фото: 1bol.kz. Суретте: Абылайхан Жүсіпов пен Асадходжа Муйдинходжаев
Eindhoven Box Cup 2025 халықаралық турниріндегі финалдық жекпе-жек – Абылайхан Жүсіпов пен Асадходжа Муйдинходжаев арасындағы айқас – жарыс қорытындысы шыққаннан кейін де қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Sportinside.kz хабарлайды.
Жақында Өзбекстан бокс федерациясы бұл жекпе-жекке қатысты ресми пікірін білдірді.
Өзбек тарабы не дейді?
Федерацияның ресми мәлімдемесінде:
«70 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жек бірінші раундтан кейін тоқтатылды. Қазақстандық боксшы жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмады. Тең өткен раунд төрешілердің түсініксіз шешімімен аяқталып, 2:3 есебімен жеңіс Қазақстан өкіліне берілді», – делінген.
Яғни өзбек тарабы төрешілер шешімін "түсініксіз әрі даулы" деп бағалап отыр. Олар бұл жағдайда жекпе-жек тоқтатылған соң, тең нәтижені немесе қайта жекпе-жек өткізуді әділ шешім ретінде қарастыру қажет болғанын меңзейді.
Айта кетейік, бұл турнирде Қазақстан атынан сынға түскен 10 боксшының бесеуі финалға дейін жетіп, барлығы жеңіске жетті.