19 жастағы қазақ қызы шахматтан Әлем кубогында ел күтпеген нәтижеге қол жеткізді

19 жастағы қазақ қызы шахматтан Әлем кубогында ел күтпеген нәтижеге қол жеткізді

фото: FIDE баспасөз қызметі. Суретте: Меруерт Камалиденова

Кеше, 18 шілдеде Грузияның Батуми қаласында әйелдер арасындағы шахматтан 2025 жылғы Әлем кубогының 1/8 финалдық кезеңінің соңғы матчтары аяқталды. Осы кезеңде Қазақстанның намысын қорғаған Меруерт Камалиденова (рейтингі 2330) да бақ сынады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

FIDE баспасөз қызметінің хабарлауынша, Меруерт Камалиденова мен Үндістан өкілі, халықаралық гроссмейстер Вайшали Рамешбабу (рейтингі 2418) арасындағы матч турнирдің осы кезеңіндегі ең ұзаққа созылған кездесу болды.

Алғашқы екі классикалық партия тең аяқталып, таразы басы тең болған еді. Жарыстың тағдыры блиц партияларында шешілді. Бұл кезеңде қос тарап бір-бірін жеңіп, жеңіске деген табандылықтарын көрсетті.

Меруерт Камалиденова бірінші блиц ойында Вайшалидің королінің әлсіздігін сәтті пайдаланып, жеңіске жетті. Алайда екінші партияда үндістандық шахматшы сәл артықшылығы бар эндшпильде жеңісті жұлып алды.

Ұзаққа созылған айқастан кейін тәжірибесі мол Вайшали 4,5:3,5 есебімен алға шығып, ширек финалға жолдама алды.

Дегенмен, бұл жеңіліске қарамастан, Меруерт Камалиденова турнирде өте сәтті өнер көрсетіп, бірнеше танымал шахматшыны жеңіп, нағыз сенсация жасағанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан Әлем кубогында сенсациялық жеңіске жеткен Меруерт Камалиденованы құттықтаған болатын.