Қазақстанның орта білім беру жүйесінде оқушылардың сауаттылығын арттыру мен құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа өзгерістер енгізілмек.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бағдарламасына дәстүрлі жазба жұмыстары – диктант, мазмұндама және шығарма қайта енгізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл тәсілдер оқушылардың тілдік қабілетін жетілдіріп, ойлау жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Сарапшылар да бұл бастаманы қолдап отыр. Олар классикалық әдістердің қайта оралуы оқушылардың сөздік қорын байытып, жазу мәдениетін қалыптастыруға оң әсер ететінін айтады.
Сонымен қатар, алдағы оқу жылынан бастап мектептерде құқықтық білім беру бағыты күшейтіледі. "Адал азамат" тұжырымдамасы аясында оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға басымдық беріледі.
Жаңартылған оқу жоспарына сәйкес, 5-7 сыныптарда "Конституция негіздері", 8-9 сыныптарда "Заң және тәртіп" пәндері енгізіледі. Ал жоғары сыныптарда "Құқық негіздері" тереңдетіліп оқытылып, оқушылар заңнамаларды талдауды меңгереді.
Министр сондай-ақ «Келешек мектебі» жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, білім беру ұйымдарында тәртіп пен тазалықты сақтау, мұғалімдердің жұмысын жаңғырту маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, мектеп тек білім беретін орын ғана емес, тұлға қалыптастыратын тәрбие ортасы болуы тиіс.
Соңғы жылдары білім сапасында да оң өзгерістер байқалады. Мәселен, соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш 55,5 пайызға дейін өскен. Ал 2025-2026 оқу жылында 300-ден астам оқушы республикалық байқауларда жүлдегер атанса, 27 оқушы халықаралық олимпиадаларда топ жарған.