Ресейде туған мәнерлеп сырғанаушы Қазақстан қоржынына жүлде салды

Ресейде туған мәнерлеп сырғанаушы Қазақстан қоржынына жүлде салды

фото: iSkating. Суретте: Софья Самоделкина

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Софья Самоделкина халықаралық Cranberry Cup турнирінде жүлдегерлер қатарына енді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жексенбі күні Норвуд қаласында өткен жарыста әйелдер арасында жеке сырғанаушылар еркін бағдарлама бойынша сынға түсті. Самоделкина мінсіз өнер көрсетіп, барлық элементі үшін төрешілерден қосымша ұпай алып, техникалық ұпай бойынша үздік нәтижені тіркеді.

18 жастағы қазақстандық спортшы еркін бағдарламада 137,35 ұпай жинап, бұл бөлімде ең жоғары көрсеткішке ие болды. Алайда жалпы есепте 203,15 ұпаймен екінші орынға тұрақтады.

Самоделкина тек соңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері – америкалық Изабо Левитоға (207,61 ұпай) есе жіберді. Үздік үштікті Оңтүстік Корея спортшысы Джиа Шин (179,97 ұпай) түйіндеді.

Норвудтағы турнир Самоделкина үшін жаңа, әрі олимпиадалық маусымдағы алғашқы жарыс болды. Ол Cranberry Cup-та Қазақстанның жалғыз өкілі ретінде бақ сынады. Қазіргі таңда спортшы АҚШ-та Рафаэль Арутюнянның жетекшілігімен жаттығып жүр.