Бокстан әлем чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы капитаны Асланбек Шымбергенов спорттық мансабын аяқтағанын хабарлады, деп жазады Sportinside.kz.
Бұл туралы ол Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. Шымбергеновтің сөзінше, бұған дейін боксқа қайта оралу туралы ойы болған және жаттығуын да қайта бастаған.
"Боксқа қайта ораламын деген ой болған. Тіпті, жаттығуды да қайта бастап көрдім. Бірақ, қолым жүрмеді. Сондықтан, кәсіби мансабымды аяқтаймын деп шештім. Бүгінде Жамбыл облысындағы кәсіби бокс клубында басшының орынбасары болып жұмыс істеп жүрмін", – деді Шымбергенов.
Асланбек Шымбергенов кім?
Асланбек Шымбергенов 1993 жылғы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, команда капитаны болды.
Спортшы – Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2022 жылғы Азия чемпионы және 2023 жылғы әлем чемпионы. Сондай-ақ 2019 жылы әскерилер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.
Шымбергенов 2018 жылғы Азия ойындарында күміс, 2023 жылғы Азия ойындарында қола жүлде иеленді. Бұдан бөлек, ол 2024 жылғы Париж Олимпиадасына қатысты.
Қазір бұрынғы ұлттық құрама капитаны Жамбыл облысындағы кәсіби бокс клубында басшының орынбасары қызметін атқарып жүр.
Бекзат Алмахан шетелдік ММА лигасымен ресми келісімшартқа отырды