Басқармадан министрлікке дейін: Серік Сәпиев су жаңа жұмысына кірісті

Басқармадан министрлікке дейін: Серік Сәпиев су жаңа жұмысына кірісті

фото: sportinside.kz коллажы

Серік Сәпиев ҚР Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ол XX жазғы Азия ойындарына дайындық жөніндегі штабта спорт блогын үйлестіруші міндетін атқарады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бұл шешім былтыр күшіне енген "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңның жаңартылған редакциясында қарастырылған ротация тетігі аясында қабылданған.

Еске салайық, Серік Сәпиев – бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Ол әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, сондай-ақ өңірлік спорт басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда ол ҚР Ұлттық Сурдлимпиадалық комитетінің президенті.

Сонымен қатар штаб құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері мен сала ардагерлері енді. Олар дайындықтың барлық кезеңін үйлестіріп, қойылған міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етпек.

Алдағы Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Азиада-2026 бағдарламасына спорттың 41 түрі енгізіліп, 68 дисциплина бойынша 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады (217 – ерлер, 204 – әйелдер, 39 – аралас санат). Бағдарламада олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері қамтылған.

Бұған дейін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов атқарып отырған лауазымдарынан өз еркімен босатылғанын жазған едік.