Футбол

"Мұндай нәтиже бізді қанағаттандырмайды": Спорт министрі Қазақстан құрамасын сынға алды

• Ахмет Қанатұлы
"Мұндай нәтиже бізді қанағаттандырмайды": Спорт министрі Қазақстан құрамасын сынға алды
Фото: ҚФФ

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов футболдан ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ұлттық құраманың халықаралық жарыстардағы көрсеткішіне қатысты пікір білдірді. Журналистер ведомство басшысынан Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы өнеріне қандай баға беретінін сұрады.

"Әрине, көңіліміз толмайды. Ұлттар лигасында өз тобында соңғы орын алған құраманың нәтижесі бізді қынжылтады әрі қанағаттандырмайды. Сонымен қатар ішкі чемпионаттағы төрешілік мәселесі де көңілімізден шықпайды. Бұл бағытта жүйелі жұмыс пен сапалы талдау қажет", – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың нәтижесін жақсарту мақсатында түрлі мамандарды шақырып, бапкерлер құрамына бірнеше рет өзгеріс енгізген. Алайда әзірге бұл шаралар күткен нәтижені бермеген.

"Федерация жағдайды жақсартудың жолдарын іздеуді жалғастырып жатыр. Маусым қорытындысы бойынша кемшіліктерді талдап, тиімді жұмыс жүйесін қалыптастыруға тырысамыз. Қазір басты назар балалар мен жасөспірімдер футболына аударылған", – деді ведомство басшысы.

Оның сөзінше, елімізде футбол академиялары салынып, спорттық инфрақұрылым дамытылып жатыр. Қазіргі уақытта жеті өңірде жаңа футбол стадиондарының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ министр Қазақстанда 800-ден астам балалар футбол алаңы салынғанын атап өтті. Ал келесі жылы ауылдық жерлерде жаңа спорт нысандарын тұрғызу жоспарланған.

Ахмет Қанатұлы