"2,3 миллиард теңге, қымбат көлік, люкс өмір": Антикор кімнің заңсыз байлығын тәркіледі?

"2,3 миллиард теңге, қымбат көлік, люкс өмір": Антикор кімнің заңсыз байлығын тәркіледі?

фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес активтерді қайтару және мемлекетке келтірілген залалды өндіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жолы халықаралық іздеуде жүрген тұлғаның жалпы құны 2,3 миллиард теңгеден асатын мүлкі сот шешімімен мемлекет кірісіне тәркіленді, деп Sportinside.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Заңсыз жолмен алынған мүлік – сотқа дейінгі тәркілеу

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотқа дейін тәркілеу тетігі қылмыстық қудалау мүмкін болмаған, яғни адам халықаралық іздеуде жүрген, қайтыс болған, рақымшылыққа ілінген немесе іс бойынша мерзім өтіп кеткен жағдайларда жүзеге асырылады.

Осы тетік аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде 2022 жылдан бері іздеуде жүрген азаматтың 1,5 миллиард теңге көлеміндегі заңсыз ақшалай қаражаты мен оған тиесілі жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленген. Олардың қатарында:

  • Алматы қаласы мен облысындағы люкс санаттағы автокөліктер,
  • Пәтерлер мен тұрғын үйлер,
  • Жер телімдері және құрылыстар бар.
  • Айта кетерлігі, бұл мүліктердің бір бөлігі күдіктінің жұбайының атына тіркелген.

Криптовалюта мен банктік шоттар – тергеу нысанында

Қаржылық тергеу барысында тағы 1,7 миллион АҚШ доллары (872 миллион теңгеден астам) және отандық банктердегі 47 миллион теңге анықталды. Бұл қаражаттың барлығы да қылмыс жасалған кезеңде жиналған және күдіктілердің ресми табысымен сәйкеспейді.

2025 жылғы 16 маусымда сот қаулысы шықты. Оған сәйкес барлық мүліктік активтер мемлекет кірісіне алынды.

Биыл 30-ға жуық іс қозғалды

2025 жылдың басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 30-ға жуық заңсыз табысты жасыру және жылыстату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейбір істер сотқа жолданып, айыптау үкімдері шығарылды.

Нақты мысалдар:

  • 745 млн теңге: Бұрынғы лауазымды тұлға спортты дамытуға бөлінген қаржыны жымқырып, қымбат көліктер мен компания шотына аударған.
  • 237 млн теңге: Қала құрылысы жобаларын жүзеге асыруға бөлінген қаржы жеке кәсіпкер туыстары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, оған пәтерлер мен автокөліктер сатып алынған.

Аталған істер бойынша соттың санкциясымен мүліктерге тыйым салынды.