фото: Luis Robayo - Pool / Getty Images. Суретте: Сәкен Бибосынов
Қазақ боксшысы, екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов соңғы тарихи жеңісінен кейін айрықша құрметке ие болды. Чемпионға ақбоз тұлпар сыйға тартылды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшыны салтанатты түрде Орталық Азия инновациялық университетінде ұлықтады. Айта кетейік, Сәкен Бибосынов – осы оқу орнының түлегі.
Боксшының өзі бұл сәтте ең қымбат сыйлықтың материалдық емес екенін атап өтті.
"Ең бағалы сыйлық – ат та емес, көлік те емес, үй де емес. Ең бастысы – адамдардың жылы лебізі мен шынайы қолдауы. Мен үшін нағыз сыйлық – осы", – деді Сәкен Бибосынов.
Сонымен қатар чемпионға шапан жабылып, 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Еске салайық, IBA ұйымы өткізген 2025 жылғы әлем чемпионатының финалында Сәкен Бибосынов төрешілердің шешімімен (5:2) ресейлік боксшы Вячеслав Рогозинді жеңіп, алтын медаль иеленген болатын.