Абылайхан Жүсіповтің жеңілісі үшін бас бапкер жауапты – ҚБФ Бас хатшысы

Абылайхан Жүсіповтің жеңілісі үшін бас бапкер жауапты – ҚБФ Бас хатшысы

фото: olympic.kz. Суретте: Абылайхан Жүсіпов

Астанада өтіп жатқан бокстан Әлем кубогында Қазақстан құрамасының тәжірибелі боксшысы Абылайхан Жүсіпов жарыс жолын ерте аяқтады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Оның күтпеген жеңілісінен кейін Қазақстан бокс федерациясының (ҚБФ) бас хатшысы Мерей Ақшалов мәлімдеме жасап, басты жауапкершілік бас бапкер мен дәрігерлерде екенін айтты.

Абылайхан Жүсіпов Қырғызстандық Алмаз Орозбековпен болған кездесуде екінші раундта қабағынан жарақат алып, дәрігер шешімімен жекпе-жек тоқтатылған болатын. Екі раунд қорытындысы бойынша Жүсіпов алда келе жатқанымен, соңғы шешімді төрешілер қарсыласының пайдасына шығарды.

«Баспен бастың түйісуі немесе басқа лас әрекет болған жоқ. Сондықтан, ережеге сай, жеңіс қырғыз спортшысына берілді. Бұл жағдайға қатысты жарыс аяқталған соң бас бапкер Қайрат Сәтжанов түсіндірме береді. Бірақ біз жарысқа жарақатпен жіберілгенін ескере отырып, медициналық штаб пен жаттықтырушы құрамы жауапты деп есептейміз», – деді Мерей Ақшалов.

ҚБФ Бас хатшысы бұл жағдайды жеке бақылауға алатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұлттық құрамадағы спортшының денсаулығы мен дайындық сапасы бірінші орында болуы тиіс. Ал жарысқа жарақаты анық спортшыны жіберу – үлкен жауапсыздық.

Айта кетейік, Әлем кубогы аясында жарыстың екінші күні өтіп жатыр. Бүгін шаршы алаңға Қазақстанның танымал былғары қолғап шеберлері – ағайынды Оралбайлар мен Махмұд Сабырхан шығады.