Халықаралық World Boxing федерациясы Жапонияда өтетін 2026 жылғы Азия ойындарында өнерін ерекше назарда ұстауға кеңес берген бес боксшының тізімін жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бұл тізімге иорданиялық Зеяд Ишаиш енді. Дәл осы салмақта Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі әрі Азия ойындарындағы басты үміттердің бірі Төрехан Сабырхан да өнер көрсетеді.
Биыл сәуір айында Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының финалында иорданиялық боксшы Төрехан Сабырханды жеңіп, құрлық чемпионы атанған еді. Ал қазақстандық боксшы күміс медаль иеленді.
World Boxing Ишаиштен бөлек, Өзбекстаннан Абдумалик Халоковты (60 кг), Қытай Тайбэйінен Хуан Сяовэньді (54 кг), Филиппиннен Айра Вильегасты (51 кг) және Үндістаннан Сачин Сачинді (60 кг) ерекше атап өткен.
Азия ойындарындағы бокс жарыстары Нагоя қаласында 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.
Турнир жүлдегерлері 2027 жылы Қазақстанда өтетін әлем чемпионатына тікелей жолдама алады.