Серік Сәпиевті Бейжің Олимпиадасында жеңген боксшы түрмеге қамалды

Бүгін, 13:50 / Ахмет Қанатұлы
Манус Бунчамнонг. Фото: ашық дереккөзден

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қазақстандық Серік Сәпиевтен басым түскен Таиланд боксшысы Манус Бунчамнонг алаяқтық ісі бойынша 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қазір Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Бангкоктағы түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Сот материалдарына сәйкес, Манус Бунчамнонг 2021 жылы мемлекеттік лотерея билеттеріне бөлінетін квоталарға байланысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Тергеу дерегінше, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 2 миллион бат болған.

Таиландтық боксшы қазақстандық жанкүйерлерге Серік Сәпиевпен өткізген жекпе-жектері арқылы жақсы таныс.

2006 жылғы Азия ойындарының жартылай финалында Бунчамнонг Сәпиевті жеңген. Кейін 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының ширек финалында да қазақстандық боксшыдан 7:5 есебімен басым түсіп, жарысты жалғастырды.

Нәтижесінде Манус Бунчамнонг Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Сот үкімі шыққаннан кейін спортшы кепілдік талаптарын бұзып, құқық қорғау органдарынан жасырынған. Кейін полиция оны қолға түсіріп, түрмеге қамаған.

"Ұрсаң да – кінәлісің, ұрмасаң да – кінәлісің": Серік Сәпиев күтпеген мәлімдеме жасады

Басқармадан министрлікке дейін: Серік Сәпиев су жаңа жұмысына кірісті

 

Тэгтер:

Бокс Серік Сәпиев Манус Бунчамнонг