Головкин әлем чемпионымен жекпе-жек өткізеді: Федерация президенті шұғыл мәлімдеме жасады

Головкин әлем чемпионымен жекпе-жек өткізеді: Федерация президенті шұғыл мәлімдеме жасады

фото: ашық дереккөзден

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин келісімшарт бойынша тағы бір жекпе-жек өткізуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

– Осы саланың маманы ретінде айтыңызшы, Головкин мансабын аяқтады ма, әлде әлі де жарқырап шығуы мүмкін бе?
– Менің білуімше, оның келісімшартында әлі бір жекпе-жек бар. Егер жақсы ұсыныс түссе, Головкиннің "Final Show" – қоштасу жекпе-жегін көруіміз әбден мүмкін. Тіпті ол Флойд Мэйвезерге қарсы шығуы ықтимал.
– Мэйвезер мен Головкин бе?
– Иә, бұл тамаша болар еді, өте керемет жекпе-жек!

Айта кетейік, Геннадий Головкин соңғы жекпе-жегін 2022 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегастағы T-Mobile Arena аренасында мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альвареспен өткізген. Үшінші кездесудің қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіліс тапқан.

Бұған дейін қазақ боксының аңызы Головкин қоштасу жекпе-жегі үшін рингке қайта оралуы мүмкін екенін де айтқан болатын.

Сондай-ақ тағы бір қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы 72,5 келіге дейінгі орта салмақтағы чемпиондық атағын сақтап қалғанын жазған едік.