фото: instagram.com/dastanello. Суретте: Дастан Оразбеков
43 жаста болса да, сахнада жас жігіттердей ән салып, би билеп жүрген Дастан Оразбековтің көркіне тамсанбайтын жан кемде-кем. Әлеуметтік желілерде «Дастан – қазақ шоу-бизнесіндегі ең сымбатты ер азаматтардың бірі» деген пікір жиі айтылады. Ал көпшілікке қызық сұрақ – ол бұл осындай сымбатты мүсінін қалай сақтап жүр?
Бұл сұраққа әнші «Қызық Times» бағдарламасында ашық жауап берді. Оның айтуынша, дене сымбатын сақтау үшін ешқандай қымбат дәрі-дәрмекке, ерекше диетаға немесе сәнді процедураларға жүгінудің қажеті жоқ. Бәрі қарапайым: дұрыс тамақтану мен тұрақты спорт.
«Бұл – табиғат. Мен ет жеймін, қазы жеймін, спортпен айналысамын. Қазір триатлонға шындап кірісіп кеттім. Күніне 2 км жүземін, 40 км велосипедпен жүремін, 10 км жүгіремін. Аптасына үш рет осының бәрін қайталаймын», – дейді Дастан.
Ол тек физикалық жаттығулармен ғана емес, рухани тыныштықпен де айналысады. Дастанның айтуынша, жақсы формада болудың тағы бір құпиясы – отбасындағы махаббат. Ол сүйіктісіне арнап екі бейнебаян түсіріп, оған деген сезімінің жылдан-жылға арта түскенін айтты.
«Биыл сүйіктіме деген махаббатым бұрынғыдан да арта түсті. Екі клип түсірдім, екеуі де соның қатысуымен. Ол – менің музам, үйде дем беретін адамым», – деді әнші.
Дастан Оразбеков – тек сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де мотивация көзі бола білген тұлға. Оның салауатты өмір салты, отбасылық құндылықтарды жоғары қоюы – бүгінгі қазақ жастарына үлгі боларлық.