фото: Cooper Neill/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Шавкат Рахмонов
Қазақстандық ММА жұлдызы, UFC-де өнер көрсеткен Дамир Исмағұлов елімізде UFC турнирін өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Спортшының айтуынша, мұндай ірі жарыс Қазақстанда өтуі әбден мүмкін, тек дұрыс ұйымдастыру мен арнайы мақсат қажет, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Исмағұлов бұл туралы SPORT+ басылымына берген сұхбатында айтты:
«Мен UFC-де жүрген кезде Астанада турнир өткізу туралы әңгіме болған. Тіпті баспасөз конференциясы да өтті, менің де жекпе-жекке шығатыным айтылды. Бірнеше спортшымен келісімшарт жасалуы тиіс еді. Барлығы сол турнирге бағытталған болатын. Бірақ кейін COVID кедергі болды», — деді спортшы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда UFC Азия кеңістігінде белсенді жұмыс істеуде. Жақында ұйым Әзірбайжанда турнир өткізді, бұл өзге елдер үшін де мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
«UFC турнирін Әзірбайжанда өткізе алса, бізде неге өтпеске? Мысалы, Данияр Касқарауовты алайық — ол Федор Емельяненко сияқты ММА аңызын елге алып келді. Соңғы уақытта UFC чемпиондары Сехудо мен Баррао да Қазақстанға келді. Демек, егер нақты мақсат қойып, сол бағытта жұмыс істесе, бәрі де мүмкін», — деді Дамир Исмағұлов.
Сондай-ақ, ол қазіргі таңда UFC-де қазақстандық спортшылардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Бұл да турнир өткізу үшін оңтайлы жағдай туғызатынын жеткізді.
«UFC-де жүрген жігіттер үшін де бұл қызық болар еді. Қазір бізге жақын жерде – Абу-Даби, Баку, Шанхайда турнирлер жиі өтуде. Сол себепті үлкен ниет болса, бізде де UFC турнирін өткізуге толық мүмкіндік бар деп ойлаймын», — деп түйіндеді ол.