Спорт журналисі Ерзат Серғазин Kendala TV YouTube-арнасында Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкерінің ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Журналистің айтуынша, кадрлық шешім қоғамға нақты әрі ашық түрде түсіндірілмеген.
"Насановқа қарсы ештеңем жоқ. Бірақ мәселенің өзі – өте даулы. Мұны қоғам алдында дәлелдеп, уәж айту керек. Қазақ боксын жекешелендіріп алған жоқсыздар ғой. Қазақ спорты – біреудің ойыншығы емес. Халық алдында жауап беруге міндеттісіздер. Бұл – менің жеке қалауым емес. Сіздер басқарушылық авантюра жасап отырсыздар, осындай шешім қабылдайсыздар, ал халық аң-таң. Сәтжановтың туған қызының өзі әкесінің денсаулығы жақсы екенін, бәрі қалыпты екенін жазып отыр. Егер туған қызы оның жағдайын растаған жоқ болса…", – деді Ерзат Серғазин.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан бокс федерациясы Қайрат Сәтжановтың денсаулығына байланысты ерлер құрамасының бас бапкері қызметінен кеткенін мәлімдеген еді. Оның орнына Нұржан Насанов тағайындалған.
Нұржан Насанов – әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың жеке бапкері.