фото: olympic.kz. Суретте: Төрехан Сабырхан
Қазақ боксшысы Төрехан Сабырхан Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан Boxam Elite-2026 халықаралық турнирінің финалдық жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы Төрехан Сабырхан алтын жүлде үшін үндістандық боксшы Дипакпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек Төрехан Сабырханның пайдасына (4:1) шешілді.
Айта кетерлігі, алғашқы раундта қазақ боксшысы 0:5 есебімен ұтылып қалды. Алайда келесі екі раундта ол қарсыласына мықты қысым көрсетіп, көрерменнің ерекше қолдауына ие болды.
Осы жеңістің арқасында Төрехан Сабырхан 2026 жылғы алғашқы алтын медалін қанжығасына байлады.
Төрехан Сабырхан – Қазақстандағы ең атақты жас боксшылардың бірі. Ол 2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2024 жылы Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионы, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы.
Ал үндістандық Дипак – 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол "Алыптарды жеңуші" деген лақап атқа ие. Себебі 2021 жылы Кубок Странджа турнирінде Олимпиада чемпионы Шахобидин Зоировты жеңсе, 2023 жылғы әлем чемпионатында қазақ боксшысы Сәкен Бибосыновтан басым түскен.