Бокс

Қос мықты арасындағы текетірес: Махмұд пен Сәкен Олимпиада жолдамасын сарапқа салады

Ахмет Қанатұлы
Қос мықты арасындағы текетірес: Махмұд пен Сәкен Олимпиада жолдамасын сарапқа салады
Фото: olympic.kz. Суретте: Махмұд Сабырхан

Белгілі қазақстандық маман, Saq Pro Team командасының бас бапкері Дәулет Нұрланұлы Sports24.kz порталына берген сұхбатында Сәкен Бибосыновтың ұлттық құрамдағы орнын қайта қайтарып, 2028 жылғы Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әрі екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов кәсіби бокста бағын сынап жатқанымен, әуесқой спорттан толық кетпеген. 23 мамыр күні ол WBA Asia титулы үшін жекпе-жек өткізеді. Соған қарамастан, басты мақсаты – Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысу.

Бапкердің айтуынша, 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жағдай алдағы жылдары өзгеруі мүмкін. Қазіргі таңда бұл салмақтағы басты фаворит – әлем және Азия чемпионы Махмұд Сабырхан. Алайда оның салмақ ауыстыруы ықтимал деген болжам бар.

"Махмұд Сабырхан салмағын көтеруі мүмкін деген әңгімелер бар. Егер солай болса, құрамдағы бәсеке қайта жанданады", – деді маман.

Сондай-ақ ол Махмұд Сабырханның салмақ қууда қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін және Азия чемпионатындағы жеңілісі де әсер етуі ықтимал екенін атап өтті.

Бұл салмақтағы тағы бір үміткер – әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай. Дегенмен, бапкер оның 55 келіде толық бейімделуі қиын болуы мүмкін екенін айтты.

"Сәкен бұл салмаққа өте сай келеді. Оның физикалық дайындығы мен стилі артықшылық береді. Сондықтан оның Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндігі бар", – деп қорытындылады Дәулет Нұрланұлы.

Айта кетейік, жуырда өткен Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан күтпеген жерден жартылай финалда моңғолиялық боксшыға есе жіберіп, қола жүлдемен шектелген еді.

Ахмет Қанатұлы