Спорт

Олимпиада чемпионы допинг дауына ілініп, үш жылға спорттан шеттетілді

• Жомарт Жылқыбай
Олимпиада чемпионы допинг дауына ілініп, үш жылға спорттан шеттетілді
Фото: Ian MacNicol/Getty Images. Суретте: Перес Джепчирчир

Марафоннан Олимпиада чемпионы атанған кениялық жеңіл атлет Перес Джепчирчир допингке қарсы ережені бұзғаны үшін үш жылға жарыстарға қатысу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жеңіл атлетикадағы адалдықты бақылау жөніндегі тәуелсіз ұйымның (AIU) мәліметінше, 33 жастағы спортшының допинг сынамасынан тыйым салынған эритропоэтин (ЭПО) гормоны анықталған. Бұл зат ағзадағы эритроциттердің түзілуін арттырып, спортшының төзімділігін күшейтуі мүмкін. Қабылданған шешімге сәйкес, Джепчирчирдің жарыстардан шеттетілу мерзімі 2026 жылғы 20 қазаннан бастап есептеледі. Сонымен қатар оның 17 шілдеден кейін тіркелген барлық спорттық нәтижесі жойылады.

Перес Джепчирчир – Токио Олимпиадасында әйелдер марафонында алтын медаль жеңіп алған танымал желаяқ. Ол 2025 жылғы әлем чемпионатында да топ жарған.

Кениялық спортшы бұған дейін Нью-Йорк (2021), Бостон (2022) және Лондон (2024) марафондарында жеңіске жеткен. Алайда 2026 жылы Сидней марафонында қол жеткізген нәтижесі допингке байланысты күшін жойды.

Айта кетейік, Джепчирчирден бөлек, Кенияның тағы екі спортшысы допинг ережесін бұзғаны үшін жазаланды. Вероника Лолео үш жылға, ал Рональд Корир алты жылға жарыстардан шеттетілді.

Жомарт Жылқыбай