«Қазақпыз» деген ұранмен басталған күннің соңы қарыз сұрауға ұласады

«Қазақпыз» деген ұранмен басталған күннің соңы қарыз сұрауға ұласады

фото: NUR.KZ: UGC

Журналист Ербол Мәндібек әлеуметтік желіде қазақ қоғамындағы әлеуметтік жіктің табиғат аясындағы демалыс мәдениетіне қалай әсер ететінін әзілмен, бірақ шындықпен жеткізген жазбасын жариялап, жұртты ойландырды. Автор бұл жазбасында байлар мен кедейлердің табиғатқа шығып демалуындағы айырмашылықтарды әдемі тілмен суреттейді.

Байлардың демалысы – интеллигентті, жүйелі

Мәндібек байлардың табиғатқа шығуын «интеллигентті» деп сипаттайды. Олар ірі джип көліктерімен келе жатады, арнайы тіркемесі бар, әрбір жабдығы мінсіз. Палаткалары – патша сарайындай, демалыс орны – ертегідегідей. Грильде стейк пісіп, музыка ретінде заманауи шетелдік хиттер ойнайды. Бәрі мәдениетті, артық айқай-шусыз. Бір сөзбен айтқанда, «жоқшылық жоқ».

Кедейдің демалысы – айқай-шу мен жоқ зат іздеу

Ал кедей қауымның табиғатқа шығуы – өзіндік ерекше көрініс. Автор көрпенің үстінде отырған қарапайым халықты сипаттайды. Машинасы әрең жүретіндер, бірі кілт іздеп жүр, бірі құрал-сайман сұрап жатыр. Айқай-шу, бала-шағаның мазасы кетіп, әрқайсысы өз бетімен тамақ жасап әлек. Дыбысы дұрыс шықпайтын колонка, «закуский» орнына нан-пияз, ыдыс жетпей, қазан мен қасық іздеу – осы көріністің барлығы кедей қауымның демалысын анықтап тұр.

Бірлік бар ма, береке бар ма?

Осы сәтте топтың ішінен бір азамат бәріне ортақ дастарқан құрайық деп ұсыныс тастайды. Бастапқыда бұл идея қолдау тауып, біраз адам бірігіп дастарқан құрады. Бірақ бәрібір жоқ зат жетіспейді. Содан амалсыз, арғы жағалаудағы «байларға» көмек сұрауға тура келеді. Мұнда да Ербол Мәндібек әлеуметтік мінез-құлықты керемет тәсілмен ашады: кедейлер өздері жеткізе алмаған дүниені, байдан сұрап алады, бірақ оларға қосылуға ұялады. Бұл да – әлеуметтік комплекстің бір көрінісі.

«Қазақпыз» деген ұранмен басталған күннің соңы қарыз сұрауға ұласады

Түнде «бәріміз бір қазақпыз» деген ұранмен жалындаған жігіттер таң ата сала қасық іздеп, бензин сұрап, бастыққа қарыз үшін қоңырау шалуға көшеді. Байлар өз орнын таза жинап, тыныш кетіп қалса, кедейлер шашылған ыдысты ажырата алмай, мазасы қашады. Мәндібек осы сәтті «қазақпын деген сөзден түк қалмады» деп түйіндейді.