ? Ол осыны көп ойлады. Бірақ анығына жетпеді. Ал, тіпті, ақылы да, айласы да бірдей екен делік. Ішкен тамағында, ұйқысы мен демалысында, тренировкасында да ешбір айырма жоқ болсын. Сонда да оның артықшылығы басым. Бұл не құпия?
Айдар өз ойындарына, қасындағы өзге достарының ойындарына қарай жүріп, осы бір жайды едәуір ойлады. Себепті, дәл түсіп таппағанмен әлгі бір ақыл, айла, күш деген ұғымдардың сүйеушісі, қанат беретін қосымша бір көздері болса ше... Оның ойы жетпеген нәрсе: сана, ынта, намыс деген сөздер болатын. Өйткені санасыз ақыл, ынтасыз айла, намыссыз күш қашау көрмеген қара тасқа соғылған қылышпен тең.
Басқаны бұл, әрине, жақсы білмейді. Ал қазіргі «Жігер» командасында кейбір ойыншылар ештеңеге күйінбейді. Жан ашу емес, намыс қайда? Жаңа ғана сенің көз алдыңнан, сен алуға тиісті ана допты ала қашқан ойыншы сенен айлалы емес. Соның алдында сенің алып келе жатқан добыңды көзбе-көз, көзіңді бақырайтып қойып, тартып, әкеткен футболшы сенен күшті емес. Міне, жаңа ғана сенің арт жағыңда тұрып, допқа жүгіргенде сенен озып кеткен ойыншы әшейінде сенен жүйрік емес? Егер ол сол бір сәтте сенен күштілеу, шапшаңдау, айлалылау боп көрінсе, демек, оның бойында сана, өз міндетіне саналылықпен қарау сенің жүрегіңдегіден гөрі артық. Сол шақта ол айласын асыра алса, ондағы ынта сендегі ынтадан тағы артық. Егер ол сенен оза алмайтын жерде озып кетсе, оның бойындағы намыс оты сенің бойыңдағыдан гөрі қызулы...
Осыларды ойлап ыза болатын шақ бар. Дегенмен, футболдың әшейін ойын емес, талас, бәсеке, күш, айла, намыс ойыны екенін бұл түсіне бастаған. Бәсекеде озған жақсы, таласта жеңген артық. Қала жігіттерінің соңы болғанша, ауыл жігіттерінің алды болған абзал емес пе? Айдардың ойынша, кейінгі түсінігінше, әйтеуір көп ойыншының бірі боп, қосақ арасында, көптің көлеңкесінде жүре бергенше Шолаққа қайтып, әсем үйлер салған әлдеқайда артық. Әйтеуір сабыр сақтап, соңын күткен. Міне, адамдардың құдіреті осы құпиясында. Адамдар құдіретті, өйткені құпиясы көп. Сол бір құпиясы көп құдірет мұны да қолдайтын шығар. Мұның күткені осы еді. Мақсат осыған жеткізер деп күткен. Тәуекел!
ОТЫЗ ЖЕТІНШІ ТАРАУ
СПОРТ ДЕГЕН – ЖАРЫС, ТАЛАС, БӘСЕКЕ, МЕРЕЙ
– Айдар дриблер, Айдар дриблер!
Стадионның батыс жақтағы бөлігінен осындай дауыс естіді. Бұл өзі ұмытылып бара жатқан сөз еді. Мұны есіне алған кім? Дәу де болса, бұл Шолақ жақтан келген біреу балар. Әйтпесе бұл сөзді миллионға жуық халқы бар Алматыда кім біледі? Ешкім білмейді. Сайра ма? Ол бұл жерде жоқ, жалпы дауыс әйелдікі емес. Кім болды екен?
Дауыс қайта шықты. Кім де болса аздап қызуы бар біреу болды ма. Несіне айқайлайды екен?
Бұдан әрі оның «Айдар дриблер» дегенді кім айтқанын ойлауға мұршасы келген жоқ. Ойын қыза түскен. Қонақтар бірінші боп есеп ашқан. Алаң иелері қуып жетуші күйінде қалған. Мұндайда нағыз жетесіз біреу болмаса, кімнің болса да қызатын, барын салатын кезі. Есеп ашылғаннан соңғы он-он бес минутта «Жігердің» қосалқы тобының ойыншылары тым қызынып, қалай болса солай, ойсыз ойнады. Әйтеуір, көз жұмбай, торға түскен доптан өш алатындай, оңды-солды соғумен болды. Бірінде Қоңдыбаевқа доп тиген.
Сөзі таныс, үні таныс емес, әлгі бір дауыс стадион жақтан қайта естілді.
– Ай-дар, дриблер!
Бұл кім де болса таныс адам. Шолақтан білетін қу. Кім екен?
Бұл бір секундтік ауытқу ғана еді. Ойлап жату қайда? Оған уақыт қана емес, намыстың өзі-ақ мұрша берер емес. Бала күнгі бір әдетімен мойнын тұқыра, басын екі иығына тығып ап, алға ұмтылды. Мұның да ойынында ойдан гөрі қызбалық басым екені көрініп-ақ тұр. Ол ышқына жүгіріп, алдында тұрған қорғаушыны лезде алдап та, айналып та өтті. Қақпаға қараған қиғаш бұрыштан жақындап келеді. Амал не, мұндайда сенің әріптесің ойыңды түсінбесе қиын. Өйткені бұл қақпаға қарай доп алып шыққан кезде-ақ ортадағы немесе екінші беттегі ойыншы айып алаңына қарай ұмтылуға тиіс қой. Құдай-ау, осындай болмашы нәрсені түсінбей қор етеді. Бұл алаңға жақын келгенмен, қиғаш, ұруға ыңғайсыз. Айып алаңына берейін десе, жақын келетін ойыншы көрінбейді. Не істерін білмей, сасқан жері осы еді. Қайткенде де допты не қақпаға ұрып, не басқа ойыншыға беріп құтылмаса, бәрібір айырылып қалады. Орталық қорғаушы мұның әрбір адымын, қимылын жіті бақылыап, бүйректен жақындап келеді. Бұл неде болса, болсын дегендей, допты қақпаға, өзінің оң жағындағы бұрышқа соқты. Міне, қызық, доп діңгектің жалғасқан жеріне дәл тиді де, төмендеп барып, қайтадан алаңға шығып кетті. Бір елі төмен болса, қақпаға түсетін еді. Өйткені қақпашының жанұшыра ұмтылған, одан кейін секірген қимылы ауада қалып қойды. Өресі жетпеген. Айдар алдымен өз санын соқты, артынша қос қолдап басын ұстады.
– Айдар, дриблер! Бұған зер салған Айдар жоқ. Ол өкінген. Сонымен бірге қуанған. Қуанышы сол қақпаға соғатын жерді белгілеп алды. Енді осындай жағдай бола қалса, нақ сол жерден тағы да соғып көрмек. Басқалар да бұл тәрізді ойлайтын болса керек. Бұған доп бермеуге, тие қалса қақпаға қиғаш, алаңға жақын жібермей допты алып қояды. Ол көпке дейін айып алаңы түгіл, осыдан аз бұрын доп ұрған жеріне жете алмай қорланған. Жеткізбейді. Әлгі бір қақпа діңгегіне соғылып қайтқан допты қайталатқысы келмейді. Есеп теңесіп кете жаздаған жай, әсіресе ұтып отырған команда ойыншыларының есінде. Мұны, сол жақ шеттегі шабуылшыны аңду, көзден таса жібермей аңду бұрынғыдан бетер күшейген.
Есепті теңестірген доп шеттен емес, нақ ортадан соғылды. Қорғаушы Балғаев топты оң жақ шетпен әкеле жатты. Қарсыластар екінші беттегі шеттегі шабуылшыға береді дегендей, Айдарды төңіректеп, соны қоршай бастаған. Доп шетке емес, ортаға берілді. Орталық шабуылшы аяғының басына дәл берілген допты тоқтатпастан қақпаға соқты.
Жарыста озғанды қуып жеткенсін не болмақ? Сонымен мақсат орындалды ма? Әрине, жоқ. Әдетте озғанды қуып жету – басты мақсат. Ал енді озғаннан озуды нысана етпес тағы кім бар?
«Жігердің» қосалқы жастар тобы жігерленіп кеткен. Енді қол созым жерде жеңіс тұр. Кім батыл? Соған жеткізетін кім?
Екінші таймның соңғы он-он бес минуті қалғанда қарсылас қақпа аузына «Жігер» командасының ойыншылары әлденеше мәрте қауіп төндірді. Тәуір басталған шабуыл аяғы быт-шыт боп, пышырап кете берген. Ал қандай дегенде де, «Спорт» деген сөздің казақшасы «Талас», «бәсеке», «жарыс» соған жеткен мерей деген сөз. Талас пен жарыста, бәйге мен бәсекеде күтпеген нәрселер, ойламаған жайлар көп кездеседі. Бәсеке мен бәйге, жарыс пен талас ең алдымен сонысымен қызық. Ойын тепе-тең боп, бір де бірмен бітуге небәрі бір жарым минут қалғанда Қоңдыбаев доп алды да, өзінің көкейдегі нысаналы жеріне қалай жеткенін алғашқыда сезбей қап, артынша іркілместен допты соғып жіберді. Діңгектің астынан, доп тоғыздықтан сылқ ете түсті. Бұл жеңіс!
– Қоңдыбаев!
– Айдар!
– Дриблер!
ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ҚАРЛЫҒАШТЫҢ МЫЛЖЫҢ БАЛАПАНДАРЫ, ӘЙТПЕСЕ ЕМЕН АҒАШЫ МЕН ТҮС
Жеңістен соң дем алатын орынға келген. Шаршағанын ұмытып, көпке дейін ұйықтамады. Алқынған жүрек жай тапқанмен, деміккен көңілді басу оңай болмаған. Ол Сайра жазған соңғы хатты алып қайта оқыды. Әрбір сөзіне тоқтап ұзақ қарады.
«...Жақында Шолақта болдым. Бәрі де бұрынғы қалпынша. Үйіңде болдым. Апаң көңілсіз емес. Бір ермегі, бір қуанышы бар екен. Ермегі сол – сен еккен ағаштарды, әсіресе сонау алыстан әкелген әйілгі емен ағашын күтеді, суарады. Топырағын босатады, әйтеуір бір тынбайды. Қуанышы сол – өз айтуынша үлкен қуаныш, көп жылдан соң, тұңғыш рет сіздің үйдің бұрышына бір қарлығаш ұя сапты. Соны жақсылық нышаны дейді. Қандай жақсылық болатынын айтқан жоқ. Мен өз басым түсінбедім, ұқпадым. Бірақ әлгі қарлығаш ұясына көп қарадым. Күні бойы бір тыным таппай шыр-шыр еткен балапандарына жем тасып, қос қарлығаш безектеп, алма кезек келіп кетеді. Әлгі зар жақ мылжың балапандар екеш, қасынан анасы кетсе болды сап-сары сарғалдақ тәрізді езулерін көкке қарай созып, шырылдайды да жатады. Бір тыябайды-ау. Мұның несі қуаныш екен деп аң-таң болдым. Мүмкін, бір сыры бар шығар. Оны кім білген? Үлкендерде сыр көп.
...Мен өзіме өзім таң қалам. Бір түрлі қызық. Сен сонау жылы алысқа кеткенде, хабарсыз болғансын, сені аяп, бір түрлі болғанмын. Енді ше! Енді тағы түсініксіз. Сені аяп емес, бір түрлі сағынамын ба? Өзім де ұқпаймын. Бірге өстік, бір мектепте, бір класта, бір партада отырдық. Мектептен үйге бір көшемен қайтушы едік-ау» Содан ба екен, қайдам, әйтеуір сені іздеймін. Сағынбаймын, іздеймін. Біз оқитын қалаға келсе екен деп жүрем. Кейде ойлаймын, сенің Алматыға, түбінде сонда болатыныңды білгенде, мен оқуға сонда барып түсетін едім ғой. Бұл да өкініш. Өкініш болғанда, әйтеуір ұзақ өкініш, мәңгілік өкініш, арман боп қалмаса екен деп тілейтін, арман сияқты өкініш.
...Кеше ғана қызық тәрізді еді. Енді ше! Енді кейде жүдә көңілсіз. Неге олай екенін айта алмаймын. Мен сені сөйлеткім кеп, әр нәрсені бір сұрай беретінмін. Сен менің сол ойымды, сөйлеткім келетінін білгендей, үндемей, аузыңа су толтырып алғандай, қасара беретінсің. Жалпы, сен көп сөйлемейсің. Кейде ойлаймын, әр нәрсені бір айтып, мылжыңдай бергеннен, сол үндемей жүрген жақсы да деймін. Қонстантин Батюшков деген ертеректе өткен бір ақын «үндемеген жас адамның көркі мен қорғаны» депті. Бірақ, амал не, кейде әлденелер ішіне сыймай кетеді. Айтқың келеді. Мәселен, нақ қазір сен жолыға қалсаң, айтатындарым тым көп сияқты. Ал жолыға қалсам, сол іштегілерім быт-шыт боп, басы бірікпей кетер еді. Не айтарымды білмей қалам ба деп тағы қорқам. Қорқам, мүлде айта алмай қаламын деп...
...Мен астананы көрмедім. Сен жаз, кандай кала, не көрдің? Оқу бітісімен барсам ба деймін. Мен барған кезде сен болмай, қайда, кімге барарымды білмей, адасқаным тағы жаман. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Шолақта болғанда бұрынғы ұстаздарды көрдім. Майра Шораевна саған көп сәлем айтып жатыр. Ол айтады, футболды жақсы ойнайсың, бірақ «он үш» деген санды арқасына жарқыратып жазғанды қойсын дейді. Мен де сен сияқты ойлаймын, сонда тұрған не бар екен? Ол өзі қай елдің әдеті еді? Мен оны білмеймін. Әйтеуір айт дегенсің, айтып жатқаным. Меніңше, сол санды көп адамдар қайта жақсы көреді. Мен өзім он үшінші марта туғанмын. Маған одан ыстық көрінетін сан жоқ.
...Мен өмірімде мұндай ұзақ хат жазған емеспін. Бұрынғылары бір тарақ қағаздан асқан емес. Бұл жолы сіздің үйдің бұғатына ұя салған қарлығаштың мылжың балапандары тәрізді көп сөйлеп кеттім. Әлі де айтайын дегенім көп сияқты. Бірақ не айтарымды білмей отырмын. Осы кағазды алдыма жайып сап, қолыма қалам алған, бойдағы көп ойларым пышырап, қашып кетті. Ие, айтпақшы, апаң айтады, қайда жүрсе де дені сау болсын, жақсы адам болуды ұмытпасын дейді. Бұл жақсы тілек, жақсы ақыл. Мен де ойлаймын, қайткенде адам жақсы адам болады? Мынадай болса адам жақсы болады дегенді әлі білмеймін. Сен ше? Білесің бе? Білсең ол маған да керек. Сен осыны ойлай жүр. Сенің сөзге үйірлігің жоқ. Оның есесіне ойлайсың. Сөйлегеннен ойлаған адам жақсы. Сен ойла, қайткенде жақсы адам болмасақ та, тәуір алам боламыз. Сен мен боп та ойла!
...Ой, көп мылжыңдап кеттім. Кешір! Хат жаз...»
Айдардың көз алдында сарғыш шашты, ақсары қыз көпке дейін тұрып алды. Көп тұрды. Соны ойлап жатып ұйықтады. Бірақ ұйқысы онша тыныш болған жоқ. Ол қызық-қызық түс көрді. Әсіресе көкесінің басынан әкеп үйінің алдына отырғызған емен шыбығы үлкен дарақ бопты. Діңгегі жуан, жапырағы қалың әрбір бұтағы өз алдына ағаш болардай еменнің көлеңкесінде апасы, Сайра үшеуі отыр екен. Сайра хатында жазғандай қарлығаш мұның үйінің бұғатына ғана емес, әлгі еменнің бұтақтарына көп-көп ұя сапты. Қарлығаштардың бірі ұшып кетіп, енді бірі ұшып келіп жатыр. Сайра айтқандай, дамылсыз шырылдайтын тойымсыз мылжың балапандар аузын ашып көкке қарайды. Самал жел соғып тұр. Емен дарағының әрқайсысы алақандай-алақандай жасыл жапырақтары сыбдырлап шайқалады. Қарлығаштар мен балапандар даусы төңіректі сансыз үнге бөлеген. Құдай-ау, мынау отырған өзінің апасы ма? Мезгілсіз ағара бастаған шашы жас кезіндегідей мойылдай қара, бетінде тұқыл әжім жоқ. Мүлде жасарып кеткен. Сонау кездегі, жас шақтағы қалпына кепті... Күледі. Қуанышы мол. Қарлығаштың мылжың балапандары шыр-шыр етеді. Тірлік, өмір үндері толастамаған.
Ол түсін аяқтаған жоқ. Жаттығуға шығатын мезгіл бопты. Саққұлақовтың «тұрыңдар!» деген қарлығыңқы даусы бәрін бөліп кетті.
ОТЫЗ ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ТЕР ТӨГІЛСЕ СОР ШЫҒАДЫ, ҚАЛҒАНЫН КЕЙІН АЙТАМ
Ертеңгі тамақтан соң ойыншылар демалыс бөлмесіне келіп, шахмат ойнады, кітап оқыды, газет-журналдар қарады. Екі сағаттан кейін тренировка басталған. Кейінгі кезде іші шығып, беті майланып, қомақтана бастаған Саққұлақов төмен қарап, өзінше ойланған боп, алаңда қоржиып біраз жүрді. Ешкімге ескерту жасап, нұсқау айтпады. Отыз шақты жігіт не істерін білмей, алыстан бағып аңыра қалған. Ол асығар емес. Бір-екі жігіт қақпа алдында, алаң ортасында деңкиіп-деңкиіп, алабажақ қарбыздай доптың бірін алып, өз беттерімен ойнай бастап еді, оларға Саққұлақов жақтырмаған түрмен кескінсіз қарады. Анау екеуі допты тастап, қарап тұрғандардың тобына қосылды. Ол әлі үнсіз жүр. Иіріліп бұлар тұр. Бұлардың тұрысына көзінің қиығымен, жасырына қарап қояды. «Бұл не қылған артистік?» дегендей ойыншылар бір-біріне жымия қарайды. Әлден уақта ол бұларға жақындады. Беті ісіңкі, қабағы салыңқы. Әйелімен ұрысып шыққан ба? Кім білсін, әйтеуір көңілсіз екен.
Саққұлақовтың «Волгасы» бар, өзі айдайды. Бірақ қасына әйелін мінгізіп жүргенін ешкім көрген емес. Беті табаға піске нандай, өзі топ-толық ақсары келіншек кілең жалғыз, жаяу жүреді.
– Бүгін, – деді ол, ойыншыларға жақын кеп, – бүгін, біз сәл жүгіріп көрсек. Көптен бері жүгірген жоқсыңдар. Мен, сол, әрине, ойын кезінде жүгіргендеріңді, бұл есепке, әрине, алмай тұрмын. Спорттың барлық түріне керек, онсыз болмайтын бір түрі бар. Әрине, оны өздерің білесіңдер, ол әрине, жүгіру. Демек, жүгіреміз. Жүгіргенде, әрине, алдымен жүз метрге, одан соң, жүз елуге, одан соң екі жүзге! Бәрінен дұрысы бар. Ол қақпадан қақпаға дейін жүгіру. Допты анау қақпаның алдынан алған ойыншы мынау қақпаға қанша уақытта жететінін, әрине, сендер білесіңдер. Енді біз уақытты өлшемейміз. Кім бұрын жетеді. Сол озғаны. Ал енді бастайық, жүгіруден...
Жаппай жүгіру басталып жатқан кезде Семизоров келген.
– Арғы күні ойын. Ойын болғанда ең жауапты. Меніңше, жүгіруге уақыт бөліп жататын шақ емес. Одан да қазір допты қақпа алдына дәл берудің кейбір тәсілдерін қайталап, соған әбден, жете жаттығып көрсек. Меніңше, бұл артық болмас. Бұл келесі ойында бізге қорғануға болмайды. Ең алдымен шабуылға, шабуылға күш саламыз.
– Мейлі, – деді Саққұлақов, – мейлі, солай-ақ болсын. Әрине, ол да керек.
Жаттығу қайтадан басталды. Қақпа алдына, айып алаңына доп берудің неше қилы әдістерін үйренген.
– Оңға қарай, шетке!
– Солға қарай, ортаға!
– Енді оңға, ортаға соқ!
– Өзің емес, қақпаға қарсы тұрған ойыншыға бер.
– Енді солға, шеткі ойыншыға.
Семизоров бой-бой боп, даусы қарлыққанша айқайлап жатты. Қыңқ етпей бедірейіп Саққұлақов тұр. Бұл жұмысқа ешбір қарым-қатысы жоқ, әйтеуір қалыс адам тәрізді. Сырттан тамашалап қалған.
– Допты онша қатты теппе! Өлше, байқа! Ойлан! Мәссаған. Сенің бұл тепкенің қақпа түгіл, бұрыштағы жалаудан асып түседі.
– Қоңдыбаев, мынау, көрдің бе он бір метрлік, мынау, ақпен белгіленген жерге бер! Дұрыс-ақ. Тағы үш реет қайтала! Сен неге қарап тұрсың, Балғаев! Анау ойыншыға ұрғызбауға айла жаса!
Бүтін алаңда Семизоровтың даусы мен доптың ызыңынан басқа үн естілмейді.
– Саша-ау, Саша, Ионов, соқ қақпаға! Жоқ, сенің бұл соққаның маған ұнамайды. Қайта соқ! Сен маған айт, допты жақын жерден аяқтың басымен тепкен жақсы ма, жоқ үстімен тепкен оңды ма? Екінші, өзіңе ыңғайлы жағын тағы ойла! Дұрыс-ақ. Қайталап көрші. Қоңдыбаев, пасты жайлап бер. Шегіншектеме! Аяғыңды көтерме. Пасты, құпия пасты, тез және көзге түсетін ешбір бөгде қимылсыз беру қажет. Пас! Құпия пас! Енді дұрыс-ақ.
Екі сағатқа созылған жаттығудан соң, ойыншылар кешке дейін дем алды. Түнге қарай Семизоров қайта келді. Өзі тым ойлы екен. Алдағы кездесудің дүбірі оның жүзіне таңбасын баса бастаған. Жігіттердің көңіл күйін, тамағын, демалысын байқады да, уақтылы ұйықтауға кеңес берді. Әлде не оқып отырған Ионовқа жақын келіп:
– Оқитының, әйтеуір, түнде түсіңе енетін пәлелер боп жүрмесін! – деп өте шықты. – Ал, сен Қоңдыбаев, хатты қоя тұр. Демалыс, ұйқы алдында, әсіресе қызға хат жазу артық. – Ол күлген болды.
Семизоров тоқтады да жымия қайта күлді. Жігіттің қызға хат жазып отырғанын біле қойғанына өзіне-өзі риза боп күлген.
– Бәрібір хат жазылып болды, – Айдар қызарып кетті.
– Болса аяқта, енді аяқта! Сенің де үлкен сынға түсетін кезің болды. Тұздалулаың жетті ғой. Қиярдың тұздауы жеткенде не жеп бітіреді, не жарамсыз екен деп терезеден лақытырп жібереді.
Семизоровтың тұздалған қияр жайындағы әңгімені естігені көрінді.
– Әзір бол!
Айдардың жүрегі лүп ете қалды. Жақсы да жылы сөз. Бұл сөзден ол негізгі құрамда ойнайтын кезің жақын дегенді ұққан. «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес. Қалтасында маршалдық жезл жүрмеген офицер офицер емес», – дегенді Айдар тұңғыш рет, осы көктемде осы Семизоровтың өз аузынан естіген. Естігенде қуанған. Ішінен жақсы да әділ сөз деген. Негізгі құрамда ойнап, былғары доптың майталман шеберлерімен бетпе-бет келудің өзі жас ойыншыға арман емес пе? Мәселен, «Спартак» пен кездесе қалғанда Крутиков тәрізді корғаушыны бір рет алдап өтіп, аяғының астынан доп алып кетудің өзі қандай мәртебе! Қыранның кыран екенін ұшканда бір, жемтігіне түскенде екі көресің. Сондай-ақ жас ойыншы топқа түспей, өзінің әдіс-айласын, неге жарап, неге жарамайтынын біле ме? Мұндайда, Көкшеқұмда мал бағып жүрген нағашы көкесінің кейбір қылықтары есіне қайта түседі. Қойға мініп жүретін қара көк дөненін мақтағанда: мұның өнерін шапқанда көр, мұны баптап, күзде бәйгеге қосам. Топқа түспей ат екеш ат та көсіліп, көзге түсе алмайды дейтін. Футбол деген өз заманының көкпары, бәйгесі, салымы, сайысы тәрізді қызық, тамаша. Ондай болса, мұның да қалыңға шабандоздар, нағыз шеберлер түсетін топқа, додаға, қиынға түскісі келеді. Қолында қамшысы, астында аты бар адам қалыңға бір түсіп шықпай, көңілі көншімейді. Өйткені күш атасын танымайды. Ол күштің иесі топқа, таласқа, бәсекеге түспей өзінің кім екенін білмейді. Мұның аяғында бутсысы, үстінде номерленген футболкасы бар. Додаға неге түспесін. Мұның өзіне салсаң, өз қатарынан жаман ойнап жүрген жоқ. Енді көрмегенді көрсе, бұрын ойында қарама-қарсы келмегендермен бетпе-бет келсе... Шеберлермен иық тіресіп, кеуде қағысу.. Мәссаған, бұл деген арман ғой!
Бұл арман. Сол арманға жетер шақ келген, жақын қалған сияқты болды. Аға жаттықтырушы әлгі бір сөзімен мұны үмітті етіп кеткен. Осы шабытпен аяқталғалы отырған хатын көңілді бітірді.
...Сайра, сен жазғышсың. Сөздерің әдемі. Маған ұнады. Апама ермек табылғаны қандай оңды болған. Қарлығаштар – адамның досы. Соған қуанатын шығар. Мен де онша түсіне бермеймін. Ол да болса медеу шығар. Емен ағаштың өскені жақсы екен. Өссін, биік өссін. Оны мен түсімде көріп жүрмін. Дәу дарақ болғанын көруді арман еткеннен болар. Әйтеуір, түсіме енді. Ол түсті жолыққанда өзіңе айтамын. Өте қызық түс.
Мен сен сияқты әдемі де, көп те жаза алмаймын. Мені көрші еді, кластас еді, сырлас еді деп есіңе алғаныңа көп ракмет! Ал бір кезде аяушы едім, енді сағынатын болдым дегеніңе, әрине, мен нанбаймын. Қыздарды жақсы білем деп айту маған артық. Бірақ олардың басы толған қиял, кешіре гөр, жел болатынын сеземін. Кім біледі, сен басқалау болуың мүмкін. Артық, кем айтсам кешірім өтінем.
Сен менен Алматыны сұрайсың, қандай қала дейсің? Мен сенен сұрайын, Шолақ пен Шым қала, Түркістан мен Шардарадан басқа қала көріп пе едің? Айтпақшы, сен Жамбылды көрген екенсің ғой. Бірақ Алматы деген оның біріне ұқсамайды. Телевизордан көргендерің де емес. Бұл бір ғажап. Қаланың үш жағы көкпен тірескен қарлы тау. Шілденің ми қайнатқан ыстығында тау басында қар жатады. Ол қар өмірі кетпеген, ерімеген. Қардан кейін ағаш. Шыршалы көк орман. Әсіресе таңертең тұрып тауға қарасаң бар ғой, барлық тау саған жақын кеп, төніп тұрғандай болады. Сол таудың бауырынан сылдырап, мөлдір сулы өзендер ағады. Сондай екі өзен – Кіші, Үлкен Алматы өзендерін жағалап салынған әдемі үйлер. Бірнеше театр бар: опера, драма, балалар театры. Кино-театр дегендер мүлде көп. Биік-биік зәулім конақ үйлері бар. Қаланың іші толған ағаш. Жайқалған көк. Осы қаланың өзімен жастас емен ағаштарын көргенде, өзіміздің үйдің іргесіне отырғызған, әлгі өзің айтқан ағаш есіме түседі. Мен отырғызған емен де осылардай болар ма екен деп қоямын. Содан да түсіме енгіш-ақ. Қайта-кайта көрем. Апам жақсылап күтіп жүрсе, ол да тамаша биік боп өседі.
...Қаланың әсемдігін айта беруге тілім жетпейді. Өзің де келерсің, көрерсің. Сонда қандай екенін айтарсың. Мен білсем, сен менен гөрі байқағышсың. Енді бір-екі күннен кейін шешуші бір ойын болмақ. Соған әзірленіп жатырмыз. Хатты содан кейін жазармын. Менің қосалқы да қанша доп салғанымды жаңылмай, есебін алып жүр екенсің. Оныңа да рақмет. Осы хат барғанша шолақтан кетпесең апама көп-көп сәлем айт. Жақында, әлгі ойыннан кейін оған да хат жазамын.
...Айтпақшы, ұмытып барады екем ғой. Сен маған адам болуды ойлап жүр депсің. Ойлағанда не болады? Өз түсінігімше, адамда белгілі мақсат болуға тиіс. Мақсатың болса, сол әйтеуір, бір жерге апарады. Қалғанын кейін айтам. Ал жолыққанша сау боп тұр...»
Айдар хаттан соң жуынды д, төсегіне жатты.
ҚЫРҚЫНШЫ ТАРАУ
ДОП САЛҒАН ОН ҮШ НОМЕРЛІ ОЙЫНШЫ АЙДАР ҚОҢДЫБАЕВ, ЕСЕП БІР ДЕ БІР
Таң Алатау биігінен ашпақ сүттей боп атты. Күн ашық болар түрде екен. «Жігердің» қала шетіндегі арнаулы тұрағында түнеп шыққан жігіттер бірден таңертеңгі жүгіруге шықты. Тамақ ішіп жатқан кезде жаттықтырушылар да келді. Екеуі де ойлы. Бүгінгі әнгімені, жаттығуды неден бастауды қиялдап келген сыңайы бар. Әсіресе Семизоровтың кескіні ойлап-ойлап шаршаған адам сияқты-ау. Қабағы қатыңқы, жүзі салқын. Онысын ойыншыларға көрсеткісі келмегендей көңілді болғысы келеді. Бірақ бәрібір көрініп тұр.
Тамақтан соңғы үзілістен кейін екеуі де ойыншыларға жақын келген. Алдымен Саққұлақов сөйледі. Алдағы, ертең болатын ойын биылғы маусымдағы соңғы ең шешуші ойын дегенді әлденеше мәрте қайталап айтты. Сөйлеп тұр. Не қара, не сары емес, өлген қойдың жанарындай бозалаң көзімен ойыншыларды сынай қарап қояды. Мұның сөзіне риза болмай тұрғанын сездіргісі келмесе де, кейде орынсыз қипақтап Семизоров тұр. Бар ойын айтып, Саққұлақов әрең тоқтады. Бас-аяғын біріктірмей бейберекет сөйледі. Жүйелі кеңес, нақты нұсқау болған жоқ.
– Айтылған сөзді қайталағым келмейді. Дегенмен, бұл ойын бізге не әкелетінін қайта-қайта айтпай болмайды. Соғыс кезіндегі әскери тілмен айтсам: не өмір, не өлім. Жеңсек – жақсы. Құп та құп. Біз осы ойнап жүрген лигада қаламыз. Жасыратыны жоқ, ең болмаса ойынды тепе-тең аяқтасақ та жан сақтаймыз. Онда пенальти соғылады. Қақпашы мықты. Бұл – өмір. Ал жеңілсек – өлім. Лигадан шығып қаламыз. Бұдан шығатын міндет қандай? –Семизоров төмен қарап аз ойланды. Бетін алақанымен қаусыра сипап өтті. – Ең болмағанда тепе-тең түсу керек. Өздерің білесіңдер, бізді онсыз да қорғанушы команда, «Жігер» – бетон деп жүр. Оған қоса «тепе-тең ойындардың чемпионы» атандық. Қандай десе де, нақ ертең біз тепе-тең ойыннан қаша алмаймыз. Бірінші міндет тепе-тең түсу. Оның өзінде ноль-ноль болуға тиіс. Ал екінші міндет – ұту. Бұған жетудің жолы – бүтін команда нақа бір организмдей, қорғануда да, шабуылда да бірге болуды атқара алса... Бір кісідей, қимыл жасау он бір адамға оңай да емес. Оны жасыра алмаймын. Ал енді негізгі құрамның, алаңға шығатындардың кімдер екенін Саққұлақов жолдас айтады.
– Мен, – деді Саққұлақов, – мен, әрине, бұл жерде, нақ қазір кімдер ойнайды, кімдер ойнамайды дегенді күні бұрын жария етпеймін. Дәлме-дәл, атап айтпаймын. Жалпы алғанда, әрине, негізгі, бұрыннан ойнап келе жатқан құрам өзгермейді. Қалғанын, әрине, ойласамыз. Бәрің де, бүгін қосалқы да ойнамағандар да дайын болсын. Ойынға шығарда...
Тұспалдау мен жұмбақты жаны сүймейтін Семизоровқа бұл сөз ұнаған жоқ. Өйткені әрбір ойыншыны іштей әзірлеп, ойландырып алудың да өз септігі бар. Оны кім білмейді. Саққұлақов та біледі. Бірақ айтқысы келмеген.
– Жоқ, – деп қалды Семизоров. Айтқан дұрыс еді. Ойынға шығарда емес, қазір ең болмағанда ойыннан бес-алты сағат бұрын айтамыз ғой...
Саққұлақов үндеген жоқ. Бөлмеден Семизоров ойлы шықты. «Құдай-ау, бұл не әдет? Бәрі жұмбақ бәрі бір жатқан тұспалдау. Менің ішімдегіні тап дегендей тымырайып қалған бір тас түйін. Мұның жылы сөзі, дем беретін нақтылы, сергітетін ашық-жарқын ойы, тілі қайда? Жаттықтырушы оның ішіндегі тәрбие жөніндегі жаттықтырушы нағыз педагог болуы керек емес пе? Жаз бойғы қылығы осы. Іштен тартып, аяққа оралып-ақ келеді. Ашып айтар, адалдықтан шыққан сынды, сынсыз пікір айту қайда? Ең болмаса өз пікірін ашып сап, көзқарасын анық айтса екен. Ол жоқ. Тіл қатпастан қынырая береді, қияс тартады. Дүниеде азап көп те шығар. Сол азаптардың ең қиыны, ең ауыры бірге жүрген, бірге жұмыс істеген адамдардың бір-бірін түсінбеуі немесе түсінгісі келмейтін дер едім. Адамдардың ұғыса алмауы азап. Ең үлкен азап. Тіл тауып, бір-бірін ұға алмаған жерде берекелі іс те болмайды. Биылғы маусым бітсе екен. Жаттықтырушы болмай кетсем де бұл қырсықтан құтылам. Олай болмаса, бұл командада маған жұмыс істеу қиын-ақ».
Семизоров ыза болған. Бірақ аса жауапты ойын алдында әлде не шығаруға батылы жетпеді. Мұндай мұндай талай қырқылжың кеткен.
Ойыншылар құрамы өзгерген жоқ. Алаңға бұрыннан ойнап келе жатқан он бір ойыншы шықты. Запаста қақпашы Шеренков, шабуылшылар Стукалов пен Қоңдыбаев. Мұның соңғысын Семизоров алдын ала айтқан, үміттендіру сөзі есіне түсіп азапстың өзіне әрең жаздырған.
Ойын қыза түсті. «Жігердің» алға қойған мақсаты бірден-ақ түсінікті болған. Ең алдымен қақпаға доп түсірмеу. Алда екі шабуылшы, басқалары қорғаныс шебінде. Әрбір адым жерде бітіспес тартыс жүріп жатты. Қонақтар – «Севан» ойыншылары қарсыластар тактикасын ұға қойды да, ойын өрнегін өзгерткен.
Екі шабуылшыға екі қорғаушыны қалдырып, басқалары түп-түгел шабуылға шыққан. Бірінші таймның бүтін ойыны «Жігер» қақпасының алдында өтті. Бір тәуірі қақпаға дәл соғылған жоқ, қатты ұрған үш допты қақпашы ұстады. Бірінде дәлме-дәл тоғыздыққа түсетін допты қақпашы созыла секіріп, төбеден асырып үлгерді.
Теледидар аппаратының құлағын ұстап оператор Семизоров пен Саққұлақовты қатар отырған қалпында әлденеше мәрте көрсетті. Құлағына дейін өрттей қызарған Семизоров алақанын уқалап, бетін қайта-қайта сипай берген. Көзі алаңда. Қақпаға қарсы жақ доп соққан сайын құлағы дың етіп, беті өзгеріп сала береді. Мұның бұл жайын қасында, Шеренковпен қатар отырған Айдар да байқап отыр. Ол біресе алаңға, біресе ұстаздарына көз қиығымен жасырына қарайды. Саққұлақовта үн жоқ. Беті саз балшықтай баттиып, міз бақпайды. Бірақ өңі бұрынғыдан бетер бұзылып кеткен. Әсіресе мұрнының үстіндегі қызыл тамырлар жуандап, көзінің төңірегіндегі әжімдер жиілеп те, көбейіп те барады. Соның өзінде без бүйректеніп, сазара береді, сазара береді. Кейде мұның неге, қалай күйініп отырғанын аңғару қиын. Бірақ бұл екеуінің күйзелісіне, ойыншылардың жаппай қорғанысқа шығып, шапқылап жүргеніне қараған уақыт жоқ, бірінші таймның ең соңғы минутінде, жарты ойын бітті, енді дем аламыз деп тұрғанда, қарсы жақ нақ қақпа алдында, тым жақын жерден баспен соқты да, допты торға түсірді.
152
153
болғанмен, ұруға ыңғайлы тұрған ойыншы болмалы. Ал өзі соққан бір доп тұп-тура қақпашының қолына тиді.
Мұндайда күткен, торға түскен ала допты күткен кезде уақыт деген ойыншыға тым тез өтіп жатқандай болса, көрушіге ұзақ тәрізді болады. Сарылады, күтеді, асығады. Доп жоқ. Торға түспей, не өзінің түскісі келмей, бұлтақтап, алаңнан шықпай қашады. Уақыт зырлап өте берді. Ойынның бітуіне он шақты минут уақыт калған. Стукалов оң жақ қанаттан алған допты какпаның алдына, он бір метрлік белгінің үстіне берді. «Жігердің» орталық шабуылшысы допты ірікпей, қақпаға соқты. Қақпашы допты қолымен алудан қаймығып, жұдырығымен катты соғып, алаңға жіберді. Қорғаушының бірі оны кақпа алдына қарай қайтарып жіберді. Осы шақта жан ұшыра ұмтылған кақпашыдан допқа бұрын жетіп, Айдар оны басымен дәл соқты. Доп нақ оң жақ бұрышқа сылқ етті. Ақ ала доп торға түскен сеп-семіз, доп-домалақ ақ жайындай екі-үш рет тулап та, аунап та түскен. Адам деген, оның жаны, жүрегі қызық қой. Торға доп емес, өз жүрегі бөлініп, соғылғандай Айдар селк ете қалды. Артынша құлағы шулап, көз алды тұнып, басы айналып кетті. Алаң ортасына қарай жүгірді. Бірнеше ойыншы, өз әріптестері оны қуа жөнелді. Бірінші болып, оны алаңға бүгін өзімен бірге шыққан, бұрыннан қосалқы топта бірге ойнап жүрген Стукалов қуып жеткен. Ол мойынына асылып, Айдардың тер басқан, тұзы шыққан бетінен қайта-қайта сүйді. Басқа ойыншылар, мұны өмірі сүйіп түгіл, құшақтап көрмегендер де сүйе бастады. Стадиондағылар аяғынан тік тұрды. Айқайлап ұзақ қол соқты. Әлдене айтып жатты.
Төреші алаң ортасын көрсетті. Доп ортаға қайта қойылған кезде, жоғарыдан, стадионның батыс мінбесінен қоңырлатқан әдемі дауыс естілді. Бұл спорт коментаторының даусы еді.
– Ойынның сексен бесінші минутінде, «Севан» қақпасына доп салған, он үш номерлі ойыншы Айдар Қоңдыбаев! Есеп бір де бір.
Бұдан соңғы бес минутке созылған ойынның қалай өткені Айдардың есінде жоқ. Әйтеуір «Севан» ұтуға, «Жігер» осы есепті сақтауға бар күшін салған. Төреші ысқырығы естілгенде, оның құлағы тағы шулады. Көз алды бұлдырап кеткен. Қуанышта шек жоқ. Шіркін-ай, бүгін осы стадионда, футболдың не екенін түсінбесе де апам отырса ғой деп ойлады. Оның допта, айқай-шуда ісі болмас та еді. Бар болғаны менің атымды, одан соң фамилиямды естігенде көзіне жас алып жылар еді. Әлде бәрін ұмытып күлер еді. Баласының атын қайдан айтып жатқанын білгісі келіп, жоғарыға қарар еді. Әйтеуір, не керек, менен бетер қуанар еді. Менің атымды қайталап айтпас па екен деп күтер еді. Ең болмаса, Сайра ше, ол да келіп отырмады-ау! Ол мұнда емес. Бала қиялы шарықтап, стадион үстінде қос қанатты көк көгершін боп, шыр айнала ұшты. Шалқыған ойдан, қуаныштан, жеңіс мәртебесінен болар, көрермендердің не деп айқайлап, не деп мадақтағанын бұл ұқпаған, естімеген. Әйтеуір, айқайлаған дауыстарды естіді. Аяғынан тік тұрған халық үні әлі басылған жоқ.
– Жарайсың, Айдар!
– Айдар Қоңдыбаев!
Пенальти соғу тұп-тура Семизоровтың айтқанындай болды. «Жігер» қақпашысы әрбір допқа оқша атылып, бестің екеуін сыртқа қағып жіберді. Есеп бес те төрт болды. «Жігер» өз тобында қалды.
Семизоровтың қуанышында шек жоқ. Ол ойыншылардың алдынан жүгіре шығып, ең алдымен Айдарды, одан соң Стукаловты құшақтап, бәсекеге соңынан қосылған екі жігітті құттықтады.
– Көп қобалжытқан ойын еді. Жеңіспен бітті! – деп Семизоров өзінің келешегінен көп үміті бар жас ойыншыларына қуанышпен, жылы қараған.
ҚЫРЫҚ БІРІНШІ ТАРАУ
СОҢЫ, ӘЙТПЕСЕ КҮНШІЛДІК ЖАЙЫНДА ЕКІ АУЫЗ СӨЗ
Күмісбек «Жігер» командасының демалыс базасына әдейі келіп, Айдарды бір кешке босатуды өтінді. Семизоров көнбей қойды.
– Бір сағат уақыт берем. Не шаруаңыз болса да осында бітіріңіз.
– Ойбай, ешбір шаруам жоқ. Өзімнің шәкіртім еді. Сөйлесейін деп едім.
– Осында сөйлесіңіз.
Күмісбек пен Айдар төбесін тақтаймен жапқан дөңгелек шатырдың астына кеп отырды. Бұрынғы ұстаз әңгімесін әке мен бала сөйлесіп отырғандай жаймен бастап, байыпты айтқан: спорт та өпер. Ал әрбір өнер таланты ғана сүйеді. Спорттың өз таланттары барын, Айдар, сен өзің де білесің, менен тәуір білесің, – деп келіп, өнер жолының қиындығын айтып кеткен. – Өнерді өзіне-өзі сенген адам қуады. Ол ұштығына жетпей қоймайды. Қиын жолдың бірі – өнерде мақсатқа жету жолы. Менің түсінігімше, сол үлкен өнердің қақпасын сен бүгін аштың. Былғары доп шеберлерінің қақпасына бүгін сен түсірген жалғыз доп – сол қақпаны ашқан кездегі сыңғыр еткен қоңырау. Сол қоңыраудың үшімен бірге сенің «мен келдім» деген даусың қоса шықты. Сол дауыс менің құлағымда әлі шыңылдап тұр. Ал сенің құлағында стадионда отырған үлкенді-кішілі көрермендердің айқай-шу даусы тұр. Ол да сен қаққан қоңырау даусының әсері. Бұл дауыстар талантқа бас иген көптің қошеметі делік. Қошемет болғанда өз өнерінің есігін батыл ашқан ер көңілді жігіттің азаматтық ерлігіне, бірінші қадамына көрсетілген құрмет. Өйткені сен қақпаны ғана аштың. Ал ол қақпаның ар жағында не барын, сені не күтіп тұрғанын сен әлі білмейсің. Білмегенді білген, көрмегенді көрген абзал. Ашқан есігіңді кірерде де, шығарда да қатты жабушы болма! Өйткені сенің барар жолың да, қайтар жолың да енді сол кақпаның ар жағында болады. Демек, енді өмірден таңдап алған өнерің осы спорт, оның ішінде футбол боп қалады. Сен жайында, сенің енді жүрер жолың жайындағы менің бұл түсінігім дұрыс па?
Ол қоңыр жүзді, сүйкімді жас жігіттің өңіне зер тастады. Өзінің қайда, кіммен бірге отырғанын бір сәт ұмытып, аға, ұстаз сөзін зерделі, ойлы тыңдап отыр екен. Бұл Күмісбектің де ішін жылытып жіберді. Әкесіз өскен жас әке сөзінің қандай болатынын білмесе де, оның шындығын ұғатын сияқты. Дүниеде балаға айтқан ақыл, нақыл сөзді білсе де, білмесе де, тауып, дәл түсіп айта алса да, айта алмаса да, әйтеуір, өз ұғымынша ең шын айтатын бір-ақ адам бар. Ол – әке. Әке өз жұратына ең асыл шындықты, дұрыс жолды айтады. Ол білмей қалса өз алдына, әйтеуір шынды, өзі білген шындықты, өзі дұрыс деп тапқан түрде әдемі жолды нұсқайды. Өз жұратына, өз ұлына әкеден адал адам жоқ. Әрине, біз ана махаббатын жоғары қойып, биік жырлаймыз. Ананың ақ сүті артық. Ана көбінесе Отан, ел, жұрт мағынасында алынады. Әйтпесе баласын сол баланың анасынан кем сүймейтін әке көп, аз емес. Қайта, әкенің өз жұратына, өз қанына деген махаббаты ана махаббатына қарағанда салқындау, көзге ұрып тұрмағанмен, тереңдеу, ұстамдылау болуы кәдік. Әке, есті әке баласын көзінше айналып көзінше еркелетіп, оның алдында жасын төгіп жатпайды. Өйткені әке махаббаты, әке сезімі терең, салқын құпия. Күмісбектің ойынша, Айдар әкенің осындай құпия махаббатын, әке жүрегінің жылуын сезбей өскен. Ал қазір бетпе-бет отырған буырыл бас ұстаздың сөзі оған әке сөзіндей жетіп, тылсымдап тастаған.
Сөйтіп, Айдаржан сені бүгін мақсат жолындағы кұпия сырлы қақпа – спорт деген киелі кақпаның есігін ашты деп санаймын. Ең алдымен, сонымен тұңғыш табысыңмен құттықтаймын!
– Рақмет, аға!
– Ал спорт та өнер дедік. Өнер болғанда ескі тарихы бар өнер. Мәселен, Александр Македонскийдің әкесі Филиппті, бұдан 3313 жыл бұрын өлген патшаны 95 килограмм тап-таза саф алтынға орап футбол алаңына жерлепті. Соған қарағанда, Көшеков айтқандай, Александр Македонскийдің өзі ғана емес, бір көзі жоқ, (соғыста болған) бір аяғы бір аяғынан бес сантиметр қысқа болса да, Филипптің өзі де футбол ойнаған, не ол ойынды артықша бағалаған. Бұл футболдың біздің ғасырдан әлде қайда бұрын шыққанын көрсетеді. Содан бері қарай бұл өнер өркен жайып, халықтың, аса көп адамдардың қызығына, тамашасына айналды. Футбол – өнер. Бұл – сынаудан өткен қағида. Сол өнер жолында мақсатты нысанаға жету, даңқ тұғырына көтерілу аса қиын. Өнерді батыл, қиындықтан қорықпайтын, өз күшіне, өз жігеріне сенетіндер, бір сөзбен айтса, таланттар куады. Өйткені әлгі даңқ тұғырына баратын жолда тікенектер өседі. Бұл өзі атам заманнан бері тамыр жайған, мықты тосқауылдар. Өсе келе өзің көрерсің, сезерсің. Бәрін айтпай-ақ, сол тұғырға баратын жолдағы бір тікенекті айталық. Мәселен, ол күншілдік. Бұл жанға, қадалған жеріне инеден тез, қатты бататын тікенек. Менің өз топшылауымша, күншілдік деген сөз ту баста адамдардың бір-бірінен күнді қызғануынан шықса керек. Күн деген аса қасиетті, теңдесі жоқ нәрсе. Ал, сондай жақсы құдіретті құбылысты қызғану заңды да шығар. Соған қарап айтамын, күншілдік алғашқы мағынасында жақсы да ұғым болуы кәдік. Бара-бара оның жаман жағы басым түскен. Байқап, өзің-ақ ақылға сап қарашы! Егер, күншілдік, әйтеуір, күндей беру, әйтеуір қызғаныш болса, ол ең алдымен сол күншілдің өзін жеп, мүжи береді, ақыры құртады. Бірақ, өнерге, өнерпазға кедергі, бөгет болады. Не өзіне сәулесін түсіре алмаған, не өзгеге нұр түсіргісі келмегендіктен, мұндағы күншілдік аса қауіпті тікенек. Ал күншілдікті бәсеке, жарыс, талас деп ұқсақ, мәселен алда кетіп бара жатқан ойыншының аяғынан шалмай-ақ қуып жетіп, басып озуды мақсат етсең, мұндағы күншілдік тәуір мағынада болғаны. Демек, жай күншілдік, әйтеуір күншілдік – ауыр. Бәсекедегі, жарыстағы, таластағы күншілдік – мақсат. Күнде, бірақ басқаға зияныңды тигізбей күнде демекпін. Өйткені кәдімгі жүгіргіштерді алайық, өзінен озып бара жатқан ойыншыны көре білген, кезінде оны өзінен оздырмаған, қайта ызаланып, басып озған жүйрікті кім кіналайды?.. Ешкім кінәламайды, қайта мақтайды. Күншілдік пен күндестік апалы-сіңілілі. Жақсы-жаманы аралас.
– Сонымен, аға...
– Сонымен, айтайын дегенім ең алдымен күндес іздеме, күншіл болма! Бола қалсаң, басқаны іштен шалмай, етектен тартпай, әйтеуір көре алмай күндеме! Қолыңнан келсе оз, оны жолға тастап кет! Немесе соңыңнан ертіп, өзіңмен бірге ала шық.
– Мынау, кәдімгі колхоздағы жарыстың принципі тәрізді екен!
Ұстаз алғашқыда қызарып кетті, артынша Айдарға таңдана қарады. Бұл оған балаша ақыл айтып отыр. Бала дегені өсіп қалған, әр нәрсеге өз ойы бар жігіт тәрізді. Дегенмен бұл ойын бөгей беріп:
– Жарыс, бәсеке, талас принциптері күншілдік пен күндестікке көп ұқсайды! – деп тоқтады. – Менің басты айтайын дегенім, қол қусырып, қараптан қарап отырып күндесең, әрекетсіз күншіл, бос күндес болсаң, ең алдымен өзің жоғаласың деген ұғым еді. Қажетіңе жараса есіңде болсын!
– Өте дұрыс ақыл! – деп Айдар қолдай кеткен.
– Иә, келе-келе құлаққа жағымсыз боп кеткен күншілдік деген сөзді, қоспай айтсақ, спортта, бәсекеде, жарыста, таласта тек жеңген жақсы. Күншілдік – бәсекенің сіңілісі. Ал күндестік ше! Не болса да көріп жүрген күніміз бір деген ұғымнан шыққан.
– Қайталап айтпасаңыз да, аға, сізді жақсы ұғып отырмын. – Бұл екі сөздің жаман да, жақсы да мәні бар екен. Жақсы жағына талпынамын ғой.
Күмісбек кеше ғана көз алдында жүрген, үндемейтін, қиялшыл, кейде ұрмалау, қыңыр мінезді баланың бойы ғана емес, бұлшық еттері ғана емес, ойы да өскенін анық байқады. Өз шәкіртінің жақсылығына қуанбайтын, оны мақтаныш етпейтін ұстаз бола ма? Бәрінен де бұдан үш-төрт жыл бұрын Шолақтың шаң-шаң көшесінде доп қуған баланың бүгін орталық стадионда, жасыл алаңда, бүтін елге, Отанға әйгілі шеберлермен иін тіресіп күш, айла, әдіс салыстырып, кеуде қағысқаны қандай қуаныш.
Тренер Семизоров сыртқа шықты. Бұл жаттығу басталады деген белгімен бірдей еді.
Шәкірт пен ұстаз қоштасқан. Күмісбек Айдарды иығынан қағып тұрып:
– Мақсат еткен қақпаның құпия есігін аштың. Ар жағындағы сырын ұғуда табысты болуды тілеймін! Келесі кездескенше сау-саламат бол!
– Аға, көп рақмет!
Айдар жаттығу өтетін алаңға бет алды. Достарына келіп қосылды. Енді бір сәтте Айдар Қоңдыбаев тепкен ақ ала доп шырқап, биіктеп бара жатты. Ойын емес, жаттығу еді. Сонда да болса тым биік тепкеніне қызарып кеткен. Ала доп жаңа көтеріліп келе жатқан күннің үстінен жартылай доға жасап, қайтадан алаңға келіп түсті. Артынша ол өзінің «Күн қайдан шығып, қайда батады?» – деген ойнақы, балалық сауалын есіне түсірген.
1977 ж. Арқарлы.