фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков
Kaspi Банк – Қазақстандағы ең танымал қаржы ұйымдарының бірі, ол тұтынушыларға несие мен бөліп төлеу қызметтерін ұсынады. Алайда көптеген адам несиеге өтініш білдіргенімен, нақты түсіндірмесіз бас тартуға тап болып жатады.
Бұл мақалада Bank.kz порталы Kaspi Банктің неге несие беруден бас тартатынын және оң шешім алу мүмкіндігін қалай арттыруға болатыны туралы баяндайды.
Kaspi-дің несие беруден бас тартуының негізгі себептері
Kaspi қолданушылары жиі «Өкінішке қарай, банк сіздің өтінішіңізді мақұлдамады» деген хабарлама алады. Бұл – олар азаматтық, жас мөлшері, қарыздың болмауы сияқты негізгі талаптарға сай келіп тұрса да орын алады.
Мұның себебі – Kaspi банкінің күрделі скорингтік жүйе қолдануында. Бұл – көптеген көрсеткіштерді саралайтын автоматтандырылған алгоритм.
Басқаша айтқанда, банк ішкі тәуекелді бағалау критерийлерін басшылыққа алады. Егер клиент тәуекелі жоғары деп танылса, банк несие беруден бас тартуы мүмкін. Kaspi көп жағдайда нақты себептерді жарияламайды, себебі жүйені айналып өтуге мүмкіндік бергісі келмейді. Дегенмен, жалпы себептерді адамның қаржылық тәртібі мен несие тарихына қарап түсінуге болады. Мысалы:
Скорингтік жүйе қазіргі несиелік міндеттемелерді бағалайды. Егер клиенттің басқа банктерде де несиелері болып, жалпы қарыз жүктемесі жоғары болса, бұл Kaspi тарапынан мақұлдау мүмкіндігін азайтады.
Қаржылық тәртіп – мұнда төлемдердің кешіктірілуі, жалпы қарыз көлемі және бөліп төлеу тарихы ескеріледі. Егер адам жиі кешіктірсе немесе ірі қарыздары болса, бұл да теріс әсер етеді.
Жасырын кешіктірілген қарыздар – кейде басқа банктердегі қарыздар кредиттік бюрода нақты көрінбесе де, олар есепке алынып отырады.
Өтініштер тарихы – егер адам несиеге бірнеше рет өтініш беріп, әр жолы бас тарту алса, бұл жүйеге тәуекелдің жоғары екенін көрсетеді. Соның нәтижесінде скоринг баллы төмендеп, тағы да бас тартуға себеп болады.
«Көрінбейтін» кешіктірілген қарыз – кейде адам несие төлемін мүлде жасамайды, бірақ банк бұл ақпаратты әлі кредиттік бюроға жолдамаған немесе ресми өндіріп алу процесін бастаған жоқ. Мұндай қарыз уақытша кредиттік тарихта көрсетілмеуі мүмкін, алайда банк оны «проблемалық» ретінде есептеп, жаңа несие беруден бас тартуы ықтимал.
Kaspi неге бөліп төлеуді (рассрочка) мақұлдамайды?
Кей адамдарда ешқандай төлем кешіктірімі болмаса да, Kaspi бөліп төлеуді неге мақұлдамайды? Бұл сұрақ жиі қойылады. Тіпті жақсы несиелік тарих болса да, банктың шешімі теріс болуы мүмкін. Бұл жағдайда себеп әрдайым клиенттің өзінде бола бермейді – шешімге басқа да факторлар әсер етеді: не сатып алынып жатыр, кімнен, қандай сомаға және қай өңірде.
Мысалы, егер сатушы Kaspi-дің тексеруінен өтпесе немесе сатып алынатын тауар «тәуекел тобына» кірсе, жүйе бөліп төлеуден бас тартуы мүмкін. Kaspi нақты себептерді ашып айтпайды – бұл цифрлық банктер үшін қалыпты жағдай. Олар бүкіл мәмілені түгел бағалайды, тек клиентке ғана қарап шешім қабылдамайды.
Бөліп төлеуден бас тартуға себеп болатын бірнеше фактор:
Мәміле параметрлері. Егер сатушы Kaspi банкінің ішкі талаптарына сай келмесе немесе күдік тудырса, банк бөліп төлеуге рұқсат бермейді. Бұл көбіне сенімсіз беделі бар дүкендерге немесе банк сақтықпен жұмыс істейтін аймақтардағы сауда нүктелеріне қатысты болуы мүмкін.
Тауар категориясы. Кей тауарлар – мысалы, қымбат техника, зергерлік бұйымдар немесе аса ірі сомаға сатып алу – автоматты түрде «жоғары тәуекел» санатына жатқызылуы мүмкін. Мұндай жағдайда, клиенттің несиелік рейтингі жақсы болса да, банк бөліп төлеуді мақұлдамайды.
Клиенттің тарихы. Тек төлем кешіктірімдері ғана емес, олардың сипаты да маңызды. Бір күнге кешіктірудің өзі банк сеніміне әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, клиент қаншалықты жиі бөліп төлеу рәсімдегені және қандай сомаға алғаны да есепке алынады. Егер адам үнемі ірі сомада бөліп төлеп отырса, банк жаңа сатып алуларға уақытша шектеу қоюы ықтимал.
Ресми себептер. Кейде Kaspi формалды негіздерге байланысты да бөліп төлеуден бас тартады. Мысалы: клиенттің жасы минималды шектен төмен болуы, шотында шектеулердің болуы, «әрекетсіз салық төлеуші» мәртебесі немесе адамның өз еркімен «Стоп-кредит» бағдарламасына қосылуы.
Kaspi неге қолма-қол несие бермейді?
Қолма-қол несиеге қойылатын талаптар Kaspi-дің бөліп төлеу (рассрочка) жүйесінен ерекшеленеді. Егер бөліп төлеуде банк ақшаның қайда кетіп жатқанын нақты білсе, қолма-қол несиеде клиент қаржыны өзі басқарады. Банк ақшаның қайда жұмсалатынын бақылай алмайды, сондықтан мұндай жағдайда тәуекел деңгейі жоғары болады.
Табысты бағалау принциптері
Kaspi-дің қолма-қол несие бермеуінің басты себебі – табыс деңгейінің жеткілікті түрде ашық болмауы. Тұрақты, ресми және ашық табыс көзі болса ғана банк клиенттің несиені уақытында өтей алатынына сенімді бола алады. Мысалы:
- Егер жалақы ай сайын, тұрақты түрде, белгілі бір күні түсіп отырса – бұл ең қолайлы сценарий. Жүйе адамның табысы бар екенін, оны дұрыс басқара алатынын, ал шоты үнемі минусқа түсіп кетпейтінін көреді.
- Ал табыс әртүрлі күндері, түрлі картадан, әртүрлі сомамен түссе – әсіресе адам бейресми жұмыс істейтін болса немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы/жеке кәсіпкер болса – жүйе нақты есеп жүргізе алмайды. Бұл тәуекелді арттырады, нәтижесінде банк көбіне несие беруден бас тартады.
Банк бірдей табысы бар екі клиентті салыстырады. Бірінші клиент ай сайын Kaspi картасына тұрақты 300 000 теңге жалақы алады – бір күнде, бір көзден. Бұл – сенімділік көрсеткіші.
Екінші клиент сол соманы түрлі карталардан 50-70 мың теңгеден бөліп-бөліп алады, әрі бейресми түрде. Табыс көлемі бірдей болғанымен, жүйе екінші клиентті болжап болмайтын, тәуекелі жоғары адам ретінде бағалайды.
Егер клиент жеке кәсіпкер (ИП) немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы болса, жағдай қиынырақ. Мұндай адамдарға табыстарын тұрақты түрде Kaspi картасына аударып отыру ұсынылады, сонда банк қаржылық ағымды көре алады. Бұл 100% кепіл болмаса да, төлем қабілетін жақсартатын фактор ретінде әсер етеді.
Kaspi қосымшасын қолдану белсенділігінің әсері
Kaspi – жай ғана банк емес, ол цифрлық экожүйе. Клиентке деген сенім тек қаржылық көрсеткіштерге ғана емес, қосымшаны пайдалану белсенділігіне де байланысты болуы мүмкін. Kaspi мұны ресми түрде растаған емес, бірақ автоматты скоринг жүйесінің логикасы осыған негізделген.
Маңызды көрсеткіштер:
- Kaspi арқылы қызмет ақысын төлеу жиілігі (мобилді байланыс, коммуналдық төлемдер, айыппұлдар және т.б.)
- Kaspi дүкені арқылы сатып алулар жасау
- Kaspi картасын белсенді қолдану (төлем, аударым, толтыру)
Егер клиент қосымшаны сирек қолданса, жүйе оны дұрыс танымай қалуы мүмкін. Яғни, төлемдер мен айналым туралы ақпарат аз болса, скоринг жүйесі сенімділік пен төлем қабілетін толық бағалай алмайды, бұл өз кезегінде несие беруден бас тартуға әкелуі мүмкін.
Бұл жағдайда себеп несие тарихының нашарлығында емес, мәліметтердің жеткіліксіздігінде болып отыр.
Kaspi-ден несие алу мүмкіндігін қалай арттыруға болады?
Kaspi нақты қандай формула бойынша шешім қабылдайтынын жарияламайды. Дегенмен, скоринг жүйесінің жалпы принциптеріне сүйене отырып, клиенттің банк алдындағы сенімділігін арттыратын бірқатар логикалық амалдарды атап өтуге болады:
Несиені мақұлдау мүмкіндігін арттыратын кеңестер:
Kaspi қосымшасында белсенді болу – мобильді байланыс, коммуналдық төлемдер, сатып алулар және аударымдар арқылы жүйеге өзіңіздің тұрақты пайдаланушы екеніңізді көрсетіңіз.
Қарыз жүктемесін азайту – басқа банктердегі несиелер мен бөліп төлеулерді уақытында өтеу, артық несие алмау.
Жиі өтініш жібермеу – бірнеше рет қатарынан несиеге өтініш беру рейтингті төмендетуі мүмкін.
Түсінікті және тұрақты табыс көзі болсын – ай сайынғы, ресми және тұрақты кіріс жүйе үшін сенімділік факторы саналады.
Бұрынғы қарыздарды өтеу және кредиттік тарихты жақсарту – кешіктірілген төлемдер болса, оларды уақытылы жауып, банк алдында сенімді имидж қалыптастыру.
Банктің негізгі талаптарына сай болу – жас мөлшері, азаматтық, құқықтық мәртебе, салықтық белсенділік және тағы басқа ресми критерийлерге сәйкестік.
Kaspi мақұлдамаса, не істеуге болады?
Егер Kaspi несие беруден бас тартса, бұл мүмкіндік мүлде жоқ деген сөз емес. Төмендегідей әрекеттерді жасап көруге болады:
Банк ұсынған басқа өнімдерді тексеру. Kaspi Red, Kaspi дүкені немесе арнайы бонустық бағдарламалар аясында жеке лимиттер қолжетімді болуы мүмкін. Бұл ұсыныстар клиенттің белсенділігі мен операциялық тарихына қарай автоматты түрде жасалады.
Жүйелі түрде қосымшаны пайдалану. Kaspi қызметтерін жиі қолданған жағдайда, қосымшада жеке ұсыныстар пайда болуы мүмкін. Kaspi динамиканы бағалап, кей жағдайларда шешімін қайта қарауы ықтимал. Банк ұсынатын кеңес: өтінішті 10 күннен кейін қайта жіберу, себебі осы уақыт аралығында кредиттік деректер жаңарады.
Kaspi қолдау қызметіне жүгіну. Kaspi Pay қосымшасындағы «Kaspi Гид» чатына немесе Kaspi-дің әлеуметтік желідегі парақшаларына жеке хат жазуға болады. Ондағы қызметкерлер несие лимитін тексеріп, шектеулердің себебін түсіндіріп, қашан және қалай өтініш берген дұрыс болатынын айтып бере алады.
Kaspi-дің несие беруден бас тартуы көбінесе бір ғана себепке емес, бірнеше фактордың жиынтығына байланысты болады: табыс деңгейі, несиелік жүктеме, бұрынғы өтініштер, қосымшадағы белсенділік және тіпті сатып алудың сипаты. Kaspi мұндай ақпаратты нақты ашып айтпайды, өйткені шешім әр клиентке жеке қабылданады және несиелік тарих пен төлем қабілетіне тікелей байланысты.
Серіктестік мақала