Бокс

Жәнібек Әлімханұлы Хамза Ширазбен чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады

Ахмет Қанатұлы
Жәнібек Әлімханұлы Хамза Ширазбен чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады
Фото: Жәнібек Әлімханұлы. Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақта әлем чемпионы атағына міндетті үміткер болып бекітілді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бүкіләлемдік бокс ұйымы қазақстандық спортшыға басымдық беріп, даниялық Якоб Банктің осындай мәртебе алу туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Жәнібек Әлімханұлының бұған дейін WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақта әлем чемпионы болғаны шешуші факторлардың бірі ретінде аталған. Ол чемпиондық белбеулерін бес рет сәтті қорғаған.

WBO ережесіне сәйкес, бұрын әлем чемпионы атанып, титулын бірнеше рет қорғаған боксшы басқа салмақ дәрежесіне ауысқан кезде белгілі бір артықшылыққа ие болады.

Енді Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы, британиялық Хамза Ширазбен титулдық жекпе-жек өткізуі тиіс.

Ұйым екі боксшының өкілдеріне келіссөздерді дереу бастау туралы тапсырма берген. Тараптарға келісімге келу үшін 20 күн уақыт берілді.

Егер осы мерзім ішінде жекпе-жектің шарттары бойынша ортақ шешімге келе алмаса, тамыз айының соңында чемпиондық кездесуді өткізу құқығына промоутерлік сауда ұйымдастырылады.

Америкалық Boxingscene.com порталының журналисі Стивен Эдвардс кәсіби бокстағы допинг жанжалдарына, соның ішінде Жәнібек Әлімханұлы төңірегіндегі жағдайға алаңдаған оқырманның сауалына жауап берген еді.

Ахмет Қанатұлы