фото: stan.kz
Желіде 1 миллион теңге шайпұл алған жас даяшының видеосы көпшілікті таңғалдырды. Алматыда оқып жүрген 18 жастағы студент қыз мұндай жағдай болады деп мүлде ойламаған. Ол бұған дейін шетелде жұмыс істеуге қажетті қаржыны жинау үшін қатарынан екі жұмысты атқарып келгенін айтып, бұл тосын оқиға жайлы Stan.kz тілшісіне әңгімелеп берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Шымкент тумасы Адэма Асқарова ҚазБСҚА университетінің 2-курс студенті. Ол бұл шайханаға жуырда ғана жұмысқа орналасқан.
Шайханада жұмыс істегеніме бір ай да болған жоқ. Негізгі жұмысым – Алматыда туристік компанияларда гид болу. Ол күні сағат 15:00 мен 16:00 арасында мейрамханаға алты адам келді. Төртеуі бір үстелге, екеуі екіншісіне отырды. Не үшін бөлініп отырсыздар деп сұрағанда, «Бөлек әңгіме бар еді» деді. Мен әдеттегідей барлық клиенттерге қалай қызмет көрсетсем, оларға да дәл солай қызмет еттім. Тамақты да көп алмаған, жеңіл-желпі ғана тапсырыс берді. Кейін шот сұрап, QR арқылы төледі. Өз тірлігіммен айналысып жүргенде есімімді атап шақырды. Олар шайхана туралы пікір қалдырмақ болып, видеоға түсіріп жатты. Мені де кадрға түсуге шақырды, қарсы болмадым, – дейді ол.
Бойжеткеннің айтуынша, олар әуелі мекеме туралы жақсы пікір айтып, кейін «өміріңізде ең көп қанша шайпұл алып көрдіңіз?» деп сұраған.
«15 мың теңге» деп жауап бердім. Сол кезде маған «бұл – біздің сыйлығымыз» деп, 1 миллион теңге ұсынды. Басында сенбедім, қалжыңдап тұрған шығар деп ойладым. Бүкіл қонақтар мен әріптестерім көріп қоймасын деп, төменгі қабатқа түсіп, ақшаны санадым – 20 мың теңгелік 50 дана купюра екен. Бірден банкоматқа сұранып, шотқа салып алдым. Әрине, әкімшілік бәрінен хабардар болды. Кейбір әріптестерім аздап қызғаныш білдірді. Дегенмен әкімшілік қатты қуанып, қолдау көрсетті, – деді Адэма.
Бұл жаңалықты естіген ата-анасы да қатты қуаныпты. Студент қыздың айтуынша, ол жаз бойы «Work and Travel» бағдарламасына қатысу үшін 2 миллион теңге жинауды мақсат еткен екен. Осы оқиға оның арманына бір табан жақындатыпты.
Жаз басталғалы шетелде тәжірибе жинау үшін ақша жинауға бел буғанмын. 2-курсты бітірдім, келесі жылы ғана мүмкіндігім болады. Сондықтан екі жұмысты қатар істеп, қаражат жинап жатқанмын. Бұл тосынсый менің тілегімнің қабыл болғанын көрсеткендей болды. Қазір күш-жігерім артып, өзіме сенімім нығайды. Бұл қаражатты өз дамуым үшін жұмсаймын, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Адэма ораза кезінде 300 мың теңге тұратын телефонын ұрлатып, оны «садақа» деп қабылдаған екен. Кейін екі ай жұмыс істеп, жаңа телефон алған. Енді, сол садақа үш есе қайтып келді деп сенеді.
Мұндай жағдайлар расымен де болады екен. Бұрын сенбейтін едім. Бірақ бұл менің өмірімде алғаш рет орын алып отырған ғажайып жағдай, – деп түйіндеді ол сөзін.